САРЫБАСТАУДАН ШЫҚҚАН ДӘРІГЕР

       Райымбек ауданындағы Сарыбастау ауылының тұрғындары Қоқымбековтер әулетін жақсы біледі. Шаңырақтың отағасы, марқұм Байжұма қос дипломды, ауылшаруашылығы, қаржы саласының білгір маманы болды. Шаңырақтың ота — насы Салима Анепияева т а р и х пәнінің мұғалімі болып ұзақ жылдар абыройлы еңбек етті. Одан кейін зейнет демалы- сына шыққан. Қазіргі таңда қара- шаңырағындағы ұлы мен келінінің қолында немерелерін аймалап жүріп жатқан жайы бар. Білім беру ісінің үздігі, жоғары дәрежелі ұстаз атанған Салимадай мейірімді, парасатты, ұлағатты ананы шәкірттері орынды мақтаныш етеді. Осынау зиялы отбасынан шыққан Қоқымбекова Жанар Байжұмақызы – Тәуелсіз Отанымыздың баянды болашағы іспетті білікті жас дәрігер. Сарыбастау ауылындағы С. Сауранбаев атындағы орта мектептің 2006 жылғы үздік бітірген түлектерінің бірі. Мектебінің, ұстаздарының, ата-анасының үміті мен сенімін ақтаған қыз. Алматы қаласындағы С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің «Емдеу ісі» факультетін үздік дипломмен бітірген қарлығаш. Шын мәнінде, Тәуелсіз мемлекетіміздің денсаулық сақтау ісіне кейінгі толқын болып қосылған білімді де білікті дәрігер. Жанар Байжұмақызы университет қабырғасында жүрген кезінде іздене еңбектенді, талмай білім алды. Оқығанын тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға ден қойды. Одан жаман болған жоқ. Университетте Тұңғыш Президентіміздің үздік студенттерге берілетін стипендиясының иесі болды. Акушерия мен гинекологияда интернатурадан өткеннен кейін алғашқы еңбек жолы Есік қаласындағы перзентханада басталды. Өзінің білімін, іс-тәжірибесін уақыт талабына сай жетілдіруді мақсат еткен жас дәрігер 2014-2017 жылдар аралығында Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми институтында резидентурада білімін одан әрі жалғастырды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты аталған акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында дәлірек айтқанда «Ана мен бала» мекенжайында акушер-гинеколог болып жұмыс істеп келеді. Рас, республика бойынша денсаулығы алаңдатарлық жүкті аналар дәл осы орталыққа жіберіледі. Дәл осы орталық арқылы аман-есен босанып, дүниеге сәбиін әкеліп, жүздері бал-бұл жанып, есігінен шығып жатқан аналар әр жыл сайын неше мыңдап саналады. Біз сөз етіп отырған Жанар Байжұмақызы да жыл сайын неше жүздеген аналарды босандырып, нәрестесінің кіндігін кесіп, кіндік анасы атануда.

       — Аман-есен дүниеге сәбиін әкелген аналардың қуанышын көргеннен артық дүние жоқ. Соның өзі бізге үлкен еңбек бақытын сыйлайды. Аналарымыз бен кішкентай бөбектеріміз аман болсын!,-дейді Жанар шын көңілімен күлімдей тіл қатып.

       Біз де орайы келгенде емдеу ісінің білікті маманы, акушер-гинеколог дәрігер қызға амандық-есендік, шипасына толы он саусағының қуатты бола беруін тілейміз!

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Сарыбастау ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password