СҮМБЕНІҢ БЕРГІ ЖАҒЫ БІЗДІҢ АУЫЛ

        Біздің өлкеге Нарынқол деген атау қашан, қандай жағдайда берілгенін әлі күнге ешкім нақ білмейді. Ол сөздің этимологиясы нені білдіретінін де ешкім дөп басып айта алмайды. Осы уақытқа дейін, «Нарынғолын, Байынғолын деген ағайынды қалмақтардың есімдері екен» деген дәлелсіз дүдәмал тұжырымдарды естіп келдік. Бірақ бүгінгі ғылыми зерттеулердің нәтижесі біз «қалмақ » атап жүрген ұлттың шынайы атауы мүлде басқа екені туралы да дәлелді тұжырымдар айтып жүр.

       Енді бір деректерде көне дала тілінде «Байынқол-таудан басталатын өзен, Нарынқол-жіңішке өзен деген сөз» делініп те жүр. Қалай десекте Нарынқол, Байынқол атауларының көнеден де көнелігі күннен күнге білініп келеді. Бұл өңірде, зер сала қараған адамға анық байқалатын көне ескерткіштер көп-ақ. Солардың бірегейі, былайғы жұрт, Есік қорғандарынан алтын адам табылып, оның қазақтың түп негізі САҚТАРҒА тиеселі жәдігер екенін ғылым дәлелдегенге дейін, түрлі қауесеттерге иланып, сырына көңіл аудармай келген САҚ қорғандары мен, Нарынқол ауданына қарасты Тянь- Шань сілемдерінен бастап, Лабасы, Ақтас, Шартас, Көмірші, Шалкөде, Айғайтас тағы басқа таулы аймақтардағы, тастарға таңбаланған, ғылым «көне петроглифтер» деп атап жүрген таңбалар мен сырын бүгіп, зерттеуді қажет етіп жатқан көне жәдігерлер. Басқаны айтпағанда, сол таңбалардың Нарынқол өлкесін мекендеп келе жатқан Албан елінің ру-аталарының таңбаларына сәйкестігіне көңіл аударған кісі Нарынқол атауының көнелігіне де, ол өлкені мекендеп отырған жұрттың Тәңір тау баурайының байырғы иелерінің ұрпағы екеніне де, күмән келтірмесе керек. «Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағиданы басшылыққа алсақ, бәлкім жаңсақ, бәлкім қолдан ұйымдастырылған қазақтың көне жадын ұмыттыруға ұмтылған әрекеттің нәтижесі көп нәрсеге кедергі. Алайда, нақтылыққа негізделген ғылым қарқындап дамып келді. Ақиқатын анықтауды ғылымның еншісіне қалдыралық та, нақты айтпағымызға көшелік.

       «Сенде сұмдық сұрапыл сыр бар, далам»,- деп Мұқағали айтпақшы, сырына үңіліп тереңдей берсең ғасырлар қойнауына жетелеп кете баратын құпияға толы ұлы даланың бір пұшпағы Нарынқол өлкесінің күні кеше өздері куә болған көне көздерден, біз естіген тарихының өзі бірнеше атанға жүк боларлық. Бір кезде Нарынқол өлкесін казак-орыстар мекендеп, «Охотничи» деген поселка салыпты. Ол кезде қызыл қайың көмкерген Байынқол өзенінің жағасын жолбарыс мекендейді екен деп айтып отыратын еді үлкендер. Ол туралы ел ішінде әліде айтылып келе жатқан бірқатар қызық оқиғалар да бар. Тарихта «Қарқара көтерілісі» әріректе, «Албан көтерілісі» аталған, кешегі ұлтазаттық көтеріліс кезіндегі оқиғалар туралы да, таңды таңға ұрып әңгімелеуге болады. Бір сөзбен айтқанда Нарынқол өлкесі, тарих дөңгелегі айналғанда ешқандайда бір оқиғадан да тыс қалмаған.

