ШҰҒЫЛАЛЫ БІЛІМ ИЕСІ

   Жас буынды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, адами құндылық атты қасиетті дүниелерді де бойына сіңіруге барынша мүдделі болып, сол жолда тер төккен ұлағат иелері таулы өңірімізде көптеп саналады. Қазіргі таңда солардың көпшілігі өмірден озғанымен артына қалдырған мұрасы, шәкірттеріне шашқан үлгі-өнегесі әлі де кәдеге асып, тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болып келе жатқаны жасырын емес. Өткен аптаның  қасиетті жұмасы күні Қарасаздағы А. А. Барманбекұлы атындағы орта мектепте биология пәнінен 11 сынып оқшылары арасында өткен Мұқан Түңлікбаев атындағы аудандық пәндік өребәйге жоғарыдағы ойымызға дәлел болғаны анық.

      Ұлғатты ұстаздың отбасы бастама көтеріп, аудандық білім бөлімі мен ұстаздар тарапынан үлкен қолдауға ие болған тәлімдік, танымдық маңызы зор шараның шымылдығы Е. Ібітанов атындағы мәдениет үйінде ашылды. Шарапатты шараға ауданның жалпы білім беретін барлық мектептерінен өребәйгеге үміттерін үкілеп келген білімгерлер мен олардың жетекшілері, кезінде Қарасаз орта мектебінде Мұқандай білімді, білікті ұстазбен қатар еңбек етіп, осынау қасиетті мамандықтың жүгін қатар көтеріскен әріптестері, туған-туыс, бала-шағалары қатысты. Қай қырынан алсаң да ардақ тұтуға лайық, ортасында қол бастар көсем, сөз бастар шешен бола білген, ақыл-парасатқа бай абзал азаматтың өнегелі өмір жолын, білім саласына, елі мен жерінің түлеп-түрленуіне қосқан үлесін ойларына өрнек, сөздеріне арқау етісті.

   Алғаш сөз тізгінін ұстаған А.А. Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназиясының директоры Ринат Шағанбаев Мұқан Түңлікбаевтың өмірі мен қызметі туралы мәнді де нәрлі баяндама жасады.

      1938 жылы дүниеге келген Мұқан Түңлікбайұлының білім-ғылымдағы сүрлеу соқпағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтынан басталған екен. Аталған жоғары оқу орнының биология факультетін бітірген маман ұстаздықтың қабырғасын Талас ауылындағы қазіргі Ш. Уәлиханов атындағы сегізжылдық мектептен қалапты. 1967 жылы «Тұзкөл» орта мектебінде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарған білікті ұстаз бұдан кейінгі еңбек жолын Қарасаздағы «Энгельс» атындағы орта мектепте жалғастырады. Аталған білім ордасында 40 жылға тарта қызмет атқарып, ұстаз атты ұлағатты ұғымның айрықша қасиетке ие екенін сөзімен де ісімен де дәлелдей білді. Ұстаздық қызметінің 35 жылын оқу ісінің меңгерушілігіне арнаған Мұқан әріптестеріне методикалық көмек көрсетуден жалыққан жоқ. Әрқайсысына мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын үйрете жүріп, әр өтілер сабақты шығармашылықпен үйлестіре білуге бағыт-бағдар берді. Жан-жақты дамуына жол ашты. Халық педагогикасын байыпты зерттеп, құнды дүниелерді оқу-тәрбие жұмысына кеңінен ендіруге барынша атсалысты. Өмірлік тәжірибесінде жинақтаған ұлттық тағылымдарды жас буынның бойында қалыптастыруға айрықша мән берді. Әсіресе, имандылық, тектілік, бауырмалдық, сүйіспеншілік бағытындағы рухани тәрбиемен шәкірттердің молынан сусындауына жол ашты. Ауылдың тыныс-тіршілігіне, өсіп-өркендеуіне, мәдениетінің көтерілуіне, тарихи танымдық дүниелердің қайта жаңғыруына қоян-қолтық араласты. Көргені, көккірекке түйгені арқылы ағалық ақыл қосып, оңды бағыт нұсқады.

   Қарасаз орта мектебінің А.А. Барманбекұлының атымен аталуындағы, Сарыжаз аумағындағы Райымбек батыр ескерткішінің орнатылуы мен Қызылбұлақтағы Жанғабыл шешен Әтікеұлының күмбезін қалпына келтірудегі жүйесін тапқан жұмыстардан бейтарап қалмай, бел ортасында жүрді. Мұқағали Мақатаев шығармашылығына қатысты шараларды ұйымдастыруға да білек сыбана атсалысып, тың бастамаларды кірістірді. «Қазақстан мұғалімі», «Бастуыш мектеп», «Қазақстан мектебі» сияқты газет-журналдарға ұдайы мақалалар жариялап, іс-тәжірибесін еліміздің әр қиырындағы ұстаздармен бөлісті. Ұлағат иесі, білім-білігімен ұстаздардың ұстазы атанған Мұқан Түңлікбаевтың шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ұшан-теңіз еңбегі орынды бағаланды. «ҚР Халық ағарту ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин медалінің» иегері, «Методист мұғалім», Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Саналы ғұмырымен өрнектелген оқу-тәрбие саласындағы іс-тәжірибесі жинақталған әдістемелік кітапшасы баспадан 2007 жылы «Білім айдынының ақ желкені» деген атпен  жарық көріп, ұстаздардың игілігіне айналуда. Осылайша айналасына білімнің арайлы шуағын шашып, қарапайым да салмақты, кешірімді, биязы мінезімен әдемі әсерге бөлей білген, ерекше қарым-қабілеті арқылы болашақ ұрпаққа жарқын із қалдырған Мұқан Түңлікбаев өткен жылы 84-ке қараған шағында өмірден озды.

