САРЫЖАЗДЫҢ ЖЕРІ ҚҰТТЫ, ЕЛІ ЕҢБЕККЕР
Иә, биыл құрылғанына 29 жыл толатын сүйікті де қымбатты Тәуелсіз Отанымыз – әр отбасыдан, шалғайдағы оттарын маздатқан ауылдардан басталады. Солардан нәр алып, өрісін кеңейтіп, өркенін жайып, келешекке тартқан көшін көрікті ете түседі. Күні кеше ғана мемлекетіміздің басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың халқымызға арнаған жаңа Жолдауы ел жүрегіне үміт орнатып, ертеңге деген сенімдерін серпілте түскендей болды. Жер жаннаты Жетісудың төрі саналатын Аспантаулар өлкесіне, Райымбек ауданына да күз келді. Жүзін күн сүйген диқан қауымның қамбалары картоп пен алтын дәніне тола түсетін шақ. Қысқа қамданған ел – жұрт үшін шын мәнінде, мазасыз маусым. Рас, бұл ай баспасөзге жазылу ісінің де бастау алатын тұсы. Сондықтан іргелі өңірлердегі оқырмандарымыздың ортасында болып, ауылдардың тыныс-тіршілігін білуді жөн көрдік.
Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылдық округі таулы өлкедегі ең үлкен округ болып саналады. Шын мәнінде Тәуелсіздігіміздің шапағатына, мемлекетіміздің қолдауына кенеліп келе жатқан іргелі, үлгілі ауылдардың бірі десек, артық айтпаймыз. Сарыжаз, Көмірші, Ақбейіт секілді үш ауылдан құралатын округте 5078 адам тұрады. Мыңға тарта отбасы бар. Сарыжаз Райымбек ауданына кіретін күре жолдың бойына қоныс тепкен ауыл. Ауданға келетін қонақтардың да алғаш көретін ауылы осы. Бұл өңір ежелден қарсауыт. Қар қалың түседі. Жаз кезінде Лабасының басына бұлт үйіріліп жатса, өздеріне ғана жауып тұратын жаңбырлары да жоқ емес. Сондықтан жері құтты, ырысты, тынысты. Мұндағы ел-жұрт тауларының кең көсілген қапталдарынан мал азығына керекті шөпті жинап алып жатады. Суармалы жерлері де мол. Азанбаев Медет Дүйсенбекұлы атты азамат ауылдық округтің әкімі болып жап-жақсы жұмыс істеп келеді. Осы ауылдың бір түлегі. Аудан қайта қалпына келген жылдары ауыл әкімі болып сайланып, бойындағы білімін, күш-жігерін туған өңірінің өркендеуіне қосып келеді. Үлкен округ аумағында бұл күнде 156 «Алтын» және «Күміс» алқалы ардақты аналарымыз, 490 зейнеткер, жиырмаға тарта тыл ардагерлері тұрады. Үш ауылда 2 орта мектеп, 1 бастауыш мектеп бар. Ақбейіт ауылында Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі жұмыс істейді. Бұл шын мәнінде, ауыл үшін, аудан үшін үлкен мәртебе. Аудандық мәслихаттың депутаты, білімді де аптал азамат Самат Мүсірбаев басқаратын колледж ауылшаруашылығына қажетті мамандар даярлап келеді. Ондағы ұстаздар мен мамандар қашықтықтан оқытудың да қажетті курстарынан өтіпті. Өңірде шын мәнінде халыққа қажетті, елге қызметін көрсетіп отырған барлық орындар жұмыс істейді. Округтегі үш мектеп, 1 колледжді қосқанда 800-ден аса оқушыға 137 ұстаз дәрістерін беруде.