       Тоқсаныншы жылдардағы қыйын- қыстау кезеңді Сүмбе халқы да бастан кешірді. Шалғайлығы себебінен туындаған қыйындықтар да аз болған жоқ. «Құдайға сен, бірақ құры қол отырма» дегендей, аумағы Есекартқан сайының аузынан басталатын елдімекеннің халқы белін шарт буып, тіршілік қамына кірісті де кетті. Колхоз совхоздар тарап, жалақы мен зейнетақы айлап кешіктіріліп, техника тұралап, жанар жағар май тапшылығы үдеп, жаппай қымбатшылық жайлаған қыйын кезеңде алғашқы қайратты, талай құқайды басынан кешіп, еңбекке піскен көне көз қарттар көрсетті. Олар көнені есіне түсіріп, бір жерден дөңгелегінің, бір жерден шабағының, енді бір жерден қамытының жұрнағын тауып, алдымен ат арбаларды қайта жабдықтады. Қолшалғылар қайта шыңдалды, кетпендер қайта қайралып қолға алынды. Жанбағыстың қамына құрылған қызу еңбек дөңгелеп жүріп берді. Кейіндеп ауыл шеберлері аткультиватор деп аталған жабдықтарды жасап шығарды. Ол тіпті үй басы сайын бірден болды деседе болады. Кейбір тоған тарту сияқты жұмыстарға бір тісті ат соқасы да пайдаланылды. Үлкен кіші демей еңбек еткен жанкештілігі арқасында Сүмбе жұрты ол кезеңді де еңсеріп шықты. Демек тарих алдында да, ұрпақ алдында да Сүмбе халқының беті жарық. Кезіндегі қиындық, бүгін қызықты естеліктерге айналды. Әрине, барша Қазақстан аймағын қамтыған урбанизация кезінде Сүмбе ауылы тұрғындарының да арасында қала жағалағандар болмай қойған жоқ, алайда үдере көшіп, іргесі сетінемеген ауыл, бүгінде елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен қайтадан өз алдына шаңырақ көтеріп, аудан статусына ие болған Райымбек ауданының ірі округінің бірі ретінде тіршілігін жалғап отыр. Кешегі қыйын кезеңде жүгін аудырмаған атан жілік еңбеккерлерінің алды бүгін ауыл қарттарына айналған. Заман жаңарды, енді кезек жастарда. Ынтымағы бұзылмаған іргелі елдің болмысына тән, алдыңғы буын көрсеткен еңбекқорлық пен ынтымақтың үлгісін тоқыратпай, алға қарай адымдау бәрімізге сын.

