Шәкірттерін мақтан тұтады
«Ұлылықтың ұстаз тұрар басында» демекші әрқашанда мұғалімге деген алғыс пен қошемет еш толастамақ емес. Кім болсын, қандай саланың тізгінін ұстаған маман болмасын, бәрі ұстазға шәкірт саналады. Сондықтан да қиын да күрделі саланы арқалаған абзал жандардың өзіне жүктелген мақсат пен міндеті әр кез жауапкершілікпен сабақтасады. Елімізде ғана емес, әлемді есеңгіреткен пандемия салдары білім саласын да айналып өтпеді. Сол себептен де оқушы мен ұстазға артылар салмақ аз болмайтыны анық.
Ауданымыздың күн шығыс беткейінде орналасқан Сүмбе ауылындағы Абай атындағы орта мектепте 36 жылға жуық жемісті еңбек етіп келе жатқан Шолпан Лешованың есімін ерекше атауға болады. Аталған қара шаңырақта білімге құштар шәкірттерге химия пәнінен дәріс береді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін пәнді өз шәкірттеріне ерекше ықыласпен түсіндіріп, келешекке өз халқының қамын жейтін азамат тәрбиелуді ойынан еш шығарған емес.
Өз мамандығын ұршықша иіретін Шолпан Күмісбекқызы оқушыларымен мақтанады. Білікті маманның аудандық, облыстық олимпиадаларда топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүрген шәкірттері көп. Ақпараттандыру заманында білекке емес, білімге күш жұмсау керектігін естен шығармаған оқушылары ұстаз ақылын алтынға балайды. Сондықтан ұстазын қадірлеген оқушылар химия пәнін жанындай жақсы көреді. Өйткені, әлемдік өндірісте химияның орны қаншалықты қажет екенін оқушылар ұстаздан артық жақсы біледі. «Ұстаздан шәкірт озар» деген осыда, шығар. Шолпан Күмісбекқызының еңбегін еш қылмайтын шәкірттерінен біз де зор үміт күтеміз.
Елдос Ахметжан.
Суретте: білім беру ісінің үздігі
Шолпан Лешова.
0 Пікір