П А Р Т О Р Г Райымбек ауданының Құрметті азаматы, ардақты ақсақал Жақсылық БАЙСЕРКЕЕВ жайлы әңгіме

        Ауыл адамдары Жақсылық ағаның есімін атамай, «парторг» дейтін еді. Бұл сөздің қалыптасып кеткені сонша, коммунистік партия тұғырынан тайып, ұмытыла бастаған бұл күнде де Жақсылық ағамыздың «парторг» аты ел аузынан түсе қойған жоқ. Бәлкім бұл, аптал азаматтың компартия ісіне адалдығының, өзінің атқарып отырған қызметін жақсы көретіндігінің, адамдармен адами тұрғыда қарым-қатынас орната білуінің нәтижесінен шығар. Жасыратыны жоқ, бір кездері қызметтік сатысын өсіру мақсатымен партия қатарына өтіп алғандардың әркім қара басының қамын күйттейтін, бүгіні бар, ертеңі бұлыңғыр осына алмағайып сәт туғанда заманның ыңғайына қарай жығылып, компартяның теперішін көріп қалғандай-ақ, жерден алып-жерге салатындар кездесіп қалады бүгінде. Рас, қазандай қайнап жатқан мына жарық жалғанда кемшіліксіз дүние жоқ. Компартияның саясатында да кемшін тұстар, солақай шешімдер болды, әрине. Бірақ, тәлім-тәрбиеге, ұйымшылдыққа, татулыққа, теңдікке бастаған ұраны Құран сөзінен кем болмағаны ақиқат. Осыны іштей мойындаса да, отын оттап, суын ішкен қоғам қозғалысын біржақты ғана пайымдайтындарға Жақсылық аға үзілді-кесілді қарсы. Өйткені, компартия бұл кісілерге тізгін ұстатқанда, қарапайым еңбек адамдарының басына әңгіртаяқ ойнат деген жоқ. Керісінше қоғамды дамытуда еңбек адамдарын үгіттеп, Отанының гүлденуі жолында белсенділік танытуға шақыр, деді. Мейірімділіктің үлгісін үйрет, қайырымдылықтың қағидасын ұғындыр, деді. Ал, мұның несі жаман.

        Жақсылық ағамен сонау 80-ші жылдары газет жұмысына қатысты талай мәрте араласқаным бар. Аталған шаруашылыққа іссапарға баратынымды бір күн бұрын телефонмен хабарлап қоямын. Жақаң уәделескеніміздей мен барғанша кабинетінен тапжылмай күтіп отырады. Жұмысымыздың «біссімілләсі» амандық-саулық сұраудан басталып, ісімізге сәттілік тілеумен аяқталған соң, парторг менің келген мақсатымды, шаруашылықтың қай салаларын аралауға байланысты жоспарымды сұрап алады. Сосын, жұмыс орнындағы кейбір мәселелерді айналасындағы жауапты адамдарға тапсырады да, «УАЗ» автокөлігіне қатар жайғасып, совхоздың картоп алқаптарын, тауарлы сүт фермаларын, құрылыс орындарын аралауға шығып кетеміз. Тасы өрге домалап тұрған шаруашылықтың Кеңесбай Байқановтай басшысының қасында партия ұйымы хатшысының да бет-беделі осал емес. Қай қиырға салсаңыз да өз жұмысын жақсы білетіндігі тайға таңба басқандай айқындалып тұрады. Партия жұмысын тастаяқтай қағыстырып әңгімелейді. Цехтық партия ұйымындағы іргелі істерді, шаруашылық жұмыстарындағы коммунистердің белсенділігін, белгіленген жоспарлы меженің апта сайынғы орындалу барысын, еңбеккерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, социалистік жарыстың деңгейін қағазға қарамай-ақ, жатқа соғады. Барған жерлерімізде еңбек адамдарымен етене әңгімелесіп, хал-жайларын сұрауды да ұмытпайды. Екеуара әңгімеміз де жарасым тауып, көңіл көкжиегіміз көкке самғап кетеді. Сәті туып, ағаның өткен өмірі жайында сұрағаным, басынан кешкен талайлы тағдыры туралы біраз мәселеге қаныққаным бар.