       «Елде болса ерінге де тиеді» дейтін бұрынғылар. Сол айтқандай Нарынқол өз алдына аудан болып, жеке шаңырақ көтергелі бері, облыс әкімі А.Баталовтың қолдауымен атқарылған игі істерден Сүмбе ауылы да шет қалған жоқ. Жаңа ауданның алғашқы әкімі ретінде аудан тарихында қалған Ж.Омаровтың басшылығымен алғаш іске асқан ауқымды жоба, көрші Қытай мемлекетімен арадағы Сүмбе өзенінің суын тең пайдалануға арналған, заманауи компьютерлендірілген су бөлу құрылысы болды. 8 мың гектарға жуық жалпы егістік жері бар, тұрғындарының тоқсан тоғыз пайызы диқаншылықпен айналысатын Сүмбе ауылы үшін, бұл жобаның болашақта берер пайдасы мол боларына сеніміміз кәміл. Жалпы тумысынан еңбекқор Сүмбе ауылы тұрғындарына, қол қусырып отыру жат. Аудан қайта келіп, ай оңынан туған шақта «Туған жерге туыңды тік» деген бастама аясында жерлесіміз Серікжан Өміртайұлы ауылдың кіре берісіне құны 5 миллионды құрайтын бас қақпа — арка салып берді. 1983 ж туылған ауыл жастары ұйымдасып, орталық алаңның ауқымды бөлігіне балаларға арналған ойын алаңын салып, пайдалануға берді. 1991ж туылған ауыл жастары орталық стад и — онның ескі қоршауын  заманауй үлгідегі сәнді қоршауға ауыстырып беріп, тұрғындарды бір қуантты. «Жас келсе іске дегендей» келесі кезекте сондай жаңғырып, жаңарып жатқан орталық стадионның сәніне нұқсан келтіріп тұрған көне сахнаны ысырып тастап, орынына көз тартарлық сәнді сахна жасап ауыл жұртына тарту етуді 1987 жылғы туылған жастар жалғастырып әкетті. 1999 жылы мектеп бітірген түлектер жиырма жылдық кездесулері қарсаңында, ауылдың кіреберісіне ауқымды жерді қоршап, сәнді жастар саябағын жасады. 1973 жылы дүниеге келген азаматтар, үлкендіктерін білдіріп, ауыл маңындағы шоқыға орналасқан Райымбек батырдың ескерткіш тасының маңайына отырғыштар қойып, ауыл сәніне сән қоса түсті. Ауылды өркендетуді қолға алу барысында атқарылып жатқан осындай істерден Сүмбенің еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін шет қалған жоқ. 1990 жылғы түлектер ауылдың кіре берісіне «Сүмбе» деген жазуды айшықтап орнатты. Ел болып ынтымақтасып,ортақ қаржы шығарып, ауыл жастарын ұйымдастырушы Ермек Қабылбековтың жауапкершілігімен ауылға қыстық отын тасымалдауға қажетті Өмеке жолының да жөндеуін қолға алды. Халқының саны мен жер көлемі жағынан аудандағы ірі елдімекен ретіндегі Сүмбе ауылы, аудан әкімі Нұржан Кеңесұлының да ерекше назарында. Сүмбе ауылының екі қабатты әкімшілік ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Ауыл бойынша 5км 800м жолға асфальт төселді. Оның бір шақырымы Сүмбе ауылдық округіне қарасты Қызылшекара елді мекенінің басты көшесін қамтыды. 360 миллион 700 мың теңгеге Қызылшекара ауылының ауыз суы қазіргі уақытта күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 1994 жылдан бері су жүрмеген Дараты су каналы аудан әкімінің көмегімен күрделі жөндеуден өткізілуде. Дараты су каналы жаппай егіншілікпен мал шаруашылығынан нәсібін ажыратып отырған Қызылшекара ауылы үшін күре тамыр іспетті. Облыс, аудан тарапынан көңіл бөлініп атқарылып жатқан осындай ауқымды істер ауыл халқына ерекше серпін береді. Оңтайлы жасалып жатқан реформаларға ерекше үмітпен қарайтын еңбеккерлер кәсібін дамытуға ден қойып, лезинг сияқты жобалармен техникаларын жаңартып, мал тұқымдарын асылдандырып өз тараптарынан қарқынды үлес қосуда. Округтегі Сүмбе ауылында екі қабатты аурухана, Қызылшекара ауылында бір дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Қызылшекара ауылында орналасқан жергілікті ақын К.Байшығанұлының атындағы орта мектеп пен Сүмбе ауылындағы Абай атындағы орта мектептің де білім беру саласындағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Білікті басшылар М.Сақанұлы мен Г.Құмарбекқызының басқаруындағы бұл білім орталықтары ұрпақ болашағы үшін жасаған еңбектерінің жемісін өздері де көріп, елге де беріп отырған ымыралы ұжым.

        Ырыздығы шаруасына тәуелді ауыл тұрғындары өнер мен мәдениеттен де құралақан емес. «Диқан кетпеніне, малшы құрығына ықтият болсын» деп атақты Ыбырай Жақаев айтқандай, Сүмбеліктер әрқайсысы өз саласында ауылдың дамуына үлестерін қосуды мақсат тұтады. Мәдениет саласында да, айта кетер жаңалықтар бар. Сүмбе ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Т.Нұрбаева домбыра үйірмесінің жұмысын жандандырып, жиырмадан аса бүлдіршінді баулып отыр. Сонымен қатар, өзімнің жетекшілігіммен жыршы — жыраулар класы, дәстүрлі ән үйірмесі және көне қолөнер үйірмесі жұмысын бастады. Сүмбе ауылының бірнеше пайызын ұйғыр этносы өкілдері құрайды. Еңбекке епті «ағиналар» қоғамдық жұмыстан да, мәдени шаралардан тыс қалмайды. Жерлесіміз Тілек Баудынұлы әр кез демеушілігін аяған емес. Биылғы жылы Аудандық мәдениет үйі арқылы «Текес балалар өнер мектебімен» бірлесіп, қалтарыста қалып келген көне жыршылық өнерді жандандыру мақсатында, жыр класын аштық. Нәтиже жаман емес. Биылғы ашылған жыр класының оқушылары Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған Республикалық «Өнерлі өрен» байқауына қашықтықтан қатысып, Мүсілім Ақжол бас жүлдеге, Асқар Алтынбек жүлделі үшінші орынды иеленді. Алдағы уақытта Сүмбе ауылынан су жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталатынын білгелі ауыл тұрғындары да, өнерге ынталы жастарда бөркін аспанға атып қуанып жүр. Іске сәт дейміз. Бүгінгі таңда, Сүмбе ауылына өрт сөндіру бекеті орналастырылып жұмыс істеп тұр. Сүмбе және Қызылшекара ауылдарынан екі спорт мектебі салынады деген қуанышты жаңалық бар.

