Отан байлығын қорғау – борышымыз

        Орман – Отан байлығы. Елдің сарқылмас қазынасы. Ал, табиғаттың бір бөлшегі саналатын осынау орманға деген көзқарас, пайым-парасат әрбір адамның жүрегінен берік орын алатыны,қадірі айрықша бағаланатыны айтпаса да түсінікті. Өйткені, адам баласы өз өмірін табиғат тамашасымен өзектесе өрбітетіні ежелден қалыптасып, айрықша қасиетке ие болуынан жаңылған емес. Орманды көздің қарашығындай сақтап, күтіп-баптап, жас баладай мәпелеуі соның айғағы. Бұл орайда, осы саланың басы-қасында жүрген орманшыларға артылатын жауапкершілік жүгі салмақты екені дау тудырмайды. Мереке қарсаңында біздің арнаулы тілшіміз «Нарынқол орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрбол Мәжитұлы ӘЛИЕВКЕ жолығып, бірнеше сұрақтар қойған еді.

       Нұрбол Мәжитұлы, өзіңізді, өзіңіз арқылы ұжым еңбеккерлерін кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!

        -Рахмет!

      -Орманды ежелден-ақ халқымыз сарқылмас қазынаға, Отанның байлығына теңеген ғой. Сөзіңізді өзіңіз басқарып отырған осынау қазыналы орынның бүгінгі таңдағы жай-күйінен бастасаңыз?

      -Бүгінгі таңда айналамыздағы ортаны қорғау мен табиғат байлығын тиімді пайдалану мәселесі ерекше көтеріліп, назар аудартып отырғаны анық. Экология ұғымының мағынасына терең үңілген адам оның «тіршілік ету міндеті» деген пайымды білдіретінін сезінгені жөн ғой деген ойдамын. Айта кетерлігі сол, Орманшылардың төл мерекесі араға көп жылдар салып барып, биыл үшінші жыл ғана осы қазан айының 3-жексенбісінде аталып өткелі отыр. Аудандық орман шаруашылығына қарасты жер көлемі – 194066 гектар. Оның ішінде орманды алқабы – 62039 га, орман екпелері 17687 га. Мекеме аймағы 6 орманшылыққа бөлінген. Бұл орманшылықтарда қазіргі таңда 6 орманшы, 8 орман шебері, 49 орман күтушісі бар. Мекемеде 2-типті «Орман өртін сөндіру станциясы» жұмыс істейді. Орман орналастыру жобасы бойынша біздің орман қарау аймағы таулы болғандықтан және орталықтан қашықта болғандықтан 1-типті 1 «Өрт сөндіру станциясын» салу жоспарланса, қазіргі таңда Сарыжаз орманшылығына қарасты Қарасаз ауылында 1- типті өрт сөндіру құралдары топтастырылуда. Сондай-ақ, ұжымда еңбек ететін 90-ға жуық адамның 30-ы жоғары, 25-і арнаулы орта, 29-ы орта білімді болып есептеледі. Бәріне де уақыт талабына сай және атқарған жұмыс жетістіктері ескеріле отырып,қажетінше жағдайлар жасалып отырады. Денсаулықтарын күтімелдеуіне қатысты мәселелер талап деңгейінде шешімін тапқан. 32 орман күтуші үймен және моншамен қамтылған. 49 орман күтуші, 1 орман шебері тауда жүріп-тұруға қолайлы мініс аттармен, қыстық-жаздық киіммен, дүрбілермен қамтылған. Кардондардың 13-і электр қуаты, 17-і күн нұры , 2-і электрлі движок арқылы жарықтандырылған.

       -Орман шаруашылығы өз аумағындағы жерлерді ұзақ және қысқа мерзімде жалға беру жұмысын қалай жүзеге асыруда? Бұдан түсер пайда бар ма. Осы жайында ойыңызды білсек?

       -2020 жылы шаруа қожалықтарына, жалпы саны 390 адамға 61761 га жерді қысқа және ұзақ мерзімге пайдалануға жалға берді. Бұдан аудан бюджетіне 5млн.459 мың 178 теңге түсті. Нақтылыққа жүгінсек, бұл соманың 4млн. 464 мың 32 теңгесі жайылымдық, 205 мың 328 теңгесі шабындық жерлерден, 217 мың 344 теңге мәдени сауықтыру, спорт және туризм ретінде пайдаланудан түсіп отыр. Мұның сыртында 10 аңшылық шаруашылығына орман қорынан берілген 172 525 га жерден де айтарлықтай табыс бюджет қоржынына құйылуда. Бұдан орманды аймақтарды жалға берудің пайдасы ұшан-теңіз екенін айқын аңғаруға болады.

        -Нарынқол орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасы туралы не айтасыз?

       -Материалдық-техникалық база соңғы жылдары біршама жақсарды. Орманшыларға 6 қызметтік автокөлік берілген. Биыл«УАЗ» және «К1А» автокөлігі беріліп, бұл сан тағы екіге артып отыр. Сондай-ақ, 2 өрт сөндіру автокөлігі, 2 «МТЗ82», 1 «МТЗ-92», 1 «ДТ-75» тракторлары тіркемелерімен, 1 «Зил-131» автокөлігі, 28 тұрақты, 63 жылжымалы, 9 автокөлік радистанциясы жұмыс істейді.