        Жақсылық аға 1936 жылы қасиетті Тәңіртау етегіндегі Қақпақ ауылында қарапайым отбасында өмір есігін ашыпты. Әкесі Байсерке Құлмырзаұлы шаруа баққан еңбектің құлаторысы екен. Колхоздың қара жұмысына жегіліп, таңды жұмыспен атырып, күнді жұмыспен батыратын Байсерке Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып, қан майданға аттаныпты. Майдандағы жорық жолы Ленинград қаласын жау қоршауынан азат етуден басталыпты. Бейбіт заманда еңбекке қандай құлшыныс танытса, соғыс өтінде де сол мінезінен жаңылмай, қанды майданның алдыңғы шебінен табылып жүрген ержүрек жауынгер күнкөсем атындағы қала үшін кескілескен бір ұрыста қапыда мерт болады. Осы бір адам жанына қайғының қара таңбасын басқан қаралы хабар сол кездің тілімен айтқанда «қара қағаз» болып, онсызда шықпа жаным шықпамен отырған отбасының шаңырағына күйрете соққы бергені анық. Қайғының қара бұлты болып қатарынан үш мәрте келген сол бір аты да, заты да жаман қаралы қағаз Жақсылық ағаның сандығында сарғайған күйінде әлі күнге сақтаулы. Шаңырақтың ендігі тағдыры отанасы Бәтеннің мойнына түскені анық.

       Бәтен ананың, замандастарының төніп келген тажалға қарсы қажыр-қайрат көрсетіп, мылтықсыз майданның солдаты болғаны бүгінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге болса қане! Колхоздың сан-салалы қара жұмысына шегіліп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, қанша қалжыраса да асантынан келген тажалға қасқайып қарсы тұрғанын ерлікке қалай баламассың. Өйткені, ертеңге деген, қара бұлттың артынан шайдай ашылып күн шығатынына деген сенім болды жүрегінде. Сол сенімі алдамады. Жеңіс туы желбіреп, бейбіт өмір салтанат құрды. Бірақ, ел басындағы соғыстың ауыртпалығы әлі де бар еді. Бәтен ана жұмысын сауыншылықпен алмастырып, сүт бұлағына ағызуға ден қойды. Еңбекке шегіліп, жұмыстың небір қиындығына төтеп берді. Сөйтіп, маңдай терінің төлемін балаларын азамат етіп өсіруге, тәлімді тәрбиеге арнады. Байсеркенің көзі болып артында қалған 2 қыз, 2 ұлды жетімдік көрсетпей, қанаттыға қақтырып, тұяқтыға тептірмей өсіруді аналық борышы санады. Еңбегі әділ бағаланып, саңлақ сауыншылардың қатарында абырой арқалады. Құрметті зейнеткер атанды. Осынау жарық дүниеге разы-хош қалпында 1991 жылы өмірден озды. Өйткені, асыл жары аманат етіп қалдырған балаларының көңіліне кірбең шалдырмай өсіріп, солардың қызығына кенелді. Солар өсіп-өркендесе деген арманына жетті.

       Қайғысы мен қуанышы қатар өрбіген қырқыншы жылдардың аяғына салым мектеп есігін ашқан Жақсылық ауылында жатып оқитын үйі болмағасын Буденный атындағы жеті жылдық мектептің интернатында жатып оқуға мәжбүр болады. Интернаттың қара наны мен қатықсыз қара суын қорек етсе де әрбір тыныш атқан таңына, мектептен алып жүрген біліміне іштей тәубешілік жасағаны есінен шыға қоймас, сірә да! Сол кездегі ұстаздар қандай еді,шіркін! Білім бұлағымен әрбір шәкірттін қандыра суармаса ішкен-жегендері бойларына сіңбеуші еді, жарықтықтардың. Шабанбаев Сүлеймен, Көзімбеков Дігәрбек, Шегебаев Күркебай, кейін Нарынқолдағы Абай атындағы орта мектепте дәріс берген Әлімбеков Баданбек, Қонаев Бодан, Айтіленова Мәриям,Исенбаев Нұрмет, Қалимолдаев Нұрәділ, тағы басқа да ұстаздардың әрқайсысы өз алдарына бір-бір мектеп еді. Солардың алдынан дәріс алған шәкірттерінің көбісіақ, кейін қоғамға,еліне адал қызмет етуге татитын азаматтар болғаны анық. Жақсылық аға өзін білім нәрімен сусындатқан сол аяулы ұстаздарын зор құрметпен еске алуды жадынан шығарған емес.

        1958 жылы Нарынқолдағы Абай орта мектебін белсенділер қатарында бітіріп шыққан Жақсылық Байсеркеев сол тұстағы КСРО басшысы Хрушевтің орта білім алып шыққандар жоғары оқу орнына түсу үшін екі жыл өзі туған ауылында қалып, шаруашылық жұмысына қатысуы тиіс деген жарлығымен Сталин аталатын колхозға мүше болып кірді. Екі жыл шаруашылықтың түрлі жұмыстарына қатысты. Трактор тіркемесіне тиеуші болды, қой төлдетті. Көктемде тұқым себуге араласты. Астық орағы кезінде автокөлік жетіспегендіктен арба айдап, қырманға астық тасыды.

