РАЙЫМБЕК БАТЫР ЗИРАТЫНА БЕЛГІ ҚАЛАЙ ҚОЙЫЛДЫ?

  ХХ ғасырдың соңғы онжылдықтарындағы кешегі кеңестік билік тұсында қысым көріп келген қазақ тарихы ғана емес, сол ұлттың қалыптасуы мен дамуына барынша үлес қосқан хандар мен билер, батырлар мен ақын- жыраулар да назардан тыс қалып келген болатын. Егемендiгiмiздiң алғашқы жемiсi ретінде ел басқарып, сөз ұстаған хандар мен билер, жерін жаудан қорғаған батырлар, халықтық идеологияның негізін қалаған небір дүлдүлдерiмiз отандық тарих беттерінен орын ала бастады.

       Соның нақтылы айғағы Жетісу өлкесіндегі белгiлi батыр Райымбектің 300 жылдық мерекесі 2005 жылы республика көлемінде атап өтiлдi. 2005 жылдың 28 маусымында премьер-министр орынбасарының «Алматы каласының әкiмi Алматы қаласында Райымбек батырға ескерткіш орнату мәселесін белгіленген тәртіппен шешсін» нұсқауы шыққан болатын. Араға жеті жыл салып барып, Райымбек батырға оның есімімен аталатын көше бойынан еңселі ескерткіш орнатылды. Яғни ескерткіш тұрғызылғын жер «Саяхат» автобекетінің қарсы алдындағы қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай орнатылғын ескерткіштің орны. Ескерткіштің ашылу салтанаты 2012 жылдың 7 желтоқсан күні болды. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген қала әкімі Ахметжан Есімов «Бүгін біз жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқының бүтіндігі үшін шайқасқан тарихи тұлға – Райымбек батырдың ескерткішін салтанатты түрде ашып отырмыз. Бұл оқиғаны көптен күттік. Елбасының «Мәдени мұра»бағдарламасы бойынша қазақ тарихының мәдени мұралары түгенделіп, жүйеленіп отыр. Ұлтымыздың тарихында мәні өте зор ескерткіштер, сәулет өнерінің керемет туындылары қайтадан жаңғыртылып отыр», — деген болатын.

      Еңселі ескерткішке қуанышпен отырып, өткен XX гасырдың 70-80 жылдарында қазiргi батыр бабаның басына орнатылған ескерткіштің тарихына тереңірек үңiлудi жөн көрдік.

      Ұлы жүздiң Албан руынан шыққан Хангелдi батырдың немересі, Түке баласы Райымбек 1705 жылы туылған. Тегіне келсек былай өрбиді. Алжаннан төрт ұл туған: Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылық. Сырымбеттен Бәйіт, Хангелдi. Хангелдіден Тiлеуке. Түке, Мөңке, Тұрсын, Айбас, Қойбас… Түкеден Райымбек. Атасы Хангелді XVIII ғасырдың алғашқы ширегінде жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аты шығып, 1733 жылы Ұлы жүздiң атақты адамдары Қодар би, Төле би, Сатай, Белек батырлар мен орыс патшасы Анна Иоанновнаға елші жiберiп, Ресейдің қол астына алуы жөнiнде хат жолдаған. Ал немересі Райымбек батырға қатысты осы уақытқа дейiн аңыз болып келген ауызша мәліметтерді жинастыруда Қабылбек Сауранбаев пен Мөкен Болысовтар үлкен еңбек етті. Олардың жинаған материалдары М. Әуезов атындағы Әдебиет институтының қолжазбалар қоры мен Алматы облыстық мемлекеттік мұрағатының қорында, яғни Рақымжан Қилыбайұлының жеке қорында сақтаулы. Ақиық ақын М. Мақатаев батырға қатысты «Райымбек! Райымбек!» поэмасын жазды. Поэма көркемдік шеберлігімен қатар, қазақ тарихының қатпарлы астарына батыл баруымен аса ipi тұлғаның әдеби-көркем бейнесін алғаш рет даралап сомдауымен тағы да бiр жаңа белесті ашты. Поэзияда қазақ тарихындағы сол кезеңдегi тұлға мен заманды жан-жақты ашып берді. Поэма жазылған тұста қазақ прозасында тарихи тақырыптарға арналған романдар тiзбесi жарық көріп, бұл мәселе қазақ әдебиетiнiң басты проблематикасына айналған болатын. Осынау күрделі тақырыпқа Мұқағали өз қатарларының iшiнде алғашқылардың бiрi болып қалам толғады. Сонымен қатар, жұртшылық алдында ашылмай келген батырдың тұлғасын сомдады. Алғаш Райымбектiң халыққа танылуын М.Мақатаев былайша жырлаған болатын:

      Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған,

      Қыран ба дерсiң қылт еткен кұсты қоймаған.

