Серікбай аға
Сөз басы
Текес орта мектебінің көрнекі үгіт құралдары ілінетін залында осы мектептен түлеп ұшып, жоғары оқу орнында оқып жатқан студенттердің суреттері ілініп тұрушы еді. Суреттің астына аты-жөндері, қандай оқу орнында оқитыны жазылып қойылатын. Сол студенттер мектеп қабырғасында білім алып жүрген бізге айрықша бақытты адамдардай сезілуші еді.Қызыға қарап, тамсана таңдай қағатынбыз. Солардай студент атанып, Алматыдай әсем астанада жүргенді армандайтынбыз. Көзімізді қарықтырған сол суреттердің ортан белінде Серікбай ағаның бейнесі де менмұндалап тұрушы еді. Кейін ол кісі оқу бітіріп, өзі туған Тәңіртау етегіне жоғары білімді маман болып оралды. Туған ауылын түлетуге келген жас маманның еңбек жолына жете мән бермесек те арманына қолы жеткен бақытты адамдай құрмет тұта қарадық. Сыртынан мақтан тұтып, жас болса да көргені көп көсемге, айтары бар ақылшыға, ұстанымы бөлек ұлағат иесіне баладық. Арада сандаған жылдар өтті. Серікбай аға өз мамандығының сүйегін шағып майын ішетін дәрежеде совхоздың мал шаруашылығын алға сүйреп, дамуына барынша мүдделілік танытты. Еңбегі жоғары орындар тарапынан лайықты бағаланып, ауыл басшысы болды. Уақыт талабына сай шаруа қожалығы мен кәсіпкерлікті қатар игеріп, халық сұранысын қанағаттандыруға білек сыбана кірісті. Бүгінгі күні де «жасым жетті» деп қарап отырмай, Құдай қосқан қосағы Зәбен жеңгемізбен серіктесіп, осы соңғы кәсіпті одан әрі дамыта жүргізіп жатқан жайы бар
Тегістіктен тартқан сүрлеулер
Серікбай аға 1951 жылы ақпанда Тегістік ауылында қарапайым отбасында дүниеге келіпті. Немеренің тұңғышы болған соң қазақы қалыппен үлкен әкесі Қалисын мен әжесі Зейілдә бауырына салып алған екен. Немерелеріне баланың баласы деп қарамай, өздерінің кіндігінен өрген үш ұлының артынан ерген төртінші ұлға тән етіп өсіріпті. Бірі әкелік тәлім-тәрбие беру міндетін өтесе, екіншісі, аналық мейірімін төгіпті. Қалисын Тегістік колхозының ұстасы, Зейілдә ұстаға көмекші болып, көрік басып, шаруашылықтың ұсталыққа қатысты бар жұмысын зор жауапкершілікпен атқарып, абырой арқалапты. Ат машинаның жиі сына беретін касегонын, шалғының жүздерін, ат тырмақтың тістерін, автомашина мен тракторлардың сынған бөлшектерін дер кезінде қалпына келтіріп, шаруашылық жұмысының ақсамауын айнымас борыштары санапты. Сол ата мен әженің қасында жүріп еңбек атты ұлағатты ұғымның қасиетін сезіне білген жас бала жүрегіне жақын қабылдап, ой-санасына берік сақтап қалыпты.