       Екі жыл шаруашылықта еңбек еткеннен кейін арнайы жолдамамен жоғары оқу орнына түсу үшін Алматыға сапар шеккені, автобус жоқ, бүгінгідей асфальт жол жоқ қара жолмен жүк таситын автомашинамен шаңдатып астанаға жеткені есінде. Жолы болып, үлкен оқу орнына өзі қалаған мал дәрігері мамандығы бойынша оқуға қабылданды. 1965 жылы жоғары білімді жас маман оқу орнының жолдамасымен алғашқы еңбек жолын Целиноград облысының Жақсы ауданына қарасты «Есіл» астық кеңшарында бас малдәрігері болып бастады. Тәжірибеден өтті. Осы жерде үш жыл жұмыс істеген білікті маман отбасылық жағдайына байланысты туған ауылына атбасын бұруға бел буғанда кеңшар басшылары да, аудан басшылары да жібергісі келмегені, ауылдастарының қимастықпен шығарып салғаны күні кешегідей көз алдында.

       Атамекен, туған жеріне келгенде аудан басшылары тәжірибесі мол маманды ойланып жатпай-ақ, Энгельс атындағы колхозға бас мәл дәрігері етіп тағайындады.Шет жерде жүріп жинақтаған тәжірибесін осы шаруашылыққа молынан пайдаланып, отымен кіріп, күлімен шықты. Аталған шаруашылықта мамандығы бойынша 14 жыл қызмет атқарды. Қыста қар төсеніп, мұз жастанса, жазда аптапқа күйіп, жел мен жаңбырға қақталды. Азабы шаш етектен келетін мал шаруашылығын әріптестерімен бірге өгіздей өрге тартысты. Сөйтіп,төрт түліктің өз төлі есебінен көбеюіне, мал басының аман сақталуына, осы саланың дамуына лайықты үлес қосты. Тәжірибелі маманның ерен еңбегіне осы саланың сүйегін шағып майын ішкен әріптестері де, малшы қауым да үлкен ризашылықпен қарап, өздеріне үлгі тұтты. Сол тұстағы ұжымшар бастығы Кәкен Есмолдаев, партком хатшысы Ташаухан Әлімбеков сияқты көрген-түйгені мол басшылар да Жақсылықтың еңбегін әрдайым жоғары бағалап, атына жылы лебіз айтудан жалықпаған екен. Абырой биігіне көтеріп,құрмет көрсеткен де, коммунистік партияның қатарына өтуіне ықпал жасаған да солар еді. Карл Маркс кеңшарына партком хатшысы қажет болғанда, жоғарыда аталған кісілер аудандағы басшыларға сөздерін өткізе жүріп, Жақсылықтың тағайындалуына себепші болғаны да ақиқат. «Өзі жақсы адамға қайда болсын бір кісілік орын бар» деген тәмсіл осындайдан айтылса керек. Карл Маркс кеңшары бір кездері шаруасы шатқаяқтап, қарыздан көз ашпаған болса, Кеңесбай Байқановтай іскер басшы, ұтқыр ұйымдастырушы басшылық жасаған шақтарда оза шауып алға шыққаны, экономикасы анағұрлым дамығаны белгілі. Соның нәтижесінде ауыл мәдениеті өсіп-өркендеді. Еңбеккерлердің әл-ауқаты анағұрлым жақсарды. Шаруашылық, жарыс көшінің алдыңғы шебінен көрініп, орталықтың ауыспалы қызыл туын бірнеше дүркін жеңіп алды. Мұндай толайым табыс, жемісті жетістікке қол жеткізуге сол тұста Жақсылық Байсеркеев жетекшілік ететін партия ұйымының да үлесі мол болғанын айтқан орынды. Шаруашылықтың жетістігі партия ұйымының да абыройын асқақтатты. Партия мен үкімет, халық алдында еңбегі әділ бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде өңірінде төсбелгілер, мерекелік медальдар жарқырады. Жақсылық аға партия ұйымының хатшысы болып, бір орында табан аудармай 13 жыл абыройлы қызмет атқарды. Осы уақыт аралығында өз салама ғана жауап беремін деп кабинетінде отырып алған жоқ. Таң қылаң бергеннен кеңшар директоры ауылдың бір шетіндегі жұмыстарды бақылауға шықса, парторг екінші жағындағы жұмыстардың басы-қасынан табылды. Еңбеккерлерді жұмысқа ұйыстырып, ұйымшылдыққа шақырды. Партияның ішкі-сыртқы саясатын ұжым арасында үздіксіз насихаттауға барынша ден қойды. Көргені көп көне көздердің ақыл-кеңестеріне ден қойды. Жастарға ақылшы аға бола білді. Осы қызметін атқара жүріп, құрметті еңбек демалысына шықты.

