ҚОЛЫНАН КІТАП  ПЕН  ГАЗЕТ ТҮСПЕГЕН                                     Қуаныш аға туралы сыр

      Мынау бір қонақ дүниеге келген әр адамның бойында бір жақсы қасиеті болады. Үлгі етер, өнеге тұтар жақтары кездеседі. Сарыжаз ауылында тұратын Қуаныш ағаны бір көргенде күнделікті өз ісімен жүрген кәсіп иесі деп қаларың анық. Әңгімелесе келе көп жайды ұғасың. Бойында тұнып жатқан дүниелеріне куә боласың. Сосын барып әлгі қарапайым ағамыз жайлы ойың толығып, жақсы әсерде қаласың.

    Сонымен Қуаныш Кездікбаев атты ағамыз Сарыжаз ауылында тұратын жетпістің бесеуіне келген әлі де өзінің жүрек қалаған, өмір бойы айналысқан ісімен келе жатқан кәсіпкер қарттардың бірі. Ауылдағы «Әз Жәнібек» атты аралас заттар сататын сауда орталығының иесі. Қуаныш аға ауылдың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүретін, ауылдағы ақсақалдар кеңесінің белді мүшесі, қоғамдық істерден де шет қалмаған түсінігі мол қария. Қуаныш аға кішкентай қара домалақ кезінде әйгілі Еркін Ібітановтың үйінде жатып, Баққожа Мұқай мен Сағат Әшімбаевпен бірге оқыған жан. Біздің кейіпкеріміз мектепті жақсы бітіре салып сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжаттарын тапсырып бағын сынаған кеудесі асыл арманына толы жастардың бірі болған. Қуаныш ағамыз жас кезінен түн ұйқысын төрт бөліп кітап оқып, газет-журналдарды ақтарып әлі күнге дейін осынау алтынға бергісіз рухани дүниені жанына серік етіп келе жатқан бірден-бір қарт. Қуаныш ағаның отбасы Сарыжаз ауылындағы қамқорлықты қажет ететін отбасыларына қол ұшын беріп, қолдау көрсетіп келе жатқан шаңырақ. Біз сөз етіп отырған қазыналы ақсақал бір қонақ өмірге адам боп келіп, адал еңбекті жанына серік етіп, ғұмырлық несібесін сол адал еңбегімен құраған жан.

 — Жастайымнан жетімдікті көрдім. Қымбатты анам Мерейханның қамқорлығында ештеңеден қысыла қойғам жоқ. Анам шаруашылықтың қолын үзе бермейтін ісінде болып, бірнеше жыл интернатта жатып, білім алдым. Сол кезде Нарынқол ауылында туыстық жақындығы бар ақын ағамыз Еркін Ібітановтың үйінде бір ай жаттым.  Жұмыс бөлмесінде өлең жазып, оны алғаш Алтынкүлдей асыл жеңгемізге тыңдататыны ойымда қалыпты. Нарынқолда Баққожа Мұқаймен бір сыныпта оқыдым. Бір партада отырдым. Сарыбастау ауылындағы интернатта жатып оқып жүрген кезімде Сағат Әшімбаевпен сыныптас болдым. Бұл менің жүрегіме жылы жатталып қалды. Содан да болар есімдері ыстық, бейнелері жарқын көрініп тұрады,-дейді Қуаныш аға өткен күндеріне көз жүгіртіп.

    Рас, Қуаныш аға Мерейхандай анасын, онда да ұжымшардың озат, белсенді жұмысшысы болған анасын әрдайым мақтан етіп, айтып отырады. Еңбекқор ана өз тұсында ауылдық кеңестің депутаты болды. Ауданда ең алғашқы шалғышы қыз-келіншектер бригадасын ұйымдастырған екен. «Еңбек ардагері» медалымен марапатталыпты. Анасы адал еңбекке тәрбиелеген қарадомалақтардың бірі емес пе, 7 жасынан бастап өзінің мүмкіндігінше шаруашылықтың жұмысына атсалыса бастаған. Техниканың онша жоқ кезінде атқа мініп атқарылатын шаруалардың жүгін бір кісідей көтерді. Адал еңбегі әлі күнге бойына серік, өміріне көрік болып келеді.

    Сарыжаз ауылындағы қара шаңырағында алғаш көзімізге түскені диванның үстінде жатқан газет-журналдар болды. Бұл шын мәнінде жанымызға ыстық көрініс еді. Қуанып қалдық. Республикалық «Айқын», облыстық «Жетісу», аудандық «Хантәңірі» газеттерінің соңғы сандары екен. Қолымызға аялай ұстағанымыз сол еді, ағамыз әңгімесін бастап кетті.

