Сағыныш екен бала кез

        Мұхаметнұр ЕСІМБЕК 1951 жылы туған. Нарынқол ауылының түлегі. 1962-1968 жылдары Абай атындағы Нарынқол орта мектебінде білім алды. Білімгерлік жолын бұдан кейін Алматыдағы Гоголь атындағы көркем сурет училищесінде, Қазақтың С. М. Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы мемлекеттік университетінде жалғастырды. Мамандығы – филолог. Еңбек жолын Есік педагогикалық училищесінде бастады. Болашақ ұстаздар тәрбиелеуге барынша еңбек сіңірді. Жерлесіміз ғалым ретінде де ғылымға біршама үлес қосты. Кәсіптік-техникалық оқу орындарына арналған оқу бағдарламасын құрастырды. 1992 жылы «Ғылым» баспасынан  «Алғашқы қазақ тілі оқулығы» атты еңбегі жарық көрді. Ғылыми еңбектері үшін «Алтынсарин медалімен» марапатталды. Қатардағы мұғалімнен колледж директорының орынбасары лауазымына дейінгі қызметтерді абыроймен атқарды.

      Мұхаметнұр Бәтжанұлы бүгінде құрметті еңбек демалысында болса да қаламгерліктен қол үзе қойған жоқ. Жуырда «Шүйке шежіресі» атты рулық кітапты құрастырып, жарыққа шығарды. Сөйтіп, сауапты іске мұрындық болды. Біз газеттің кезекті нөміріне жерлес қаламгердің туып-өскен ауылы жайлы естелік әңгімесін жариялап,оқырман назарына ұсынып отырмыз.

                                    Сағыныш екен бала кез

                                                  (әңгіме)

 

     Маған үйдегілер: «Қиялисың. Кейде жападан-жалғыз, өз-өзіңмен сөйлесіп  отырасың. Жымиясың, мұңаясың. Қабағыңды шытып, тұнжырап ойға кетесің. Қасыңа келген адамды жақтырмайсың. Жасыңа жетпей алжып кетпесең жарар еді» деп, қалжыңдайды. Айтқандары рас. Ондай кездерім болады. Жалпы, кей адам тумысынан арманшыл, романтик боп туады ғой. Мен де солардың бірі болармын. Оның үстіне, менің ойымша, өткен өмірін, балалық, жастық шағын еске алмайтын, өмір жолында кездестірген, жолдас, сапарлас болған жақсы жандар туралы ойланбайтын пенде сирек шығар. Бастан өткізген қуанышты, бақытты сәттерін бір сәтке болса да көз алдына елестетпейтін жан кемде-кем болар. Жасың ұлғайғанда  ақырын-ақырын шегініп, алыстап кеткен жастығыңды аңсау — жұмыр басты пенденің қай-қайсысына да тән табиғи құбылыс болса керек. Мен де солай. Күнделікті күйбең тіршіліктен қол босап, өз-өзіммен оқшау қалған сәттерде көзімді жұмып, ойға шомғанды ұнатамын. Армандаймын. Алыста қалған ауылымды, сол ауылда өткен қайғысыз, мұңсыз бала күндерімді, достарымды еске аламын. Бала кезде санаң таза, көңілің ақ, әсерленгішсің. Жан дүниеңе ерекше әсер еткен оқиғалар тасқа басқан суреттей, санаңда өшпес із қалдырады. Ұзақ сақталады. Қиялға шомған мұндай сәттерден кейін, басқаны қайдам, өз басым бейне көптен көрмеген жақындарыммен дидарласқандай болып, көкірегім босап, жеңілдеп қаламын.

   Өткен күндерімді ойласам, көз алдыма ең алдымен аяулы екі бейне оралады. Біреуі ақ сары шашы желбіреген сүйкімді молдаван қызы Инна да, екіншісі Күлімхан жеңгем.

 

                                  1.Біздің көшенің тұрғындары. Сколоталар.

   Ол кезде Нарынқол орта мектебінің алтыншы сыныбында оқитынмын. Старостамын. Кластағы тәртіпті қадағалау, қабырға газетін шығару, түрлі жарыстарға, тәрбие сағаттары мен отряд жиналыстарына дайындалу сияқты …  бітпейтін қоғамдық жұмыстардан басқа тазалық секторы Әлия екеуміздің кезектесіп атқаратын тағы бір міндетіміз бар. Ол – кезекшілердің қасында қалып, сынып бөлмесін өткізіп беру. Сабақ біткеннен кейін өзге балалар сияқты сөмкелерімізді жүре асынып, таласа-тармаса шығар есікке ұмтылмай, сыныптың тазалығына баға қойғызып, келесі ауысымның кезекшілеріне өткізіп беріп, содан кейін ғана үйімізге қайтамыз. Бұл міндетті биыл жаңа тағайындалған сынып жетекшіміз Әсия Сәрсенбаева бекітіп берген. Әсия — институтты жақында ғана бітіріп келген жас маман. Математика пәнінен сабақ береді. Аққұба әдемі жүзін әлі күн қаға қоймаған, жүріс-тұрысы, киім киісі, төбесіне сәнмен түйген қою қара шашы мен ерніне жаққан далабы, тіпті иіссуына дейін әсем Алматының гүлзарлары мен саябақтарының салқын, тымық лебі есіп тұрғандай жайлы әсер қалдыратын,  түр-тұлғасы келіскен әдемі бойжеткен  бәрімізге бірден ұнады. Тез тіл табысып кеттік. Ұлдар да, қыздар да оған ерекше құрмет көрсетіп, тіпті сыныптағы ең тәртібі нашар, қыңыр деген балаларға дейін оның айтқанын екі етпей орындауға тырысатынбыз.