       Жақсылық ағаның зейнетке шыққаннан кейін де қарап жатпай, ауылдастарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтау жолындағы еңбегі де өз алдына дастан боларлық. Зейнетке шықтым екен деп үйде жатып алмай, ауыл әкімінің бір жағына шығысып,ауылдың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы жағдайының қайта түлеуіне, мәдениетінің көтерілуіне қосқан үлесі екініңбірінің үлесіне тие бермесі анық. Әсіресе, Жақаң атқарған мына төмендегі істерді саралап айтсақ, артық болмайды. Текес ауылы аудандағы 5000 тұрғыны бар іргелі ауылдардың қатарында. Жаңа Текес осы ауылға қарайды. Өзеннің екі жағасына орналасқан екі мекен ағалы-інілідей ара жігін ажыратқан емес. Осы жердің тұрақты тұрғынына айналған Жақсылық аға шаруашылық тарағаннан кейін, сәні мен салтанаты жарасқан екі ауылдың күйі кете бастағанына жаны күйзелген адамның бірі. Сол тұста ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағалығына сайланған Жақаң осы бір керағарлыққа шыдамай тағы да атқа қонды. Ауылдық әкімшілікпен бірлесіп, олқылықтың орнын толтырудың тиімді жолдарын қарастыруға білек сыбана кірісті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына, аудан, облыс әкімдеріне, бизнестің құлағын ұстап отырған азаматтарға арнайы хат жазып, көмек қолын ұсынуларын өтінеді. Өтініші қабыл болып, ауыл ішіндегі көпшілікке қызмет көрсететін ғимараттар қайта түледі. Атағы облыс көлеміне танылған Балалар өнер мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір бұл шаңырақ жас буынды өнерге баулуда жаңаша қарқынмен жұмыс атқаруда. Ақсақалдар алқасы төрағасының араласуымен ауыз су мәселесі де орынды шешімін тапты. 120 метр тереңдіктен таза су шығарылып, тұрғындар таза ауыз судың игілігін көруде. Сол тұстары ауыл тұрғындарының қолымен жасалған ауыл сыртындағы демалыс саябағы да уақыт тудырған қиындықтың желеуімен оталып кеткен еді. Бұл іске де белсене араласып, аудан әкімінің есігін тоздырды. Нәтижесінде саяжайдың айналасы қоршалып, ағаштар отырғызылды. Сөйтіп, саябақ бұрынғы жайқалған қалпына қайта келді. Ауыл тұрғындарының қолдауымен ауылдан құрылысы жаңа басталған Мешіт құрылысы артынша сен салар да мен салардың күйімен тоқтап қалған болатын. Бірнеше жыл бейшара күй кешкен қасиетті шаңырақ Жақсылық ағамыздың араласуымен ойдағыдай аяқталып, ауыл тұрғындары қазір игілігін көруде. Ауылдың орталық көшесі Ұлы Отан соғысының ардагері, Даңқ орденінің толық иегері Бейқұтбай Дембаевтың атымен аталады. Бір кемшін тұсы, батырды тірісінде көзі көргендер болмаса, бүгінгі ұрпақ бет-бейнесін түстей алмайтыны анық. Не істеу керек? Жақсылық аға мұның да жолын іздестіріді. Лауазымды орындарға атсабылтып жүріп, көшеге батыр жерлестерінің ескерткішін қоюға дұрыс шешім шығуына мұрындық болды. Қазір аталған көшеге орнатылған батыр ескерткіші, үлкен де, кіші де тағзым ететін қасиетті орынға айналған.

