ҚОРҒАНДЫКЕЗЕҢДЕГІ ҚАУЫРТ ҚИМЫЛ

   Мал азығын дайындау науқаны Қақпақ ауылдық округінде де қарқынды жүргізіліп жатыр. Сындарлы шақта аталған округке қарасты Көксай өңіріндегі Қорғандыкезең атты жерде болдық. Сулы шатқалдың арғы жағындағы малшылардың қыстау, көктеу, жайлау әрі күздеуі болып келе жатқан ырыс-құтты, шөбі шүйгін өңір ежелден құтты қоныс. Табиғаты ғажайып. Әсем тауларға сап түзеген қарағайлар көрік беріп тұр. Тоғайлы даласында тау өзені тынбай ағып жатыр. Дәл осы жерде көп жылдардан құтты қонысы, игілікті өрісіне айналдырып келе жатқан Ауғанбай Солтанқұлов биыл асқаралы алпыс жасына келді. 2000 жылы құрылған «Елжас» атты шаруа қожалығының жағдайы жаман емес. Шаруаларына қажетті трактор, техникалары бар. Ауғанбайдың әкесі Омар атамыз да ата кәсіппен айналысып, өмірден өтті. Сексеннің үшеуіне келген Үмітхан анамыз көп балалы «Алтын алқалы» бақытты ана. Немере, шөберелерін сүйіп отыр.

   «Елжас» шаруа қожалығының жетекшісі Ауғанбай Солтанқұловтың дәл осы Қорғандыкезеңде 10 гектар шабындық табиғи шөп алқабы бар екен. Дәл қазіргі уақытта мал азығын дайындау жұмыстары қауырт жүргізіліп жатыр. Шөпті шабуға Қақпақ ауылынан Мұрат Жантасұлы көмекке келіпті. Қожалықтың тракторымен Ұлан Сағындық шөпті тайлап жүр. Жұмыс бірер күнде бітуге таяу. Тайланған шөп жақын жердегі қожалықтың қыстауына тасымалданады. Жалпы, көзімізбен көргеніміздей, былтырғы жылдан жап-жақсы шөп артылып қалыпты.

    — Былтырғы қыс жайлы болды. Қар жұқа түсті. Содан да болар аяқты мал өріспен-ақ қыстан шықты деуге болады. Жағдайымыз жаман емес. Шөптің де шығымы жақсы. Мал азығының берік қоры жасалайын деп тұр. Қыр жайлаған біз үшін мал қыстату науқанын алаңсыз өткізгеннен артық ештеңенің керегі жоқ,-дейді «Елжас» щаруа қожалығының жетекшісі Ауғанбай Солтанқұлов.

   Біздің кейіпкер ата кәсібін жалғастырып келе жатқан бірегей азамат. Жүзге тарта жылқысы, елуге тарта сиыры, қажетті қой-ешкісі бар. Қорғандыкезеңді қыстағалы жиырма жылдан асып кетіпті. Еш өкініштері жоқ. Төрт түлік малдарына жайлы. Шөбі шүйгін, өрісі құтты. Біз аталған шаруа қожалығында жүргізіліп жатқан дүбірлі еңбекке риза көңілмен аттандық.

Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                                           Қақпақ ауылдық округі.

Суретте: «Елжас» шаруа қожалығының механизаторы Ұлан Сағындық және шөп шапқышымен көмекке келген Мұрат Жантасұлы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password