САРЫЖАЗЫМ — ЖӘННАТ МЕКЕНІМ

        Армысың ата-қоныс, жасыл мекен,

        Ұланыңмын, мен сенің қасыңда өтем.

        Басқаның жер ұйығын не ғылайын,

       Жер ұйығы өзімнің қасымда екен.- деп Мұқағали ақын ағамыз жырлағандай, туып-өскен жерің өзіңе ыстық көрінері анық. Туған жерге деген сүйіспеншілікті келер ұрпақтың бойына дарытып, өз елінің патриот азаматы болып өсуіне ықпал жасау -қазіргі қоғамның негізгі міндеті болу керек. Сол себепті, Сарыжаз ауылының қысқаша тарихын қағаз бетіне түсіруді жөн көрдік.

       Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылы аудандағы іргелі елді мекендердің бірі. Ауылдың географиялық орналасуының өзі ерекше, тоғыз жолдың торабында және биік шың Лабасы тауының бөктерінде, қарағайлы, көркем табиғатты мекен. Райымбек ауданының қысы қатал, қарсауыт, жазы қоңыр салқын, шөбі шүйгін жайлауы жанға жайлы жер. Ауданның кіреберіс қақпасында Сарыжаз ауылы орналасқан. Лабасы тауы ауылға сән беріп тұр, еліміздегі ең биік шың Хантәнірінің інісіндей болған Лабасы тауы елдің берекесі. Ал құстың сан түрі кездеседі белгілі Зоолог –натуралист Досан Дуанқұловтың зерттеулерінше құстың 101 түрін анықтап оның он үш түрін қолда өсіргені дәлел. «Қызыл кітапқа» кірген құстардың да осы Лабасы өңірінде кездесетінін анықтаған. Лабасы тауы шығысқа созыла өркештене созылып жатыр, бітер тұсы Тұмсық қарағай деп аталады, ары қарай Шұбар қарағай болып жалғасады. Лабасы тауының басталар тұсында Батпақты сай жатыр. Кезінде Шалдырмасов Найманбай қарияның атсалысуымен отырғызған тал-терек, шыршалары мен катар май қарағайы қазіргі кезде көкпен тірескен ну орманға айналған. Сылдырап аққан бұлағы сулары жанның рахаты емес пе? Кеңес заманында құрылған, алмағайып тарихы бар елді-мекеннің құрылған шағы 1929-1930 жылдарға сәйкес келеді дейді көнекөз қариялар. Олай болса «Сарыжаз» -деп аталатын елді-мекен туралы сөз қозғамақпыз.