Ауылдың жақсылықтарын айта отырайық. Соңғы жылдар аумағында Сарыжаздан 600 балалық заманауи, саулетті келісті де келбетті жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Мұндағы спорт залын, мәжіліс залын, кітапханасын, асханасын көріп, шын мәнінде қуанасың, риза боласың. Айдос Иманбаев бастаған мектеп ұжымының облыстық «Жетісу» газетіне, аудандық «Хантәңірі» газетіне деген ықыластары биыл да арта түспесе, кемімейді деп ойлаймыз. Ауыл орталығынан емхана да жаңадан салынып, 2017 жылы пайдалануға берілген. Жобалы, жылы да жайлы мекенжай қазір елдің игілігі. Емханада Ләйла Абдуллаева меңгеруші болып еңбек етеді. Ақ халатты абзал жандар да алдағы жылы төл басылымдарынан сырт қалмайтыны анық. Бұл ауылда көп жылдардан халықтың түйінді мәселесі болып келген ауыз судың да жайы жақсы. Толығымен шешілген. Әр шаңырақ таза ауыз суына қол жеткізді.
Биылғы жылдың шапағаты қалай болуда? Шаруашылықтар тарағаннан кейін бос тұрған балалар бақшасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта 140 балапан алаңсыз жайлы мекенжайда мектеп алдындағы тәрбиесін алатын болады. Бұл жақсылық-қой?! Екі қабатты балалар бақшасында жүргізіліп жатқан жұмыстарды көзімізбен көрдік. Шатыры ауыстырылып қойылыпты. Сыртқы қоршаулары да жасалған. Ішкі жағындағы негізгі бұрыштары, бағандарына жер сілкінісінен қауіпсіздігін арттыру мақсатында темірмен құрсаулау жұмыстары жүргізіліпті. Учаскенің мастері әрі бригадирі Құндызай Жалинованың айтуынша, мұнда қазір 15 құрылысшы әрі мамандар жұмыс істеуде. Күрделі құрылыс жұмыстарын «Еңбек» ЖШС-гі жүргізіп жатыр. Осы күз маусымында толықтай бітіріп, пайдалануға береміз деп отыр. Жергілікті жерден де жұмысқа адамдар тартылыпты. Жалпы, жөндеу жұмысына жергілікті бюджеттен 275 миллион теңге қаражат бөлінген. Біз балаларға базарлық сыйлағалы отырған құрылысшылардың қолдары қуатты болсын дедік.
Рас, өз тұсындағы шаруашылықтар кезінде трактор, техникаларына арналған орталықтары болды. Сондай жерлерден үстілеріне арнайы киімдерін киген, тіпті жүздеріне қара май да жағылып қалатын темір жонушы болып істейтін ағаларымызды көруші едік. Сарыжаз ауылынан тура сондай ағамыздың бірін кездестіріп, қуанып қалдық. Токарь, темір жонушы деген мамандық иелері қазір ұшыраса бермейді. Дәл осы салада 45 жыл жұмыс істеп келе жатқан, зейнет жасындағы Қайрат Алакөзовтей ағамыз Кеген, Райымбек аудандарының халқына әлі де қызметін көрсетіп келеді. Науқанды жұмыстар кезінде трактор, комбайн, ауылшаруашылығы техникаларының сынып қалған қажетті дүниелерін темірден жонып беріп, қолдарына ұстатып жатады. Сөйтіп, елден алып жүрген алғысы мол.
Биылғы жыл Сарыжаз ауылы тұрғындарының қуаныштары еселенген жыл десек, артық айтпаймыз. Ауылда 8,4 шақырымды құрайтын 9 көше жасалып жатыр. Ауыл әкімі Медет Азанбаевтың бастауымен оның денін көзімізбен көріп шықтық. Жолдардың үстіне құм-тас төсілеп, тегістеліпті. Тіпті, соңғы аптаға дейін 3 көшенің жолдары асфальтталып тасталған. Өңір тұрғындары үшін бұл да үлкен жақсылықтың нышаны. Қажетті жерлеріндегі көпірлердің ауыстырылып жатқанына да куә болдық. Жол жөндеуде эксковатор жүргізуші механизатор Көшімбай Еламан Алғазыұлының еңбектерінің ерен екенін көрдік. Үлкен жүктің бірін осы азамат көтеруде. «Текес строй» ЖШСгі жүргізіп жатқан жол жөндеуде 15 адам еңбек етуде. Бұл жұмысқа да жергілікті бюджеттен 234 миллион теңге қарастырылған. Жол жасаушылардың да жұмыстарына сәттілік тіледік.
