Отан үшін от кешті
Құдабаев Әкімбай 1910 жылы Алматы облысы Нарынқол өңіріндегі Қызылбұлақ деген жерде дүниеге келіпті. Орта шаруа семиясында дүниеге келген Әкімбайдың әкесі Бекұлы Құдабай осы өңірдегі №4 ауылда «Старшын» болған кісі екен. 1911-жылдарда совет өкіметінің келуін қуана қарсы алған Құдабай почта тарту жұмысын Сарыжазбен Текес елді мекендері арасында атқарған екен. 1921 жылы Құдабай дүниеден өтіпті. Ал, Әкімбайдың шешесі Қымбат 1915 жылы өлген екен. Сонымен, он бір жасында жетім қалған Әкімбай ағасының қолында ержетіпті. 1930 жылы Шалкөде өңіріндегі Қошқар деген жерде К.Е.Ворошилов атындағы колхозды құрысып, соқамен жер жыртып, егін салып, мал өсіреді. Әкімбайдың тура отыз бір жасында фашистік Германия Совет өкіметіне қарсы соғыс ашқанын мәлімдейді. Отырықшылық жасап ел болу үшін аянбай еңбек етіп жүрген Әкімбайды 1942 жылы наурыз айында Нарынқолдағы әскери комиссариат бір ай дайындықтан өткізіп, өзі қатарлы бірнеше адамдармен бірге әскер тәртібін аздап үйреніп, май айында бірнеше ауылдастарымен бірге майданға аттанады. Содан соң жаяулап Талғар қаласына келген бұл адамдар РСФСР-дың Чкалов облысындағы Подский станциясында екі ай жаттықтырылады. Содансоң Сталинград майданына жіберіледі. Генерал В.И Чуйков қолбасылық еткен алпыс екінші армия құрамына Сталинградты қорғауға қатысады. Әкімбай Құдабайұлы «Станковый пулемёт»- деп аталатын қарудың бірінші номерлі атқышы болып соғысады. 1943 жылы Сталинград түбінде федьмаршал Паулюс бастаған жиырма екі фашист дивизиясын, үш жүз отыз мыңнан астам солдат пен офицерлерін, 25 генералын қолға түсіріп, тізе бүктіруге қатысқан Құдабаев Әкімбай бұл жолы дін аман шығады. 1943 жылдың декабрь айында Сталинград облысының Клетский қалашығы түбінде немістің «Дон» армиясын жою кезінде белінен және екі қолынан бірдей жараланып, Тамбов қаласында госпитальда бір ай емделіп, одан соң Ташкент қаласына келіп үш ай жатып елге 1944 жылдың жаз айында оралады. Ауылға оралған соң 1975 жылға дейін бір қолымен колхоздың жылқысын Баяқынқызы Әртай екеуі көшіп-қонып, мал баға жүріп, алты ұл, екі қыз өсірді. Олардың барлығы жоғары білім алып ел-жұрттарына сыйлы азаматтар болып өсті. Әкімбай Құдабайұлы бірінші дәрежелі Ұлы Отан Соғысы орденімен және бірнеше медальдармен наградталған екен. Әкімбай Құдабайұлына өз ауылы Қошқарда бір көшенің аты берілген. Барлық құрметке лайықты ардагерлер ұрпақтары барда өлмек емес. Олар мәңгі тірі. Олар қазір арамызда жоқ болса да бүгінгі Жеңістің 75 жылдығы мерекесі күні рухтарыңызға бас иеміз.
Н. Әкімбайұлы,
Талас ауылы.
0 Пікір