   Түстен кейін оқитын — орыс сыныбы. Ұлдарынан қыздары көп. Іштерінде тырнақ астынан кір іздеп, тақылдап қалған пысықтары да, кербез, кесірлі, қырсықтары да жетерлік. Сондайлар кезекші болған күндері көп айтысып, көп қидаласып, үйге кешігіңкіреп қайтатын кездеріміз де болады. Мұндайда бала жастан бірге өскен достарым Сабыржан мен Бақытжан, Нұрахмет пен Асқарбек сыртта, мектеп ауласының кіреберісіндегі шок теректің түбінде ақырын әңгімелесіп, күтіп тұрады. Қайтар жолымыз бір болғандықтан және мектеп табалдырығын аттағалы жұбымыз жазылмай бірге жүріп, бірге есейіп келе жатқандықтан, қыздардың ішінен, көбінесе  Гуля мен Әлия, көздері ботаның көзіндей мөлдіреген сүйкімді қыз Гүлсара да бізді күтіп алып, бәріміз топтасып бірге қозғаламыз.

   Нарынқолдың орталық көшесі ауылдың шығысынан батысына қарай созылып жатқан Советская деп аталатын тас төселген ұзын көше. Мектеп, тубдиспансер, пошта, клуб, аудандық партия комитетінің үйі, «Советтік шекара» газетінің редакциясы сияқты қоғамдық мекемелердің көпшілігі осы көшенің бойында. Үлкенді-кішілі үш-төрт дүкен мен жайма базар да бұл маңнан алыс емес. Ауылдың ол шеті мен бұл шеті ат шаптырым кең аумақты алып жатқанымен, ол кезде автобус жоқ. Жұрттың бәрі ерсілі-қарсылы жаяу жүреді. Барар жері аса қашық болмағанда, үлкен де, кіші де ұсақ-түйек заттарын қолтықтарына қысып алып, екіден-үштен әңгімелесіп, діттеген жерлеріне жаяу тартып отырады. Оқушылар да солай. Сабаққа ерте қамданамыз. Үйден ерте шығамыз. Мұндай кездерде, әсіресе, түскі ауысым уақытында көшенің бойы мен мектептің маңайы ерсілі-қарсылы қозғалған жаяу жүргіншіге толып, ерекше жанданып кетеді. Қалың көптің ішінен, үстеріне ақ, қара түсті фартук киіп, шаштарына ақ бантик таққан, ал қызыл галстуктері желбіреп, екіден-үштен қолтықтасқан қыздар тобы оқшауланып, көзге ерекше көрінетін.

   Мектеп ауласынан көшеге шыққан бойда, Мәлік, Жәнет, Дәржан және өз ішімізде «Сопақ» атанып кеткен дарылдаған бақырбас қара торы бала – Әділ бастаған бір топ ауылдың батысына қарай беттейді де, біз көшенің шығысын бетке алып, Держинский көшесінің қиылысына келгенде, екі айырыламыз. Мен осы жерден солға бұрыламын. Сабыржан мен Бақытжан, Нұрахмет үшеуі үлгеріп барып, ауылдың шетіндегі аурухана орналасқан қысқа көшеге түседі.Үшеуінің үйі қатарлас.

    Кей күндері жол айырығына жеткеннен кейін де бірден тарап кетпей, жапсарынан сиясауыт, кейде қызарып қызыл жібек галстуктің шеті шығып тұратын бүйірлі былғары сөмкелерімізді жол жиегіндегі  шарбаққа іліп қойып, түстен кейін не істеп, не қоятынымызды ақылдасып, тағы да ұзақ-ұзақ тұрамыз. Мұндайда айтар әңгімеміз де, талқылар тақырыбымыз бір біткен емес.

  Ол кезде ауылдың өзен арнасын жағалай салынған жайдақ төбелі ескі үйлері көп терістік жақ  бөлігінде Набережная, Восточная, Пограничная, Чапаева сияқты орысша аталатын ұзынды-қысқалы көшелер көп болатын. Сондай көлденең, қысқа  көшелердің бірі — мен тұратын Держинская көшесі. Тас төселмесе де, топырағы тапталып, керіш боп қатып қалған тақтайдай тегіс, кең көше. Түстік жағы қарауыл мұнарасы мен мұндалап алыстан көрініп тұратын Нарынқол шекара заставасының бесжұлдызды жасыл қақпасынан басталып, Ленин, Совет, Нұрбапа Өмірзақов көшелерін қиып өтіп, Байынқол өзенінің тік жарқабағына кеп тіреледі.          …