       Ауыл тарихы туралы не білеміз? Тарих бұл -кешегіні білу, бүгінгі күн ертең тарих болып қалады, біздің аталарымыз шамалары келгенше ауызша өлең-жыр, ауыз әдебиетіне көп көңіл бөлгендіктен жазбаша дүниелер жоқтың қасы, оған да себептер жетіп артылады. Сол себепті біраз дүниелер ауызша үлкен көне көз қариялардан, әкімшіліктің архивтерінен тағыда басқа көздерден алынып нұсқа ретінде жеткізіп отыр. Отарлау саясаты кезінде орыстар Сарыжаз ауылы, қазіргі Қырманның төменгі тұсында орналасқан, кейіннен Ақбейіт атанып кеткен жерге көшірілді. Бұл Х IХ-ғасырдың аяғы болатын. Сарыжазға (Сарысаз) кейінгі атауы келіп, олар Тавриядан келгендер еді, сондықтан Таврическии деп аталып кетті. Осы жердің құнарлы қара топырағына түрлі көкөністер картоп, сәбіз, капустасын отырғызып жақсы өнім алды, осы өнімдерін күнделікті тұрмыс дүниелеріне және тері, жүн, киіз әртүрлі бұйымдар мен малға айырбас жасап, малдана бастады, отырықшылықпен күнелткен (переселенцтер) осылай өздерінің жағдайын жасай берді. Алды ауқаттанып уақыт өте келе кулак атанды, олар Сарыжазда тұрған Ион және Шахов деген орыстар болатын жүздеген ала сиыр өсіріп, жылқы мен қой ешкілері де көбейді, кейін мал басы көбейіп ауқаттанып адам жалдап, дуал соқтырды. Сарыжаз ауылының тұрғыны Андрейдің айтуы бойынша Шаховтың Паульс деген әкесі сонау Ресейден жылқы, сиыр, шошқа, бидай, арпа алып, көше көше осы аймаққа келген көрінеді. Бұлардың саны 40-50 дей түтін болған деседі. Осы тұста Ион деген кулак Верный қаласынан мұғалім жалдап, оқу ұйымдастырды, жергілікті тұрғындарды өз арасында жұмыс істеуге арнап «приходская школа для туземцов» деген тілмаш пен приказчик даярлауды қолға алды. Ақбейіттің арғы жағында бұрынғы қырманның астында тас жолдын төмен жағында ауыл болған. Ол жерде қазақтар тұрды. Кейін 1950- 1960 жылдары Ақбейітке Сарыжазға көшірілді. Ақ патша жергілікті тұғындарға алым салықты көбейтіп, онымен қоймай әскерге қара жұмысқа адам алып әбден қысып жіберді. Бұл 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске себеп болды. Сарыжаздағы орыстар ауыл аймақты түгел пайдаланып, ары бері жүргінші жүргізбей, мал жайылымы тарылып жергілікті тұрғындар, жайлау мен қыстауларға ғана ие болып қалды. Қолдарында қарулары бар өздері, ақ патшаның өкілі ретінде, жергілікті тұрғындарға өктемдік жасауы күшейе түсті. Сары ала иттер бағып аумақты күзетіп адам жолатпады деседі. Осындай іс әрекетер халықтың наразылығына себеп болды, әскерге бала бермейміз «бала өлгенше, шал өлсін» деген ниетпен аймақта бірігіп қол жиналды соңында Қарқара көтерілісіне себеп болды. Сарыжаз ауылының құрылуына үлкен үлес қосқан Қабылбек Сауранбаевтың «Өлеңмен жазылған өмір» атты қол жазбасында толық баяндалған. Оны бастаған Ұзақ, Жәмеңке, Сұраншы Қабылбек аталарымыз болып көтеріліске шықты, Сарыжаздың көптеген азаматтары қатысып мерт болды, солардың бірі Тайлақ атамыз, бұл кісі Тайлақов Ашімбай Айтжан деген кісілердің әкесі. Тайлақ батыр Бекболат Әшекеевтен күн түн жүріп хат алып келді, осы хатты оқыған халық көтерілісті бастауға бел буады, соңында ел қытайға ауа көшіп мал мен жаннан туған туыс ел жұрттан ажырап, шекара асты. Ол жақтағы шекара күзеткендер мал жанды тонап талан-таражға түсірді. Бұл жақта патша әскері ауыл-ауылды шауып қуғын сүргінге айналдырды. Тайлақ батыр бұл жақтағы орыстар иеленген малды ар жаққа, ар жақтағы шекарада тартып алған малды бұл жақтағы жергілікті тұрғындарға таратып беріп елдің амандығына өз үлесін қосып жүргенде, сол замандағы батырымызды шекарада орыс қытай шапқыншылары аңдап жүріп ұстап қамайды. Бұл адамның бойы аласа тапал, қара күштің иесі болса керек, жалаң қолмен екі орыс күзетшісін ұрып қашып шығады, соңынан түскен әскер үстіндегі ақ дамбал мен кеудешесінен бақылап жақындамай артынан түсіп, қызыл ұш маңында бейіттердің ішіне жасырынғанын көріп, оқ жаудырып жазым еткен. «Райымбек» дастанын Бөлтірік Атыханұлынан ауызша тыңдап өзі кейін төте жазумен қалдырған, қарияның айтуы бойынша Тайлақ батыр сол тұсқа қызыл ұш маңына жерленген. Сарыжаз ауылынан көптеген азаматтар ел қорғау жолында жандарын қиып, маңдай терін сарп етті. Бұл үркуден кейін Ақ гвардияшылар мен қызыл әскер арасында ұрыстар жүріп соңында қызыл әскер жеңіске жетті. Коммунистік партия жер халықтікі шаруаларға бостандық, бай мен кедейді тең правалы болатынын жариялап қызылдар халықты өз жағына шығарды. Ақ гвардияшылардан құтылған ел қызыл империя тұзағына түседі. Бұл орыс империясының саясаты еді. В.И Ленин өлгеннен соң кімге сенерін білмеген халық абдырап қызыл империяның айтқанына көніп жүрді. Артынша мал мүліктері орталықтандыру мен конфескациялау шараларының соңы 1932 жылғы ашаршылыққа соқтырды. Адамдар аман қалу үшін кімнің есігінде жүрмеді, қыстан аман шықандары тау-тасты кезіп, тас жуа, рауғаш, пияз тағы сол сияқты жеуге жарамды дүниелерді қорек қылып күн көрді. Бұл дүниелер Сарыжаз ауылындағы халықты да айналып өтпеді, қанша жанұя осы кезде бір-бірінен көз жазып қалды. 1937-1938 жылдар келіп ел қаймақтарын (репрессия) жер аударып елден аластатты. Елдің еңсесін әбден басып тұқыртып тастады. Дүрбелеңнен үріккен халық көршілес қытай еліне үдере көшті, қалғаны бас сауғалап тау тасқа қашты. Ақ Гвардияны атаман Дутовтың жандаралдары осы аймақты емін-еркін билеп алым салықпен, қысып. Әскерге адам алып, олардың жасын төмендетіп соғысқа апарып қара жұмысқа пайдалану мақсатында іске асырды, кейін Қызыл Армия ақ патшаны құлатып өз үстемдігін жүргізді. 1925-1930 жылдары Жолдықұлатта мойынсерік бірлестігі құрылып кейін Жолдықұлат колхозы болып құрылды. Мойынсерік кезінде таңқұзғын деген жұмыс шықты. Жаз айында таңғы 5-тен 8-ге дейін жұмыс істеу болып қатыспағандар ертеңгі астан қағылған. Мысалы күрекпен жер аударуда күндігі 10-сом, ал орақпен бидай, шөп ору күндігі 10-сом т.с.с осындай колхоз жұмыстарын қарт, бала, әйел демей атқара білді. Сол кездері Сарыжаз аймағында, Жолдықұлатта, Көміршіде, Ақбейітте халықтың қолындағы бар мүлік орталыққа мойынсерікке топтастырылды, сол жылдарда ауқатты малды азаматтардың, мал мүлкін конфискелеп, өздерін жер аударды. Сол кезде асыра сілтеу салдарынан кейбір жерлестеріміз көрші Қытай жеріне ауа көшті. Бұл көшке бұт артар көлігі барлар ілесе алды, сол бір қилы замандарда алғашқы әскери қызмет атқарған, Жайылмасов Қайым Қызылжар комотрядты бастығы 1930-жылдары Қырғызсайда мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, алғашқы ағартушылардың бірі болды. Апаларымыз Әлімбекова Зейнеп әйелден шыққан алғашқы қызыл әскер қатарында болды. Кейін Ораз Жандосов Нарынқолға шақыртып сол кездегі Қарқара аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі міндетіне тағайындады. Қожамжаров Қасенбай, атаман Дутовты өлтіру ісіне араласқан. Кейін Ораз Жандосовтың адамы деп, репрессияға ұшырады. Сол сияқты ауылдағы партия совет қызметкерлері Ә. Смағұлов, Ж.Әміров, Р.Қилыбаев, Қ.Сауранбаев, Ш.Мырзабаевтар ауылдың құрылуына үлкен үлес қосқандар. Сарыжазда алғашында Красный Пахар колхозы 70-тей түтін, оның 45-50 дейі орыстар жанұясы болды. Бұл 1920-30шы жылдары колхоздастыру жүріп мойынсеріктер колхозға айналды. Осы жылдары Сарыжаз ауылына погран отряды комендатурасы орналасты, сол жылдары комендатура қызметкерлеріне арнап алғашқы IIэтажды қызметттік үйдің құрылысы басталды. Үлкен жұмыстар қолға алынып, үйлер салынып, ауылда көшелер пайда болып адам саны өсе түсті. Осылай 1937-38 ші жылдарға аяқ басқанда Сталиндік репрессия басталып кетті. Көптеген халық қаймақтары олардың жанұялары қуғын сүргін айдауға ұшырады. Солардың ішінде Тұқаев Әбділ, Сауранбаев Қабылбек, Нұрбеков Манат, Ұзақбаев Раз, Далабаев Нүсіпбай, Күнесбаев Әмір, Амреев Нүсіпбек т.б көптеген азаматтар жапа шекті. 1941 жылы ҰОС басталып халыққа түскен ауыртпалық Сарыжаз аймағына да оңай болған жоқ. Ауыл аймақтың 300-дей азаматтары соғысқа аттанып оның 146-сы ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Әртүрлі жағдаймен оралмай қалғандар мен мүгедек болып келгендер де болды. Тылда еңбек еткен аналарымыз: Қашағанова Сұлуман, Бухарбаева Епей, Жанпейісова Жамбы, Тынымсейітова Қаншайым, Бертаева Күміс, Әбдіразақова Айша, Молдабекова Күнсұлу, Нұрқасымова Қуырмаш, Мұстафаева Гулбаршын тағы басқа да көптеген қыз келіншектер, қарттар, балалардың еңбегі зор болып жеңіске өз үлестерін қосты. 1948 жылдары Алматы облыстық аудандық атқару комитеті шешімімен бұрынғы құрылған 4 колхоз қайта жасақталып Калинин колхозы болып бекіді. Бұлар Сарыжаздағы Красный пахар колхозы, Жолдықұлаттағы Жолдықұлат колхозы Көміршідегі Калинин колхозы, Ақбейіттегі Киров колхозы. Орталығы Сарыжаз ауылы болып 250-дей түтін бірікті. Колхоздың алғашқы председателдері болып Сауранбаев Қабылбек, Мырзабаев Шәмші, Гавайдуллин Құдайберген, Мақсұт Құдайбергеновтер қызмет атқарды. 1956-1962 жылдарда СССР мен ҚХР арасында біршама қарым-қатынас жақсарып халқымыздың қайтіп өтуіне мүмкіндік берілді, сол келген ата-апаларымыз. Еліміздің өркендеуіне зор үлестерін қосты, осы халықтың келуімен әр ауылда там үйлер көптеп соғылып мал бағатын малшылар да жеткілікті болды, колхоздың барлық жұмыстарына бар ынтасымен атқарып, ауылдың өсіп өркендеуіне көп үлестерін қосты. Осы келген ата-апаларымыз, салт дәстүрімізді сол қалпында қайта алып келді. Совет үкіметі кезінде мешіт салғызбады, намаз оқуға рұқсат бермеді. Қарапайым халыққа ат ұстатпады 1 бие, 1-2 сиыр, 5-10 шақты қойдан асырмады. Осылай өркендеумен бірге (целина) тың игеру жүріп Сарыжаз өңірінің 70 % жері жыртылып тау тас, жазық даланы қоймай астық айдатып 5-жылдықтар асыра орындалып отырылды. 60-70 жыл болды содан бері жер ана әлі өзінің бастапқы қалпына келе алмай отыр. Міне осылай ел мен жер талай құқайды көрсе де аман есен ұрпақтар жалғасуын үзбей өсіп-өніп келеді. Ауылда үлкен құрылыс жұмыстары қарқын алды, мекемелер пайда бола бастады, алғашқы құрылыстар қатарына мәдениет үйі кірді. 1953 жылы -басталып 1956 жылы пайдалануға берілді. Бұл облыстағы 2-этажды алғашқы мәдениет үйлерінің бірі болған. Сарыжазда кейін 1953 жылдары погран Нарынқолға, Шонжыға көшіріліп, орнына Облыстық жүйке ауруларын емдеу мекемесі келіп орналасты. Бұл мекемеде 400-ге жуық адам емделді. Ауыл тұрғындарының біразы осы мекемеде жұмыс істеді. Мұнда 5 бөлімше болды. 1-туб бөлімше, 2 әйелдер бөлімі орналасты. Бұл мекемеде Совет үкіметінің әр қалаларынан жоғары білімді мамандар қызмет істеді. Мамандар мен емделушілерге үкімет барлық жағдай жасап отырды. Сонымен қатар бұл мекемеде 300 ге тарта маман қызмет жасады. Бұл мекеменің 300 га жері, бір отар қойы, 40-50 сиыры және шошқа базы болды. Мекеменің өзіндік клубы, асханасы, моншасы, конторы, қоймасы және техникалық жабдықтармен жабдықталды. Мекемеге Жүнісова Анел, Узельман Виномин, Берік Мұсаевтар әр жылдары басшылық жасады. 1990 жылдары мекеме жабылып, Алматы қаласына көшірілді. Ауылда алғаш емдеу пункті 1960 жылы ФП болып жұмыс жасап, 1961 жылдан Сарыжаз дәрігерлік ауруханасы болып жұмыс атқарды. Ауруханада 40-төсектік орын болды. 1996 жылдан бастап дәрігерлік емхана болып жұмыс жасайды. Сарыжаз дәрігерлік емханасы халыққа дәрігерлік бақылау жасауды, халықтың денсаулығын жақсартуды, жұқпалы аурулардың алдын алуды,өлім көрсеткішін болдырмауды бірінші орынға қояды, жан-жақты қызмет көрсетеді. 2017 жылы жаңа жарқыраған, кең де жарық, заманауи қондырғылармен жабдықталған ғимараты пайдалануға берілді. Сарыжаз орманшылығы мекемесі Сарыжаз аймағындағы орман және табиғат байлықтарының қамқоршысы ретінде 1925-1930 жылдардан бастау алып жұмыс жүргізіп келеді. Алғашқы мекеме басшысы Шалдырмасов Найманбай қарияның игілікті істерінің нәтижесін бүгінгі ұрпақ көріп отыр. 1959 жылы Шалкөде МТС-тің базасында Сарыжазда №8 кәсіптік мектебі құрылды. Мектептің құрылу мақсаты Нарынқол, Кеген аймағына механизатор мамандаСарыжаз ауылына — 90 жыл Шәмши Мырзабаев, Колхоз құрылысының және ҰОС ардагері Астық керуені 1 мамыр, сенбі, 2021 жыл g.hantaniri@mail.ru 4 www.hantengrigazeti.kz Сарыжазым — рын даярлау болатын. Кәсіптік мектептің алғашқы директоры болып Сәрсенбаев Іскендір деген Талғардың азаматы тағайындалды. Бастапқы кезінде қысқа мерзімдік курстар болып ашылды. Кейінірек яғни 1973 жылы аталған мектеп мамандық беретін, әрі орта білім беретін орта кәсіптік мектепке айналды. Содан бері 25 мыңнан астам түлек бітіріп шығып, ауданның экономикасын көтеруге атсалысып келеді. Мектептің материалдық – техникалық базасын нығайтуда әр жылдары мектепті басқарған Мамытханов Мэлс, Кайранбаев Бүркітбай, Ақаев Тілебалды, Әбеков Ұлықпан, Өзекбаев Саян сияқты директорлардың үлесі ерекше. Бүгінде мектепті білікті маман Мүсірбаев Самат басқарады. Қазіргі таңда мектептің ұйымы Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы мен әл-ауқатын өркендетуге қажетті мамандар даярлауға атсалысып келеді.

