ӘРБІР СЕКУНДЫ БАҒАЛЫ ЖАНДАР

    Жедел жәрдем — адам жанының арашашысы. Аты айтып тұрғандай-ақ, жедел көмек қажет ететін сырқаттардың жан сақтаушысы. Медицина саласындағы бұл қызметтің маңызы ерекше, жауапкершілігі зор. Медицина қызметкерлері мерекесіне орай, аталған бөлім мамандарымен жүздесіп, қауырт жұмыс барысымен танысып, мамандықтарының маңызын шын ұғынып қайттық.

Жедел жәрдем бөлімінде тынымсыз қарбалас. Сансыз түскен қоңыраулар легі жұмыстың қауырттылығын арттыра түседі. Бірінен кейін бірі жылдам қозғала қақпадан шыққан жедел жәрдем көліктері сырқат адамды күттірмеуге бар күштерін салып, межелі уақытта жетіп, алғашқы көмекті сәтті көрсетуге машықтанған. Жердің қашықтығына қарамастан, адам жанын аман алып қалуды мақсат ететін жедел жәрдем қызметіндегілердің еңбегі шынымен де ерен.

Аурудың сан түрі бар. Осыған орай, жедел жәрдем қызметі өз ішінде 4 санатқа бөлінеді. Алғашқы санаттағылар — жағдайы едәуір ауыр сырқаттар болса, екінші санатта — алғашқыға қарағанда жағдайы тәуір, ес-түсін білетін науқастар, ал үшінші санатта — жағдайы аса ауыр емес науқастарды тасымалдайды. Төртінші санат сипаты — созылмалы аурулы  науқастар.

Науқасқа көмек көрсету — ақ халатты абзал жандардың басты міндеті. Дегенмен, науқастың алғашқы жай-күйіне байланысты жедел көмек көрсетудің орны бөлек. Жауапкершілігі зор. Тағдыры Жаратушының қолында тұрған адам жанына қолдан келгенше көмек көрсетіп тырысқанмен, күні бітіп, ажалы жеткен науқастарды жазмыштан құтқару – жедел жәрдем қызметіндегілердің құзырынан тыс болғанымен, жауапкершілігі мамандар  мойнында. Түрлі сипаттағы науқастар сырқатына қарай, түрліше жағдайға ұшырауы мүмкін. Бөлімдегі нәзік жанды фельдшерлер кезі келгенде зембілді өздері көтеріп, ер адамның ісін де істеп кететінін тілге тиек етті. Ең бастысы — сырқаттың жағдайын бірқалыпқа келтіру.

Сонымен қатар, шақырылған үйге барудағы қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Үй ішіндегі жағдайдан бейхабар жедел жәрдем қызметкерлері өз қауіпсіздіктерін ойлап жатпастан, тәуекелге бел буып, аурудың халін білуге асығады.

Ауданымыздың жедел жәрдем бөлімінде жалпы саны 26 адам жұмыс жасайды, оның ішінде, 13 адам фельдшер қызметінде болса, 12 адам көлік жүргізушісі, 1 адам тазалыққа жауапты. Ұжым мүшелері өзара тату әрі тәжірибе алмасу үрдісін басшылыққа ала отырып, өз қызметтерін адал атқарады. Ж.Рита  бастаған фельдшерлер құрамы Н.Рыскүл, Е.Аяулым, Т. Арай, М.Мөлдір, М.Румиля, Д.Лаззат, Ш.Айгүл сынды жандармен жалғасса, ерлерден Е.Ақжол, А.Ғабиден, Ш.Ернар Қ.Дәулет есімді абзал жандар жұмыс жасайды. Жедел жәрдем көлігін жүргізушілер де әр кез жол үстіндегі міндеттерін абыроймен атқарып келеді. К.Батырбек, А.Бағдат, Б.Мұратжан, Н.Елман, Н.Нұрлан, О.Талғат, Н.Ерік, А.Ерлан, К. Құлан, Ж.Бауыржан, Б.Дүйсенбай, А.Беглан, А. Ақылбек сынды жүргізушілердің еңбектерін бағалап, аттарын атамасқа болмас. Сонымен қатар, тазалыққа жауапты жан – Н.Нұрзияның бөлім үшін қажеттілігі зор.

Аталған мамандардың қауырт жұмыспен кәсіби ізденісті қатар алып жүргендері сүйсіндірді. Ай сайын онлайн платформа арқылы біліктілікті арттыру курстарына қатысуды әдетке айналдырған абзал жандардың кәсіби шеберліктеріне күмән келтірудің өзі үлкен қателік болар. Ауданымыздың алғашқы көмек көрсетушілер тобының мұндай дәрежесі оларға деген сенімділікті арттыруы тиіс.

Жедел жәрдем бөлімінің денсаулық сақтау саласындағы маңызымен қатар, бірқатар мәселелері де бар болып шықты. Мамандардың айтуынша, жедел медициналық көмектің жетуіне кедергі келтіретін бірқатар факторлар бар. Соның бірі — жол мәселесі. Көлік ішіндегі жағдайы түрліше сипаттағы ауруларды тасымалдау кезіндегі жолдың ойлы-шұқырлы болуы межелі уақытта жетуге кедергі келтіретінін айтты. Сонымен қатар, ауданымыздың мал шаруашылығымен айналысатынын ескере отырып, малшылар отыратын аймақтардың жер бедерінің таулы екенін назарға ала отырып, арнайы көлік беруін тілек ететіндіктері тағы бар. Расымен де, таулар мен қыраттарға мал жайымен қоныс тепкен тұрғындар науқастанған жағдайда немесе түрліше жарақат алған сәттерде шақырылған жедел жәрдем көлігі межелі жерге жете алмайтын жағдайлар жиі ұшырасады. Алайда, “көлігіміз жете алмайды” деп кері қайту бөлім қызметкерлері үшін жұмыс тарихында болмаған жағдай. Мұндай жағдайларда, науқасты арнайы жабдықталған көлікке дейін атпен немесе өзге де нұсқалар қарастыру арқылы жеткізеді. Дегенмен, арнайы көліктің болуы маңызды қажеттілік емес пе?!

Еңбегі ерен жандарды аудан тұрғындары ерекше құрмет тұтып, алғысқа бөлеуге тиіс деп білемін. Адам жаны қиналған сәтте өзіне көмек қолын созған жандарға мәңгі қарыздар емес пе?!  Олай болса, жедел жәрдем бөлімі мамандарына басы ауырып, балтыры сыздаған әрбір адам өзіндік құрметін көрсетіп, қажырлы еңбектерін бағалай білгендері абзал.

Құрметті “жедел жәрдем бөлімі” мамандары! Сіздерді келіп жеткен мерейлі меркелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға сәттілік, отбасыларыңызға бақ пен береке тұрақтасын деймін! Еңбектеріңіз тиісті бағаланып, жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Ақерке БИЖАН,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password