  Ауылдың бұл тұсының тағы бір өзгешелігі – көше бойлай өскен зәулім тал-теректері көп. Діңіне екі-үш кісінің құлашы жетпейтін алып ағаштарды осыдан елу-алпыс жыл бұрын осы өлкеге қоныстанған  казак – орыстар отырғызса керек. Қызылұштың тұмсығын айналып, ауылға беттеген жолаушыға әудем жерден  мұнартып, тұтасып көрінетін  бұл теректердің саясы, әсіресе, жаз айларында жанға жайлы-ақ. Ақ мамығы бұрқырап, ұшар басы бұлтқа тірелгендей боп, сыбдыр қағып, дамылсыз теңселіп тұратын алып ағаштарының түбінде асыр салып, ағаштың бүрімен атысып, айлы кештерде жасырынбақ ойнап, мәз болған балалық бал дәуренді қалай ұмытарсың!… Мұнарланған уақыт пердесін ойша ысырып, бір сәт қиял көзімен жылдар тұңғиығына  үңілесің. Үңілесің де, қол созым жерден, әлі де сол сәби қалпында, кіршіксіз таза, пәк қалпында көшенің шаңын шығара шапқылап жүрген қара домалақтарды көресің. Дауыстарын естисің. Түр-түсін шырамытасың. Кенет әлгілердің ішінен пішін-тұлғасы, киген киімі, сөйлеген сөзі мен күлген күлкісіне дейін өзіңе сондай таныс, сондай жақын өз бейнең көзіңе оттай басылып, кеуде тұсың шымыр етіп, ерекше бір жұмбақ сезімнің құшағында үнсіз отырып қаласың. Мұндайда санаңның әлде бір терең қатпарынан оянған әлгі сырлы сурет бірте-бірте айқындалып, өңдері күнге күйіп тотыққан тәмпіш мұрын қара борбайлар ғана емес, көше бойының бүкіл тыныс-тіршілігі ақырын-ақырын қозғалып, жанданып қоя береді. Соншалық жақын, сондай анық, таныс көрініс. Тіпті аяқ астынан найзағайы шатырлап, қара қошқыл аспанның түбі тесіліп кеткендей құйып өткен нөсер жаңбырдан кейінгі салқын, дымқыл ауадан білінген болар-болмас шаң иісін де анық сезінгендей боласың.

   Көшенің бұл тұсындағы он шақты үйдің барлық жандары мен олардың тұрмыс-тіршілігі маған бес саусақтай таныс, әрі етене жақын. Бәрі күні кешегідей көз алдымда. Міне, көшенің қиылысындағы терезелеріне темір тор ұстап, айналасын шарбақпен қоршаған, кіреберісінде жапырақтары жайқалып, екі түп жас қайың өсіп тұратын мына көк шатырлы ағаш үй –жинақ кассасы. Еңсесі биік, қуыршақтай әдемі үйдің өзі де, маңдайшасындағы «Жинақ кассасы» деген жазуы бар көгілдір тақтайша да, «Ақшаларыңызды жинақ кассасында сақтаңыздар!», «Аэрофлоттың ұшақтарымен ұшыңыздар!» деген жазулары бар ашық түсті әдемі плакаттар да көшемізге ерекше сән беріп, көріктендіріп тұрады.  Касса үйіне қатарласа аталас туыстарымыз Бәжік пен Рахманның, Ахмет қарияның және «Октябрь» колхозының бас зоотехнигі Қалымбетовтің  үй-жайы мен қора-қопсылары орналасқан. Одан әрі айналасы биік тақтай қоршаумен қоршалып, өзеннің жарқабағына дейінгі әудем жерді алып жатқан төрт – бес үй Иван Сколота деген молдаван қарт пен соның туыстарынікі. Барлық ересек жандары бір жерде, атақты емші Строгонов басқаратын орман шаруашылығы мекемесінде жұмыс істейтін Сколоталар да осы ауылдағы орыс отбасылары сияқты огородтарына картоп, қызылша, қырыққабат пен күнбағыс отырғызып, төрт түліктен сиыр мен ешкі, ішінара шошқа ұстайды. Қаз, тауық өсіреді. Омарталары да бар. Малдың, құстың қиымен бықсып, қопсып жататын өзге аулалардай емес, қора-қопсысына дейін ақталып, сырланып тап-тұйнақтай боп тұратын бұл үйлердің көше жақ бетіндегі ағаш шарбақтың іші- суы сылдырап, толассыз ағып жататын тоғанды бойлай қарақат пен таңқурай, қызыл күрең долана. Жайнаған гүл. Шаруаға құнтты, еңбекқор жандардың үй-жайлары да жинақы, таза. Қоршаулары да биік, саңлаусыз. Отағасы, көбінесе қазақша  сөйлейтін Иван Никифорович пен оның кемпірі — аққұба өңді, мейірімді орыс әйелі Маруся апайдан басқалары, әсіресе, кейінгі жастары төңерегіндегі көршілерімен көп араласа бермейтін салқын жүзді, тұйықтау жандар. Оның үстіне, есіктерінің алдында шекарашылардан асырап алған қасқыр иттер жататындықтан біз, ойын балалары, бұлардың босағасынан  аттап, аулаларына  қарай бас сұға бермейміз. Сондықтан ішкі тіршілігін де соншалықты білмейміз.

  Дегенмен бұл әулеттің жандарын айналасына ерекше тартымды көрсететін бір ерекшелігі – бойжетіп қалған қыздары көп және шетінен сұлу. Иван қарттың кенже қызы Лариса мен жиен немерелері Наташа және Алена жоғарғы сыныпта, менің әпкелеріммен бірге оқиды. Үшеуі де оқу озаты. Келісті сырт келбетінің үстіне, мінездері де жайлы, кішіпейіл, тәрбиелі қыздар. Менің тағы бір байқайтыным, соңғы бір-екі жылда, арасында Ахмет атамның кербез қызы Райхан бар — бұл көрікті бойжеткендерге осы ауылдың дәмелі деген бозбалалары жиі келгіштейтін болған. Үйлерін жиі торуылдайды. Айналсоқтап, төңеректеп жүретіндер тек ауылдың түбіт мұртты бозбалалары ғана емес. Кейде кеш қараңғылығын жамылып, үстілеріне қынама бел әскери форма киген, омырауларына жарқыратып көп-көп әдемі значектар тағып, сымдай тартылған бейтаныс «дембель» жігіттер де, қаланың шаштары желкесіне түскен тар шалбарлы, тікбақай студенттері де төбе көрсетіп қалады. Олар, әдетте, бізді оңаша шығарып алып, жылы-жылы сөйлесіп, қыздарды шақырып беруімізді өтінеді. Кейде хат жазып береді.