Бәрі де есінде. Жасы толып, Тегістіктегі төрт сыныпты бастауыш мектептің табалдырығын алғаш аттаған сәт. Несіпқазы Байтөлеков, Тәліпбай Сауданбеков сияқты ұстаздардың алдында отырып, білім нәрімен сусындаған кезең көрген түстей болса да есінде. Негізгі мектептің 5-сыныбын Текесте бастады. Балақан Өмірбаевтай қызыл тілдің майын ағызған ұстаздан қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырына қанықты. Басқа пәндерді де зейін қоя оқып, алдыңғы қатарлы оқушылар легінен табылды. Әбділдаев Тілеубек, Мыңжасаров Дүйсен сияқты сыныптастарымен білім жарыстырып, абырой биігінен көрінген шақтар. Пионер, комсомол қатарында белсенділік танытып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргені, абырой, бедел арқалағаны ұмытыла қоймас-ау, сірә! 1967 жылы Текес орта мектебін озат оқушы деңгейінде бітірді. Өзі айтпақшы, мектептегі алған білімін аудандық білім бөлімі берген жолдамамен Жамбыл қаласындағы «Гидромелиорация» институтында жалғастырмақ болғанда жолдаманың тағы бір иесі белгісіз себептермен бармайтын болғандықтан бұл мойны қашық жердегі оқу орнына жалғыз баруға жүрексініп, бір жыл ауылда қалғанды жөн көріпті. Еңбек майданының қамытын киіп, «ПМК709» аталатын құрылыс мекемесінде ағаш шебері болып, өмірінің екінші белесіне табан тіреген екен. Ауылда зоотехник пен агрономды ғана көріп өскен бозбала қайтсе де осы мамандықтың оқуына түсуді қалапты. Алматыдағы «Зооветеринарлық» институттың алғаш дайындық курсына қабылданып, артынша үлкен оқу орнының студенті атаныпты. Ғылымды инемен қазып, қойнауына сүңгіген ғалымдардан дәріс алып, төрт түлік малдың жан дүниесін жете меңгеруге қол жеткізіпті. 1973 жылы оқу орнын 4,7 баллдық көрсеткішпен озаттар қатарында бітіріп, жолдамамен Қостанай облысына кеткелі тұрған жас маманды бір қиырда жатқан елдің дәмі тартпаған екен. Сол тұстағы Нарынқол аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, өзім дегенге өзегін жұлып беруге дайын тұратын Қайсар Молдабековтей аптал азамат институтқа хат жазып, жас маманның өз ауданына қалуына себепші болыпты. Серікбай Қалисыновтың Тегістіктен басталған сүрлеу соқпақтары талайлы тағдырымен ұштаса Текесте жалғасып, Алматыға ат шалдырып барып, туып-өскен аспантаулар аясында өрісін қайта тауыпты.
Жетістік жерде, табыс тасада қалмайды
Серікбай ағаның өзі айтпақшы осы жасына дейінгі саналы ғұмыры үш кезеңнен тұрады екен. Сол үш кезеңнің алғашқы сәті былайша баяндалады: — 1973 жылдың тамыз айында Нарынқол ауданындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхозға зоотехник-селекционер болып жұмысқа кірдім. Колхоз бастығы Ахметбай Бекмұханбетов алғашқы күннен-ақ, ашық жарқын қабақ танытты. Оқуды жаңа бітірген тәжірибесі жоқ жас маман деп қарамай, қатаң талап қойды. Ақылкеңесін де аяған жоқ. Жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды жеңе білуге де үйретті. Мал тұқымын асылдандыруға байланысты тәжірибелі мамандардың көмегіне сүйеніп, мамандығымның қыр-сырына қанықтым. Қой қырқымы кезінде қырқым пунктінде жүн сорттау сияқты қиындығы көп, жауапкершілігі салмақты науқанның басы-қасынан табылып, тәжірибемді жетілдірдім,- дейді Серікбай аға еңбек жолының алғашқы сәттерін тебірене еске алып.
Аталған шаруашылықта 1975 жылдың аяғына дейін қызмет істеп азды-көпті тәжірибе жинақтаған Секеңнің бұдан кейінгі жұмысы 1976 жылдың қаңтар айынан жаңадан құрылған Карл Маркс атындағы картоп совхозында жалғасты. Бір кездері өзінің осы ауданға қалуына себепші болған совхоз директоры Қайсар Молдабеков қолынан іс келетін тәжірибелі маманды өзімен бірге қызмет етіп, жаңа шаруашылықтың ауыр жүгін бірге көтерісуге шақырады. Сөйтіп, совхоздың қой фермасының тізгінін ұстатады. Оған қоса мал тұқымын асылдандыру сияқты толғауы тоқсан түрлі, айғай-шуы көп жұмыс арқасына артылады. Басшының сеніміне селкеу түсірмеуді алдына мақсат етіп қойған Серікбай шаруашылық саласында көп нәрсені көріп, көңіліне түйген, ысылған маман ретінде өзіне артылған жауапкершілік жүгін абыроймен атқаруға тырысты. Қолынан іс келетінін көрсеткен ферма зоотехнигі совхоз дирекциясының бірауызды келісімімен келесі жылы шаруашылықтың бас зоотехгнигі лауазымына жоғарылатылды.
