Райымбек аудандық сотына жаңа сот төрағасы тағайындалды

  «Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын, сот алқаларының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің 2021 жылғы 29 желтоқсандағы №720 Жарлығымен Райымбек аудандық сотының төрағасы лауазымына Мырзалы Айжан Амандыққызы тағайындалды.
Мырзалы Айжан Амандыққызы өзінің сот жүйесіндегі еңбек жолын 2002 жылы Қызылорда қалалық сотының жетекші маман-сот отырысының хатшысы қызметінен бастаған. 2009-2014 жылдары Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты қызметінде болған. 2014 жылдан бері Қостанай облысы Арқалық қалалық сотында, Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық сотында судья қызметін атқарған.
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тазабеков Жанат Алдабергенұлы Алматы облысы Райымбек ауданы құқық қорғау және мемлекеттік органдарының басшыларына жаңадан тағайындалған сот төрағасын таныстырды. Айжан Амандыққызы қызмет еткен жылдары өзін өз саласының жоғары дәрежелі кәсіби маман ретінде танытқанын атап өтіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшыларына арнаған сөзінде Айжан Амандыққызы салтанатты іс-шараға қатысқаны үшін алғысын білдіріп, әркімнің функциялары әртүрлі, бірақ міндетіміз бір – ол мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істеу және адам құқықтарын нығайту екенін атап өтті.
Айжан Амандыққызын сот төрағасы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password