       Сонымен қатар, Сарыжаз ауылында алғаш 1913жылы 10-15 баланы жинап алып, оқытуды бастаған украиндық Лоза Демит Тимофеевич деген мұғалім болған. 1918 жылдың көктемінде орнаған кеңес өкіметінің іргесі нығайып, ақ гвардияшыл генерал Дутовтың әскери бөлімдеріне қарсы күрес жүріп жатқан еді «Красный пахар» колхозында 1,2 класы бар бастауыш мектеп жұмыс істеген. Ақбейітте алғаш қазақ мектебі 1919 жылы октябрь айында ашылды. Сарыжазды өздері келген жердің атымен Таврический деп атап Ион атты шаруа, біраз жерге иелік етіп кулак атанған. Ол 1920 жылы тілмаш даярлау үшін екі сыныптық мектеп ашып, бала оқытқан. Ал 1940 жылы селода 4 класы бар орыс-қазақ бастауыш мектебі болса, 1947-1948 жылы 8 класс комплектісі бар бастауыш мектеп болған. 1949 жылдың 1-қыркүйегінде жеті жылдық мектепке айналдырылды. 1950 жылдан бастап орта мектепке айналды. Сарыжазда сонымен бірге ХРТО-Хозрасчетный Торговый организация үлкен мекеме жұмыс жасады бұл жерде 100-ге тарта адам жұмыспен қамтылды. ДЭУ -201 жол жөндеу мекемесінің облыстық бөлімшесі орналасты бұл мекемеде 160-қа тарта адам жұмыс атқарды және де Жоғарғы кернеулі тоқтан төменгі кернеулі тоққа айналдыратын орын –подстанция 1967 жылы салынды. Подстанция №80 Шалкөде өңірі бойынша электр энергиясымен қамтамасыз етеді. 1967-1969 жылдар аралығында Алпысбаев Бақберген мастер болған. 1969-1976 жылдар аралығында Тыналиев Тұрсынбай мастерлік қызмет атқарды. 1976-79 жылдарда Асанов Ерде мастер болып қызмет атқарса. 1979-2001 жылдар аралығында Артықов Қабдолда мастер болды. 2001- 2002 жылдарда Жұмаділов Марат, 2002-2004 жылдары Үшқұлақов Қуан, 2004 жылдан бері Сүйінбаев Асылбек мастерлік қызмет атқарып келеді.