-1979 жылы совхозға Кеңесбай Байқанов директор болып келісімен, бар малды әр тұяғын санап өткізіп алды. Мен бас зоотехниктігіммен қоса селекционерлікті де қатар алып жүрдім. Осы жұмысты 1988 жылға дейін атқардым,- дейді Секең әңгімесін жалғап. Кеңесбай Байқанов басшы болып келісімен шаруашылық дүр сілкініп, қайта түлегені белгілі. Барлық сала бойынша толайым табыстар тасқындады. Соның ішінде мал шаруашылығы да өнім көрсеткіші бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Сол жылдары совхозда 1100 бас ірі қара болса, оның 330 басы аналық сиыр еді. Бәрі де жергілікті мал тұқымы және өнімділігі төмен малдар еді. Ал оларды жақсарту үшін ғылыммен байланыстыру керек. Совхоз директорының басшылығымен Алматыдағы ғылыми-тәжірибелік биология институтымен, Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнатылды. Институт ғалымдарымен бірлікте аналық сиырлар мен құнажындарға сұрыптау жүргізілді. Күнделікті сауылатын сүтін, оның майлылығын, тазалығын анықтай отырып, әр сиырға құлағындағы сырға нөмірлері бойынша есеп жүргізілді. Балдық жүйемен сыртқы пішініне, желінінің көлеміне, орналасуына қарай әр сиырға баға берілді. Арнайы журналға жазылып, Алматыдағы мал тұқымын асылдандыру станциясының селекция бөліміне жыл құрғатпай есеп беріліп отырылды. Малды өз төлі есебінен көбейту үшін аталған институттардан СЖК «Эстропан» дәрілері әкелініп, сиырлар мен құнажындарға құю арқылы малдардың өз уақытында күйлеп, ұрықтануы басты назарда ұсталынды. Нәтижесінде әр 100 аналықтан бұрынғы 50- 60-тың орнына 97-ге дейін бұзау алынды. Сиыр тұқымын жақсарту үшін қолмен ұрықтандыру жүзеге асырылды. Бұған «Элита», «Элита рекорд» бұқаларының ұрықтары пайдаланылды. Украинадан 200 бас «Симментал» тұқымдас, «Каменка» асыл тұқымды мал зауытынан «Алатау» тұқымдас 100 бас таза тұқымды құнажындар сатып әкелінді. Осындай үлкен жауапкершілікпен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мал басы 1100 бастан 1800 басқа, оның ішінде аналығы 300-ден 600 басқа дейін өсті. Әр сиырдан жыл ішінде сауылатын сүт 3300 литрге, етке өткізілген әр бас малдың тірідей салмағы 400-450 килограммға дейін жетті. Осынау толайым табыс Серікбай сияқты тәжірибесі мол, ұйымдастырушылығы ұтымды зоотехниктің ортақ іске ұйтқы болар ізденісті еңбегінің нәтижесі арқылы келгені анық. Солай дегенмен де, таңдай қақтыратын молшылық негізі Секеңнің жеке іскерлігі арқылы қаланды деуден тағы да аулақпыз. Еңбегі бағаланып, шаруашылық басшысының ұсынысымен аудандық ауылшаруашылығы бөлімі оны 1986 жылы Москвадағы «Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесін» аралап қайтуға жіберіпті. Ізденген жетер мұратқа. Табыс тасада, жетістік жерде қалмайды деген осы емес пе. Осынау әркімнің маңдайына бұйыра бермейтін құрмет Серікбай Қалисыновқа өз мамандығын жанындай сүйіп, талмай іздене, ерінбей еңбектене білуі арқылы келді десек, қателеспейміз.
