ҚОС МЕРЕКЕ ҚУАНЫШЫ

       Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» қаулысы 1994 жылы қабылданды. 1997 жылғы 20 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасының 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. 2019 жылы 20 наурызда мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан Республиксының Конституциясына өзгертулер енгізу туралы» Заңға және елорда атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы Жарлығына қол қойды.

       Сондай-ақ, 2018 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлттық домбыра күні туралы» №699 Жарлығына сәйкес, шілде айының бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні болып белгіленді.

        Жуырда, аудандық Б.Мұқай атындағы мәдениет үйінде Елорда күні мен ұлттық домбыра күні өз деңгейінде аталып өтті. «Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра. Нағыз қазақ-қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деген өлең жолдары қазақ пен домбыраның ажырамас ұғым екенін айқын дәлелдейді. Біздің ұлт үшін домбыра қасиетті болып есептеледі. Қарға тамырлы қазақтың тарихымен домбыраның тарихы әрқашан біте қайнасып жатады. Ұшқан сұңқардың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын сайын даламыздың берекесі мен бірлігі қасиетті домбыраның шанағынан төгілген күйлердің күмбірімен ұштасып жатады. Әрбір қазақтың үйінің төрінен орын алған ұлттық аспаптың қадір-қасиеті қашанда жоғары.

       Мерекеге орай ұйымдастырылған шараның басын домбыраның құлағында ойнайтын таулы өңірдің талантты бүлдіршіндері жүректің қылын тербейтін күмбірлеген күйлерімен бастап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сөз кезегін алған аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов барша аудан тұрғындарын мерекемен арнайы құттықтады. Сонымен қатар, ерте жастан домбыраны жанына серік еткен жас талант иесі Шалкөде ауылының 4 сынып оқушысы Дастан ҚҰРМАНҒАЗЫҒАНЫҢ қолына көмейіне күй құйылған ұлттық аспапты тарту етті. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті мен алтын қазынасы. Ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні бүгінде алыстап бара жатқандай еді. Ендігі уақытта сол кем-кетіктің орнын толтырып, ұлтымыздың құндылығын артымыздан ерген ұрпақтарға құйып отыру басты міндет болып саналады.

       Мәдени шара ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының мерекесіне ұласты. Алғашқы сөз кезегін аудан басшысы Нұржан Құдайбергенов алып, ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының күнімен құттықтады. Сондай-ақ, мереке күні түрлі салада тер төгіп жүрген бірқатар азаматтарды марапаттап, 3 адам «Nur Otan» партиясы қатарына қабылданды. Шара барысында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Балжан Омарова мен жас мемлекеттік қызметкер Шапағат Әділбек сөз алып, аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

       Еліміздің жүрегі, әсем де биік, сымбаты мен сәулеті келіскен ғимараттармен таңғалдырған астанамыз күн өткен сайын жадырап, жайнап келеді. Бұл тәуелсіз жас мемлекеттің 30 жыл ішіндегі жеткен жетістігі мен толағай табысының көрінісі. Осы уақыт аралығында егемен еліміздің астанасы халықаралық байқаулар мен көрмелерді өткізіп, әлемдік аренада танылып үлгерді. Нұр-Сұлтан – жастардың қаласы, армандар орындалатын әсем шаһар. Шара соңы аудан көркемөнерпаздарының мерекеге орай арнайы ұйымдастырған концерттік бағадарламасымен жалғасты.

  Елдос СЕРІКҰЛЫ,

 «Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password