       Сарыжаз автобекеті туралы айта кетсек, автобекеті 1 бастапқыда кішкене бутка ғана болып құрылды. Онда ең алғаш Игенов Сатылған жұмыс жасады. 1970 жылы автобекет салынды. Автобекеттің төрағасы болып Бексұлтанов Сқақ сайланды. Бас кассир Игенов Сатылған, кассирлер Алакөзова Күміс, Құдайбергенова Тұрымқан және Үйсінтаев Айдаш жұмыс істеді. Нұрқасымова Камаш 1985 жылдан Баулиева Өсерхан жұмыс жасады. 1983 жылы Бексұлтанов Сқақтың қайтыс болуына байланысты, орнына автобекет төрағасы болып Бексұлтанов Түкеш сайланды. Үйсінтаев Айдаштың зейнеткерлік демалысқа кетуіне байланысты,орнына Амандосов Әкіш контролер болып келді. 1986 жылдан автобекет төрағасы болып Суанбаев Әкіш сайланды. 1988 жылы автостанция өз жұмысын тоқтатты. Ауылда осы жылдары 65000 мың қой, 3500-дей жылқы, 3000-дай ірі қара болған. Халық саны 7500 ге жетті. 1995 жылы КСРО-ның тарап әр ұлт өз егемендігін алуына орай, ауылда кейін құрылған Жолдықұлат колхозы тарап, колхоз мүлкі пәй ретінде колхоздың мүшелеріне таратылып берілді, орнына әр түрлі жеке шаруа қожалықтары пайда бола бастады.

       Аудандық Жас натуралистер мен табиғат зерттеушілер станциясы жөнінде айта кетсек, 1976 жылы облыстық «Жас натуралистер станциясының» қолдауымен мектеп базасында үйірме деңгейінде бастады.1990 жылы Облыстық Жас натуралистер станциясының №4 филиалына айналды. 1994 жылы Аудандық білім бөлімінің басшысы Орынбаев Нұрбатырдың қолдауымен «Жас натуралистер мен табиғат зерттеушілер станциясы» болып аудандық статусқа ие болды. Дуанқұлов Досан директоры болып бекітілді. Станция методисі болып Кудасбаев Айбын бекітіліп 1996 жылы станция мектеп базасынан жеке станция үйіне көшірілді, әр жылдарда станция қызметкерлер саны штаттық кестеге сәйкес 13-14 мұғалімдер жас ұрпақты табиғатты танып білуіне зор үлестерін қосты.

       Қазақстан Республикасы егеменді мемлекет болып өз ата заңы, өз шекарасы, өз теңгесі, өз рәміздері болып даму жолына түскен мемлекетімізге өз үлесін қосып жүрген жерлестеріміз де баршылық. Олар марқұм саясаткер Алтынбек Сарсенбаев, Республикалық баспа бөлімінің меңгерушісі пед ғылымдарының кандидаты ұстаз-ғалым Рая Спатаева, КЕСМ-қызметкері режиссер Болат Қалымбетов, т.б көптеген азаматтар ауыл аудан бүкіл Республиканың өркендеп өсуіне өз үлестерін қосып отыр. Осы ауылда туып өскен Тұрарбек Асанов ағамыз ауылдың көркі, имандылықтың шаңырағы мешіт салып берді және мектеп салуға да өзінің зор үлесін қосты.