   Мектепте би кештері болған күндері, биден кейін әпкелі-сіңілілерді үйді-үйіне шығарып салған жігіттер бірден қайтып кетпей, көшенің бұлың — бұлыңында, ағаш-ағаштың көлеңкесіндегі таса жерлерде сырласып ұзақ тұрады. Қыз да, жігіт те таныс. Көшенің істерге іс, тиісерге қара таппай, іштері пысқан қара сирақтарының кешкі уақытта ерекше құлшынып кірісетін тағы бір ермегі — әлгілерді аңдиды.Төңерек ай сәулесімен сүттей жарқырап, айнала бозғылт- күңгірт мұнарға бөленген ала көлеңкеде топтарын жазбай, аяқтарын аңди басып, қос ғашыққа таяп барып, дәл иектерінің астынан шырылдаған ащы дауыспен шулап қоя береді: тили-тили теста, жених и невеста! Тили-тили теста, жених и невеста! Түнгі тыныштықты бұза, жамырай шыққан көп дауыстан ағаштың басында мүлгіп отырған құстар дүр сілкініп, иттер үріп, Сколоталардың шеткі үйлерінің терезелерінен жарқырап шам жана бастайды. Бітті. Баба Маруся оянды. Енді көп шуылдаққа одан арғысы керек емес. Енді істің аяғын асықпай, алыстан бақылауға да болады.

Қара көлеңкеден:

— Вот сорванцы! Сендерді ме, өңкей боқмұрын!» — деп, зілсіз айбат шегіп, бері қарай қозғалған жігіттің сұлбасы мен бойжеткеннің сыңғырлаған ерке күлкісі естіледі.

 Еркінсіп, өздерін бейне мектеп оқулықтарындағы ержүрек партизандардай сезінетін қара борбайлар қос ғашықпен қаша жамандасып, өздеріне ғана таныс жасырын соқпақтармен тарыдай шашылып, қараңғылыққа сіңіп кетеді.

  Мұндай кештердің ертесінде, кей күндері әлгі «партизандардың»  «түнгі жорықтары» үшін бізге, ересек балаларға жауап беруге тура келетін де кездер болады. Қабақтарын түйіп, әдемі жүздерін барынша суық, сұсты ұстауға тырысқан Наташа мен Алена, Райхан үшеуі Сабыржан екеумізді және өзіміз еркелетіп Антошка деп атап кеткен алақан көз ақ сары бала Амантай Малаевты  мектеп ауласынан ұстап алып, жетектеп әкеп орталарына отырығызып:

— Осының бәрін істетіп отырған сен екеуің! Сорақылықты қашан қоясыңдар осы!?

— Ұсақ балаларды айдап салып, өздерің сырттан бақылап, қызыққа батқыларың келеді!

— Бірақ жазасыз қалады екеміз деп ойласаңдар, қатты қателесесіңдер!-деп, үш жақтан шүйлігіп, қыспаққа алады.

— Қазір класс жетекшілеріңе барамыз!.. Отряд жиналысына салғызамыз!

— Тәртіптері жоқ. Саналары жоқ.. Пионердің қызыл галстугін тағып жүруге лайық емес,-деп мектеп директорына шағым түсіреміз!-деп бір қорқытса…

— Өзге  балалардай емес, ақылдарың бар, естиярсыңдар …

— Түн ішінде үлкендердің ізін аңдып, бүкіл көшені шулатып тәртіпсіздік жасауға ұялсаңдар етті …

— Мұндай қылық, әсіресе, сен екеуіңе жараспайды, — деп, Сабыржан екеумізге іш тарта сөйлеп, пионерлік  ар-намысымызға тиіп, ұялтуға тырысады. Біз бұл үшеуін ес білгеннен жақсы білетін болғандықтан, мына әрекеттерінің әншейін домбытпа, дөң айбат екенін де жақсы білеміз. Сондықтан сөздерін бөлмей, тыңдаған кейіп танытқанымыз болмаса, әлгі айтқандарына онша шіміріге қоймаймыз. Оның үстіне, қыз-жігіттің ізін аңдитын шалағай жастан әлдеқашан асып кеткенбіз. Түнгі оқиғаға да еш қатысымыз жоқ. Оны Наташа да түсінеді. Сондықтан басы қатаң басталған мұндай әңгіменің аяғы жұмсара келіп, екі жағымызға да тиімді бітім жасаумен: ол кезде дүкен сөрелерінен сирек кездестіретін қорапты шокалад, әдемі сувенир, шарикті май қалам, әр түрлі спорт қоғамдарының значектері сияқты ұсақ-түйек пара алумен аяқталады. Кейде, тіпті қыздардың кәшөлектерінен тиынның сыңғыры естілген күндері, қызметімізді бұлдап, мұнан былай ұсақ балаларды тәртіпсіздік жасауға жібермейтін болып сөз беріп, лениннің басы бедерленген елу тиындық, бір сомдық темір бақырларын да қағып қаламыз.

