Қос мереке қуанышы

       Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу – маңызды әрі жауапкершілігі салмақты екені аян. Тәуелсіз еліміздің сындарлы саясатының лайықты жүзеге асуы мемлекеттік қызметшілер атқарып келе жатқан ізгілікті істердің жемісі десек қателеспейміз. Сондықтан, мемлекеттік қызметкер болуды әрқайсымыз абыройлы да қастерлі міндет деп қарағанымыз жөн. Сонымен қатар, еліміздің Ішкі істер саласы да мемлекеттік биліктің ең маңызды құрылымдарының бірі ретінде қоғамда құқықтық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша мәнге ие. Осы орайда аталған сала қызметкерлеріне көрсетілетін құрмет те зор екенін айтқан орынды.

       Ағымдағы аптаның сәрсенбісі күні, яғни 23 маусымда Б. Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде ауданымыздағы түрлі салада еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен аудандық полиция бөлімінің қоғамдық тәртіп сақшылары бас қосып, өздерінің төл мерекелерін зор мереймен атап өтті. Жөні бөлек, еншісі ерек салтанатты жиын мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық тәртіп сақшыларының еліміздің Мемлекеттік Гимніне құрмет көрсетумен басталды. Салтанатты шарада алғаш сөз тізгінін ұстаған аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов қос мереке иелеріне деген ізгі тілегі мен ыстық ықыласын былайша жеткізді:

        — Қайырлы күн, құрметті жиынға қатысушылар! Бүгін біз екі бірдей кәсіби мерекені атап өтіп отырмыз. Елге қызмет ету – мәртебелі міндет. Кез келген деңгейдегі мемлекеттік қызметші лауазымы – жай мамандықпен салыстырғанда жауапкершілігі жағынан қастерлі мәнге ие. Билікке деген сенім, қазіргі қоғам талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Мемлекеттік қызметші билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпір іспетті. Сондықтан, мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған әрбір адам өзінен қолдау мен көмек сұрай келгендердің тағдыры өзінің шешіміне қатысты болатынын есте сақтау керек. Ауданымыздың қарқынды дамуы Сіздердің жоғары адамгершілік деңгейлеріңізге, өз қызметтеріңізге адалдықтарыңыз, жауапкершіліктеріңіз бен ерік- жігерлеріңізге тікелей байланысты,-деген аудан әкімі мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, еңбектеріне табыс тіледі.

       — Біз полиция қызметкерлерін адамдардың тыныш өмір сүріп, алаңсыз еңбек етуіне бірден-бір мүдделі жан деп білеміз,- деген Нұржан Кеңесұлы аудандық полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті сақтаумен ғана шектелмей, адамдардың өмірінің қауіпсіздігіне де жауапкершілік таныта білгендерін айрықша атап өтті. Әлемді дүр сілкіндірген аты жаман індетке қарсы күрес барысында да өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарғандарына және бұл жұмысты әлі де мінсіз жалғастырып келе жатқандарына ризашылық білдірді.

        — Қадірменді полиция қызметкерлері! Бүгінгі мерекеде Сіздерге қызметте табандылық, мақсатқа жетуде жігерлілік, шешімдер қабылдауда парасаттылық, барлық істерде табыстар тілеймін! Тәуелсіз Отанымыздың тұғырын биіктету жолындағы қиын да күрделі, жауапты жұмыстарыңыз сәтімен алға баса берсін,-деген ізгі тілегімен сөзін түйіндеген аудан әкімі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және 23 маусым мемлекеттік қызметшілер мен Полиция қызметкерлерінің мерекесі құрметіне міндетті жұмыстарын атқару барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және мемлекеттік қызметтің дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапаттады.

       Келесі кезекте мінбеге көтерілген Райымбек аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы мереке иелерін айтулы қуаныштарымен құттықтады. Қоғамның тыныштығы мен реттілігін сақтауда лайықты қызмет етіп келе жатқан аудандық бөлімше қызметкерлерінің жұмыстарын лайықты бағалап, бүгінгідей мерекеде зор құрмет көрсетіп отырған аудан әкіміне ризашылық білдірді. Сонымен қатар, Нұржан Кеңесұлының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ерен еңбегі мен үлесі «ҚР ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті» басшысының назарынан тыс қалмағанын айта келіп, департамент басшысының арнайы «Алғысын» табыстады. Мінбеден орын алған аудандық Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Нұрдәулетов те көпшілікті мерекемен құттықтады. Аудандық Полиция бөлімінде атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Өз қызметін атқару барысында ерліктің ерен үлгісін көрсетіп қаза болған учаскелік полиция қызметкерлерінің есімдерін атап, көпшілікті бір минут үнсіздікпен еске алуға жұмылдырды. Аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рашид Зординов қазіргі таңда құрметті еңбек демалысында жүрген бір топ полиция зейнеткерлеріне естелік сыйлықтар табыс етті. Мереке салтанаты аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының тамылжыта шырқаған әсем әуендерімен әспеттелді.

Өз тілшілерімізден.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password