Ораза айт

          Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі — Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Айттың мән-мағынасына келсек, Айт — қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады.
Қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған ауданның тұрғындары да Ораза айт мерекесін тойлады. Айт намазы оқылып болған соң Нарынқол мешіт жамағатының, «Перзенттік парыз», «Нарынқол жанашырлары» қайырымдылық қорларының ұйымдастыруымен мерекеге орай мектеп жасындағы ұл-қыздар арасында «Құран жарысы», «Азан жарысы», «Дінімізге қатысты сұрақ-жауаптар» одан бөлек «Еркін күрестен» «Қол күрестіруден», «Арқан тарту» сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Жарыс барысында жүлделі орындар алған жеңімпаз балаларға ауданның бас имамы Манап Исабол сый-сияпаттар табыс етті. Одан бөлек, Айт мейрамына орай 150 балаға «Айт қоржыны» қорапшалары үлестірілді. Мешітке жиналған халық ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Әуелі Алла, одан кейін перзенттік парызын өтеп жүрген игі жақсылардың арқасында айт мерекесі жоғары дәрежеде тойланды. Осы іске атсалысқан баршаңызға Алла сансыз сауаптан жазсын дейміз!

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password