Парасат биігіндегі жазушы
Аспантаудан түлеп ұшқан ақын-жазушылардың ішінде Баққожа Мұқаидың жұлдызы ерекше жарқырайды. Жоғары сыныпта оқып жүргеннен-ақ жазушылық қырын байқата бастаған. Әуелі, Баққожаның жазуға-сызуға деген құлшынысын таныған жазушы-журналист Әлнұр Мейірбеков болатын. Бүгінгі буынға ғана емес, сол кездегі мен-мен деген жазушы інілеріне жол сілтеген Әлнұр қария сол кездің өзінде абыздай көрегендік танытқанын ел жақсы біледі. Алаштың ақиық ақынына айналған Мұқағалидың қанатын қатайтқан, жол көрсеткен, ағалық ақылын айтқан кемел кеңдігін, өлшеусіз өшпес өсиетін көрген, сезінген Баққожа Мұқаи да ақсақал сенімімен бірге ел сенімін де абыроймен ақтай білді. Оны жазушы еткен, бір пайыз таланты мен тоқсан тоғыз пайыз еңбекқорлығы десек еш қателеспеспіз.
Бүгінгі той, бүгінгі басқосу Баққожаның ғана емес, өзі сыйлаған, өзін сыйлаған халқының мәртебелі қуанышы деп білеміз. Аңыз адамдарды ардақтай жүріп, өзі де сол алыптардың қатарына үркердей қосылғанын құрметтеп, қошеметтеп келіп жатқан нөпір халықтың ықыласынан аңғарғандаймыз.
Екі күнге созылған жазушыны еске алу кеші алдымен кең көлемде «Баққожа Мұқаи шығармашылығындағы ұлт болмысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды.
Алқалы жиын ҚР БҒМ Ғылым комитетінің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Руғани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бұл, еліміздегі қазақ авторларының шығармаларын талдау арқылы, халық арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау мақсатында бастама болып отыр.
Конференцияның ашылуында профессор, ҚР ҰҒА академигі Уалихан Қалижанов алғы сөз сөйледі. Жазушының өмір жолынан естеліктер айтып, әдебиетке қосқан өлшеусіз еңбектерін атап өтті.
Сонымен қатар, ғылыми-конференция жұмысына жазушының қаламгер достары, әріптестері, белгілі жазушылар мен журналистер қатысып, есті естеліктерімен бөлісті.
Ақын Нұрлан Оразалин жазушының әдебиетке төккен терінің өлшеусіз болғанын және оның шығармалары әлі күнге дейін үлкен сұраныста екенін жеткізді.
–Қалың-қалың романдардың дүниеге келуі «Өмірзая» атты атақты романның Мемлекеттік сыйлыққа ие болуы, «Иірім» деген прозалық дүниесінің оқырманның көңіліне барып қонуы және өзі туып-өскен өңірі туралы жазған атақты «Жалғыз жаяу» деген дүниесінің бәрі көлемді. Мұның барлығы Баққожаның қазақ прозасына селтеусіз қызмет еткені деп білемін,– деді.
Жазушының прозада сәтті еңбек еткенін, сондай-ақ драматургия жанрында да жанын сала жұмыс жасағанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі.
Алқалы жиында Баққожа Мұқаидың жазушылық шеберлігі, көркем сөздері, әдебиетте алатын орны туралы баяндамаларда кеңінен айтылды. Сонымен бірге жазушының тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түркімен, корей тілдеріне аударылған көркем туындылары жайлы, оның қоғамда алатын орны туралы көптен көп сөз болды.
Екінші күнге ұласқан жазушының еске алу кеші М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жалғас тапты. Онда жазушының барлық шығармаларын келген қонақтар көрмеден тамашалады. Өзі ұзақ жыл 1995 жылдан 2008 жылға дейін еңбек еткен «Парасат» журналының ұжымы жазушы туралы тың деректер мен ақын, жазушылардың жерлесіміз туралы айтқан пайымды пікірлерін, сонау («Советтік шекарадан») қазіргі аудандық «Хантәңірі» газетінен бастаған еңбек жолын түрлі түсті суреттермен тартымды әрі қызықты етіп шығарған екен. Жазушының туған-туыс, дос-жарандары, алыс-жақыннан келген қаламдас іні-қарындастары бәрі-бәрі бүгінгі жақсылықтың басынан табылды.
