ШӘКІРТСІЗ ҰСТАЗ — ТҰЛ!

       Райымбек ауданының тұрғындары ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі марқұм Айндин Шахамовты ұмытқан жоқ. Бар мәнді ғұмырын ағылшын тілін үйренуге ықыласты шәкірттеріне арнаған, қазіргі Жәмеңке орта мектебін ұзақ жылдар жемісті басқарған, іскер, еңбекқор, жаңашыл, бастамашыл, білімі мен білігі, ақыл-парасаты келісім тапқан, адамгершілік асыл қасиеттердің бәрін бойына жинаған айтулы ұстаздың артында Гүлнұрдай асыл жары, ұрпағы, жолын қуған тамаша шәкірттері қалды. Соның бірі әрі бірегейі Қақпақ ауылындағы Жәмеңке орта мектебінің мақтаулы түлегі Ғайша Мұқаш. Ғайша да Айндиндей қымбатты ұстазының жолын қуып ағылшын тілінің маманы болды. Алматы қаласындағы №145 орта мектебінде ағылшын тілінің мұғалімі, Қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық университетінде аға оқытушы болды. Бірнеше рет Иранның Тегеран, Ғазвин, Үндістанның Дели, Лакнау университеттерінде біліктілігін арттыру мақсатында курстардан өтті. 2018 жылдан «IQ center» білім порталының бас редакторы және «Asspan» балалар орталығының директоры қызметін атқарды. Дәл қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірінші құрылымында аға ғылыми қызметкер. Бірнеше ғылыми мақалалары мен «Парсы тілі» оқу құралының авторы. ХХІ ғасырдың білімді жастары үшін ағылшын тілінің маңызы ерекше. Осыған орай, Ғайша «EASY ENGLISH» (оңай ағылшын) атты оқу құралын баспаға әзірлеген. Осынау ағылшын тілін үйренсем деген мектеп оқушыларына бірден-бір көмегін тигізетін оқу құралын Айндин Шахамовтың асыл жары, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың, «Ұлағатты ұстаз» төс белгісінің иесі, жоғары дәрежелі мұғалім Гүлнұр Атамбаева демеушілік жасап, баспадан шығуына қолдау көрсетті. Сөйтіп, жақында ғана Ғайша Мұқаштың ағылшын тілін үйренуге арналған оқу құралы 1500 данамен жарық көрді. Сәрсенбінің сәтті күні Жәмеңке орта мектебінің ұлағатты озат ұстазы Гүлнұр Атамбаева Көксай орта мектебінің бір топ оқушысына өз қолдаушылығымен жарық көрген тамаша оқу құралын сыйға тартты. Игі басқосуда Көксай орта мектебінің директоры Алма Байтөлекова Айндин Шахамовты есіне ала тебірене сөзін бастап, Ғайша Мұқаштай шәкіртінің атына жылы лебізін білдірді. Мектеп оқушыларын қуантып тастаған Гүлнұр Атамбаеваға мектеп ұжымы, ата-аналарының атынан жүрекжарды алғысын айтты. Қазақша ағылшын тілін оңай үйренуге арналған оқу құралы шын мәнінде Көксай орта мектебінің шәкірттеріне күтпеген тамаша сый болды. Түсінік-танымы, парасат-пайымы, жиған-тергені мол Гүлнұр Атамбаевадай ұстаз кітапты сыйға тарта отырып, мектептің шәкірттеріне білім әлемінде сәтті қадам, ұстаздар ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Осынау сәттерде «Шәкіртсіз ұстаз тұл»,-демекші, Айндин Шахамовтай ұстаздың жарқын да жайдары жүзі, ұмытылмас есімі одан сайын жарқырай, айшықтала, ажарлана түскені анық. Ғайша да оқу құралын аяулы ұстазының рухына арнапты. Бұл «Инемен құдық қазғандай» ауыр еңбекті арқалаған ұстаз еңбегінің шәкірттері арқылы еленіп, болашаққа жібек жол, алтын арқауын үзбей керуен көшін жалғастыра беретінін көз алдымызға келтірді. Соған қуандық. Айндин ағамыздың еңбегінің, есімінің шәкірттері арқылы да жасай беретініне көңілімізді тоғайттық.

Қанат Біржансал,

Көкбел ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password