ОТ ПЕН ОҚҚА ТҮСКЕН

           Соғыс кезінде ер-азаматтар елімізді жаудан қорғау үшін майданға аттанады. Сол жолда көпшілігі құрбан болса, ажал оғы жетпеген біразы жарым жандарын сүйреп, ауылға оралады. Солардың қатарында менің жолдасым Андасов Оспанбай Беркімбайұлы да бар еді. Қазір өмірде жоқ, 76 жасында дүние салды.

       Оспанбай 1942 жылы 18 жасында әскерге шақырылады. Одан бір жыл бұрын туған ағалары Андасов Мергенбай, Дәркенбай соғысқа аттанып, мерт болады. Оскеңнің айтуынша, 1942 жылғы мамырдан 43 жылғы мамырға дейін Чебаркуль қаласында №27 атқыштар полкінде курсант болып, оқу-жаттығудан өтеді. 1943 жылдың жазынан № 14 гвардиялық взводта бөлім командирі міндетін атқарып, Австрия, Венгрия, Чехаславакия, Германия жерлеріндегі шайқастарға қатысады. Ол үшін 1945 жылғы 13 сәуірде «Вена, Будапешт қалаларын азат еткені үшін» медальдарымен марапатталады.

       Оскең, әсіресе, Вена қаласында көп қырғын болғандығын еске алып, қайта соғыс басталып кетеме деген күдік те туғандығын жиі айтушы еді. Соған қарағанда олар соғыстан кейінгі екі жылда да фашистік зобалаңның нақ ортасында жүріпті. Сол жылдары ол «Германияны жеңгені үшін» медальімен, III дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталады.

       Оспанбай 1947 жылғы әскерден келгеннен кейін де бейбіт өмірдің берекесі мен молшылығы үшін адал еңбек етті. Аудандық тұтану қоғамында, мәдениет, байланыс бөлімдерінде, Құрылыс салаларында жұмыс жасады. Отан соғыс Жеңісінің әр жылдардағы мерекелік медальдары мен 1985 жылы II дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1996 жылы Г.К. Жуков медалімен марапатталады.

       Біз Оскең екеуміз 8 бала тәрбиелеп өсірдік. Адал еңбегімізбен оқытып, қанаттандырып ұшырдық. Үлкен баламыз Андасов Мұрат Оспанбайұлы баспагер болса, Андасова Гүлжанат Оспанбайқызы ұстаз әрі заңгер. Қалған балалары да әр саланың білікті мамандары. Бала-шағамызбен басымыз қосылса Оскеңді еске алып, Отан үшін, ел үшін жан беріп, қан төккен Мергенбай, Дәркенбай ағаларының рухына тағзым етеміз.

  Күнсұлу КЕРІМҚҰЛОВА,

зейнеткер, Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password