«Пайда ойлама, ар ойла»

      Адалдық адам баласының айнымас серігіне айналса ғана тіршіліктегі игі мақсаттар өз мұратына жетпек. Ал, ол пендеден қашық болса сүрген өмір, жасаған қызмет бәрі баянсыз әурешілік болып елеусіз қалмақ. Осыны тереңнен зерделеген хакім Абай «Пайда ойлама, арды ойла» деген қасиетті қағиданы кейінгіге ұлы аманат ретінде қалдырды. Өйткені адал еңбек пен ар намыс әр адамның тіршілікке тірек етер негізгі темірқазығы. Тек қана қара бастың қамын ойлап, жөнді-жөнсіз пайда қуу –   адамның көзін байлап ізгі өмірінің мән-мағынасын жояды. Бұл жерде Абай қулықпен келген дүние пендені берекесіздікке ұрындыратынын алға ұстап тұр. Адал еңбектің көрігі қызған жерде, адамның ары да таза. Абай жоғарыда біз мысал етіп алған өлеңінің келесі шумағында «Талап қыл артық білуге» деп ізгіліктің бастау-бұлағы білімде екенін шегелеп айтады. Яғни, ар мен білім адамды туралыққа бастайтын қасиетті күш екені байыптап көрсетіледі.

       Данышпан тілге тиек еткен осы екі ізгі құндылық бойынан табылған мемлекет қызметшісі халқына адал қызмет етудің салтанатты үлгісін бойына дарытады. Себебі әдеп, адалдық, турашылдық, еңбекқорлық, парасаттылық, халықшыл рух бәрі-бәрі осы құндылықтан бастау алады. Өзіне жүктелген жауапты міндетті бар жігерін жұмсап, адалдықпен атқара алған қызметкерді өмірдің өзі абырой биігіне алып шығады. Ауданымыздың әдеп жөніндегі уәкілі ретінде өз қарамағымыздағы қызметкерлерге жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұртшылықпен жұмыс жасауда Абай айтқан адами қағидалардың артықшылықтарын ұдайы айтып отырамын. Сайып келгенде бұл қасиеттер біздің болмысымызға жаратылыстан дарыған адами артықшылық. Сол жақұтты кірлетіп алмауымыз керек. Ауданымыздағы барлық білім ошақтары, әкімшіліктер мен мемлекеттік мекемелер елге адал еңбек етіп, қарапайым халықтың талап-тілегінің үдесінен шығуға бар жігерін арнап жүр деп сенеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын Мемлекет» тұжырымында да біздің басты байлығымыз адалдық екенін шегелеп айтады. Президент сөзінен тағылым алып, осы қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыру әрі өмірлік қағидамызға айналдыру бәріміз үшін абыройлы міндет.

Ғалым ЖУСАНБАЕВ,

аудан әкімінің орынбасары,

Әдеп жөніндегі уәкіл.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password