        Сарыжаз селолық округіне қарасты Көмірші елді мекені туралы айтпай кетпесек болмас. Көмірші қатпар-қатпар, келісті тау бөктеріне қоныстанған шағын ауыл. Бұл өңірдің тасқа басылмаған тарихы, хатқа жазылмаған талай жылдардағы шежіресі бар. Жусаны мен жуасы аңқыған аңғарлары мен көк шалғын баурайларында талай-талай қазынасы бұғып жатыр. Бұл өлкеде көмірде бар дейтін. Ашылмаған қазба байлықтары қаншалық екен десеңізші. Дүниеден арғы-бергі жұрт жақсы таныған Түгелбай деген болыс өткен екен. Сол Түгелбай Қожбанбеттен тарайтын Жолдыбай дейтін рулы елдің көсемі, шешеніндей болған деседі. Осы бір киелі, құтты қонысты тауып берген де сол дана кісі көрінеді. Көміршінің шығысы әйгілі Шалкөде, Қарасаз жерімен ұштасады. Батысы Кеген өзені жетелеген бел-белесті жерлермен жалғасады. Ауылға сән беріп тұрған Көмірші аттас тау да қол созым жерде. Бұл тауды ендеп кетсеңіз талай-талай табиғат тамашасына кез болып жатасыз. Басқаны айтпағанда басын биік тау басынан алып, қиядан көзін ашып 50- 60 метр тастан төмен қарай құлап аққан мөлдір бастау қандай шіркін?! Бұл бастау түрлі жараға, сырқатқа ем көрінеді. Көмірші ауылының негізі ХIХ ғасырдың 80жылдарында қаланған. Жолдыбай руын Көмірші аңғарына әкеліп орналастырған атақты Түгелбай болыс екен. Колхоздастыру кезінде мұнда Калинин атындағы колхоз құрылып кейіннен 1995 жылы таратылды. Орнына жеке шаруа қожалықтары құрылды. Алғашында екі көшеден ғана тұратын ауыл қазіргі күнде үлкейіп даму үстінде, 300- оқушыға арналған типті мектеп ғимараты, фелдшерлік пункт, почта, сәнімен сымбаты келіскен Мешіт жұмыс жасайды. 150-ге жуық жанұя, 900-ге тарта тұрғын бар. Енді осы ауылдағы ең ірі мемлекеттік мекеме орта мектептің тарихына көз салсақ. Көмірші ауылында сауатсыздықпен күрес жылдары 1930 жылы қазір Иінсаз деп аталатын жерде алғашқы бастауыш мектеп ашылды. Мектеп үш бөлмелі ағаш үйде ашылып, мектеп директоры болып Жайлымасов Қайым деген орта білімді мұғалім қызмет істеді. Мектепте директордан басқа 1 адам Спатаев Әлиасқар деген мұғалім болды. 1933 жылы мектеп үйі Көмірші ауылына көшіріліп әкелініп, қазіргі Мағаз көшесінің бойына орналастырылды. Қарт ұстаз, соғыс, еңбек ардагері болған марқұм Нұрмұханбетов Тұрысбек қарияның айтуы бойынша 1933-1934 жылдары Көміршідегі бастауыш мектепте 35 бала оқыған. 1,3 сыныптарды Қайранбаев Дүйсенбай, 2,4 сыныптарды Мақабылов Әбу деген мұғалімдер оқытқан. 1934-35 оқу жылында бастауыш мектепте барлығы 42 оқушы болған, оларға Тілесов Әбдікәрім, Шаханов Қайролла сияқты ұстаздар сабақ берген. 1936-37 жылдан мектеп директоры болып, Керімқұлов Сатыпалды тағайындалып, ол кісі 1948 жылға дейін қызмет істеген. Оқушы саны 40-50дің арасында болған. Оқушыларға Керімқұлов Сатыпалды, Шубаров Колайтбек, Шубаров Ұзақ, Тағаев Тәліп, Баймұханбетов Тәжібай, Күзембаева Зубира сияқты ұстаздар сабақ берді. 1948жылы Көміршідегі бастауыш мектептің орнына жеті жылдық мектеп ашылды. Мектеп директоры болып қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ақынжанды азамат Нұрқабеков Нұрсадық тағайындалып, оқу ісінің меңгерушісі соғыс және еңбек ардагері Нұрмұханбетов Тұрысбек болды. Шортанов Тақабай, Асанов Әбдіқадыр, Рахманқұлов Қуат сияқты білімді де білікті ұстаздар қызмет жасады. 1957-58 жылдары мектеп директоры болып Нұрмұханбетов Тұрысбек оқу ісінің меңгерушісі болып Иманбердиев Рақыш қызмет істеді. Оқушы саны да көбейіп 70 балаға жетті, жоғары білімді мұғалімдердің саны өсіп, мектептің материалдық-техникалық базасы нығайды. 1959- 60 жылдардағы білім саласындағы өзгерістерге байланысты Калинин атындағы 8 жылдық мектеп ашылды. Бала саны 102-ге жетіп, Рамазанов Ғани тарих пәнінен, Нұрқабеков Нұрсадық орыс тілі пәнінен Ултарақова Сәуле орыс тілінен, Шортанов Тақабай, Миракимова Ажарқан, Рамазанова Шәмшия, Нұрниязова Тәшбүбі бастауыш сыныптарға сабақ берді. 1963-64 оқу жылында мектеп директоры болып Есжанов Кәрім тағайындалып,1967 жылға дейін жемісті қызмет істеді. Осы жылдары мектеп үйі қазіргі тұрған орнына жаңадан салынған кең де жарық бөлмелері бар бір қабатты мектеп үйіне көшірілді, мұғалімдердің саны 20ға жетті. 1967-76 оқу жылында мектеп директоры болып Көмірші ауылының тұрғыны аудандағы көп мектептерде директор болып қызмет істеген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Оңдасынов Сламжан тағайындалып, оқу ісінің меңгерушісі Нұрмұханбетов Тұрысбек болды. Мұғалімдер саны 30-ға жетті. 1976-79 жылдары мектеп директоры болып Ниязова Клара қызмет істеді, Мұғалімдер саны 32, оқушы саны 300-400 аралығына жетті. Дегенмен, мектеп 8 жылдық болғандықтан 8 сыныпты бітіргендер басқа ауылдардағы 10 жылдық мектептерге барып, туған-туыстарының, таныстарының, интернаттарда жатып оқуларына тура келді. 1980 жылы Көмірші ауылының түлегі жоғарғы білімді дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Қанапияев Әметхан директор болып тағайындалып жемісті қызмет атқарып зейнет демалысына шыққан соң, осы мектептің түлегі білікті маман Нұрмұханбетов Ерболат мектеп директоры қызмет атқарды. Қазіргі уақытта білікті маман Ырғынбаева Бағила мектеп директоры болып, абыроймен қызмет атқаруда. 1986- 87 оқу жылында ауыл тұрғындарының санының өсуіне әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруы мен оқушылардың санының артқанына байланысты 8 жылдық мектеп орта мектеп болып қайта ашылды. 1987 жылы сол кездегі Калинин атындағы колхоз өз күшімен екі қабатты типтік еңселі мектеп салып берді. 1986-1990 жылға дейін Нұрмұханбетов Тұрысбек, 1990 жылдан 1997 жылға дейін Сабазбеков Мұқанбай, 1997-2001 жылдары аралығында Ырғынбаева Бағила, 2001- 2018 жылдарда Күзембаев Марат оқу ісінің меңгерушілері болып қызмет істеген. Мектеп түлектері Мұқанов Ғалымжан жоғарғы оқу орнында сабақ берсе, Көлбаев Жаңабай облыс, Республика көлемінде танылып жүрген азаматтар. Мектепте оқыған Есмолдаев Кәкен, Нұрмұханбетов Али, Баймұханбетов Шайхсылам, Есмолдаев Кенжатай сияқты азаматтар ұзақ жылдар партия, кеңес органдарында, білім саласында жемісті еңбек еткен. Мектеп түлектері Өтегенов Қарасай, Сембек, Күзембаев Қайыпберді,Тұмабаев Жайлаубай, Сұлтанбаева Нүрке, Ысқақов Қазыкен т.б көптеген ауыл тұрғындары кезінде ауыл экономикасына үлес қосқан. Сарыжаз ауылы сол сияқты Көмірші елді мекені, Ақбейіт ауылымен біте қайнасқан селолық округіне бірлескен аймақ болғандықтан, округтің осы заманға лайық өсіп өркендеуі үшін бірлесе жұмыс жасап келеді.

