ҚҰРМЕТ АТАУЛЫҒА ЛАЙЫҚТЫ ҚАРИЯ

       «Өткеніме көз салсаңыз Сіз менің,

        Жатыр әне жарқыраумен іздерім» -, деген талантымен таңдай қақтырған арқалы ақын Еркін Iбітановтың осынау өлең жолдары ойыма оралған сайын, аспантаулар аясының ардақты да аяулы, жақсылары мен жайсаңдары есіме түсе береді. Сонда олардың марқұм болып кеткендерінің жадыраған жарқын бейнелері тізбектеліп көз алдымнан өтсе, жарық дүниені жалпағынан басып жүргендерінің жанға жаңаша леп беретін жағымды тірліктері шуақты мейірімнің шұғыласына бөлеп тастайды. Сондықтан да ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан толқынға «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз тегін айтылмаса керек. Бұл өмірдің өзінен туындаған айнымас та адастырмас заңдылық шеңберінен көрінеді де тұрады.

          Онда біздің оқушы кезіміз. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ауқымында Нарынқол ауылындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы сегіз жылдық мектебінің бастауыш сыныбының оқушысымыз. Сабақ беретін мұғалімдердің өңі мен түсін жазбай танып, аты-жөнін айтудан да жаңылмайтынбыз. Ал,мектептің әкімшілік тарапында істейтін адамдардан онша хабарымыз жоқ еді. Оны білуге деген ынта-ықыласымыз бен аңсарымыз да ауып тұрмайтын. Ол өреміздің өсе қоймағанынан болса керек. Бара-бара бастауышты артқа тастағаннан кейін бірте-бірте ұғына бастадық. Сол уақытта сынып жетекшіміз Кеңескүл Қуандықова бір күні: — Енді балалар, балалық пен шалалықты қойыңдар. Күнделікті сабаққа мұқият дайындалатын болыңдар. Ертеңнен бастап мектеп директоры және ол кісінің айналасындағы жауапты адамдар сабақтарыңа қатысып тұратын болады. Сыныпты ұятқа қалдырып жүрмеңдер, — деп бізге бар мән-жайды жан-жақты тәптіштеп айтып, миымызға шегелеп тұрып құйып кетті.

        Сынып жетекшісінің айтқаны айдай келді. Ертесі бірінші сабағымыз тарих пәніне өзіміз күнде көріп жүретін сымдай тартылған, ұзын бойлы, шашын шалқасынан қайырған, қысық көзді, аққуаша келген мектеп директорымыз Шоғанбай Мұсаев кіріп келіп, артқы парталардың біріне жайғасып жатты. Сынып ішінде шыбынның да ызыңы естілмей қалды. Оқушылар да сабаққа үлкен дайындықтарымен келгенін көрсетіп, мұғалім қойған сауалдарға бөгелместен сартылдатып жауап беріп, тиісті бағаларын алуда. Алаңдаулы біз анда-санда директор жаққа ұрлана көз қиығын салып қоямыз. Көңілі шат отырған ол кісі езу тартып, еріксіз жымиып қояды. Бұл оның «оқушылар сабағында олқылық жоқ» деген емеуріні сияқты әсер қалдырады бізге. Бұдан басқа көптеген ашық сабақтарда ол кісі оқушылардың алдына өзі шығып, тарих пәнінде бағдарламадан тысқары жатқан тарихи жәйттарды тақырыппен қабыстырып айтқанда, қайран қалмасқа әбдіңіз қалмайды. «Ел құлағы елу ғой» деп тегін айтылмайды екен. Сөйтсек, мектеп директоры Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, осы саланың маманы болып шығыпты. Жинақтаған тәжірибесі де жетерлік екен. Осы пәннің аясында талай әңгімесін тамсана тыңдағанымызды әрі тамаша тағлым алғанымызды қалай жасырайық.

