«Әр шаңырақ шаттыққа бөлене берсін»- дейді аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова
Асыл да аяулы аналарымыздың елдің өсіп-өркендеуінде алатын орны айрықша. Мұндайда қазақ тарихындағы Тұмар ханшайым, Домалақ ана, Айша бибі, Әлия мен Мәншүк сынды елдің ел болуында ерлігі ерен жандар еріксіз еске түседі. Өмірдің заңдылықтары мен қоғамның талабы әсіресе, әйелдер қауымына ауыртпалықтар артатыны ақиқат. Бала табу мен оны түн ұйқысын төрт бөліп өсіріп-қағумен қатар жар болудың да жауапкершіліктері, келін деген мәртебе әйел затын үнемі тынымсыз зыр жүгіртіп қойғандай. Алайда, аналар қоғамның ең белді мүшесі екендігін ұмытып кететіндейміз. Демографиялық өсімді қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтің түрлі саласында қызмет атқаратын әйелдердің өз құқығы барын есіңізге сала кетейік. Осыған орай, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омаровамен әңгімелескен едік.
Т. Жанұзақов атындағы мектепте 40 жыл бойы ұстаздық еткен Балжан Омарова Райымбек ауданының Құрметті азаматы, «Ы. Алтынсарин» атындағы төсбелгінің және «Ауыл еңбегі үшін» медалының иегері. Бүгінде аудандық аналар кеңесінің төрайымы.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдердің бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көруі жанына бататынын сөз етті Балжан Әбуқызы. Жынды суға сылқия тойған күйеуінен соққы жеген әйел тағдыры мен жоқшылықта өмір сүріп отырған аналарды көргенде қолдан келген көмегін аямауға тырысады. Бүгінде мемлекетіміз ана мен бала құқығының аяққа тапталмауын қамтамасыз ететін заң жобаларын қабылдап та қойған. Олардың әлеуметтік мәселелері де басты назарда. Алайда, Балжан Омарованың айтуынша, заңды құқықтарын білмейтін сауатсыздық пен жауырды жаба тоқу басым.
Сондай-ақ, ата-дәстүрге сәйкес жақсы жар болу жөнінде ақпараттық-насихат жұмыстары да жүргізілетіндігін сөз етті. Жақында осыған орай, «Қазақ аруы» атты байқау өтпек. «Жанұяның тірегі мен жүрегі әйел заты жарына адал, жақындарына жанашыр болса, онда еркектің де ақ жағасы кірлемейді. Жақсы жар жоқтан бар жасайды. Қарап отырсаңыз бұл өте өзекті мәселе. Мұнда ұлт тағдыры да қозғалып отыр. Қазіргі күні жастардың арасында ажырасу өте көп. Шаңырақ көтерген жас жанұялардың екеуінің бірі айырылысып тынады. Бұл ұлт келешегі үшін өте өзекті мәселе. Осы мәселелердің шешілуіне ықпал жасау мақсатында біз ауданның аналарын жұмылдырып, ұлттық салт-дәстүр аясында қазақ қызына тән қасиеттерді насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар жоспарлап қойдық» – дейді, Балжан Омарова.
Сонымен қатар, жұмыссыз отырған аналарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану арқылы арнайы білім алуына, кейіннен жеңілдетілген несие алып кәсіп етуіне жағдай жасау — Балжан Омарованың алдына қойған мақсаттарының бірі.
«Барлық аналар мен аруларды 8 Наурыз — халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, таусылмас байлық пен бақыт тілеймін. «Көш жүре түзеледі» дейді дана халқымыз. Еліміз де жыл өткен сайын дамып, көптеген мәселелер өз шешімін табуда. Аналар тағдырына қатысты өзекті мәселелер де келешекте шешіліп, әр шаңырақ шаттыққа бөлене берсін», – деген ақжарма тілегімен аяқтады сөзін Балжан Әбуқызы.
Әділет САРЫБАЙ,
«Хантәңірі».
0 Пікір