Іс тетігі іскерлікке байланысты
Серікбай ағаның қызметтік сүрлеу соқпағының екінші кезеңі ауылдың әлеуетімен байланыстырыла өріліпті.Қолынан іс келетін тәжірибелі маманның қандай тапсырма мен міндетті болсын абыроймен орындай алатынына көздері жеткен аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті сенім артып, 1988 жылы осыған дейін өзі еңбек етіп келген Текес ауылына атқару комитетінің төрағасына тағайындады. Ауыл басшысы өзіне артылған сенімге селкеу түсірмеуді азаматтық борышы санап,міндетті жұмысына құлшына кіріскен.Ұңғыл-шұңғылы өзіне етене таныс, халық саны басқа ауылдарды екі орап алатын іргелі ауылда шаруашылық экономикасының арқасында талай-талай жұмыстар атқарылып үлгергенімен шешімін күткен өзекті мәселелер жетіп-артылатын. Оның үстіне Текеске «Казсельхозтехника», «Межколхозстрой», «Автобаза», «Заготзерно», «Электросеть»сияқты атағынан ат үркетіндеу ірі кәсіпорындар орналасқан. Олардың жұмыстары көңіл көншіткенімен ауылдың тыныс-тіршілігіне араласуында немқұрайдылық басым түсіп жатады. Осының бәрі айналып келіп ауылдық кеңеске тірелетін. Серікбай сол мекемелердің басшыларымен тығыз байланыс орнатуға ерекше ден қойды. Қандай да бір маңызды жұмыстар болса, шаруашылық, мекеме басшыларының басын біріктіріп, оған кеңес мүшелері мен ауылдық кеңес депуттарын қатыстыра мәселені ақылдаса отырып шешудің жолдарын іздеді. Көктемгі сенбіліктер ұйымдастыру, азаматтық қорғаныс айлықтарын өткізу тұрақты жолға қойылды. Көшелерге құм-тас төгіп тегістеу, көпірлер салу, арық жүйелерін ретке келтіру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы бойынша ауылдың жоғарғы жағындағы бос жатқан жерлерге жаңа жобалы үйлер салынып, мұқтаж отбасыларына берілді. Ауылдық емхана, мәдениет үйі, мектеп, балабақша, ауыл шетіндегі күре жолдың бойына екі қабатты тұрғын үйлер салынды. Су жүйесі тартылып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды. Тұрғындардың үй құстарын өсіруі үшін инкубатордан балапандар әкелініп, таратылып берілді. Шаруашылық жұмыстарымен қатар тұрғындардың үй қасындағы огородтық жерлеріне қырыққабат, сәбіз, қызылша, қияр, малина, клубника сияқты көкөніс түрлерін өсірулеріне де жағдай тудырылды. Ауылдық кеңес ауылдық әкімдік басқару жүйесіне өткен аралықта атқарылған игі істер ауыл тұрғындарының әлеуметтік – тұрмыстық жағдайларының оңалуына осылайша игі ықпалын тигізді. Осынау жұмыстардың нәтижесінде Текес ауылдық округі әкімдігі 1994 жылы облыс бойынша екінші орынды жеңіп алды.
1997 жылы атағы республика көлеміне жайылып, дүркіреп тұрған шаруашылық, жекешелендіру саясатымен таратылды. Әркім шаруашылықтан үлес алып, өз алдына күн көретін уақыт туды. Сол тұста ауыл әкіміне үлкен сенім артылып, тарату жөнінде құрылған комиссияға басшылық жасау жүктелді. Серікбай осынау жауапкершілігі зор жұмыстың да лайықты шешімін табуына барынша ынталылық танытты. Комиссия мүшелерімен ақылдаса отырып,әркімге тиер үлестің әділетті бөлінуін қамтамасыз етуге күш салды. Шаруашылыққа тиесілі құрылыс орындары, техникалар, мал қоралары, егістік жерлер мен картоп қоймаларының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне, орынсыз талан-таражға түсуіне жол берілген жоқ. Текесте шаруашылық экономикасының көтерілуі көптеген құрылыс нысандарының салынуына себеп болғаны айтылып та, жазылып та келеді. Сол нысандардың бәрі де бұзылудан аман күйінде әлі күнге ауылдың ажарын ашып, ел игілігіне жарап келеді. Олардың аман сақталуын ауыл әкімінің ұйтқы бола білуімен байланыстырғанның артықтығы жоқ. Барлық нысандар жапа-тармағай бөліске түсіп жатқанда әкім ауылдағы белсенді азаматтарды ұйымдастырып, әр нысанды әрқайсысына бекітіп берді және орынсыз бұзылмауын қатаң тапсырды. Ал, жаңа салынған Мәдениет үйінің бір жағын ауыл әкімдігінің кеңсесі ретінде пайдаланып, қаз-қалпында сақталуын қамтамасыз етті. Ауыл әкімдігі қазіргі уақытта да сол орында қызметін жалғастыруда. Бүгінде ел игілігіне жарап жатқан іргелі істер Серікбай сынды іс тетігін іскерлікпен шеше білетін басшының ерен еңбегі мен қажыр-қайратының, ауылға деген жанашырлығының нәтижесі екені анық. Солай деп айтуға кімнің де болса толық құқығы бар.
