РАЙЫМБЕК АУДАНДЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫ МЫРЗАЛЫ АЙЖАН АМАНДЫҚҚЫЗЫНЫҢ МЕРЕКЕЛІК ҚҰТТЫҚТАУЫ

   Наурыз мерекесі- әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы тойланып келеді. “Наурыз” сөзі парсы тілінен аударғанда “Жаңа күн” деген мағына береді. Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Осылайша, наурыз айының 22-ші жұлдызы “Наурыз мейрамы” болып жарияланды.

  Наурыз — қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Сонымен қатар, көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбиелейтін ұлттық мейрамымыз. Ұлттық мейрамды ұлттық сипатта атап өту біздің елімізде де жылдармен бірге жылжып келе жатқан берік дәстүр. Бұл күн- тіршіліктің ерекше серпілісінен хабар беретіндей.

   Наурыз мейрамының сәнін келтіретін  ұлттық нақышты ұлықтай киінген көпшілік түрлі дәстүрлі ойындар ойнап, өнегелі өнер көрсетеді. Әдеттегі қазақ қонақжайлығының бағасы бұл мерекеде тіптен берекеленіп, әр үй шаңырағында дәмі тіл үйірер наурыз көже дайындалады. Осынау керемет мейрамды тиісінше атап өту- ұлтымыз үшін үлкен мәртебе!

   Құрметті қазақ елі! Ардақты аудан тұрғындары! Баршаңызды алаштың маңдайына нәсіп болған Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мереке баршаңызға жаңа жетістіктер мен молшылық ала келсін. Наурыз- жылдың басы,  күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мерекеде, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелейік. Ауданымызда игі жаңалықтар орын алып, халқымыздың әл-ауқаты көтерілсін. Пейілі кең, көңілі дархан аудан халқына Жаңа жыл жаңа жақсылықтарын жетектей келсін. Ауданның көркеюіне үлес қосар азаматтар саны көбейіп, қасиетті наурыз мейрамы халық пен басшылықтың арасында орнаған алтын көпірдің беріктігін нығайтсын.

        Ұлыстың ұлы күнін  ұлықтау- ұрпақтармен жалғастық тапқан  ұлттық құндылығымыз. Құндылығымыз қайырлы, елдігіміз мәңгі болғай!

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password