  Сколоталардың кіші қыздары Инна мен Инганың жасы бізбен қарайлас. Екеуі де ұқыпты әрі үлкендерінің айтқанынан шықпайтын өте тәртіпті. Бізбен көп араласпайды. Өзге балалардай емес, ойнауға, қыдыруға, әсіресе кешкісін жасырынбақ ойнауға сирек шығады. Онда да аналарының рұқсатымен белгілі бір уақытқа ғана. Отбасындағы ересектердің ұстамдылығы мен тәртіптілігі бұларға да мінез боп дарыған. Көп сөйлемейтін, көп күлмейтін тұйық қыздар. Бірақ соған қарамай, бұл екеуінің, әсіресе Иннаның айналасындағыларды өзіне тартып тұратын ерекше бір сүйкімді тартымдылығы бар.

   Аудан орталығы Нарынқол — шекара бойына орналасқан  ірі елдімекен. Он бес мыңдай халқы бар. Іргесінен бірде құм мен тасты сатырлата ағызып, көбік шаша тасқындап, бірде сабасына түсіп, баяу сарынмен жылысып Байынқол өзені ағады. Өзен арнасын қызыл су басып, таңғы шыңылтыр аяздан жарқабақтан төменгі тоғайлы өлкенің шекара сымына дейінгі көз жетер аумағы айнадай жарқырап, тұтасқан көк мұзға айналатын қыс күндері ауыл жастарының, әсіресе, біз сияқты ойын балаларының ең бір көп шоғырланатын дүрмекті ортасы, мұз бетінде жұлдыздай ағып сырғанақ теуіп, топ-топ болып шайба ойнап, көңіл көтеретін қызулы ортасы — осы өзеннің аңғары, ұзыннан-ұзақ созылып жатқан мұз айдыны болса, жаздыгүні, шілденің ми қайнатқан ыстығында салқындайтын саялы бағы да өзен арнасы. Өзеннің сүңгіп кетсең, құлдилатып ағыза жөнелетін тастай салқын суы мен жентектелген қиыршық құмы. Көгілдір сұлу тоғайы. Жаз айларында, сабақтан қол босаған каникул күндері, күнұзақ суға шомылып, құмға қыздырынамыз. Ауылдың осы тұсында кең арнамен сала-сала боп, жайылып ағатын жайдақ суды жалдап өтіп, тоғайдан қарақат пен қой бүлдірген, долана тереміз. Әжем: «пәлен түрлі ауруға мың да бір ем» деп, тамсанып отыратын қарашырғанақ пен ұшқаттың, бозқарағанның бүрін жинап, қырғауыл мен қоянға тұзақ құрып, қармақпен балық аулаймыз. Ұстаған балығымызды сол жерде табаға салып қуырып, көк майсаға газеттен дастархан жайып, иық тірестіре шұрқырасып отырып ас ішіп, көңіл көтергеннен асқан рахат бар ма!..Қозға көміп пісірген күлдікөмеш картоптың дәмі қандай! Ұрттап алсаң, тіліңді үйіріп, шүпірлеген көбігі кекірек аттырып, танауыңнан  шығатын лимонадтың дәмі қандай!

   Осындай сейіл-серуендердің кезінде, әсіресе, соңғы уақыттарда Иннаның басқаларға қарағанда маған жақынырақ жүруге тырысатынын іштей сеземін. Ол биыл жылдағыдан көп өзгерген. Үркектеп, бөлектеніп  тұратын  бұрынғы менмендеу тұйық мінезі жұмсарып, айналасындағыларға жақындай түскендей. Бойы да ұзарып, бет әлпеті бұрынғы толықша, балаң қалпынан ашаң тартып, ысыла түскен. Жібектей майда ақ сары шашы иығын жауып, шаралы көгілдір көздері күлімсірегенде, ерекше нұрланып, бұл да әпкелері сияқты сұлу болатыны қазірден-ақ байқалғандай.

   Әдемілік те естілік сияқты жаратқанның пендесіне берген үлкен сыйы. Сұлулыққа  қызықпау мүмкін емес. Көшедегі барлық өзге балалар сияқты мен де Иннаға қызыға қарайтынмын. Бірақ дәл осы келісті қыздың маған назары ауады-ау деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірген емес. Менің шамалауымша, бәрі өткен жазда басталды. Арамызда қыздарымыз бар, бір топ бала өзеннің енсіздеу тұсын жалдап арғы жағалауға өтіп келе жаттық. Тау шыңдарының мұзы еріп, өзен суы молайған кез. Аяғының астындағы қиыршық тас орылып кетіп, қатты ағыс Иннаны жұлып әкетіп, ағыза жөнелген. Біз қуып жетіп, қолынан ұстап, тұрғызып алғанымызша, қыз аузы-мұрнына су кетіп, кәдімгідей есеңгіреп қалған-ды. Содан былай суға түскенде, әсіресе, судың ағысы қатты тұстарынан өткенде, ол менің бетіме күлімсірей қарап, қолтығымнан мықтап ұстап алатын болған. Мен, әрине, қарсылық көрсетпеймін. Қайта көп бозбалаға қол жетпестей армандай көрінетін осы  сүйкімді қыздың өзге құрдастарымның ішінен өзге емес, дәл мені таңдағанына көңілім өсіп, сыртқа білдірмесем де іштей қатты қуанып жүрдім. Осы оқиғадан кейін Инна және Сколоталардың басқа да қыздары бізді, көшенің ұл балаларын, жатырқауды қойып, бойлары үйреніп, араласып келе жаттық. Иннамен екеуміздің  арамызда сырт көз байқай бермейтін ерекше бір жақындық орнағандай. Иннаны қайдам, мен үшін бұл өзі ішіңді жылытып,  кеудеңді нұрландырғандай өзгеше бір шуақты да жайлы сезім еді. Мұндай күйді алғаш сезінуім. Бірте-бірте Инна қаракөлеңке қалтарыстары көп тоғайдан жидек теріп, өзеннен ары-бері  өткенде ғана емес, топтанып мектептен қайтқанда, клубқа киноға барғанда, немесе кешкісін  аулаға шығып әңгіме дүкен құрып, түрлі ойындар ойнаған кездерде де маған жанасып, жақын жүреді. Қарап тұрған сырт көз болмағанда, қолтығымнан ұстап, ойнақылықпен еркін тіл қатып, еркелеп те қояды. Ара-арасында сөйлеген сөзіне қазақша сөздер қосып айтатын әдет шығарған. Мен де оны осы қылықтары үшін ерекше ұнатып, жақсы көріп келе жаттым. Айналамыздағылар  біздің арамыздағы бұл өзгерісті байқаса да, мазақтап, немесе басқаша мән беріп, ойынға айналдырып күлген емес.