        Сарыжаз ауылының құрылуына зор үлес қосқандар. Қоғам қайраткері Рақымжан Қилыбаев. Бұл есімді өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақстандықтардың көпшілігі біледі. Рақымжан Қилыбаев 1906 жылы Нарынқол ауданы Сарыжаз ауылы Сулысай бөктерінде кедей отбасында дүниеге келген. Ерте білім алған, партия кеңес және шаруашылық қызметтерінде болған азамат өз өлкесінің тарихында да жанашырлық жасай білді. Өйткені қаршадай кезінде Қарқара көтерілісін көзімен көрді. 1919 жылы жаз айы, бұл кезде Рақымжан Қилыбаев 13 жасқа толып, Түркістан әскери майданына қарасты екінші жеңіл дивизияның бірінші батериясында Жаркентте ерікті қызыл әскері болып жүргенде атаман Дутовтың әскерлерімен кескілескен ұрыс болып, екі жақтан да көп адам шығынға ұшырады. Ақыры қайырын беріп, бұл жерде кеңес өкіметі орнаған. Мұнда да оның қосқан үлесінің мол екенін айту парыз. 1921 жылы ВЧК-ның қызметшісі әрі тілмашы болып істеп жүрген кезінде Рақымжан Қилыбаев Жаркентте Ораз Жандосовпен ойда жоқта ұшырасып қалады, содан кейін Ораз Жандосов уездік ревкомның төрағасы Ы.Көшкіновке «чк баланы» оқыту жөнінде тапсырма беріп , өз кезегінде ол оны Қарқара жәрмеңкесіндегі жетім балаларға арнайы ашылған үш айлық курсқа жіберткен . Кейін Алматы қаласындағы Қазақ-қырғыз мұғалімдер институтының екі жылдық дайындық бөліміне емтихан тапсырып түскен. Институтты бітіргендердің бір тобын, ішінде Рақымжан да бар, Қазақстан өлкелік партия комитеті Ташкентте ашылған орта Азия мақта институтына оқуға жіберген. Осы институтта оқып жүрген кезінде институттың жалпы жиналысында ол факультет партия ұйымының хатшысы болып сайланған. 1932 жылы Рақымжан Қилыбаев Ташкенттегі институтты ойдағыдай бітіріп шыққан соң оны Төрткөл қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынған. 1936 жылы Алматы қаласы аудандарға бөлінгенде Фрунзе аудандық партия комитетінің әуелі ұйымдастыру бюросының председателі артынан бірінші хатшысы болып тағайындалған. Ұлы Отан соғысы жылдарында, яғни 1941 жылдың қыркүйегінде Түркістан әскери округінің бұйрығы бойынша Алматы, Семей, Шығыс Қазақстан азаматтарынан жасақталған 391-атқыштар дивизиясының құрамында 1278-атқыштар полкінің партбюро хатшысы болған. Москваны қорғауға қатысқан, Калинин Солтүстік- батыс, 1,2,3 Балтық және Ленинград майдандарында болып, ерен ерлік үлгісін көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Отан соғысының екінші дәрежелі орденімен, Қызыл жұлдыз ордені, Құрмет белгісімен, Москваны қорғағаны үшін және тағы басқа орден-медальдармен наградталған. Рақымжан Қилыбаев соғысты аяқтап жеңіспен бірге майор шенінде елге аман оралған. 1946 жылы Талдықорған облысы партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған. 1949 жылы Москвада КПСС орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде Облыстық партия комитеті секретарларын дайындайтын курсты ойдағыдай бітіріп шықты. Талдықорған облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, Халық депутаттары облыстық атқару комитеті Президиумының мүшесі, ал 1959 жылдан 1971 жылға дейін Халық депутаттары Алматы қалалық атқару комитетінде ауылшаруашылығы бөлімін басқарған. 1971 жылдан Одақтық дәрежедегі маңызы бар зейнеткерлікке шыққан.

       Сауранбаев Қабылбек 1895 жылы Шөлдіқұл ауылында кедей шаруасында дүниеге келген. Әкесі Сауранбай, шешесі Әнипа Шаусынова. Төрт ұл, төрт қызы болған. Үлкені Қабылбек Ресей патшалығының Қазақстанға тізесі батып жүрген кезде төрт кластық білімі бар бала. Он екі жастан онтоғыз жасқа дейін казак байларына малай болған. 1916 жылы Қарқарадағы Ұзақ бастаған көтеріліске белсене қатысқан. 1917жылы май айынан июльге дейін Сарыжаз поселкесінде орыс кулактарының қамауында болған. Сол жылы 14-желтоқсанда қарауыл оязы Соколов поселкесінде Михаил Беренцев деген орыс байының малайы болған. Ол 1918 жылы бірінші августтен бастап қызыл партизандармен байланыс жасаған. Осы жұмыста жүргенде ақтар отряды ұстап түрмеге жабады. 1919 жылы бірінші ақпанда қашып шығып Тимофеев бастаған отрядқа қосылады. Осы отрядта жүріп, ауыл кедейлерін ұйымдастырып Нарынқол, Сарыжаз, Қырғыстан шекараларындағы қызыл армиямен байланыс жасап Қақпақ, Сарыжазда ұйымдасқан ақтардың тұрған жерін, көтеріліске шығатын күнін анықтап, қызылдарға дер кезінде хабарлап отырған, оларды талқандауға көп еңбек етті. Бұл еңбектері үшін наградалар алды. 1922 жылы апрель айында комсомол қатарына өтті. 1930 жылы КПСС мүшесі, 1922 жылы майда Тұзкөл болысы құрылып, оның бірінші басқарушысы болып, 1925 жылдың желтоқсан айына дейін істеді. 1926 жылдан 1929 жылға дейін Жаркент оязында комитет нұсқаушысы болды. 1929 жылы қыркүйек айынан бастап 1931 жылға дейін қызыл арасан ауылдық советінің председатель қызметін атқарып 1934 жылға дейін ол осы жылдың қыркүйек айынан МТС тың директоры болды. 1936-1937 жылдары директорлар даярлау мектебінде оқыды. Ал 1954 жылы май айынан бастап Нарынқол ауданы Калинин колхозында жылқы бағып, одан кейін Көмірші бригадасында кейін колхоздың тексеру комитетінде болды. Лениннің 100 жылдық наградасы «Еңбек ардагері» медалімен және көптеген грамоталарымен марапатталды. 1936 жылы бытыраған колхозды қайта ұйымдастырғаны үшін грамоталармен марапатталды.

        Мырзабаев Шәмші 1900 жылы Нарынқол ауданы Сарыжаз ауылы Қызыл бұлақ өңірінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Талғар қаласында ұйымдастырушы курсында оқиды. 1930 жылы Ақбейітке көшіп келген ағасы Мырзабаев Шықыбай мен шешесі Сәлиқа апаның қолында тәрбиеленді. 1930 жылы өзінің жаста болса көзі ашық көкірегі ояу адам ретінде көзге көрініп елді ұйымдастыру қабілеті арқасында Киров колхозын алғаш ұйымдастырушы және 7-жылдық мектеп салғызып балаларды мектепке тартып оқытуға мұрындық болды. Сарыжаз өңірінің орталығы Ақбейітте 40- 50-дей түтін тұрды. Осы жерде алғаш колхоз іргесі қаланып әр отбасы бірігіп, бірлі жарым малдарын орталыққа біріктіріп отырықшылыққа айналып, үйлер салынып кірпіш құйып соқпа тамнан соғып магазин, клуб, контора сол кездегі алғашқы мұғалімдер, Әміров Жапар, Мәнкеев Әбіш, Қасенбаев Әбдірахман, Қасенов Қайым тағы басқалар әртүрлі курстарды бітіріп мектепте білім берді. Сол кезде Жолдасов Нұрқасым мектеп директоры болды. 1948 жылдар 4 колхоз бірігіп Сарыжазда Калинин колхозы болып біріктірілді. Сарыжазда қалған 8-жылдық мектеп ашылды. Сол жылдары Мырзабаев Шәмші колхоз председателі болып бекіді. Қасенбаев Қайым мектеп директоры болды. 1930 жылы алғаш партияға мүше болған 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанды, 1944 жылы ауыр жарақаттанып ауылға оралды. Соған қарамай колхозды 1950 жылға дейін басқарды. 1950 жылы Есқожаев Берікбай колхоз председателі болып тағайындалды алғаш 1950 жылдың басында ауылдағы клуб салына бастады. Ел үріккен 1930-32 жылдары елді қайтаруға атсалысты, сол кезде Шәмшіні қытайға бірге алып кетпек болған жерлестеріне ермей, кері атын отырған үш бөлмелі үйінің түпкісіне кіргізіп тығып ұстаған, оған бой бермей атын алып кеткен бұл кісі атын атпақ болғанда шешесі атқызбай қойған. Атты ақыры қытайға алып өтіп кеткен ат жүйрік бір екі азаматтың құнына келісті ат болған. Осы колхозда 1960 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Кейін де колхозға қолғабыс тигізіп, шалдарды ұйымдастырып әр түрлі жұмыстарға шығып жүрді. 1988 жылы дүниеден өтті. Қазіргі кезде Шәмші Мырзабаевтың атына Сарыжаз ауылының бір көшесіне аты берілді.

