Сәт-сапар, жас түлек!
Бүгінгі күн әдеттегі оқу күнінен мүлде бөлек. Олай дейтін себебіміз, күнделікті 40 минут сайын соғылатын қоңырау үні енді ұзақ үзілістен соң сағындыра соғылмақ. Ал мектеп бітіруші түлектер үшін тіпті сағым…
Елге қызмет етер шәкірттер тәрбиелеуде ерекше көзге түсіп жүрген білім ордаларының бірі де бірегейі — Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектебі. Тұғыры биік жазушы атамыздың рух қолдауымен, білім саласының тасын өрге домалатып жүрген мектеп ұжымы биылғы жылғы “Соңғы қоңырау” салтанатты шарасын да өз деңгейінде өткізді. Мектеп үшін 2020-2021-ші оқу жылдары да өзіндік жетістіктерімен ойдағыдай аяқталды. Жылдағы дәстүрді негізге ала отырып, іс-шараның негізгі мәнітүлектермен қоштасу салтанаты болды. Білім ордасындағы биылғы бітіруші түлектер саны 34 шәкіртті құрайды. Осыдан 11 жыл бұрынғы кішкене бүлдіршіндер бүгінгі сәтте бағдарлы болашаққа бет алған жалынды жастар!
Мерейлі мереке шымылдығы ұстаздар мен ата-аналардың нұрлы үмітін арқалаған түлектердің алтын ұяларына арнауларымен ашылды. Алғаш сөз тізгінін ұстаған мектеп директоры Гүлмира Төлегенова білім ошағының өткен оқу жылы ішіндегі жетістіктері туралы мәнді де нәрлі баяндама жасады. Түлектер жүректерінен ерекше орын алып, жетекшілік еткен Керімбаева Сағыныш, Игенбердиев Ғани сынды ұстаздарға ерекше алғыс білдірді. Сондай-ақ, шәкірт тәрбиелеу жолында еткен еңбектерінің ақталып, болашақ ұрпақ үшін шүмектеп төккен терлерінің жақсылық болып қайтуын тіледі. Шараның қадірлі қонағы ретінде шақырылған аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Ерсайынұлы бітірушілер мен мектеп ұжымын атаулы күнмен құттықтап, түлектерге ақ жол тіледі. Сонымен қатар, 11 жыл алған білімдерін алдағы уақытта үлкен оқу орындарында жалғастырып, біліктілігін ұштап, қалаған мамандық иесі атанып, тек биіктерден көрінетіндеріне сенім білдірді.
«Ата-ана баланың бас ұстазы» демекші, түлектер мен ұстаздар толқынысын өз алдына, перзенті үшін жүрегі ерекше лүпілдейтін ата-аналардың орны тіптен бөлек. Шара барысында түлектердің ата-аналары атынан Сүлейменова Майгүл ханымға кезекті құттықтау сөз кезегі берілді. Әрбір ата-ана баласының болашағынан зор үміт күтері анық. Осылайша тек ізгілікпен жалғасқан шара мәресі мектеп директоры Г.Төлегенова ханымның қорытынды сөзімен аяқталды. Мектеп директоры өз сөзінде мектеп табалдырығында жүрген барша оқушыларға биік белестерді бағындыруға тілектес екенін айтты. Соның ішінде биылғы оқу жылында Жас түлек атанып отырған оқушыларға зор сенім артып, болашақтарынан үлкен үміт күтетінін әңгімесіне өзек жасады.
Шәкірттер асыға күтетін іс-шара осылай өз мәресіне жетіп, мектеп ғимаратындағы үздіксіз қозғалыс жаз мезгіліндегі мерзімдік саябырлау кезеңіне де келіп жетті. Түлектерді үлкен өмірге, қатардағы оқушыларды жайдарлы жаз демалысына шығарып салатын қоңырау үні де соңғы рет қимастықпен сағыныштан хабар бере сыңғырлады. Біз де мектеп бітіруші түлектердің жолдарына жақсылық, сапарларына сәттілік тіледік.
Ақерке Бижан.
0 Пікір