    Ауылдың әр күні бір-біріне ұқсас. Өзгешелігі де, селт еткізер жаңалығы да аз. Үйреншікті сарынмен баяу жылжып өтіп жататын жайма-шуақ күндердің күндізгі бар қарекет — тіршілігі күннің батысымен, шешелеріміздің сиыр сауып, ас дайындап, отбасы мүшелерінің үлкен дастархан басына жиналуымен саябыр табады. Бірақ тіршілік мұнымен тоқтап қалмайды. Төбеңнен төнген қара көк аспанда мың сан жұлдыз жымың қағып, құс жолы көлбей созылып, мына шетсіз-шексіз ғаламның ұлылығы мен құпия тынысын жайлап қана сездірсе, жер бетіндегі мүлгіген кешкі тыныштықты іргеден ағып жатқан тау өзенінің бірқалыпты сарыны мен ауылдың әр тұсынан баяу созылып, қалықтай әуелеген ән ырғағы, сол әуенді сүйемелдеген гармошка мен баянның үдік-создық акордтары бұзады. Кейі таяу маңнан, кейі ауылдың алыс шетінен талықси созылып орыстың, қазақтың, татардың халық әндері, соғыс жылдарының сырлы,  сұлу романстары келеді құлаққа. Соңғы уақыттарда қазақ радиосынан жиі-жиі берілетін Қалдаяқовтың «Ана жыры» мен «Сен сұлуы», «Менің Қазақстанымы» әуелейді. Ауыл кешін мерекелік көңіл-күйге бөлеген сұлу әуен аспандап, демалыс күндері түннің бір уағына дейін созылады. Мұндай тымық кештер біздің көшенің бойжеткендері мен бозбалаларына да ерекше желпініс әкеледі… Сәнмен киініп, бой түзей бастаған, өз арамызда  «жігіті бар екен», «ананы ұнатып қалыпты», «мынаумен жүреді екен» деген қаусетке іліне бастаған, бізден үш-төрт жас үлкендігі бар әпкелеріміз және  солардың басқан-тұрған ізін аңдып, артынан қалмайтын (шешелеріміздің тапсыруымен) мен сияқты «қырағы күзетшілері» көршіміз Жора ағайдың есігінің алдындағы шағын алаңға, сондағы ұзынша ағаш орындықтың басына жиналамыз. Әр нәрсенің басын бір шалған жеңіл-желпі әңгіме тыйылып, кезек әнге келеді. Мұндайда таза, тұнық үнмен ән бастайтын Райхан мен Алена және менің немере әпкем Айгүл. Үшеуі де мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшелері. Жаңа шыққан әндерді елден бұрын жаттап алып, сахнаға шығаратын да, осындай тымық кештерде еркін шырқап, көпке жайып, тарататын да осы үшеуі. Көбінесе орыс тіліндегі жаңа әндерді айтамыз. Сол кездегі жастардың сүйікті әншілері Жан Татлян мен Мүсілім Магамаевтың, Эдита Пъеха мен Бюль-Бюльоглының орындауындағы жаңа эстрадалық әндер шырқалады. Бүкіл Кеңес Одағы көрермендерінің көңілінен шыққан «Қос мекенді адам», «Ы» операциясы», «Кавказ тұтқыны» сияқты кинофильмдерден кейін ел арасына кеңінен жайылып, би алаңдарының музыкалық ырғағына айналған «Студенттер әні», «Қара мысық», «Көше шамдары», «Долалай», «Лада» сияқты әндерді нақышына келтіріп Райхандар бастайды. Қалғанымыз шамамыз келгенше ілесіп, хормен қостаймыз. Мен онша шебер ойнамасам да, көп әндерді гармошкамен тәп-тәуір сүйемелдеймін. Сондықтан мұндай отырыстар менсіз басталмайды. Солай болған соң, бұл топтың ішіндегі беделім мен бәсім де жоғары. Бірақ көп бойжеткеннің ортасында ерекше ілтипатқа бөленіп, дараланып отырып та алаңдап, қалың дүрмектің арасынан ең алдымен Иннаны іздеймін. Ол жоқ болса, көңілім пәс тартады. Соның келгенін, қасыма жақынырақ кеп отырғанын тағатсыздана күтемін. Төңерек қарауытып, көз байлана бастаған алакеуімде көйлегі ағараңдап, көшенің арғы  бетіндегі ауласынан шығып, ақырын басып жақындап келе жатқан оның қарасын алыстан көремін. Кеуде тұсым шымыр етіп, ішім жылып қоя береді. Қасындағыларды шынтағымен итере, қысыла-қымтырыла кимелеп келіп, бір шеттен орын алған оның дауысын да көп дауыстың ішінен жазбай танимын. Осы бір сүйкімді қыздың күн өткен сайын ой-санамнан ерекше орын алып, бар болмысымен жақындап келе жатқанына іштей риза болып, көңілім жайбарақаттанып, жайлана түсемін.

