Парламент депутаттары ауданымызда

   Жиырма бір жылдан кейін еншісін алған Райымбек ауданы кезең келбетімен көркейіп келеді. Бүгін де орталықта құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.  Шаңырақ  көтерген  күннен қолға алынған жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып, сәнді де сәулетті нысандар бой көтеруде.

  Осынау тынымсыз тіршіліктің арқасында Нарынқол ауылы жаңа қала кейіпіне ене түскендей. Табиғаты көркем, таулы өңірдің берекелі ісіне орынды қуаныштарын  елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы білдіре  келген  халық  қалаулылары ауданымызда болды.

    Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты қарымды журналист Нұртөре Жүсіп және де ҚР Парламенті Сенатының депутаты  Динара Нүкетаевалар бар.

    Келген қонақтарды  аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов қарсы алып, өңірдің тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Кездесу барысында қонақтар әсем ғимараттардың іші-сыртымен танысты. Сондай-ақ, аудандық әкімдікте еңбек етіп жатқан жас мамандармен сөйлесіп, ел болашағы үшін аянбай еңбек ету керектігін түсіндірді. Сонымен қатар жаңа білімді кадрлар дайындау уақыт талабы екенін жасырмады.

   – Елімізде ұстаздарға жағдай жасалып жатыр. Өздеріңіз білетіндей «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңы қабыланды. Жақсы маман болу үшін жастарымыз білімді болу керек. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы», – деп тұғырдан түспейтін  ұстаздарға рух тілеп, үлкен сенім білдірді.

  Кезекті сәтте қонақтар жаңа нысандарды аралады. Бүгінде ел игілігіне жұмыс жасап жатқан Кірістер басқармасының ғимаратына, сондай-ақ, аудандық сервистік әкімдікке, құрылысы біткен халыққа қызмет көрсету оралығына  бас сұқты. Өзге ауданда жоқ екі қабатты ХҚКО ғимаратының сапалы құрылысына жоғары баға берді.

  Райымбек баба мекенін жайлаған жұртшылықтың қоңыр тірлігінен басқа әсем табиғатын тамашалаған халық қалаулылары осынау ордалы өлкені көздің қарашығындай сақтап отырған ел-жұртқа разылығын білдірді.

Елдос Ахметжан, «Хантәңірі».  

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password