Кәсіпкерлік – заман талабы
Серікбай Қалисыновтың саналы ғұмырының үшінші кезеңі кәсіпкерлікке жалғаса жүргізілуде. 1999 жылы шаруашылықтан алған үлесімен өз алдына «Жігер» атты шаруа қожалығын құрып, уақыт талабын қанағаттандыруға бір жола бет бұрды. Өзіне тиесілі егістік жерге астық, картоп егіп, мошылық негізін қалады. Ақтылы қой өсіріп, мал шаруашылығын дамытуға ден қойды. Мұнымен тынбай жеке кәсіпкерлікті де қолға алды. Зайыбы Зәбира Тұмабаева екеуі совхоздың бір кездегі кеңсесін сатып алып, сауда нүктесіне айналдырды. «Жансая» деп аталатын бұл дүкеннің тұтынушылары бүгінде жетіп артылады. Саудадан түскен ақшаны ысырап жасамай, көзін тауып, дүкен жанынан «Ақниет» атты көлемді тойхана салды. Қазір бұл тойханада ауыл тұрғындары өз қуаныштарын көппен бөліссе, аруақтарға арналған ас-сулар да осы жерде берілуде. Бұл үшін өздеріне осындай жағдай туғызған Серікбай мен Зәбенге ауыл тұрғындары дән риза. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер қайырымдылық шарасына да белсене атсалысудан жаңылған емес. Алланың жердегі үйі саналатын қасиетті Мешіттің салынуына ақшалай-малдай қолдау көрсетсе, қамқорлық қажет ететін отбасыларын ұн, шай-май, басқа да азықтүлікпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, ауылдағы жалғыз басты қариялар мен мүгедек балаларға ақшалай-заттай көмек беріп, сауапты іске мұрындық болып келеді.
Т Ү Й І Н
Иә, Біз бүгін Серікбай Қалисыновты қаламымызға арқау етіп, ел игілігі жолындағы ғи- братты ғұмыры кезең-кезеңімен әңгіме өзегіне айналдырдық. Реті келіп тұрғанда азаматтық арына дақ түсірмей, қажыр-қайраты мен күш-жігерін туған жерінің көгеріп-көктеуіне жұмсаған абзал жан, өнегесімен өркен жайған отбасының да орны бөлек отағасы бола біл- генін де айтқан жөн. Асыл жары Зәбен екеуі 3 ұл, 4 қыз — 7 бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де сау- атты, салауатты, көзі қарақты, көкірегі ояу, білімді-білікті азаматтар. Әрқайсысы бір-бір үйдің отағасы мен отанасы. Тұңғыштары Света Нұр-сұлтан қаласында тұрады. Жолдасы әскери қызметкер. Ортаншы қызы Бибінұр «Мойнақ» су электр станциясының белді маманы. Кенже ұлы Дархан мен кенже қыздары Жансая «АИТИ» маманы. Дархан қазір Германияда банк саласында қызмет етеді. Мұраты ауылда өзіне көмекші. Келіні Толқын білікті ұстаз.
Саналы ғұмырын туған жері мен елінің өсіп өркендеуіне арнаудан жаңылмаған Серікбай аға күні ертең, яғни 2-ақпан күні жеті желі аталатын 70 жасқа толғалы отыр. Олай болса, ізгілікті мұрат тұтып, адами құндылықты өмірімен өзектестіре білген аптал азамат, абзал ағаны осынау ақыл-парасаты толысқан, бір ауылдың ғана емес, рулы елдің қорымал қариясына айналар кемел жасымен біз де құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Жасыңыз ұзақ, ендігі өміріңіз де ғибратқа толы болсын, Серікбай аға!
Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Текес ауылы.
0 Пікір