Құрметке лайықты
Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Қызылшекара ауылдық емханасының меңгерушісі Қасымбаева Назипа Нәкенқызы. Бұл кісіні Қызылшекара халқы өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері білеміз. Қасымбаева Нәзипа Нәкенқызы 1978-жылы Қарасаз ауылындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп 1984 жылы бітіріп шыққан. 1985-жылдан бастап Қызылшекара ауылында дәрігерлік емхананың меңгерушісі болып еңбек етті. 1988-2000 жылдары Сарыбастау ауылындағы учаскелік емханада дәрігер болып жұмыс жасады. 2000 жылы Қызылшекара ауылына қайта келіп ауылдық емхананың меңгерушісі болып тағайындалды. Ол кезде совхоздар тарап халықтың істерге ісі жоқ уақыт еді. Міне осы қиын қыстау заманда бір мекемеге басшы болу да өте қиын іс еді. Бірақ жас келсе іске деп Назипа Нәкенқызы өз жұмысына бел шеше кірісіп кетті. Емхана дейтін аты болмаса әбден тозығы жетіп күн жауса төбесінен су сорғалап, ішкі-сыртқы сылақтары түсіп, құлаудың аз алдында тұрған ғимарат еді. Бірақ оған Назипа қиналған жоқ. Сол кездегі шаруашылық бастығы болған, ауылымыздың азаматы Кәдірахманов Ержанмен келісіп, емхананың шатырын жаңалады. Сонымен қатар іші-сыртына күрделі жөндеу жұмысын жүргізді. Емхананы жаңа бастапқы қалпына келтірді. Қазіргі кезде де емхананы кірсең шыққысыз етіп ұстап отыр. Бүгінгі таңда Емханада Назипаның қарауында 6 медбике жұмыс жасайды. Олардың барлығы өз істерінің шебері, халықтың алғысын алып жүрген жандар. Жалпы Назипа жайлы айтар болсақ ол нағыз Гипократ антына адал, білімді де білікті дәрігер. Жылдың, айдың, күннің қай мезгелінде көрсең де шаршамай, талмай, зыржүгіріп жұмыс істеп жүргенін көресің. Оның ауыруды анықтауда қойған диагноздары да қатесіз. Қолы да шипалы. Ауыруға жасаған емі де қонымды. Сырқаттанып алдына барған адамға сондай жылы шыраймен қарайды. Ауыруға дәрігердің айтқан сөзінің өзі ем. Сондықтан да оның қабылдауында болып шыққан адамдар ауыруын ұмытып тез айығып кетеді. Шіркін, барлық дәрігер осы Назипа сияқты болса ғой деп ойлайсың. Қазір Назипа жан жары Сағындық екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Біз Назипаға жұмысына табыс, жанұясына амандық тілейміз. Аман-есен болып ел-жұртыңды шипалы еміңмен емдеп жүре бер демекпіз.
Нүсіп Тұрсын,
Қызылшекара ауылы.
0 Пікір