        Жақсылық ағаның араға жыл аттатып Елордасы Астанаға барып тұрғаны бар. Аты — сонда тұратын балаларына қыдырып бару болғанымен, заты — баяғыша ел қамына байланысты мәселе. Бір барған сапарында сол тұстағы Мәжіліс депутаты Ермұхамет Омаровтың қабылдауында болып, аудандағы егіншілікке қатысты мәселені алдына қояды. Ол – Хантәңірі шыңының етегінен бастау алатын арыны қатты Байынқол өзеніне бөген жасауға техника қажет екенін айтып, көмек сұрайды. Сөзі жерге қалмай, өзекті мәселе депутаттың араласуымен оңды шешілді. Нарынқол су шаруашылығына 2 миллион теңге қаражат бөлінді. Сол ақшаға бөгет тұрғызатын қуатты трактор да, экскаватор да, жеңіл автокөлік те, тіпті кеңсенің мүлік-мүкамалдары да келіп, су шаруашылығы тығырықтан шыққан екен. Жақсылық ағаның тағы бір көтерген мәселесі- ауданның көрші ауданға қосылғаннан кейінгі жай-күйі еді. Астанаға барған келесі бір сапарында бұл жайтты сенатор Қуаныш Сұлтановтың алдына қойып, ауданды бөлуге ықпал жасауын өтінеді. Сенатор көптің көкейінде жүрген мәселенің уақыты келген кезінде шешілетін айтып көңілін марқайтса, Тәңіртау етегінің тумасы, Мәжілістің мәртебелі орындығында отырған жерлесі «Бәріміз бір қазақтың баласымыз ғой. Несіне бөлініп, жарыламыз» деп өзекті мәселеге басын ауыртпайтын кейіп танытқаны жүрегіне инедей қадалғаны есінен шыға қойған жоқ. Бүгінде 85 жасқа толып отырған ардақты ақсақалдың атқа қонып, атқарған қызметі атсыз, аяқсыз қалған жоқ. Еңбек ардагері, Райымбек ауданының, Текес ауылының Құрметті азаматы, кеңестік кезеңде екі мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайлануы, екі мәрте облыстық партия конференциясына делегат болып қатысуы ел алдындағы адал еңбегінің жемісі. Бұдан басқа абырой-атақтарын жоғарыда келтірдік. Сонымен қатар қоғамдық негізде 30 жыл бойы Шонжы шекара отрядының штаттан тыс жедел қызметкері болғаны үшін I және II дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталуы да Жақсылық ағаның ел шетінің тыныштығына бей-жай қарай алмағанын көрсететіні анық.

        Жақсылық ағаның өмірлік қосағы, асыл жары Нұркамал Ысқақова да 40 жыл ұстаз болып, жас буынды білім нәрімен сусындатқан ұлағат иесі. Қаз МУ-дің филология факультетін бітіргеннен жас буынға орыс тілі мен әдебиетінен дәріс беріп, білім-білігімен құрметке бөленді. Осы саладан зейнеткерлік демалысқа шықты. Бүгінде ол кісі де 85-ке толып, асыл жары екеуі үлгілі отбасының, шаттығы мол шаңырақтың мәуелі бәйтерегі атанып отырған жайы бар. Екеуінің кіндігінен тараған 3 ұл, 4 қыз да әке көріп, оқ жонған, шеше көріп тон пішкен дейтіндей тәлім-тәрбиемен ержеткен азаматтар. Бір-бір шаңырақтың иелері. Бәрі де жоғары білімді. Үлкені Есілбек әскери қызметкер. Осы саладан зейнетке шықты. Қазір әскери институтта дәріс береді. Зайыбы да әскери қызметте. Ермегі болса, ердің жасы 50-ге толды. Алматы архитектура-құрылыс институтының түлегі. Қазір Ақмола облысының Шортанды ауданында жер бөлімінің қызметкері. Жолдасы медицина маманы. Ерболы жай жұмыстар атқарды. Осыдан төрт жыл бұрын көпке сыйлы абзал азамат кенеттен өмірден озды. Жаны Жәннатта болсын. Артында жолдасы Нұржан мен әкесінің көзіндей болып балалары қалды. Қос қария бұл қайғыны Алланың бұйрығындай қабылдап, қайыспай көтерді. Ендігі қалғанының амандығын тілеп, барына тәуба жасады. Қыздары Алма, Сәуле, Ләйла, Жанетта аналарының жолын қуып, ұстаздық мамандықтың тізгінін ұстап жүрген жандар. Ұл-қыздарынан тараған 9 немере, 11 жиен мен бір шөбере ата-әжелерінің көз қуаныштары.

        Біз бүгін әңгіме өзегіне айналдырып отырған, ауылдастарына «парторг» атанып, саналы ғұмырын елі мен жеріне арнаған, малын арының, арын жанының садақасына балаған ардақты ақсақал Жақсылық Байсеркеевтің атқарған ісін осылай әңгіме өзегіне айналдырдық. Бұған ешкім қарсы келе қоймас. Денсаулығыңыз зор, өміріңіз ұзақ болсын! Еліңіздің алдында абыройыңыз асқақтап, мәртебеңіз шыққан биігінен аласармасын, ардақты ақсақал, қадірлі қария!

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Қазақ журналистикасының қайраткері,

Текес ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password