       -Сөз реті келгенде істің ығын біліп, мекеменің шаруасын шыр көбелек айналдырып жүрген жұмысшы-қызметкерлердің де аттарын атай отырсаңыз?

       -Әрине, мамандықтарын жете меңгеріп, табысты тасқындатып жүрген азаматтарымыз баршылық. Орман қорғау инженері Е. Жұмақанов, орманды молықтыру инженері А. Ақымбаева, орман пайдалану инженері Қ.Узбеков, ӨӨС бастығы Р.Өскенбаев, орманшылар Б.Шоңбасов, Н. Мұқашов, М.Уәлібаев, М.Ерболат, Е.Тілекеев, Ж. Шыңғысов, орман күтушілері А.Тойшиев, Б.Қалымбетов, К.Тәшенов, орман күтушілер Д. Мүсірбаев, А.Берікбаев, А.Сейілбаев, Қ.Қойшыбаев, Д.Жұмашев, С.Иляс, Д.Шойбеков, С.Дөненбай, өрт сөндіруші Б. Кегенбаев, М. Байбұғаев, Е.Анапияев, Н. Көккөзов, механизатор Б.Әлімғожаевтарды зор мақтанышпен атай аламын.

       — Бәрекелді! Сөзіңізді төл мерекеге орай қандай тілек-ниетпен түйіндер едіңіз?

       -Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, анамыздай аялай білсек, келер ұрпаққа саф алтындай таза күйінде қалдыра алсақ, адамдық борышымыздың өтелгені болар еді. Бүгінгі мерекеде мен әріптестестерімнің ойына осы ұғымды сала отырып, осы мақсатқа қол жеткізулеріне, абырой биігінен көрінулеріне тілектес екендігімді білдіремін. Отбастарына береке мен шаттық, дендеріне саулық, жұмыста табыс тілеймін.

       -Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ.

 

        Табиғат – біздің қоршаған үйіміз, сондықтан да оны қорғау, таза ұстау адамзат үшін мінсіз міндет. Нарынқол орман шаруашылығында соның ішінде Байынқол орман шаруашылығында 20 жылдан аса еңбек етіп, маңдай терін табиғат ананы қорғауға төккен Бейбітжан Шоңбасовты ерекше атауға болады. Ел-жұрттың алғысын арқалаған азаматқа аудан тұрғындары дән риза. Табиғатқа балта шауып зиян келтіретін адамдармен күн-түн демей күресетін орманшының жұмысы жауапкершілікке толы.

Суретте: орманшы Бейбітжан Шоңбасов.

 

Орман күзеті зор маңызға ие

       Мемлекеттік мекеме аймағы жер бетінен бақылау күзет аумағына жатады. Мекеме бойынша орман күзеті әр айналымдар бойынша жасалған жерден бақылау сызбасы бойынша жүзеге асырылады. Ауыл тұрғындары арасында үгіт-насихат әңгімелер мен жиналыстар өткізіліп тұрады. Аудандық газетке 5 мақала берілді.

       Өрт апатын болдырмау мақсатында аудан әкімінің №25 03.03.2020 жылғы қаулысы шыққан, осы қаулының №1,2,3 қосымшасында көрсетілгендей селолық округ әкімдерімен бірлесіп жұмыс атқарудамыз. 2020 жылы орманды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауда нақты шаралар жасалып, аудандық төтенше жағдайлар, Нарынқол комендатурасы, кенттік полиция бөлімі, №12 өрт сөндіру бөлімі, Нарынқол емханасы, электр тарату торабы, Қазақтелеком цех бастығы келісуімен бірлескен шаралары жасалып тығыз байланыста жұмыс жасаудамыз.

       Өрт қауіпсіздігі мен орман шаруашылық заңдылықтарын сақтауды үгіттеу мақсатында 2020 жылы ауыл тұрғындары арасында 120 дана үнбеттер, 220 дана ескертулер жасалынды. ТЖБ-і және Аудандық ІІБ-і қызметкерлерімен бірлескен 74 рейд ұйымдастырылып, Шоғансай, Ақкөл, Қайшы және жайлауға, өзен жағалауларына барып демалушыларға ұдайы өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау барысында ескертулер жасалып, тіркеуге алынып отырды. Мекеме бойынша орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтау мен орман шаруашылығы заңдылықтарын сақтау туралы 60 дана түрлі түсті 2х2,5 метрлік үгіт –насихат паносы, 13 жерде тау беткейлерінде өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде ескертпе жазулар жазылды. Бұның бәрі орманшылардың еңбегі.

       Орман өртін сөндіру станциясында нормативке сай өрт сөндіру құралдары толық. Орталықтан алыс орманшылықтарға мотопомпа, күрек, балта, желпуіш топтастырылып қойылған. Шаруа қожалықтарының басшыларымен жеке азаматтарға жазбаша түрде орман өртін болдырмаудың алдын-алу мен ауыл шаруашылық жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау, өрт сөндіруге қажетті құралдарын талапқа сай болуы туралы ескертпелер берілді. Өрт тілсіз жау. Табиғат байлығын қорғау әр азаматтың борышы.

 Ербол Еркінбекұлы,

орман қорғау инженері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password