Ең маңызды, ең басты с а л а л а р д ы ң бірі – ауылшаруашылығы — ның жайы жаман емес. Бұл тұрғыда Сарыжаз ауылдық әкімдігінің бас маманы Сайлау Жетпісбаев жап-жақсы дүниелерді алдымызға тартты. Биыл көктемде себілген 736 гектар арпаның, 500 гектар картоптың, 25 гектар көкөністің жайы жақсы. Арпаға жақында орақ түседі. Жеңіс Әбділдаев, Айдос Сыпатаев, Азамат Үсенов, Жамбыл Ыбыжанов бастаған шаруа қожалықтары жап-жақсы дән мен төрт түлік мал өсіріп, игіліктеріне жаратып, шаруаларын шалқыта түсуде. Жалпы, округте 6638 бас іріқара, 29886 бас қой-ешкі, 4478 бас жылқы өсірілуде. 249 шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Ернат Қасымов, Дәурен Әтейбеков, Марат Оспанов секілді азаматтар былтырдан бері қажетті несие алып, мал өсіруде. Азамат Үсенов басқаратын «Лабасы» кооперативі жаңадан трактор, ауылшаруашылығына қажетті техникаларын сатып алып, жағдайларын жақсартып келеді.
Соңғы төрт жылдан бері өңірде жап-жақсы қырыққабат өсіріліп келеді екен. Бұл қолдарлық, қуантарлық жағдай. Алматы қаласында тұратын Зәуре Қабиевадай азаматша, жеке кәсіпкер ана ауылдың тау жағынан «Ақ ниет» шаруа қожалығының жерін иелігіне жалға алып, 7 гектарға қырыққабат өсіруде. Қырыққабаттың төрт түрі өсірілген кең алқапты асықпай араладық. Алды жемісін беріп тұрған қырыққабаттар қызықтырмай қоймайды. Суды көп қажет ететін көкөніс-қой. Мұнда су жақсы келеді екен. Қырыққабаттарды уақытылы суарып, қамқорлықтарына алған жігіттер өз істерін жақсы біледі. Қаз-қатар өсіріліп тасталған қырыққабаттардың аралығы арам шөптерінен ада. Жақсы өнім беретініне көз жетіп, көңіл сеніп тұр.
Шүкір, биыл 20757 тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Соңғы апталарға дейін 18 мың тонна шөп дайындалып, қора жайлардың жанына, қыстауларға жеткізілді. Жайлаулардың төрінде 69 малшымыз болды. Олар енді күздеуге түсе бастайды. 2636 гектар көп жылдық шөп алқаптарынан мал азығы дайындалды. Балалар бөбекжайы күрделі жөндеуден өткізіліп, ауыл ішіндегі жолдарымыз қалыпқа келіп, ел қуанышы еселене түсуде. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы бізді жақсы істерге жігерлендіріп, сындарлы сәттерге бекем болуға жетелеп отыр, -дейді Сарыжаз ауылдық округінің әкімі Медет Азанбаев.
Жері құтты, елі ынтымақ-бірлікті әрі тірлікті Сарыжаз өңірінің бүгінгі жай-күйі осындай. Халықтың жағдайы жыл өткен сайын жақсара түсетініне де сенім нық. Ынтымақ-бірлігі, берекелі тірлігі жарасым тапқан жерге ырыс қонады. Біз соған сеніп аттандық.
Қанат Біржансал,
облыстық «Жетісу» газетінің
меншікті тілшісі,
Сарыжаз ауылы.
0 Пікір