       Бүгінгі таңда Сүмбе ауылдық округінің әкімі білікті маман, мәмілегер басшы болып отырған  Елжан Бестібаев. Өзі осы ауыл тұрғыны, ауылшаруашылық маманы, Е.Бестібаевтың қарамағындағы кілең жастардан жасақталған әкімдік қызметкерлері жақтан іскерліктің лебі сезіліп тұрғандай көрінеді. Ауылдың кемін түгендеп, кетігін бүтіндеу барысында, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Есентаев қария, Қызылшекара ауылының тұрғыны Тұрсын ағалар мен, қоғамдық кеңестің төрағасы Бүркітжан ағалардың әрбір атқарылған және атқарылмақ істерді аға буынның білікті биігінен қадағалап жүргенінің куәсіміз.

       Сүмбенің өзенін жағалап көтерілген кісі, өз замандағы ұлы қайраткері Жансерке Жайнақұлы, ұлтазаттық көтерілістің қаҺармандарының бірі, Тұрлықожа Жансеркеұлы жатқан қорымнан бастап, шекарадағы «сымтасты», Шартастың тастарындағы көне жазбаларды, Аққорадағы тылсым мекен секілді қасиетті жерлерді көріп, өздері мекендеген аймақтарда аттары қалған тұлғалардың тарихымен танысар еді.

       Бүгінде көмір кені шығып жатқан Ойқарағай жаққа жетіп кезеңге шықсаңыз тау суының екіге жарылып, жартысы Күркілдекке құйып, Сүмбе өзеніне, жартысы қарсы бағытқа ағып жатқанына куә боласыз. Бұл құбылысқа зер салған адамның Ойқарағай кезеңін алып жер шарының қақ ортасы ма екен деген ойға қалмасына әбдісі жоқ. «Үш Қақақ пен Үш Қасаң,

       Жұт жүрмейді еш қашан» деп ақын Көдек жырлаған Үш Қасаң, Тоқсамбайдың тақалмасындағы Қытай шекарасынан асатын кезеңдердегі әйгілі «Жібек жолының » айқын көрініп жатқан асу жолдары сияқты көне қолтаңбалар мен ерекше реңді, тарихи әрі табиғи сырларға толы тұмса табиғат, көне ғасырлар архитектурасына тиеселі, бүгінде жұрнағы қалсада көнелігімен көз тартатын бабалар қолтаңбасы бұл өлкенің туризм саласына да сұранып тұрғанын көрсетеді. Кешегі тарих пен бүгінгі атқарылып жатқан игі істерді ұштастыра ойласам, малға қоныс, жанға жайлы, тарихы терең, қасиеті ерен,көркіне көз тоймайтын атамекеннің дәуренді кезеңі келе жатқанын сезетін сияқтымын. Бастысы, ел аман жұрт тыныш болсын! Әрбір елім деген азаматтардың шыққан тауы биік болсын! Биіктікті Хан Тәңірімен өлшеп үйренген елдің еңсесі асқақтай беруіне тілектеспін! «Ырыстан ынтымақ озады» деген. Ауылымыздың ынтымағы ыдырамасын, ырысы толысып, берекесі арта берсін!

Сүйіндік-Серік АЙТБАЙҰЛЫ,

Сүмбе ауылдық мәдениет үйінің директоры,

«Қазақ мәдениетінің қайраткері»,

«Халықаралық Абай медалінің иегері» Жыршы, жырау.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password