Әсел Рабатқызы ДӘУЛЕТБАҚОВА: «Халық санағы – әр адам үшін маңызды»

       Ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінен бастап елімізде саяси мәні зор, маңызды науқан басталып, қызу жүргізілуде. Бұл жолғы аталмыш науқан бұрынғыға қарағанда өзгеше сипат алуда. Оның басты себебі, бүкіл әлемді алаңдатып отырған аты жаман індеттің әсері екені талас тудырмайды. Жаңашыл форматта жүргізіліп жатқан басқа да іс-шаралар саяси науқанның маңыздылығын тереңдете түсіп отырғаны анық. Біздің арнаулы тілшіміз апта басында аудандық Статистика басқармасының басшысы Әсел Рабатқызы Дәулетбақоваға жолығып, маңызды науқанға қатысты сұрақтарға жауап іздеп көрген еді.

      — Әсел Рабатқызы! Халық санағы еліміздегі саяси әрі маңызды  науқан саналатыны анық. Жыл басынан бергі аталмыш науқанға қатысты жүргізілген дайындық жұмыстары да нәтижелі аяқталғанын жақсы білеміз. Бұл әрине, өзіңіз басшылық жасап отырған мекеме қызметкерлерінің жауапкершілігінің жемісі екені анық. Қыркүйектің алғашқы күнінен басталған санақ жұмысына да жарты айдан аса уақыт болыпты. Маңызды науқанның бүгінге дейінгі барысы жайлы хабардар етсеңіз?

    — Сұрағыңыз орынды.Қолға алынып жатқан бұл шара расында да мемлекеттік саяси мәні зор маңызды науқан саналады. Ұлттық халық санағын өткізу үшін көптеген ұйымдастыру мен өткізу кезіндегі туындайтын проблемаларды шешу үшін орталық атқарушы органдар мен ұйымдармен өзара іс-қимылдар жасалды. Өткізу мерзімін айқындап, санақ қағидалары мен әдіснамалары, іс-шара жоспарлары дайындалды. Дайындық жұмыстары маусым айынан басталып, туындаған мәселелерді шешу үшін аудан әкімінің өкімі негізінде комиссия құрылды.Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй жайлардың саны, мекен-жайларының сәйкестігі, алдын ала тұрғындар саны нақтыланып, картографиялық материалдарға өзектендіру жұмыстары жасалынды. Ол санақ осы жұмыспен айналысатын санын және бір санақ жұмысына жұмыс жүктемесін бөлу мақсатында атқарылды. Сондай-ақ, елді мекендерде көшелердің ескіріп кеткен атаулары жаңартылып, электронды бағдарламалар мен интернет желілерінің жылдамдығына, байланыс жүйелеріне тестілеу жұмыстары жасалынды. Халық арасында санақ өту мерзімі және әдісі жайлы жаппай  түсіндіру мақсатында аудан бойынша 14 билборд, 3025 ақпараттық парақшалар тұрғындарға таратылды. Бейнероликтер әзірленіп, әлеуметтік желілерге жүктелді.

   — Уақыт алға жылжыған сайын қоғамдағы қозғалыс сәт санап өзгеріп жатыр ғой. Биылғы халық санағына осы мәселенің әсері қандай болып жатыр?

  — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қағазбастылықтан барынша бас тартып, мәліметтерді цифрлы түрде растау тәсілін қамтамасыз ету тапсырылған және цифрландыру — ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы деген еді. Осыған сәйкес, халық санағы биыл өзгеше атап айтқанда, жаңа электронды цифрлы  форматта  екі әдіспен өтеді. Бірінші, халық өз беттерінше өзіне және отбасы мүшелеріне 1 қыркүйектен 15 қазан аралығында «www.sanaq.gov.kz» сайтынан электронды санақ парақтарындағы сұрақтарға жауап беру арқылы өтеді. Сайт 45 күн тәулік бойы жұмыс жасайды және туындаған сұрақтарға 1446 байланыс орталығына хабарласу арқылы кеңес алуға болады. Онлайн санақтан кез-келген жерден, интернет желісіне қосылған смартфон мобильдік телефоны арқылы  өзіне ыңғайлы уақытта  өте алады. Ал, санақтан белгілі бір себептермен өте алмаған жағдайда екінші әдіспен, ағымдағы жылдың  1-30 қазан аралығында қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, санақ персоналдарының планшет құрылғысын пайдалану арқылы  жаппай аралау кезінде электронды санақ парақтарына жауап беру арқылы өту мүмкіндіктері қарастырылған.

