ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

       1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Райымбек аудандық сотының төрағасы Мырзалы Айжан Амандыққызы зейнет демалысындағы сот саласының ардагерлеріне алғыс білдірді. Ардагерлердің үйлеріне мереке күні арнайы барып зейнеткер әріптестеріне жылы лебізін білдірді.

       Осы орайда Райымбек аудандық сотында 30 жылдан аса қызмет атқарған Арыстанбекова Күлмари Әбдразаққызын мерейлі мерекесімен құттықтады. Аталған зейнеткер ана еңбек жолын Нарынқол халық сотында хатшы қызметінен бастап, сот орындаушы, аға сот орындаушы, кеңсе меңгерушісі, бас маман қызметтерін атқарған. Ауданымыздың сот жүйесінің ресми іс-құжаттарын жүргізіп, сот билігін жүзеге асыру жолында шүмектеп төккен тері мен атқарған еңбегі ұшантеңіз.

        Сонымен қатар, қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген мамандардың әрқайсысын жұмыс барысын, бүгінгі жүйелі жұмыс ретін үйреткен тәлімгер ретіндегі рөлі де ерекше құрметке лайық. Аудандық соттың төрағасы М. Айжан «Ұстаздан шәкірт озар» деген ниетпен сізден тәлім алған жас буын тек биіктерден көрініп, сізге әрдайым алғыстарын білдіріп жүрсін деген ақжарма тілегін арнады. Сонымен қатар, Райымбек аудандық сотында 30 жылдан аса еңбек еткен Тажиев Беделхан Мәдәлімұлына еңбегі үшін алғыс білдірді. «Сотымыз Нарынқол халық соты болған кезден бері сот ғимаратының лайықты деңгейдегі жай-күйі, ғимараттың айналасындағы айнадай тазалық пен әсемдіктің сақталуын, ең бастысы 25 жыл бойы ғимараттың жылыту пешін жағып, оның бұзылмай, үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен жауапкершілігіңіз ерекше алғысқа лайық. Бүгінде, өзіңіз еккен шырша ағаштары биікке ұмтылып, жыл он екі ай ғимаратымыздың көркін ашып тұр. «Ат тұяғын тай басар», демекші қазіргі таңда Сіздің ұлыңыз біздің саламызда қызмет атқарып, өз ісінің нағыз маманы болып отыр. Сізге көп жылдық атқарған адал еңбек, маңдай теріңізбен қоса, осындай өнегелі ұрпақ тәрбиелегеніңіз үшін алғыс білдіреміз!»,- деді сот төрағасы.

Аудандық соттың баспасөз қызметі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password