   Мұқандай өнегелі жанның құдай қосқан қосағы Зоя Нұғманова да өмірін ұстаздықпен өткізген аяулы жан. Оқу ісінің үздігі. Ерлі-зайыпты ұстаздардың отбасында өмірге келіп, көзі ашық көкірегі ояу әке мен шешенің тәлімін алған Мәрлен, Ұлан, Нұрлан, Эльмира, Эльзира, Жазира, Альфия атты ұл-қыздары да мектепті үздік бітіріп, «Алтын медаль» иегерлері атаныпты. Бәрі де жоғары білімді. Алған мамандығына сай қоғамның әр саласында еселі еңбек етіп жүрген азаматтар.

    Келесі кезекте мінберден орын алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Мираш Қожамолдаева құттықтау сөз сөйледі.Оқушылардың алған биологиялық білімдерін өмірдің түрлі жағдаяттарында қолдана алу біліктерін арттыру, дарынды балаларды анықтау және қолдау, оқушылардың өз бетімен білім алуға бағытталған дағдылары мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын пысықтау мақсатында ұйымдастырылған Мұқан Түңлікбаев атындағы өребәйгеге үкілі үміт арқалап келген 11-сынып оқушыларына алдағы үлкен сында сәттілік тіледі. А.А. Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Мұхаметжанова өребәйгенің ережесімен таныстырды. Сахна төрінен орын алған Мұқанның күні кешегі үзеңгілес әріптестері, бүгінгі зейнеткер ұстаздар Әділжан Нөкеев, Мұхаметжан Ахметов, Дәриға Саламатова, Әлия Сәленова, Тілеухан Мергенбаева, шәкірті әрі әріптесі, Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі директорының орынбасары Нұрбосын Әліпбаев, ауыл имамы Нұрболат Сүлейменов, інісі әрі көршісі Ақан Қиқымов, інісі, білікті дәрігер Болат Түңлікбаевтар сөйлеп, ақжарма тілектерін айтты. Осынау шараның ұтымды ұйымдастырылуына қолдау білдірген аудандық білім бөлімі басшылығы мен мектеп ұжымын жүрекжарды алғыстарымен алқады. Дәриға Саламатова  ауыл тұрғындары атынан Мұқанның зайыбы Зояға шашақты салы орамал салып, баласына шапан жауып, құрмет көрсетті. Мектеп бүлдіршіндері халық әні «Беу-айдайды», 10-сынып оқушысы Мереке Тілеуберді М.Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Күрең күз» әнін. 3-сынып оқушысы Іңкәр Мәлік «Туған жер», 6-сынып оқушысы Ермұрат Жолшыбай шырқаған әндер әуезділігімен тыңдармандарын желпіндірді. «Сәулем-ай» бишілер тобы орындаған «Қызғалдақ» биі мен балғын бишілердің мың бұрала билеген билері де көрерменнің көзайымына айналды.

    Мәдениет үйінде өткен салтанатты шара бұдан кейін мектепте биология пәнінен өтетін өребәйгеге жалғасты. Үміткерлер екі кезең бойынша білім-біліктерін ортаға салды. Бірінші кезең бойынша бірнеше нұсқадан тұратын тест сұрақтарын шешуде сынға түсіп, деңгейлерін байқасты. Екінші кезең бойынша экологиялық шығармашылық логикалық есептер шығаруда баптарын сынасты. Қорытындысында екі кезеңде де білімділігін танытып, шашасына шаң жұқтырмаған Қ. Шорманов атындағы орта мектептің оқушысы Жасмин Қырғызбай бас жүлдені жеңіп алды. 1-орынды Көмірші орта мектебінің оқушысы Ақнұр Құлан иеленсе, 2-орынды С. Сауранбаев атындығы орта мектебінің оқушысы Жанура Қалел мен С. Әшімбаев атындағы орта мектептен келген Саяла Үмбетжан қанжығаларына бөктерді. Ал, жүлделі 3-орын Б. Соқпақбаев атындағы орта мектептің оқушысы Нұржан Болатжан, Шәлкөде орта мектебінің оқушысы Анель Литпин, Н. Өмірзақов атындағы орта мектептің оқушысы Ақжүніс Ғабиденнің еншісіне бұйырды. Жеңімпаздар аудандық білім бөлімінің дипломдары мен ұстаздың отбасы тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша 11-сынып оқушыларына арналып биология пәнінен өткізілген «Шұғылалы білім иесі» атты өребәйге өз мәресіне жетіп, озаттар мен жүйріктерді анықтады.

    Бұл күні Мұқан Түңлікбаевтың отбасы мен бауырлары ұлағатты ұстаздың әруағына Құран бағыштатып, ас берді. Жиналған көпшіліке ақ ниетке жайылған дастарханнан дәм ұсынды.

                                                                        Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                              Қарасаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password