      Өз атын өзі ұрандап бала келеді.

      Қамшы басына жейдесін ту ғып байлаған.

      Жайына қалып, өлі аруақ пен тiрi аруақ,

      Келедi бала есiмiн өзi ұрандап.

      Тiрiлер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ,

      Өлгендер көрде түскен де шығар бір аунап.

      Келедi қыршын есiмiн өзі ұрандап.

      Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты,

      Бір сәтке қауым iшiнен тына қалыпты.

      Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,

      Албанға алғаш өстіп өзін танытты!

      Райымбек батырдан тараған ұрпақтар туралы мұрағат қорларында деректер баршылық. Мысалы, Қожағұл Райымбекұлы 1845 жылдың 2 маусымында Сiбiр қазақтары шекара бастығы генерал-майор және кавалер Вишневский мен Аягөз окургтік приказының заседателі міндетін атқарушы Смельницкийге жазған хаттарға қол қойған. Ал 1846 жылы 23 маусымда Ұлы жүз сұлтандары мен билері Ресей билiгiн мойындап қол қойған хатта 11 сұлтан мен 27 бидiң арасында Бертен Хангелдінің де есiмi кездеседi. Райымбектiң Нарт деген баласынан тарайтын Асылбек Нартов 1890 жылы Айт-Аламан болыстығының жетiншi ауылының биi болған. Райымбек батырдан тарайтын Досжан деген ұрпағы 1970 жылдары Жамбыл ауданының Ақсеңгiр совхозында тұрған. Досжанның қолында Райымбек батырдың ошақ таңбалы ақ туының бір парақ қағаздың көлемiндей қалдығы болған. Оны Досжан 1945 жылы Шығыс Түркістан өкiметi кұрылғанда (Іледе) соған өз қолымен табыс еткен. Батырдан тараған келесі бір ұрпағы Садуақас Ахметов дәрігер болып істеген, Алматы қаласындағы Орбита ықшам ауданында тұрғандығы туралы мәліметтер сақталған.

      1950 жылдарға дейiн Райымбек баба зиратына орнатылған күмбез сақталынған. Елуiншi жылдары қабiр басында орнатылған күмбез кiрпiштерiн қоныс аударуын келушілер кұрылыс материалдары үшiн бұзып алады. Кеңес өкiметi кезiнде Райымбек батырдан тарайтын ұрпақтар Алматы қаласындағы батырдың жерленген орнына белгi қою туралы бастама көтерiп, Қабылбек Сауранбаев, Рақымжан Қилыбаевтар Орталық партия комитеттері мен қалалық басшылықтарға хаттар жолдап отырды. Мысалы, 1961 жылы Райымбек батырдың ұрпақтары Нарынқол ауданының Шалкөде ауылдық кеңесiнiң сессиясында Райымбек батырдың Алматы қаласындағы қабiрiн қоршап белгi қою жөнінде шешім қабылдап, оны Қазақстан Орталық Комитетіне жолдап белгi қоюға рұқсат сұрайды. Сонымен қатар, қаулының бiр нұсқасы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтына да жiбередi. 1963 жылы 14 қазанда Алматы қалалық атқару комитетiнiң төрағасы Е.Д. Дүйсеновтен Райымбек батырға қатысты нақты тарихи деректер беруін сұраған №C-1825 хат Тарих, археология және этнология институтының директорына жолданады. Аталған хатқа институт директоры А.Н. Нүсіпбеков мынадай мазмұнда жауап бередi: «Райымбек Хангелдин XVIII ғасырда өмiр сүрген тарихи тұлға. Ол Албан, Суан руларының белгiлi батыры. Фольклорлық деректерде Райымбек батыр Жетiсу өңiрiн жоңғар шапқыншыларынан азат етуде белсендi күрес жүргізгендiгiн көрсете отырып, Райымбек батырдың ұрпақтарына қатысты деректік кұжаттардың көшiрмелерiн жолдаған».

       Батыр ұрпақтары атынан 1965 жылдың 18 тамызында Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары К.Х. Ахметовке де осы мазмұндағы хат жазылады. 1968 жылы 12 желтоқсанда Алматы қаласының Ленин ауданының архитекторы Иманбаевтан Тарих институтының директоры А. Нүсіпбековке хат жiберiледi. Хатта: «Сiздiң 1966 жылы 31 желтоқсанда Алматы қалалық атқару комитетiнiң төрағасы С.Д. Дуйсеновке жолдаған № 57-537 хатыңыз ақыр соңында менiң колыма тидi. Архитектор ретiнде мен сiзге қабiрдi тек қоршап қою жеткіліксіз, Райымбек батырдың қабіріне мәңгілік архитектуралық ескерткіш орнатуды ұсынамын» деген мазмұнда еді. Сол кездегі идеология мен түрлі тарихи себептерге байланысты ескерткіш орнату мәселесі кейінге ысырылып отырған.