   — Халық санағының маңыздылығын тілге тиек ете отырсаңыз?

  — Әлемдегі әр ел тұрақты түрде 10 жылда 1 халық санағын өткізеді. Халық санағының мәліметтері бойынша  азаматтары туралы, олардың тұрғын үй жағдайлары, ұлты, діні, тілдерді меңгеруі, білімі мен сауаттылығы, азаматтығының болуы немесе болмауы, көші-қон, неке жағдайы, туу көрсеткіштері, жұмыспен қамтылуы, денсаулық жағдайы, табыс көлемі туралы ақпарат ала аламыз. Осы ақпараттарға сүйене отырып халықтың санын, құрамын және өмір сүру жағдайлары қалай өзгергенін түсініп, халықтың әр түрлі топтарын қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар қалыптасады. Емханалар мен бала бақшалар, мектептер және басқа да инфро құрылымдар нысандарын салу бойынша ұзақ мерзімді  жоспарлар дайындалады. Сондықтан шынайы деректерді беру өте маңызды. Қазақстандағы әрбір азамат —  маңызды!

     — Халық санағы ауылдық округтерде қалай өтіп жатыр?

    — Әрине, бұл маңызды науқан ауылдық округтер әкімдіктерінің қатысуымен атқарылуда. Ауылдық округтер әкімдіктері мен Сәулет қала құрылысы бөлімі  елдімекендер бойынша картографиялық материалдарына өзектендіру жұмыстарын жүргізді. Ауылдық әкімдіктердің ұйымдастыруымен ескірген көше аттарының жазуларын жаңартып, еріктілердің көмегімен халық арасында ақпараттық насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты, халық өз беттерінше онлайн сауалнамадан өту үшін барлық ауылдық округ әкімдіктерінде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары дайындалып, келушілерге тәжірибелік көмек көрсетілуде.

      — Қатерлі індетке байланысты Халық санағы да қазір онлайн түрінде жүргізілуде. Осының жетістік- кемшілігі туралы айтып берсеңіз?

      — Халық санағынан онлайн түрде өту кезінде итервьюермен яғни, сауалнама салушымен тікелей  қарым-қатынасқа түспеуіне байланысты қатерлі  індетті жұқтыру қауіпі  төнбейді және өзіне ыңғайлы уақытта, кейбір жеке сұрақтарға қысылмай еркін, шынайы жауап береді. Онлайн санақтан өту тиімді. Жауаптары да шынайы болады деп есептеймін.

   — Онлайн санақтан қайталап өту болмайтындығы жадынамада атап айтылған екен.  Осыған нақты түсінік бере кетсеңіз?

   — Оның себебі мынандай. Сауалнамаға жауап беруші респонденттің жауаптары тікелей Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық базаға бірден түсетіндіктен, жауаптарды көру, түзету, қайта енгізу мүмкіндігі  болмайды. Яғни, бір адам екі рет тіркеле алмайды. Сонымен қоса, Ұлттық статистика бюросы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, барлық ақпараттардың құпиялығына кепілдік береді. Халық осыны біліп, маңызды науқанға белсене қатысса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрбір азамат мемлекет үшін маңызды болса, халық санағы да әрбір азамат үшін маңызды екенін естен шығармайық!

     — Әңгімеңізге рахмет!

       Әңгімелескен  Жұмабек ТҰРДИЕВ,

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password