         Екпіні қатты Еркін ақын айтқандай, ол кісіні өнегеден тұратын өмір жолына кейіндеп қана қаныға түстік. Тайға таңба басқандай артында қалған, жарқырап жатқан жақұттай іздерінен ізгілікті өмірдің өрісі мен абыройдың асқар шыңына шыққан, халық мүддесі жолында қағылездік танытқан шоқтығы биік Шоғанбай Мұсаевты көрдік. Қарапайым қалпынан айнымайтын оның ішкі жан дүниесінде жаңғырып жатқан жайлар баршылық екеніне қызыға да құныға үңілдік. Соның өзіне оның кеудесін керіп кеткенін көрген де, естіген де емеспіз. Өмірінің соңына дейін халық қастер тұтқан қалаулысы, еңбек жолындағы елеулісі, Отан үшін кеудесін оқ пен отқа тосқан қайтпас қайсары, жас ұрпақтың білім руханиятынан сусындауына шыр-пыры шыққан шырақшысы болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Енді соның тиегін ағытайық.

        Жиырмасыншы ғасырдың 1921 жылы бұрынғы Үкірші ауылы, Байынқол болысы (қазіргі Қаратоған ауылы) Жаркент уезі, Жетісу губерниясында мұғалім отбасында дүниеге келген Шоғанбай Мұсаевтың одан әргі өмір баспалдақтарының қалай бастау алғаны кеңес үкіметінің құлашын кеңінен сермей алмай жатқан кезі ғой. Қалың бұқараның ақ пен қараны онша айыра алмай жатқан аласапыранның атойлап тұрған аса ауыр кезең екенін тарих беттерінен жақсы білеміз. Сол уақытта әке-шешесінің тәлімді тәрбиесінде болған кейіпкеріміз Үкірші ауылына қарасты, Қаратоған қыстағында төртінші сыныпты бітіреді. Бұдан кейін одан жоғарғы Нарынқол орта мектебінен білім алады. Содан 1938-1940 жылдар аралығында Нарынқол ауданының Қаратоған жеті жылдық мектебінде арнайы мамандығы жоқ болса да мұғалімдік қызмет атқарады. Өйткені ол кезде ауыл біткен жерлерде мұғалім атаулы аса тапшы болатын. Алайда, бұған Шоғанбайдың ұстаз отбасынан шыққандығы зор ықпалын тигізеді. Сонымен бірге өзінің білім жағына біртабан жақындығы әрі ізденімпаздығы мен көкірек көзінің ашықтығы және санасының сезімталдық сергектігі оны алға қарай арманына асықтыра түседі. Мұндай таудай талабының пайдасын да көп көреді.

         «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» демекші, қоғамдық өмірдің ағымы мен сарынын өзіндік көзқарасымен анығынан аңғара білетін жастық жалын иесі Шоғанбай қырқыншы жылдардың басында аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып та қызмет істейді. Осы қызметте жүрген  кезінде кеңес Армиясы қатарына алынып, азаматтық борышын өтеп жатқанында жау жағадан алып, Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Қанды шайқасқа Рига қаласынан бастап қатынасқан ол мұнда да өзін жаужүрек жауынгер ретінде көрсете біледі. Майдан шебінде жүріп кіші лейтенант шеніне ие болып, ерекше танкіге қарсы шабуыл жасайтын атқыштар взводының командирі дәрежесіне дейін көтеріледі. Шоқаң майдан даласындағы Симонов взводына басшылық жасап жүрген сұрапылда жау қолында қалған Ржев, Великие Луки, Невель, Псков қалаларын азат етуге бел шеше атсалысады. Сондай-ақ, Курск доғасы, Воренеж қаласын азат ету жолында ауыр жарақат алып, Мичурин қаласындағы госпиталға түседі. Емделіп шыққаннан кейін елге қайтады. Денесінен алған жарақаты оны осылай істеуге мәжбүр етеді. Алған бетінен қайтпағанмен, оны жүзеге асыруға шарасы болмайды. Өйткені, әскери тәртіп солай.

