САҚТАНАЙЫҚ! САБЫРЛЫ БОЛАЙЫҚ!Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, аудан әкімі
Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі жерлестер! Бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, қатер төндірген қауіпті дерттің жалғасып келе жатқанына да жарты жылдан астам уақыт болды. Басқа елдердегі сияқты аты жаман аурумен күресу бүгінгі таңда біздің Отанымызда да жан-жақты жүргізіліп, барлық шаралар жасалуда. Әйткенмен, ел басына төнген қауіптің қазірше сейілетін, беті қайтатын түрі байқалмайды. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының ортасында еліміз аумағында төтенше жағдай жариялап, карантиндік шаралар енгізгені белгілі. Мемлекет басшысының халықтың өмірін сақтап қалуға бағытталған бұл бастамасы тиісті нәтижесін бергеніне де ел-жұрт куә. Солай десек те, бұрын-соңды болмаған қауіпті індет өзіндік ауыртпалығымен арқаға жүк болуда. Жарияланған мәліметтерге сүйенсек, бүгінге дейін елімізде аты жаман аурумен ауырғандардың саны күн санап, сағат санап емес, минут санап асқына түсіп отырғанына жанымыз ауырады. Жазылып шыққандарға тәубашілік жасағанымызбен, осы індеттен қайтыс болғандар санының қомақты көрсеткішті құрауы көңілге кірбің ұялатып отырғанын жасыруға болмайды.
Құрметті аудан тұрғындары! Аты жаман аурудың салдары біздің қасиетті Тәңіртау етегін мекендеп отырған ел-жұртты да айналып өткен жоқ. Айналасы бір айдың көлемінде жұқпалы індетпен ауырғандар белгілі бола бастады. Тіпті, дүниеден өтіп жатқандары бар. Бұл ненің белгісі. Бұл – қауіпті дерттің жер, ел,адам талғамайтынының, жақсы-жаман, бай-кедей деп алалап-бөлелемейтіндігінің белгісі. Сондықтан әрқайсымыз-ақ, қауіпті індеттен қорғануға, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жұмыстар мен белгіленген дәрігерлердің ескертпелерін мүлтіксіз орындауға мүдделі болғанымыз абзал. Қашанда елінің саулығын, амандығын тілейтін мемлекет басшысы Қ. Тоқаев індеттен қайтыс болғандарға жан күйзелісін білдіре, олардың отбастарына қайғыларына ортақтаса көңіл айту ретінде 13 шілдені Қазақстан бойынша – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Және бұл індетпен күрес жалғаса беретінін де еске салды. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатынын тілге тиек жасап, елді сабырлы, салмақты болуға шақырды. Бүкіл күш-жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керектігін айрықша атап өтті. Тағы бір айтатын жайт, Президенттің тапсырмасымен көптеген еңбек орындарының жұмысы белгілі бір уақытқа дейін тоқтауына байланысты 42500 теңге бір реттік әлеуеттік төлем төленетін болды. Бұл да болса, халыққа осындай қиын-қыстау кезеңде көрсетілген сөз көмегі мен қоса бөз көмегі деп қабылдағанымыз, оның заңдылықтарын сақтауға да үн қосқанымыз жөн. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы да пандемиямен күреске қарсы шаралар ұйымдастырылып жатқанын да айта кеткеннің артықшылығы жоқ. Жетекші партия «Біз біргеміз!» акциясы аясында «Жетісу» атты қор құрған болатын. Бұл қорға қалталы деп саналған азаматтар тартылып, демеушілік көрсетуге ерікті түрде ниет білдірген еді. Осы қорға біріккен демеушілерден жиналған қаражат әлеуметтік қорғауға жататын 7 түрлі санаттағы отбасылар мен жекелеген адамдарға көмек ретінде 50 мың теңгеден бөлініп, ауданымыздың 774 тұрғыны бұл көмекті пайдаларына жаратуда. Сонымен қатар, ауданымыздың әлеуметтік көмекке мұқтаж 1857 азаматына мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 15 мың теңгеден 2 айға коммуналдық шығындарын өтеуге көмек берілді. Шілденің 5- жұлдызынан бастап, екі аптаға белгіленген карантиндік шара тағы да жалғасып, тамыздың 2-жұлдызына дейін ұзартылды. Бұл да болса, халықтың амандығы үшін жасалынып жатқан игілікті іс екені түсінікті. Солай қабылдайық!
Қадірлі жерлестер! Ардақты ағайын! Алаңдаушылық тудырып отырған қатері мол, қауіптілігі жоғары жұқпалы індетпен күресу, қажырлылық танытып, қалайда жеңіп шығу әрқайсымызға үлкен міндет жүктейді. Сондықтан, болған іске болаттай беріктік танытуымыз, ауызбірліктен ажырамай, көп болып қарсы тұрғанымыз абзал. Көп көтерген жүк жеңіл болатынын осынау аты жаман аурудың нәтижесі тағы бір айқындап беретіні анық. Олай болса, ұлтымызға тән сабырлылық пен табандылықтың, төзімділіктің, ұйымшылдықтың үлгісін тағы бір рет көрсетіп, қауіпті дертті сейілтуге, одан біржола құтылуға жұмыла білейік, ардақты бауырлар!
0 Пікір