        Жанысова Жамбы Көшербайқызы 1912 жылы Тұйық ауылында дүниеге келді. 1917 жылы Қытайға өткен кейін қайта көшіп келді. Жамбы анамыз Жанысов Берікбаймен отасты. 1908 жылы туылған, ол кісі 1942 жылы Ұлы Отан соғысына кетіп Ленинградты қорғауда ерлікпен қаза табады. 2 қыз қалады Жамалхан Кулаш Жамбы анамыз Сарыжаз ауылында шөп шауып егін егіп мал бақты жылқы күзетті. Тұқымды Текестен өгіз арбамен тасыды. Күзде қайта тасиды, сол кезде ҰОС- жеңіспен бітуіне улкен еңбек еткен аналардың бірі таудан қарағай тартып, қыста балалар атқа мініп аяқтарына шөп орап аман қалып жүрген дейді анамыз. Сванбекова Б. 12 құрсақ көтерген 2-қыз 1-ұл қалды. 1946- 1947 жылдар арасында Нарынқол соцқазақ орта мектебінде 10-жылдықты бітірген. Талғар ауыл шаруашылық техникумының 2-курсына түсіп 3-4 курстарын сырттай бітірді. 1950жылдан 1962 жылға дейін Калинин атындағы колхозда бас агроном болып жұмыс жасады, осы екі ортада управляющий ферма болып жұмыс атқарды, осы жұмыста жүріп «Құрмет белгісі» орденін алды. Бас агроном болып жұмыс атқарған кезде тың және тыңайған жерді игеру кезінде «Құрмет белгісі» ордені келесі жылы тың игергені жөнінде Қазақстан 100000 миллиард астық өндіргені жөнінде Тың игеру медалімен марапатталды. Аудандық партия комитетінің ұйғарымы бойынша 1962 жылдан 1979 жылға дейін Сарыжаз селолық Советі атқару комитетінің председателі болып қызмет атқарды. 1938-1942 жылы Сарыжаз ауылында Шипсерия жүн тері жинайтын мекемесі жұмыс істеген, ол кезде Красный пахр колхозы болған, Каучук жасайтын орын болған осы мекемеге арнайы өсімдік егіп жинап өткіземіз. Сарыжаз ауылы тіршілікке қолайлы аудандағы іргелі елді мекен, оны ары қарай дамытып жақсартуды тілеймін ауыл өсіп өркендей берсін деп ақ батасын берген екен, Еңбек ері Нүсіпбек Әшімбаев ақсақал.

       Байсұлтанов Бақмолда 1924 жылы Жолдықұлатта туылған. 7 класта Ақбейітте оқып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Әкесі Байсұлтан шешесі Алжанбаева Ақатай әкесі ерте қайтыс болады, ағасы Сүлейменнің тәрбиесінде өсті, әпкесі Әлімхан екеуі. 1924 жылы сұрапыл соғысқа аттанады. Ашхабатта дайындықтан өтеді әбден дайын болғанда жасың жетпейді деп ауылына қайтарады. 3-айдан соң қайта сұранып ақыры Беларуссия майданынан бірақ шығады. Смоленскииге 1945 жылы түседі, кескілескен ұрыста оң аяғынан ауыр жараланып госпиталда 3 ай жатады. Осы жарақатымен елге қайтарады, кейін қайта шақыртып жаңа келген сарбаздарды тасу қызметімен жүреді. 1945 жылдың ортасында Монғолияның Халкенген қаласына апарады, ол жерде қолға түскен жапондарға жұмыс істетеді. 1948 жылы елге оралып Калинин колхозында әр түрлі салада жұмыс істейді. ҰОС барлық дәрежедегі орден медальдары бар, Еңбек ардагері медалін алды. Жолдасы Зәкірова Мәмежан 5ұл, 4қыз тәрбиелеп өсірді 2006жылы 82 жасында дүниеден өтті. Бақмолда аға өзін тәрбиелеген ағасы Сүлейменді көре алмай өмірден өтті. Ол кісі соғыста қаза тапқан ағасына «Хабарсыз кеткен ағайыма» өлеңін арнаған.

       Сұлтанбаев Қайранбай 1931 жылы Көмірші ауылында туылған. СоцҚазақстанда М.Мақатаевпен бірге оқыған. Калинин колхозы құрылғаннан бері колхозда әр түрлі салада жұмыс істеді, алғашында Мажин Андрей сияқты жігіттермен шофер механик бригадир экспедитор кейін колхозда управляющий болып қызмет атқарды. Колхоздың өркендеуіне елеулі үлес қосып әртүрлі сезондық шаруашылық жұмыстарына колхозшылар мен мекеме адамдарын ұйымшылдықпен атсалысуына мұрындық бола білді. Күн түн демей шапқылап жүріп көп іс тындырды және бұл кісіні ел құрметтеді. Осы еңбегінің арқасында көптеген медальдармен марапатталды. Аудандық, селолық совет депутаты болды. Жолдасы Әміреева Бүбіхан еңбек ардагері, батыр ана 10 бала тәрбиелеп өсірді. Есмолдаев Какен Есмолдаұлы 1924 жылы Көміршіде кедей отбасында дүниеге келген. Шешесі Нұрсалима 4ұл, 1қыз тәрбиелеп өсірді. Көміршіде бастауыш мектеп бітірген соң Ақбейітте 7жылдық мектепте оқыды.1942жылы ҰОС-на аттанды. Соғыстан 1947 жылы оралды. Аудандық партия комитетінде қызмет атқарды. 1953 жылы Калинин колхозына парторг болып келді. 1950 жылы Сарыжаз селолық советі председателі, 1961жылы Энгельс колхозында председатель болды. 1976 жылы Калинин колхозында зам.пред болып жұмысқа келді. Тұмабаев Жайлаубай еңбек ардагері. Калинин атындағы колхозда көп жыл еңбек етті. Баймұханбетов Шайхслам 18 жыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып нәтижелі еңбек етіп ауданның көркейіп дамуына өз үлесін қосқан. Рахадилов Бексұлтан, Рахадилов Сұлтанбай еңбек ардагерлері Калинин колхозының құрылуына шаруашылықтың өркендеуіне үлкен үлес қосқан азаматтар. Сұлтанбаева Нүрке еңбек ардагері Жолдықұлатта туылған алғашқы колхоздың құрылуына үлкен үлес қосты. ҰОС жылдары Көмірші ауылында қыз келіншектер бригадасын құрып барлық шаруа жұмыстарын мойындарына алды. Сол кезде 12қыз болған осы қыздарға ауыл тұрғындары былай арнау шығарған. Біздің ауыл осы ауыл 12 қыз жас ауыл, 12 қызы кеткенде, Қайтер екен осы ауыл»- деп Көміршіліктер әзілдеген. Бұл қыздар Нүрке, Қатай, Мәмежан, Тұрған, Кален, Дақан, Жаңылхан, Қымбат, Бисара тағы 5 қыз болған бұл қыздардың еңбегі зор болды. ҰОС жеңісіне өз үлестерін қосып, соғыстан соң әрқайсысы өз бақыттарын тауып кетті.