Қай салада да қалам терб
есе де қазақтың кешегісі мен бүгінін тарихи жағдайлармен байланыстырып, философиялық оймен тұжырымдай білді. Әсіресе, рухани ахуалға ерекше көңіл бөлген. Заманының ең өзекті көкейтесті тақырыптарын көтеріп, қаламдас, сыншылар тарапынан, оқырмандар атынан лайықты бағасын да алды.
Бұл жайында жазушы: – Романның жазылуы маған түрткі болған жағдай. Елім тәуелсіз болса, бодандықтан құтылса өз бетінше дербес жеке мемлекет болып өмір сүрсе деген арманым болды. Ал енді осы тәуелсіздіктің жолында құрбан болған біздің асыл бабаларымыз, әкелеріміз аз емес. Романның басты кейіпкері де елінің тәуелсіздігі, елінің, халқының бостандығы, азаттығы үшін күрескен азаматтың қайғылы тарихына арқау болған. Адамның аз ғана өмір сүретін уақытында мақсатсыз ғұмыр кешкен адамның өмірі зая. Елінің ертеңі үшін күрескен, бостандығы үшін ажалдан да айыл жимаған азаматтардың өмірі ешқашан зая кетпейді –дейді өз сөзінде.
Баққожа Мұқаидың өзі көзі тірісінде-ақ бағасын алған шығармалары бір бұл емес. Солардың ішіндегі шоқтығы биіктерінің қаз қатарында театр репертуарында ұзақ жыл орындалған «Сергелдең болған серілер» қойылымы да бар. Дәл бүгінгі басқосуда көпшілікке арнап, осы бір шығармасы сахналанды. Аталмыш комедияның тақырыбы бүгінгі күн проблемаларын көтерумен бағалы. Мораль, әдеп, адамдық ара қатынастар желісі уытты күлкі, ащы юмор арқылы әдемі өріліп, актерлердің тамаша да тапқыр ойындарынан ғажап шынайлық табады. Оған көзімізді жеткізген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері осы қойылымның режиссері Оразхан Кенебаев, әсем де, сұлу Сайраны сомдаған Ш.Жанысбекова, ардың-гүрдің мінезі бар Айжанның кейіпіне енген Д.Темірсұлтанова, сергелдең болған серілердің ішінен Жанның рөлін алып шыққан А.Боранбай, Нұрбайды келістіре ойнаған Б.Тұрыстар жазушының шығармасын шеберлікпен асқақта жеткізді. Көпшіліктің көзайымына айналған әртістерге келген қонақтар аяқтарына тік тұрып, қошемет көрсетті. Бұл да болса өнерге, әдебиетке деген асқан құрметтің белгісі болса керек.
Жазушының керемет кешіне Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Маемиров, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, актер, театр қайраткері Сәбит Оразбаев, жазушы Смағұл Елубай, жазушының ұлы Ерлан Мұқаи ел қошеметімен сахна төріне көтерілді. Өз кезегінде Ұ.Есдәулет Б.Мұқаидың 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, Қазақстан Республикасы Парламент сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың арнайы құттықтауларын жеткізді. Бұдан кейін Жазушылар Одағының атынан Баққожа Мұқаидың жұбайы Нұржамал Ахметқызының иығына камзол жауып, қошемет көрсетілді.
Жиырма бір жылдан кейін еншісін алған ауданымыз Нарынқолға оралып жатқан шақта талай жақсылықтың куәсі болдық. Сондай бір келелі басқосуларда аудандық мәдениет үйінің атын Баққожа Мұқаидың атына берсек деген көпшілік қауымнан ұсыныс болған еді. Ендеше жазушының 70 жылдық мерейтойында осы бір игілікті істі атқамінер азаматтар аяқсыз қалдырмаса дейміз.
Серікжан Мурасилов,
Алматы қаласы.
0 Пікір