Қос бәйтерек

        «Орны қалар ойсырап, Бір күні көрге кіргенде»,- деп Жәнібек Кәрменов айтқандай Қарасаз ауылының ардақты азаматтары, аяулы інілеріміз Сәрсенбаев Серік Смайылұлы мен Шыныбаев Нұрлан Әбдіқайымұлының бұл өмірден озғанына да айдың жүзі болыпты. Екеуі де Қарасаз ауылын көркейту үшін аянбай тер төккен жайсаң жандар еді.

        Серік бізден 2-3 жас кіші болатын. Мектеп бітіріп, азаматтық борышын өтеп қайтқан соң Алматы қаласында құрылыс мамандығы бойынша білім алып, үй құрылысы комбинатында еңбек етті. Әлі есімде, қазақша білмейтін Көкшетаулық Сағира келінді қаладан Қарасазға алғаш рет біз бірге алып барған едік. Содан кейін Серік ауылда тұрақтап қалып, шаруашылықтың құрылыс саласында ауылды көркейту үшін аянбай еңбек етті. Сағира келін ана тілін жетік меңгерген ұлағатты ұстаз атанды. 1991 жылы Қарасаздағы Мұқағали ағамыздың мұражайының алғашқы қазығын қаққан кезде Серік шаруашылықта бас прораб болатын. Ол қолы шебер өнерге бейім жан еді. Қазақи әзіл қалжың мен анекдоттың түбін түсіре айтатын, ауызын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл болатын. Ауылға бір барғанымда; «Елеке, сіздер зерттеушісіздер ғой, сіздің «Мұқағали», «Алатау», «Хантәңірі» тағы басқа басылымдарға шыққан зерттеу мақалаларыңыз менде сақтаулы, мен мерзімдік басылымдардың бірқаншасын арнайы жаздырып алып оқимын» деген болатын.

       Нұрлан бауырым да нағыз шебер құрылысшы еді. Құнан, дөнен өгіздерді ұрып құлататындай қарулы, еркөңілді азамат болатын. Нұрлан бізден 6-7 жас кіші інішегіміз еді. Алдында ақылшы, үлкенге сыйлы, кішіге үлгі болатын емші Нұрділдадай ағасы бар Нұрланның мінезі сабырлы, адамға тек жақсылық жасауға даяр тұратын ерекше қасиетке ие еді. Шонжы ауылына құдалыққа барып Бақытгүл келінді де құтты орнына өзіміз қондырған едік. Амал не?.. Көзге көрінбейтін «жау» екі асыл азаматты мезгілсіз арамыздан алып кетті. Жатқан жерлері жайлы, имандары саламат болсын! Артында қалған туыстары мен ұрпақтарына Алла ұзақ ғұмыр нәсіп етсін!

       Серік пен Нұрланның әкелері де елге сыйлы соғыс ардагерлері, ауыл ақсақалдары еді. Смайыл қария ауыл шаруашылығының білгір маманы болса, Әбдіқайым қария Мәскеуде кәсіподақтардың бүкілодақтық съезінде сөз сөйлеген өте сауатты, білімді еді. Текті әкелердің тәрбиесінде өскен Серік пен Нұрлан да «әке көрген оқ жонар» дегендей абзал азаматтар болды.

       Мәуелі бәйтеректердей қос азаматтың қазасы арқа сүйер біздей ағаларына да оңай тиген жоқ.

Тірліктің артқан теңдерін,

Өмірді мынау «көш» дейді.

Елі үшін туған ерлердің,

Есімі мәңгі өшпейді,- дегендей бейнелерің мен есімдерің ел есінде ұзақ сақталады!

Елеусіз Ахметкерімұлы

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password