       Сарыжаз ауылында колхоз басқарған қызметкерлер: Сауранбаев Қабылбек, Мырзабаев Шәмші, Гвайдуллин Құдайберген, Құдайбергенов Мақсат, Есжанов Берікбол, Боранғазиев Камал, Мұстафаев Тұрысбек, Шындалиев Атамқұл, Сыдықов Орал, Байғожиев Байғожа, Сұлтанбаев Хапез, Амреев Жетіген, Мұсабаев Мұрат, Нұрғазиев Бейбіт, Сатаев Ақылжан.

        Сарыжаз орта мектебі құрылғалы бері директор болған адамдар тізімі: Аміров Жапар, Байзақов Бейсенбек, Тілесов Абдікәрім, Есімбаев Тоқмолда, Жолдасов Нұрқасым, Қасенбаев Қайым, Дуанқұлов Алыбай, Берікбаев Абдіқадыр, Байзақова Ұлдахан, Мұстафаев Тұрысбек, Нұрмұханбетов Кенже, Мамытханов Меліс, Күлдібаев Қағаз, Әліпбаев Нұрбосын, Үмбетжанова Бағира, Иманбаев Айдос.

        Сарыжаз ауылының тәуелсіздік алғаннан кейінгі тыныс тіршілігі. Ауыл 1991 жылы бұрынғы КСРО мемлекетінен бөлініп өз егемендігін кейіндетіп жариялады. Тәуелсіз елдің өз елтаңбасы,Туы әнұраны, Конституциясы бекітіліп шекарасы анықтала бастаған тұс осыдан басталды, бұрынғы Калинин колхозы тарап ауылдағы үлкен мекемелер ОПНБ, СелПо, Дэу-201 тағы басқада ірілі ұсақтары бар, біразы тарап жұмыстар тоқтай бастады. Бұл бұрынғы Одақ бойынша қамтылып жұмыс жасап халықты жұмыспен қамтып ақшасын төлеп барынша жағдай жасап отырған үлкен мемлекеттің бөлінуі салдарынан болған жағдай еді. Бұрынғы Калинин колхозы атын өзгертіп «Жолдықұлат» колхозы аты беріліп колхоз жұмысын жүргізе бастады. Дегенмен бұрынғы аралас құралас, алыс-беріс болмай аяғында Жолдықұлат колхозы тарауға тура келді, жүн өтпейді ет өтпейді, техника қосалқы жабдық жоқ, жанар жағар май қамтитын мекемелер өз жұмысын тоқтатып «тоқырау» деген уақыт. Колхоз тарап мал мүлік жекеге шаруа қожалығына беріле бастады. Алғаш 1992 жылы Қажиев Мұхамет, Спатаев Ізтелеу, Даркенбаев Жақандар колхоздан жер, мал, баз алып жекеге шығып, МТЗ -80 тракторларымен, ауылшаруашылық машиналарын кредитке алғандар болды, осылай жалғасып 1994-1996 жылдар ешқандай өкіметтен көмек болмағандықтан бұл құрылған шаруалар да басқа бөлінген колхоз мекемелері айлық ақша бермегендіктен тарап, мал-мүлік, техника жеке адамдарға (Пәй) үлес есебінен бөлініп берілді, сол кезде үлкенді кішілі ұжымдарға, жеке бөлініп тіршілік жасады, аз уақыттың ішінде жекешелендіру де аяқталды. Әр түрлі мекемелер бұзылып атап айтқанда ОПНБ Төңкеріс ауылына көшірілді және ХРТО, ДЭУ -201 мекемелері де қысқарып, сол мекемелерде жұмыс жасағандар бұзып алып, қолдан қолға өтіп жоқ болып орындары ғана қалды. Сол бір кездері СПТУ -8 мен ауылдағы орта мектеп қана қалып, мұғалімдерге әрең дегенде там тұмдап азын-аулақ ақшаларын беріп тұрды. Жылдар өте келе ел Тәуелсіздігінің арқасында бірте-бірте ел еңсесі көтеріле бастады, Қазіргі кезде жекеге кеткен кейбір шаруақожалықтары еңселерін тіктеп даму үстінде. Жеке шаруа қожалықтары да көбейіп субсидия алып, малды асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізуде, сонымен қатар үлкен той залдары, қоғамдық монша, сауда нүктелері де көбейіп елге қызмет атқаруда. Елдің көшуі тұрақтанып, демографиялық ахуалда көтеріліп, мал басының да саны артуда. Осыларға дәлел ретінде ауылда Жаңа заманауи мектептің бой көтеруі, 120 балалық балабақшаның қайта құлпырып ауылға өзінше сән беріп тұруы, ауылдық емхананың салынуы, имандылыққа бет бұрған ауыл халқы сәні мен салтанаты келіскен мешіттің де ғибратын көруде. Және ақ бұлақ бағдарламасы бойынша, әр үйге ауыз судың кіргізілуі, интернет желісінің тартылуы, көшелер жарықтандырылып, ауыл көшелері жөнделіп асфальт жол төселуде. Ауылдың әл ауқатының көтерілуіне дәлел жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің көбеюі. Сарыжаз ауылының көркейіп ажарланып келе жатуы. Егемен еліміздің даму үстіне шыққандығының бір көрінісі емес пе?

       P .S Құрметті оқырман қауым! Осы тарихтың жиналып, басылуы ауыл ақсақалдары, көне көз қариялар мен көптеген азаматтардың жеке архивтерінен алынғандығын ескере келе алғысымызды білдіргім келеді. Жазылу барысында кеткен кемшіліктер болса, немесе айтар ойларыңыз, қосар үлестеріңіз, жаңа тың тарихи оқиғалар естеріңізде болса осы мақала авторларымен байланысқа шығуларыңызды сұраймыз. Тарихтың жазылуына атсалысқан барша ауыл азаматтарына алғыс айтамыз.

Ізгі ниетпен: Медет АЗАНБАЕВ

Сарыжаз ауылының әкімі.

Дүйсен БОЗБАШАЕВ Сарыжаз орта мектебінің мұғалімі,

Тұрсынбай ИСАНБЕКОВ ардагер ұстаз, ақын.

Серікбай БЕРТАЕВ ауыл ақсақалы,

Райымбек ауданының «Құрметті азаматы».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password