    — Бала кезімнен әдеби кітап оқыдым. Студент кезімнен бастап кітап дүкендерін аралауды әдетке айналдырдым. Жаңа кітап көрсем сатып алатынмын. Әлі де сол әдет қалған жоқ. Өмірлік серігім Күмістің де кітап пен газет-журналдарға деген ықыласы жақсы. Жалпы, отбасымызбен газет, кітап оқимыз. Әлі күнге іргемізді аулақтатқамыз жоқ. «Айқын», «Жетісу», «Хантәңірі» газеттерінен бөлек республикалық «Мұқағали» журналын, «Алтын босаға», «Денсаулық», «Ауырмаңыз» атты басылымдарды жаздырып алып, оқимыз,-дейді Қуаныш аға күлімдей тіл қатып. Бәрекелді! Озық технология дамыған, ақпараттар ағыны жаулаған мынау алмағайып заманда бір кездегі рухани серіктерінен ажырап қалған жандар жетерлік. Қалта телефонына қадалып отырған еңкейген қарт пен еңбектеген бала көп. Бұл орайда Қуаныш ағамызды, отбасын орнымен мақтауға, дәріптеуге болады. Үйіндегі бір бөлмесінің қабырғасы кітабына толы екен.

    Қолынан кітап пен мерзімді басылымдар түспейтін, күнделікті ауылдың орталығындағы сауда орталығына қарай аяңдайтын, енді бірде ауылдағы ақсақалдар кеңесінің басқосуына қарай бет алып бара жататын Қуаныш ағамыздың өмір жолынан үзік сырлар айта кеткеннің артықтығы жоқ. Сонау 1947 жылы Лабасы тауының етегіндегі «Жаңа адым» деп аталатын ұжымшарда дүниеге келген. Қайнар ауылында 7 жылдық мектепте, Нарынқол орта мектебінде дәрісін алып, Сарыбастау ауылындағы сол кездегі Ленин атындағы орта мектептен қанаттанған. Азаматтық борышын өтеп келіп Қайнар ауылындағы шаруашылықтың, онда да басшысы Рауан Әріповтың ұйғарымымен 6 айлық жүргізушілердің курсын тәмәмдап, жүргізуші болып еңбек еткен. Сол тұстағы Үкіметтің жер-жерде құс фермасын ұйымдастыру, дамыту туралы қаулысына сәйкес тағы да сол басшылардың ұйғарымымен құс фермасымен айналысқан. Кейін өзінің жүрек қалауымен Алматы қаласындағы сауда техникумын бітіріп, сауда саласындағы білікті жас мамандардың бірі болды. 1972 жылы техникумды бітіріп, жолдамамен Нарынқол аудандық тұтыну қоғамына жіберілгеннен кейін бар ғұмырын сауда саласына арнады. Сарыжаз ауылындағы «СельПО» деп аталатын мекемеде түрлі қызметтер атқарды. Қуаныш аға бірсыпыра жылдар малшылардың дүкеншісі болғанын да ұмытпайды. Бір сөзбен айтқанда сауда саласының үлгілі, озат қызметкері болды. Өз тұсында Алматы қаласындағы үлкен сарайда өткен, Д. А. Қонаевтың өзі қатысқан ауылшаруашылығы қызметкерлерінің республикалық келелі кеңесіне Нарынқол ауданынан құралған делегация құрамында болып қатысты.

     — Сол іргелі жиында көп адам сөйлеп, мақтауын асырды. Ауданнан маған сөз берілгенде толғандырып отырған түйінді мәселелерді айтқым келді. Жаспыз-ғой, жалындап тұрған. Жауырды жаба тоқығым келмеді. Өзіме кезек келгенде аудандағы сауда саласы бойынша назар аударатын жайттарды батыл айттым. Сауда орындары ғимараттарының уақыт талабына лайықты еместігін, автодүкендердің ескіріп кеткенін, тағы сол сияқты мәселелерді айттым, бәрі маған қарап қалғандай болды,-дейді Қуаныш аға өткен күндеріне көз жүгіртіп. Қуаныш ағаның орынды сынынан кейін аудандағы сауда саласына қарайтын аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары жұмысынан алыныпты. Сауда саласының  басшыларына қатаң ескерту жасалыпты. Содан кейін өңірде жаңадан сауда ғимараттары салынып, автодүкендер де жаңарған көрінеді. Бұл да айта жүрер әңгіме.

     Қуаныш ағаның жұбайы Күміс Атабаева да сауда саласының білікті маманы. Ерлі-зайыпты жандар осы салада бірге жұмыс істеген. Жүректерін табыстырып, отбасын құрып, мынау жарқын өмірге ұрпақтарын әкелген. Ерғанат атты ұлын ұясына, Светлана, Айгүл, Майгүл атты қыздарын қиясына қондырған. Светлана атты қыздары Сарыжаз орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәрісін беретін ұлағатты ұстаз. Қуаныш ағамыз бен Күміс жеңгеміз жүректері мен тілектерін бір арнаған қауыштырған өмірлік кәсіптерімен әлі де халқына қызмет етіп келеді. Ұл-қыздарының, Әз Жәнібек, Қазыбек, Айша, Ақмедияр атты қылықтары тәтті алтындай немерелерінің, жиендердің ортасында бақытты ғұмыр кешудің өзі неге тұрады десеңізші?! Бәрін айт та бірін айт, газет пен кітапты ғұмырлық серігіне айналдырған Серік аға көз алдымызда тұрып қалды.

                                                               Қанат БІРЖАНСАЛ,

Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password