       Араға біраз жылдар салып, 1975 жылы 6 мамырда Қазақ ССР мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы төрағасының орынбасары А.Ботпаев Ш.Ш Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры академик Ақай Нүсіпбековке хат жолдайды. Хатта «мәдени ескеркіштерін қорғау коғамына Алматы облысы азаматтарынан көптеген хаттар келуде. Олар қаланың Әуезов ауданының территориясындағы Райымбек Хангелдиннің жерленген қабiрiн қоршап, белгі қоюды сұрайды. Сондықтан бізге Райымбек Хангелдиннің өмірі мен қызметі туралы тарихи анықтама берсеңіздер» — деген. Аталған хатқа институт ғалымдары батырға қатысты тарихи анықтама мен деректердің көшiрмелерiн қоса жiбередi. Сонымен қатар, 1975 жылы Қазақстан Республикасы Орталық комитеті мен министрлер кеңесі, яғни сол тұстағы республиканың партия және үкімет басшылары Д. Қонаев пен Б. Әшімов қол қойылған қаулы қабылданып, онда «XVIII ғасырдағы халық батыры, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске қатынасқан, халық жасағын ұйымдастырушы Райымбек сияқты тарихи тұлғаның есiмiн мәңгi ел есінде қалдыру мақсатында Алматы қалалық атқару комитетіне батырдың қабiрiне қала қаржысы есебінен белгі орнату жүктелсін және зират қаладағы тарихи ескерткіштер қатарына қосылсын» деп шешiм шығарылған. Республика басшысы ұлт қайраткері Д. Қонаевтің араласуымен осы жылы батыр қабiрi темiр қоғамына Алматы облысы азаматтарынан көптеген хаттар келуде. Олар қаланың Әуезов ауданының территориясындағы Райымбек Хангелдиннің жерленген қабiрiн қоршап, белгі қоюды сұрайды. Сондықтан бізге Райымбек Хангелдиннің өмірі мен қызметі туралы тарихи анықтама берсеңіздер» — деген. Аталған хатқа институт ғалымдары батырға қатысты тарихи анықтама мен деректердің көшiрмелерiн қоса жiбередi. Сонымен қатар 1975 жылы Қазақстан Республикасы Орталық комитеті мен министрлер кеңесі, яғни сол тұстағы республиканың партия және үкімет басшылары Д. Қонаев пен Б. Әшімов қол қойылған қаулы қабылданып, онда «XVIII ғасырдағы халық батыры, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске қатынасқан, халық жасағын ұйымдастырушы Райымбек сияқты тарихи тұлғаның есiмiн мәңгi ел есінде қалдыру мақсатында Алматы қалалық атқару комитетіне батырдың қабiрiне қала қаржысы есебінен белгі орнату жүктелсін және зират қаладағы тарихи ескерткіштер қатарына қосылсын» деп шешiм шығарылған. Республика басшысы ұлт қайраткері Д.Қонаевтың араласуымен осы жылы батыр қабiрi темiр қоршаумен қоршалады. Мәселенi оң шешiлуiне сол кездегі Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы К.М. Аухадиевтің де қосқан қомақты үлесi болды. Батыр бабамыздың қабiрiне белгi қою мәселесі осылайша араға он бес жылдан аса уақыт салып барып қана шешiмiн тапқан. 1981 жылы батыр қабiрiнiң басына ескерткіш құлпытас орнатылады. Ескерткiштiң архитекторы Т. Мағзұмов болатын.

       1982 жылы батыр қабiрiнiң тарихи төлқұжаты жасалынады. Төлқұжатты жасаушы Тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының аға ғылыми қызметкері А.Тоқтабай едi. «Төлкұжатта Райымбек Хангелдіұлы 1705-1780 ж.ж. Ескерткіш белгі 1981 жылы орнатылған. Ескерткіш орналасқан жер: Алматы қаласы, Ташкент көшесі, орталық зиратқа қарама қарсы жер»-деп көрсетілген.

        Ал қазiргi баба басына орнатылған зәулім кесене және ақ түйенің мүсіні тоқсаныншы жылдары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейiн орнатылған. Қасиетті орын саналатын осы жерге Алматы қаласының және облысының тұрғындары, елiмiздiң өзге аймақтарынан келген адамдар тәу етеді.

Р. Е. ОРАЗОВ,

Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

ғылыми қызметкері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password