     Сауықшыл топ ән айтудан жалыққанда, бір уақ көрген кино, оқыған кітаптарымызды әңгімелеп, мектеп жаңалықтарын сөз қылып, қашан шешелеріміз әр үйдің ауласынан аттарымызды атап, дауыстап шақырып алғанша, шоғырымызды жазбай, гуілдесіп ұзақ отырамыз. Мен бұл шақта жаздың ұзақ күнінің ертерек ұясына қонып, көңіліме ерекше құлшыныс пен құштарлық сыйлайтын осындай кештердің тезірек басталуын және аяқталмай созыла беруін тағатсыздана күтетін бір тосын күйге ауысқандаймын. Инна да бұрынғыдай емес, үйіне қайтуға асықпайды. Көп сөйлейді. Жиі күледі. Дәл менің басымдағы көңіл-күй оны да билеп, баурап алғандай. Оның бойындағы бұл өзгерісті кей сәттерде жалт еткен көзқарасынан, кейде күлімсіреп, бетіме ұзағырақ қарап қалатын жанарынан байқаймын. Арамыздағы бұл жақындық – жай ғана достық па, әлде жасөспірім қыз бен ұлдың арасында болатын еліктеушілік, романтикалық сезім толқыны ғана ма,  не болмаса қауызын жарған алғашқы махаббат па – дәл қазір оны байыптай алатын халде емеспін. Бірақ іштей тілейтінім – осы күй, жан-дүниемді нұрландырған осы шуақты сезім бітпесе екен. Үзілмей жалғаса берсе екен. Одан ары не болады — оны ойлағым келмейді. Білетінім, дәл қазір біздің арамызды ажырататындай, достығымызға кедергі болатындай еш себеп жоқ. Болуы да мүмкін емес сияқты еді. Бірақ … амал не. Өкінішке қарай,  бәрі ойламаған жерден және өте тез аяқталды.

   Жаз ортасы ауып, кешкі дымқыл ауадан күздің салқын лебі біліне бастаған шілде айының соңғы күндерінің бірі болатын. Сабақ басталуға санаулы күндер қалған. Кешкі астан кейін есік алдына шығып, тыныстап отыр едім. Қасыма Инна келіп жайғасты. Қолында газеттің қағазына шиыршықтап орап алған қос уыстай шиесі бар.

— Саған әкелдім, жей ғой,- деді, қағаздың орауын жазып, алдына ыңғайлап қойып жатып. Өзі жақынырақ жылжып отырды.

   Алша, шие, өрік дегендер — біздің өңірдің  адамдары үшін, әсіресе балалар үшін жерік асындай таңсық дәмдер. Жаз кезінде қала жаққа қатынаған жолаушылардың бала-шаға, көрші-қолаңға деп алып келетін базарлығының басы да дәмі тіл үйіретін осы жемістер. Иннаның әкесі — ұзын бойлы, жирен шашты, ақ сары жігіт Коля ағай өткен аптада қалаға  кеткен. Сол келген болуы керек. Шиенің қышқылтым дәмінен тыжырына күлімсіреп, аракідік менің бетіме жалтақтай қарап қойып, біраз уақыт үнсіз отырған Инна бір кезде елеусіз ғана:

— Біз қала жаққа көшетін болдық,-деді.

— Көшкені қалай!? Қайда!?

  Мына хабардың тосын естілгені соншалық, алғашқыда не айтарымды білмей абдырап қалдым. Сөйтсе де , өз-өзіме келіп:

— Қайда көшесіңдер?! – дедім, Иннаға тіксіне қарап. Барынша сабырлы болуға тырыссам да, даусым өзгеріп, әдеттегіден өзгешелеу естілсе керек. Инна сәл езу тартты да:

— Әкемнің жұмысын Алматы жаққа, «Тургеньское лесничество» деген мекемеге ауыстырыпты. Алдағы сенбіде көшіріп әкетуге көлік келеді -деді.

  Осыдан кейін ол да, мен де сөзден тыйылып, үнсіз отырып қалдық. Әлгі әзірдегі  жайбарақат көңілім бір сәтте ұйқы-тұйқы болып кетті. Естігім де, көнгім де келмейтін бір тосын өзгеріс сұп-суық болып, жақындап келе жатқандай. Иннаның айтқандарының  салмағын енді анық сезініп, жүрек тұсым шаншып, лықсыған ыстық толқын өзегімді қуалап жүгіріп өтті. Ең бір қымбат затыңды жоғалтқанда  өзегіңді өртеп, ішіңді удай ашытатын уытты өкініш толқыны. Сол толқынның шырмауында өз ойыммен арпалысып отырып:

— Ауылдағы жұмысы да жақсы еді ғой,.. Неге көшеді?-деймін күбірлеп. Мұнымен не айтқымның келгенін өзім де білмеймін. Ішкі дауысым қапелімде еріксіз сыртқа шығып кетті.

— Не дейсің?.. Бірдеңе дедің бе?..

