Сарыбастауға сапар
Ауыл –алтын бесік! Бесігіміз береке тербетіп, ырыс құндақтап жатса тасымыздың өрге домалай бастағаны емес пе. Бір заманда ауыл халқы қалаға үдере көшіп, шұбырған көштің соңында қаңыраған үй, қираған там қараңдап қалған еді. Түтіні түзу ұшып, қазаны оттан түспей телегей несібесін қайнатып, қаймағын бармақпен жалап отырған ауылымыздың аяқ астынан шалқыған тірлігі шашырап, шаруасы шау тартып, шаңырағы шайқалып қалғаны жанымызға қатты батқан. Өйткені әр қазақтың бала жастан «ауыл түбі –бірлік, қауым түбі –тірлік» деген мақал санасына орнығып, қасиетті ұғым ретінде жүрегінің түбінде сақталып тұратынды. Ауыл ұлттық идеологиямыздың күре тамыры, рухымыздың қайнар көзі, дәстүр-салтымыздың алтын сандығы, таным-түсінігіміздің, дүниетанымымыздың өзегі екені анық. Тек қана ауыл болмыс-бітіміміздің ғана қалың кітабы ғана емес, азық-түлігіміздің қоры да осында екенін аңғарып отырмыз.
Сонау заманнан ұлтымыздың тау-таспен, өзен-көлмен, дархан даламен тумысы бірдей, табиғатпен етене араласып, сырласып күн кешкені даусыз ақиқат. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін жаңа қоғамдық даму үрдісі ауылға да өз ықпалын тигізді. Соның әсерінен ауыл мен қаланың ортасындағы күре тамыр үзіліп, буын аралық байланыс шорт кесілгендей болып еді. Енді, бүкіл әлем жаһандану кезеңіне бет бұрып жатқанда, біз де төл руһаниятымызға көңіл бөліп, ауылды сақтау ұлттығымызды сақтау екенін анық аңғарып отырмыз. Еңсе тіктеп, ес жинаған кезде бұл мәселе ең өзекті мәселе ретінде еліміздің ертеңін ойлаған азаматтарды толғандырды, қоғам болып қайта көңіл бөлуімізді қажет етті.
Осы жолғы сапарымыздың мақсаты ауданымыздың шығысында, майлы қиянның үстінде жатқан, бір кезде өрісіне түлік сыймай, жылқысын суғарсаң көлдің суы тартылатын Сарыбастау ауылының бүгінгі қал-ахуалына көз жүгіртіп қайту болатын. Сарыбастау ауылында куә болғанымыздай ауыз толтырып айтатын жаңалық көп екен. Осы жылдың қыркүйек айында күрделі жөндеуден өтіп жатқан балабақша құрылысы аяқталып, балдырғандарымызға өз есігін айқара ашпақшы. Балабақша ғимараты 1972 жылы пайдалануға берілген екен, алайда көп жыл қараусыз қалып, сыны кетпесе де, сыры кеткен. Аудан әкімдігі ғимараттың сисмаберіктігін қайта тексеруден өткізіп, 2018 жылы ЖСҚ әзірлетіп, 10.12.2019 сараптамадан өтіп, 2020 жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, ТОО «Монолит» мердігер компаниясы жөндеу жұмыстарын ұтып алған. Осы құрылыстың қарқынымен аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов танысып, жұмыс сапасын тексеріп қайтты. Құрылыс басшысына — жұмыстың сапалы болу керектігін басты назарда ұстауын басып айтты және де бірқатар сын-ескертпелерін де жеткізді. Аудан әкімінің назарын үлкен ғимаратта еңбектеніп жатқан құрылысшылардың шағын тобы аударса керек, құрылысшылардың санын үш есеге арттыруын тапсырды. Ғимараттың уақытында бітуіне мүдделі білім бөлімінің басшысы Саят Үмбетәлиевке, ғимараттың ашылуы қыркүйек айынан кешікпейтін болуы керек, азамат ердің баласы аз оттар да, көп жортар, еліміздің болашағы жолында ерінбей еңбек етіңдер, қажыр-қайраттарыңды аямаңдар деді. Әлбетте, дұрыс айтады. Ауыл әрбір азаматтың айнасы. Айнаға қарағанда өзіңді көретініңдей, ауылына қарап ер-азаматын танисың.
Сарыбастау ауылында көше жолдары да жасалынып жатыр екен. Біраз жылдардан бері жөндеу көрмеген жолдар тезге салған ағаштай түзеліп, ауылдың өңі кіріп қалыпты. «Жол –мұраты жету» болса, барар жеріңе былғанбай, шалынбай, сүрінбей барғанға не жетсін. Ауылдың ажары –көше екені даусыз. Көшелі елдің қатарына кіреміз деп отырып көшеміз айран-асыр, шұқыр-шұқанаққа толып тұрса, етігіміз шаңға көміліп, көлігіміз көлшіктен шыға алмай батып тұрса көшіміздің айдалада қалатыны анық. Біз барғанымызда үш көшеге асфальт төселініп жатыр екен. Осымен ауылдың сексен пайыз жолы жасалынып бітпек. Аудан әкімі әр жасалынып жатқан жолдың бас-аяғына барып, мұқият зер салып шықты. Асфальт төселгенде кететін кемшіліктер туралы да баяндап берді. Жолдың ені мен қалыңдығы да стандартқа сай болу керек, екі жаны мүжіліп кетпейтіндей қиыршық тастармен мықтап бекітілуі тиіс. Бізге жыл сайын жамап отыратын жол емес, сапасы әлемдік стандартқа сай келетін жол керек. Жол салған мен көпір салғанның сауабы ешқашан үзілмейді, сондықтан, шынайы ниетпен жұмыс жасаңдар,-деді.
