ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАДЫ – ЕЛІ-ЖҰРТЫ ҚОЛДАДЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ атты Жолдауы – маңыздылығын кезекті рет көрсетті. Бұған дейінгі Жолдаулар елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш салған болса, жаңа Жолдау азаматтардың тұрмыс-ахуалын арттыруды көздейтін әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттарды айқындап отыр. Жолдауда атап көрсетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде берілген ұлттық қауіпсіздік мәселесі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму үдерісі, әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру тетіктері, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру бағыттары, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты оның ішінде – баспана мәселесі кеңінен қаузалды. Жолдаудағы бұдан басқа да пандемия жағдайындағы күрделі мәселер жаңа жағдайда, жаңа бағытта шешімін таппақ.
Жер бетінде соңғы жүз жылда болмаған індеттің кесірінен барлық елдердің экономикасы құлдырап, даму деңгейі төмендеді. Осыған орай, ел мен жердің тыныштығын, халықтың денсаулығын, экономикалық тұрақтылығын сақтау үшін шұғыл шешімдер жасалды. Соның арқасында елдігіміз бен теңдігіміз, ауызбіршілігіміз артып отыр.
«Біріксек алынбас қамал жоқ» демекші осынау өтпелі кезеңде ынтымақ пен татулықтың туын бекем ұстап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек. Бұл жаңа Жолдаудың мән-мағынасы, артар жүгі де осыда жатыр.
Өте орынды шешім
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын мұқият тыңдап шықтым. Жолдауда еліміздің ертеңін бүгіннен бастап жоспарлауға арналған бірнеше бастамаларға кеңінен орын беріліпті. Халықтың әлеуетін арттыру мақсатындағы игі істердің жүзеге асырылуына арналған бағыт-бағдарларлар Жолдаудың өн бойынан көрініс тауыпты. Әсіресе, қашанда өзектілігін жоғалтпай келе жатқан баспанаға қатысты мәселе халықтан қолдау табатыны айқын. Елдің зейнетақы қорындағы жинақталған ақшасының белгілі мөлшерін баспана алуға пайдалана алатындай жағдай жасалса, бұл дегеніңіз үлкен көмек емес пе. Осы мәселе ендігі жерде сөз жүзінде қалып қоймай, іс жүзіне асырылса нұр үстіне нұр болар еді.
«Бұл реформа тұрғындарға зейнетақы жинағына ақша салуға стимул болады. Тұрғын үй мәселелерін өздігінен шешуге табысы жетпейтін азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі»,- деп астын сызып тұрып айтты мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында. Бұл менің ойымша, өте орынды шешім.
Бекболат БІРБАЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ауылшаруашылығы өзекті мәселе
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің осы жолғы халыққа арнаған Жолдауында ауылшаруашылық мәселелеріне тереңірек тоқталғаны көңіліме қонды. «Ауылшаруашылығын дамытпай, экономиканы көтере алмаймыз» деп атап айтыпты. Сондай-ақ, өзекті мәселені жолға қоюдың тиімді жолдарын да ұсынғаны, көкейдегі ойды қанаттандыра түскені анық. Ауылшаруашылығына қатысты шешімін таппай, экономиканы тығырыққа тіреп отырған жайттар шаш-етектен бүгінде. Соның салдарынан жекелеген адамдар мақсатты іске бел шешіп кірісе алмай, шаруашылығын дамытып, кәсібін дөңгелете алмай отырғанын жасыруға болмайды. Президенттің «Ендігі кезекте осы саладағы кемшіліктер түзеліп, жеке шаруашылықтарға қолдау көрсетіледі» дегенін орайлы шешім деп қабылдадым. Ауылдық жерлердегі жеке шаруашылықтардың өркен жаюы, өзінің ғана табысын тұлғаландырып қоймай, жұмыссыз адамдардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететіні анық.
Отанымыз ұланбайтақ. Жеріміз құнарлы. Асты да, үсті де қазынаға тұнып тұр. Осы игіліктерді экономиканың басты тірегіне айналдыра алсақ, еліміз үшін үлкен олжа болар еді. Осыған қатысты Жолдауда Мемлекет басшысы атап көрсеткен мәселелерді қос қолымды көтере қуаттаймын.
Марат Себдайыров,
«Мирас» шаруа қожалығының төрағасы.
Тегістік ауылы.
0 Пікір