— Жоқ… Ештеңе емес…

  Инна алабұртқан көңілімді бірден таныды. Таныды да, аяп кетті ме, әлде жұбатып, тыныштандырғысы келді ме – сүйріктей жұмсақ саусақтарымен жайлап қолымнан ұстады. Байыппен қараған жанарынан жалтылдаған ұшқын көрінді. Көз шарасы да дымқылданғандай болып көрінді. Сол қалпы бетімді өзіне қарай бұрып, қолындағы беторамалымен езуіме жұққан шиенің қызыл табын ақырын сүртіп алды. Аз кідіріп, жан-жағына абайлап қарап алып, жаңағы шие жұққан езуіме ернін тақап құшырлана сүйді. Аз өтті ме, көп өтті ме болжай алмадым. Келесі сәтте ол орнынан жылдам тұрып, үйіне қарай жүгіре жөнелді. Мен қозғалған жоқпын. Шоқ тигендей дуылдаған бетімді саусақтарыммен басып, үнсіз отырып қалдым.

  Сол күні кешке ол ойын алаңына келген жоқ. Көңіл күйім болмағандықтан, мен де үйге ертерек барып, бүркеніп жатып қалдым. Бірақ түннің бір уағына дейін алабұртып, қызынып, ұйықтай алмадым.

    Осыдан үш күн өткенде, іргелес отырған төрт-бес үйдің барлық әйелдері, арасында бірен-саран қолы бос еркектер мен балалар бар – кіші Сколоталарды Алматыға шығарып салдық. Жүк тиеген «Зил» көлігі Иннаның ауласынан баяу қозғалып, көшеге қарай бұрылғанда, кабинада, шешесінің қасына отырған  Инна терезеден басын шығарып, «Ұлдар! Қыздар, Хош болыңдар!» деп, беторамалын бұлғап, дауыстап қоштасып бара жатты. Біздер, балалар, бір шетте топтанып оқшауырақ тұрғанбыз. Амантай бастаған бес-алтауы:

-Жүріңдер, көшенің бұрылысына дейін шығарып салайық!-деп, машинаны қапталдап жүгіре жөнелгенде, неге екенін білмеймін, мен тұрған орнымнан қозғалмадым. Өз ырқым өзіме көнбей, ана дүрілдеген дүлей көлік жүрегімнің әлдебір нәзік қылын суырып, бірге әкетіп бара жатқандай, сазарып, тұрып қалдым. Иннаның сәт сайын алыстай түскен сүйкімді жүзін қимай, оның тынбай бұлғаған гүлді орамалы тек маған ғана «хош, хош» деп, қоштасып бара жатқандай болып, көңілім босап кетті. Алғаш рет көзіме жас үйірілді.

   Балалық бал дәуреннің кіршіксіз уыз шағында  жолымыз түйісіп, адал дос бола білген сүйкімді молдаван қызы Инна мен екеуміздің арамыздағы бұл албырт сезім, мүмкін алғашқы махаббат шығар. Қалай болғанда да Инна менің жүрегімде өшпес із қалдырды. Көпке дейін ұмыта аламадым. Сколоталардың есігінің алдынан өткенде, иә осындағы туыстарының бірімен кездесіп қалғанда, Инна еріксіз көз алдыма келеді. Жүрегім шаншып, алабұртып қалам. Кей сәттерде алакөлеңкеде көйлегі ағараңдап, ауласынан шығып келе жатқандай болып, кейде әдеттегідей терезесінен күле қарап, «Қазір шығамын» деп қол бұлғап тұрғандай көрініп, елегізіп, көпке дейін алаңдап жүрдім. Өзім байқамасам да, аз уақытта бұрынғы бала қалпымнан ажырап, басылып, тұйықталып қалғандаймын. Осыны байқаған жеңгем Күлімхан бір күні:

— Мырзажігіт, осы сен Иннаны ұмыта алмай жүрсің-ау,- деді бетіме қарап жымиып. Тосын сұрақтан сасып қалдым. Бірақ сыр бергім келмей:

— Жоқ-а. Оны қайдан шығардыңыз?-деп, қызараңдап, жалтара беріп едім:

— Ұмыта алмай жүрсің, білемін-деді жеңгем. Сөйтті де:

— Инна жақсы қыз. Өзі көшіп кетсе де, ата-әжесі, қалған туыстары осында ғой. Келеді. Кездесесіңдер әлі-деді.

  Жеңгемнің мына сөздері менің көңіліме кәдімгідей үміт отын ұялатқандай болды.  Жеңілдеп қалғанымды сездім. Оны жеңгем де түсінді. Толықша келген әдемі ақ сары жүзі оттың қызуынан балқи түсіп (аулада табаға нан жауып отырған болатын):

  – Әй, жаным-ай, мінеки, сен де жігіт болдың, -деп, иығымнан құшақтап, маңдайымнан иіскеді.

  Кәдімгідей жігіт басыммен ішкі сезімімді жасыра алмағаныма қысылсам да, еріксіз мен де күлдім. Балалық өзімшіл өр намыспен өзге түгіл, өзім мойындамай келген құпия сырымды жеңгемнің танып, біліп қойғанына сол сәтте еш өкінген жоқпын. Кеудемде үміт ұшқыны оянды. Бірақ мен асыға күткен күзгі демалыс кезінде де, тіпті одан кейінгі жаңа жыл мейрамында да Инна келген жоқ. Хат та, открытка да жазбады. Көктемге қарай Иван қарттың өзі де, осындағы өзге туыстары да қалаға қарай қоныс аударды.

   Адам көңілі арманшыл. Кей сәттерде Мұқағалидың «Күн кешіп әлдеқандай жүр екенсің, Сүттен ақ, судан таза адалым-ай» деген өлең жолдарын естігенде, көз алдыма Инна елестейді.

Мұхаметнұр ЕСІМБЕК,

Есік қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password