         Ауылға келгеннен кейінде екі қолын қусырып, қарап отыра алмайды. Тиісті орындардың талап етуімен аудандық партия комитетінің әскери бөлімінің меңгерушісі, Қаратоған және Сүмбе ауылдарындағы мектептердің директоры болады. Сол сияқты Ленин атындағы колхоз партия комитетінің хатшылық қызметін де талап тұрғысынан тап-тұйнақтай етіп атқарады. Осы жерде айрықша атап айтатын бір жай, Шоғанбай Мұсаевтың партия, кеңес қызметтерінде болмаған өмірін айтпағанның өзінде, тек қана оқу-ағарту саласында 40 жыл үзіліссіз үздіксіз жемісті еңбек еткенінің өзі оның мұқалмас қайратының қарымды екенін халыққа кеңінен танытты. Соның ішінде 26 жылы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектепте  (қазіргі Бердібек Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназиясында) директор болып, тұрақты түрде қызмет істеуімен өтеді. Оны осы жағынан алғанда толыққанды тәжірибесі тек ұстаздар қауымына ғана емес, басқаларға да үздік үлгісімен, өркен жайған өнегесімен рухани дүниетанымын байытар алтына қазына екені ешқандай да дәлелдеуді қажет етпейді.

          Осыншама орасан еңбегімен халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Шоғанбай Мұсаевтың (суретінен көріп отырғандарыңыздай) омырауының екі жағы отандық ордендер мен медальдарға толы. Оны шетінен тізбелеп айтып шығу да мүмкін емес. Ал, қағаз жүзінде алған марапаттары торсыйған бір папкадан да асып кетеді. Оны айтып шығуды біз мақсат етпедік. Ұлы Отан соғысының майдангері және Қазақ ССР-інің, КСРО білім беру ісінің үздігі әрі ардагері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы ретінде алған сый-сияпаттары мен марапаттары жетерлік-ақ. «Бәрінен де мыңын қойып, бірін айт» деген халқымызда қастерлі аталы сөз бар емес пе. Шоғанбай қарияның 91 жасында Ұлы Жеңістің 65 жылдық айтулы мерекесінде Мәскеу мен Астанада салтанатты түрде өткен Жеңіс шеруіне қатынасып қайтуының өзі ештеңеге тең келмес қуаныш пен бақыт қой. Мұндай бақ екінің біріне бұйыра бермейді.

          Міне, елі үшін ерен еңбегін сіңірген соғыс және білім беру ісінің ардагері Шоғанбай Мұсаевтың көзі тірі кезінде жазған «Бабалар жайлы» кітабы да халықтың қолында. Мұнда бабалар  жүріп өткен жол ғана емес, соғыстағы және білім беру бағытындағы көргендері мен көңіліне түйгендері жас ұрпақ үшін таптырмас ғибрат пен таным мен тағлымға толы дүниелер екеніне оқып шыққан адам толық көз жеткізе алады. Бұл ол кісінің аманаттап артына қалдырған асыл мұрасы. Кезінде адамдық пен парасаттылықтың биігінен дараланып көрінген Шоғанбай Мұсаев жайлы Қазақстанның белгілі журналистері мен танымал адамдардың жазған материалдары, мақалалары әртүрлі мерзімдік басылымдарда көп жарияланды. Соларды жинастырып басатын болса, қарыстай қалың кітап болып шығарына күмәніміз жоқ.

         Ауданымыздың айнасы әрі ардақтысы Шоқаңның өмірлік қосағы, өзімен бірге ұлағатты ұстаз болып өмірден өткен Күлипа Баяхметова екеуі бала-шағаларына ұйытқы болып, олардан ауыз толтырып айтарлықтай немерелер мен шөберелер сүйіп өткен, мейірім шуағына бөленіп кеткен жайсаң жандар. Халықтың қадірлісі болған аяулы адамдар еді.

         Тәңіріміз болып табылатын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы Шоғанбай қарияның 100 жылдық мерейтойымен орайласып келіп отыр. Осыған байланысты аудан орталығы Нарынқол ауылынан көрнекті көшелердің бірі осы кісінің атына берілсе деген аудан халқының бір ауыздан қолдап отырған ұсыныстары мен тілектері бар. Бұл қуана құптарлық елеулі оқиға екені анық. Өйткені, Шоғанбай Мұсаевқа қандай құрмет көрсетілсе де  оның барлығына да ол лайықты қария. Ендеше осынау ел тілегі ескерусіз қалмас деген үміттеміз. Бұған аудан жұртшылығының сенімі де берік…

Қанат ТӘКЕБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының

лауреаты, Қазақ Журналистикасының қайраткері,

                                          Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password