САЛА МАМАНДАРЫ ҚҰРМЕТТЕЛДІ

     Бүгінгі қоғамның қозғалысын, болмыс-бітімін электр қуатынсыз елестету, тіпті, ойға алу мүмкін емес. Өйткені, кез келген саланың жұмысы, ауылдың тыныс-тіршілігі тікелей электр қуатымен тығыз байланысты. Өндіріс орындары электр қуатымен жұмысын жандандырып, жалғастырса, өзіміз электр қуаты арқылы үйімізді жылытамыз, жарықтандырамыз, теледидар бетіне үңілеміз. Тіпті, ішетін ас-суымызды да токпен пісіріп,қайнатамыз. Басқаны былай қойғанда қазіргі ақпараттану кезеңінің өзі де осынау ток көзінсіз бір қадам да алға баса алмайтыны талас тудырмайтыны анық. Демек,электр қуатынсыз жанды-жансыз нәрсенің бәрінің күні қараң. Сондықтан бұл салаға айрықша назар қойып, құрметпен қараудың мән-мағынасы зор.

      Әр жылды қорытындындылайтын сәтке санаулы күндер қалғанда осы бір жөні де, жолы да бөлек мамандық иелері өздерінің төл мерекелерін зор мереймен атап өтеді. Жыл ішінде атқарылған жұмыстарды таразы талқысына салады. Жетістік-кемшілігін өлшеп-пішіп, келесі жылға жоспар жасайды. Бағыт-бағдарларын айқындайды. Энергетика саласына келген жаңалықтарды өндіріске еш кедергісіз енгізуге басымдық береді.Бұл іс-шарадан Райымбек ауданының энергетиктері де сырт қалған емес. Жылдағыдай биыл да жоспарлы межелерін абыроймен орындап, төл мерекелерін мереймен қарсы алып отырған жайлары бар.

     Аудан энергетиктері үшін биылғы жылдың өзіндік ерекшелігі болғаны аян. Олай дейтініміз, сала мамандары өздерінің халыққа арналған қызметтерін мінсіз атқарып, әрбір жетістіктерін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейлі мерекесіне арнады. Сөйтіп, абыройлы биіктен көрінді. Бұл да ұжым  үшін мәртебе екені анық.

     22 желтоқсан күні аудан энергетиктері аудандық әкімдікте бас қосты. Оларды аудан әкімінің бірінші орынбасары Ғалым Жусанбаев қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады.

      — Энергетика саласы еліміздің кез келген орындарында маңызды рөлге ие. Өйткені, электр қуатынсыз ешқандай жұмыс жүзеге асырылмайды. Осынау ардақты мамандықтың құлағын ұстап жүрген Сіздерге деген құрмет әрдайым ерекше. Рас, елімізде, тіпті алыс-жақын шетелдерде электр қуатынан кейде төтенше жағдайлар орын алып, қайғылы сәттер төбе көрсетіп жататынын естіп те, көріп те жүрміз. Бетін ары қылсын. Ондай келеңсіз оқиға біздің ауданымызда орын алған емес. Бұл – Сіздердің өз қызметтеріңізге жауапкершілікпен қарағандарыңыздың нәтижесі. Сондықтан Сіздерге аудан жұртшылығы тарапынан аудан әкімінің зор алғысын жеткіземін. Денсаулықтарыңыз мықты, жұмыстарыңыз табысты болсын. Отбастарыңызға береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін,-деген Ғалым Сәлімұлы энергетиктерге аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады.

     Энергетика саласында міндетін мінсіз атқарып, еліміздің, ауданымыздың дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін  Совет Нүсіпәлиев, Сәлім Жәкелбаев, Асылбек Сүйінбаев аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Ерболат Бөрібаев, Ерлан Тұңғышбаев, Ақжол Нариманов, Ержан Омарбеков Алғыс хатпен марапатталды.

                                                                   Ж. ТҰРДИЕВ,

                                                                    «Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password