Сарыбастау ауылының азаматтары көпке үлгі болуда. Ауыл азаматтарының демеушілігімен мешіт, медіресе салғанын да білеміз. Сол азаматтардың өз қаржысымен мерекелер сайын түрлі қосымша шаралар өткізіп, жарыстар ұйымдастырып, талапты да, талантты жастардың шығуына мұрындық болып отыр. Осы жолы 1977 жылы туған азаматтар жиылып, жас отбасыға үй алып беріпті. «Ұлағатты ұрпақ» қорының басшысы Жәнібек Әлікеннің атсалысуымен, белгілі актер, драматург Нартай Сауданбекұлының ұйымдастыруымен өнеге боларлық іс атқарылыпты. Кезінде ұлтын ойлаған, қара қазан, сары баланың қамы үшін қайрат көрсеткен Ұзақ батырдың да үлгісі осындай емес пе. Ата көріп оқ жонған, ана көріп тон пішкен ұрпақ ұстанымы бабалар мұратымен сабақтасып жатса, ділімізді жоғалтпағанымыздың анық көрінісі. Жастарды қолдау–болашақты қорғау екені айтпаса да ұғынықты. Біздің Сарыбастауға келгендегі басты мақсатымыз да осы еді. Жас отбасының қуанышын бөлісіп, құптарлық іске көзайым болып қайту.
Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенұлы үйлі болып жатқан жас отбасының шаңырағына арнайы бас сұғып, құтты болсын айтты.
– Жас отбасының шаңырағы құтты болсын! Еліміздің ертеңі жастар. Ертеңіміз нұрлы, болашағымыз жарқын болу үшін біз жұмылып жұмыс істеуіміз керек. Ауылда осындай жақсы бастама бастап, көпке үлгі болатын, өнегелі істер атқарып жүрген азаматтарға рахмет. Алыста жүрсе де ауылдың ажарын, елдің тағдырын ойлап жүретін азаматтарымыздың барлығы бізді қуантады. Біз еліміздің келешегіне көлемді үлес қосатын, көркіне көрік қосатын игі шаралардың бәріне үнемі қолдау боламыз. Осы ауыл бәрімізді өсірді, өндірді, енді, еліміздің биік мақсаттарға жетуіне үлес қосу бәріміздің мойындағы борышымыз. Жақсылыққа –жақсылық жасау ер азаматтың ісі деп бабаларымыз бекер айтпаған. Елімізде бір шаңырақ бой көтеріп жатса, мемлекетіміздің іргесіне бір кірпіш қаланып жатыр деп қарауымыз керек. Сарыбастау ауылының азаматтары көрсетіп отырған үлгісі жалғасын таба береді деген ойдамын, еңбектерің жемісті болсын!–деп өз ризашылығын жеткізді.
Артынша осы шаңырақта айт мерекесіне орай жайылған дастарханнан дәм таттық. Арнайы шақырылған игі жақсылар өз ықылас-тілектерін айтты. Дастархан басында сөз алған Нартай Сауданбекұлы: — Айт мерекесі құтты болсын! Осы шаңырақтың қуанышын бөлісуге келген бәріңізге рахмет! Бітер істің басына, жақсы келер қасына демекші, атқарылған шараға ат салысқан азаматтарға өз алғысымды айтамын. Жұмылып жүк көтерген 1977-ші жылғыларға еңбектерің жемісті болсын демекпін. Шапқылап ұйымдастырып, еселеп еңбек еткен Дәулетжан Нұрғалиев, Мұрат Қожаберген, Амантай Жұмақанов, Ерғанат Құтымбаев бауырларыма, Гүлжанат Нұрғожаеваға, осы үйдің ескірген жерін жаңалап, сырлап осындай әрін кіргізіп берген Марат Кейкелов, Нұрбол Мекебаев, Сержан Мұқамановқа,осы істің басы-қасында жүрген аудандық полиция бөлімінің штаб аға инспекторы, полиция майоры Гүлбақша Солтанбековаға зор алғыс айтамын. Бірігіп атқарар қайырлы істеріміз көп болсын! Біздің сыныбымызда елімізге танымал, талантты ақын Танакөз Толқынқызының да оқығанын, атқарылған шарамызға өз үлесін қосқанын айта кеткеніміз жөн. Ынтымағы, бірлігі жарасқан елді жау да, дау да алмайды. Бірлігімізді сақтап, қайда жүрсекте еліміздің ертеңі үшін қызмет ете берейік,-деп достарына, ауыл ағаларына, жақсы-жайсаңдарға алғысын жеткізді. Әңгіме арғы-бергі тарихқа ауысып, көпті көрген көнелер ел мен жер туралы тәмсілдерін ақтарысып, мәре-сәре болып қалдық. Ауыл ақсақалы, дуалы ауыз қария Әбілез Дәулетбаев шаңыраққа, жастарға, көпшілікке арнап батасын берді.
Сарыбастау ауылынан ерекше көңіл күймен аттандық. Ертеде, қиын бір заманда тоқсан баулы Қыпшақты тойдырамын деп аттан түспеген Қобыланды батыр туралы жыр еске түсті. «Азаматы бар елден алауыздық ары жүреді, бірлігі бар елдің бітімі бөлек болады» деп бабалар бекер айтпаса керек!
Айбек Ережеп,
Ұзақ батыр ауылы.
0 Пікір