Сарыжаз кәсіптік техникалық колледжіне – 60 жыл!
Райымбек ауданындағы алғашқы кәсіптік-техникалық оқу орны
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің талабы. Егеменді елімізге еңбекшіл, білімді, алға қойған мақсатына жете алатын, өзінің алған білімі мен іскерлігін жан-жақты қолдана білетін, нарық заманында бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Осындай орта буын мамандар даярлайтын Сарыжаз кәсіптік техникалық колледжіне биыл – 60 жыл толып отыр.
Бұл аудан Райымбектей алыпты дүниеге әкелген қасиетті мекен. Осындай қасиетті жердің ұландарын тәрбиелейтін білім ошағының артар жүгі де салмақты, қойылар талабы да ерекше. Сондықтан болар жарты ғасырдан астам тарихы бар Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі елімізге орта кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының ішінде өзіндік орны бар білім ордасының біріне айналған. Аристотельдің, «Білім алушы жас жетістікке жетем десе, артында қалғанды күту емес, алдындағыны қуып жетумен айналысу керек» — деген ұстанымын берік ұстанған біздің студенттеріміз бен түлектеріміздің жетістіктерін мақтан етеміз. Колледжді аяқтаған біздің түлектер бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамыған алдыңғы қатардағы елге айналуына өз үлестерін қосуда.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиялық даму жоспарында «Біз келер ұрпақ алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалаймыз» деп бізге үлкен сенім артқан болатын. Ол, халық алдындағы осы борышымызды абыроймен орындау үшін бізге үлкен міндет жүктеді. Еліміздің болашағын оқытып тәрбиелеу ісі үлкен міндет те, үлкен бақыт та. Тәуелсіздігімізді нығайту, халықаралық абыройын асыру әрқайсысымыздың парызымыз екендігін толық түсініп, жасөспірім ұрпақтың санасына терең жеткізуіміз керек. Ұлы ғұламамыз Әл-Фараби айтқандай «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек, себебі тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», сондықтан оқу, тәрбие жұмыстарын қатар жүргізу дұрыс болар деп ойлаймын. Білім беру және ақпараттандыру ғасырына аяқ баса отырып, ұстаздар ұжымы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеруге және әрбір қазақстандықтың әл-қуатын арттырудағы мәселелерді шешудің барлығына бірдей атсалысуымыз қажет. Әрбіріміз орта кәсіптік білім беру мәселесіне шын көңілмен назар аударсақ, осы мәселелер түбегейлі шешімін табады.
Мерейтой күні өткенімізді саралап, ертеңімізге көз жүгірте отырып, жеткен жетістіктер мен асқан асуларымызға қарасақ, 60 жыл ішінде колледж ұжымының жас ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек еткенін көруге болады. Оған колледж ұжымының еселі еңбектері куә.
Ең алғаш №119 Шалкөде кәсіптік-техникалық училищесі Нарынқол, Кеген аудандарында ауыл шаруашылық мамандарын дайындайтын оқу орны ретінде 1959 жылы Ақбейіт машина-трактор станциясының (МТС) базасында құрылған. Екі ауданның 8,9,10 сыныптарын бітірген түлектері колхоз-совхоздардың жолдамасымен осы училищеге оқуға келіп, бітірген соң өз ауылдарына барып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Ол кездегі училищедегі оқу мерзімі 1-2 жылдық болып келетін. Негізгі дайындаған мамандықтары тракторист-машинист, автомобиль жүргізуші, мал шаруашылығы фермалардың шебері болды.
Алғашқы директоры болып Сәрсенбаев Іскендір деген өте білімді, іскер осы училищенің ірге тасын қалаған азамат жұмыс жасаған. 1962 жылы (СПТУ-119) Алматы облыстық №119 ауылдық кәсіптік-техникалық училищесі болып өзгертілді. 1973 жылы Орталық партия комиетінің қаулысымен қысқа мерзімде ауыл шаруашылық мамандарын даярлайтын училищелер орта кәсіптік-техникалық училищелерге айналды. Яғни, мектептердің 8 сыныбын бітіріп келген түлектер мамандықтарымен қоса орта білім алып, дипломмен қатар орта білім жөніндегі аттестат алатын болды. Міне осы, 1973-1974 оқу жылында училище №8 Сарыжаз орта кәсіптік-техникалық училищеге айналып кең көлемдегі тракторист-машинист, ауыл шаруашылығынң электромонтері, кіші мал дәрігері деген мамандықтар дайындай бастады.
Училищеге 1977 жылы сәуір айында Сарыжаздағы №119 кәсіптік техникалық училищенің директоры етіп Мамытханов Меліс Мамытханұлы тағайындалған. Мамытханов Меліс училищеде 1977-1985 жылдарда жұмыс істеген. Сол кезде кабинеттік жүйе облыс көлемінде алда еді.
1985 жылдың 20 тамызынан 1993 жылдың шілдесіне дейін №8 Сарыжаз орта кәсіптік-техникалық училищесінің директоры болып Қайранбаев Бүркітбай Әділбайұлы жұмыс атқарған. 1993 жылдың 12 шілдесінен 2009 жылға дейін кәсіптік лицейде физика пәні мұғалімі болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткерлікте.
Училище 1988 жылдың қыркүйегінде Алматы облыстық №8 ауылдық кәсіптік-техникалық училищесі болып өзгертілді. Ал, 1994-2007 жылдар арасында директор қызметін Әбек Ұлықпан атқарды. Оқу орны 1996 жылдың қыркүйегінен Алматы облыстық №8 кәсіптік мектеп, ал 2007 жылдың қыркүйегінен бері Сарыжаз ауылындағы №8 кәсіптік лицей мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. 2007 жылдың қазан айынан бастап 2018 жылдың желтоқсан айына дейін Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінің директоры болып Өзекбаев Саян Асылғазыұлы қызмет атқарды. 2013 жылдың 15 мамырынан бастап Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі мемлекеттік мекемесі болып құрылды. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап колледж директоры қызметін Мүсірбаев Самат Сартаубайұлы атқарып келеді.
Ширек ғасырдан астам тарихы бар оқу ордасының құрылуы мен қалыптасуында мекеме басшыларының атқарған қызметі де, рөлі де жоғары. Маңдай тер, табан ақының нәтижесінде қазіргі таңда колледжіміз елеулі нәтижелерге жетті, сапалы білімнің қайнар көзіне айналды. Заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу орнымызда, білім алушыларға бар мүмкіншілік жасалған. Бүгінде колледждің мәртебесі асқақтап, үлкен бір ұжымға айналғанына жоғарыда аталған басшылардың еңбегі зор. Қай-қайсысы болмасын осынау алпыс жылдық тарихта өздерінің өшпестей іздерін қалдырды. Басшылық қызметін атқарған жандардың еңселі де, елеулі еңбектерінің жемісін әлі күнге көріп келеміз.
Бұл жұмыстардың, біздің келешекте атқаратын істеріміздің тәуелсіз еліміздің жалынды жастарын, болашақ мамандарын тәрбиелеу ісінде алтын әріппен жазылар істеріміздің бастауы екеніне күмәнім жоқ. Үлкен кәсіптік білім беру ордамыздың 60 жылдығының қарсаңында, осы мүмкіншілікті пайдалана отырып, барша ұстаз қауымына зор денсаулық, кәсіптік мамандар дайындауда үлкен жетістіктер, игілікті істердің көп болуын тілеймін.
Ермек Жұманов,
Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі
директорының тәрбие-ісі
жөніндегі орынбасары.
0 Пікір