ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗЫН ӨТЕДІ

       Ағымдағы айдың 12-ші жұлдызында аудан орталығы Нарынқол ауылындағы Тельман Жанұзақов атындағы орта мектепте «Оқу ағарту ісінің үздігі», «Ардақты ана» төсбелгілерінің иегері, ұлағатты ұстаз Тұрғынбекова Бисара Тұрғынбекқызы атындағы химия сыныбы ашылды. Жоғарыда аталған сыныптың ашылуына демеуші болған Бисара Тұрғынбекованың ұлы ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының академигі, ХАА академигі, Еуразия Халықаралық Ғылым академиясының академигі, физика — математика ғылымдарының докторы, Люблин техникалық университетінің құрметті профессоры, Райымбек ауданының «Құрметті Азаматы» Қалимолдаев Мақсат Нұрәділұлы.

       «Туған жерге туыңды тік» демекші, Т.Жанұзақов атындағы орта мектебінің түлегі, ұстаздар отбасынан шыққан профессор Мақсат мырза өзі білім нәрімен сусындаған алтын ұясына келіп көмек беріп тұрады. Заманауи жабдықтармен жабдықталған химия кабинетінде жаңа парталар, интерактивті тақта, жаңа ноутбук, жабдықтар салу үшін шкафтар қойылған. Іс шараға Бисара Тұрғынбекқызы денсаулығына байланысты келе алмай, сіңлісі Бинара апамыз келіп батасын берді.

       Аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы арнайы келіп Мақсат Нұрәділұлына алғысын білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде «Мақсат ағамыз жаңа кабинетті заманауи жабдықтармен толтырып, өз үлесін қосты. Құрметті оқушылар сіздер сапалы білім алу үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр. Сіздер де ел үмітін ақтар азаматтар мен азаматшалар болатындарыңызға сенеміз» — деді. Оқушылармен ұстаздарды құттықтап, Мақсат Нұрәділұлына шапан жапты.

       Сөз тізгінін Мақсат ағамыз алып «Өзім түлеп ұшқан мектепке ат басын бұрмау мен үшін үлкен күнә. Менің қазіргі жетістігіме Алладан кейін себепші ұстаздарым. Мен осы мектептің қабырғасында білім алдым. Қай жерде жүрсемде ешқашан ұмытқан емеспін. Әр азамат өзі шыққан ұяны ұмытпау керек деп ойлаймын. Біз қашанда шәкіртпіз. Үйренер білім алдыдан шыға береді. Ал, ең алғаш оқуды үйреткен ұстаз әрине ыстық. Міне, сол үшін мен алтын ұяма келіп кішкентай ғана үлесімді тигізбекшімін. Бәріміз бірге Қазақстанның болашақ ұрпақтарына жағдай жасауымыз керек»-дейді өз сөзінде. Бағдарлама бойынша, химия пәнінен ұстаздар арасында аудандық олимпиада болды. Қатысушылар 1,2,3 ші орындармен және ынталандыру қағаздарымен марапатталды.

       Концерттік шара ұйымдастырылып, мың бұралған бишілер, әсем дауысты әншілер, өнерлі күйшілер іс-шараның сәнін келтірсе, ауданымыздың спортшылар арасынан воллейболдан жарыста өткізілді.

       Жаңа химия кабинетінде Абдикадырова Ғалия апайымыз 9 «б» сыныбымен «Шебер сынып» атты ашық сабақ өткізді. Түрлі зертханалық жұмыстарды талдай отырып, оқушылармен формулаларды үйренді. Осы ретте Мақсат мырзада оқушыларға түрлі есептер беріп, өз тәжірибесіндегі бірнеше әдістермен бөлісіп өтті.

        Ұйымдастырылған іс-шаралардың қорытынды бөлімінде Мақсат мырза оқушыларға уақыттарын босқа кетірмей, тек біліммен айналысуды жақсылап айтып кетті. Және ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.

       Сонымен қатар, Тегістік ауылындағы М.Мақатаев атындағы орта мектептен ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының академигі, ХАА академигі, Еуразия Халықаралық Ғылым академиясының академигі, физика — математика ғылымдарының докторы, Люблин техникалық университетінің құрметті профессоры, Райымбек ауданының «Құрметті Азаматы» Қалимолдаев Мақсат Нұрәділұлы атындағы информатика — математика сыныбы ашылды. Сапалы білімге қол жеткізу үшін заманауи оқу кабинеттерінің жабдықталуыда аса маңызды. Аталған сыныптың ашылуына мұрындық болған Мақсат Нұрәділұлы осы сыныпқа он екі компьютер мен интерактивті тақта және қуатты проектор, пән мұғаліміне соңғы үлгідегі ноутбук пен жұмыс столы, креслосымен тарту етті. Осынау айтулы шараға қатысып, туған жер үшін жасалып жатқан игі шаралардың басында жүрген Мақсат Нұрәділұлына аудан халқының атынан үлкен алғыс бірдіреміз.

       Сондай-ақ, биік жетістіктерге жетсе де, алғашқы табалдырығын ұмытпаған ағамыздан барлығы үлгі алса дейміз.

Аяла ҰЛАНҚЫЗЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password