ҚОЛЫМА ҚАЛАМ ҰСТАТҚАН алғашқы ұстазым Меліс Жұманов туралы мөлтек сыр

        Мынау жалған, бір күндік сәуле дүниеден Меліс ағамыз аттаныпты деген сөз жаныма ауыр тиді. Ағамыз қайтады деп ойлаған емеспін. Жақын күндерде бір барып кеңірек әңгімелесіп, жақсылап суретке түсіріп, қайтармын деп жүргенмін. Алтындай ағамызды ауылға анда-санда барып қалғанымда кездестіріп тұратынмын. Сөзі де, өңі де қалыпты, тың күйінде көрінетін.

       Мектеп есігін алғаш тосырқай, қобалжи ашқан кезімізде жылы жүзі, жайдары өңімен, ыстық құшағымен қарсы алған Меліс ағамыз болды. Ауылдың шаңдақ көшесінде алаңсыз асық атып, доп теуіп жүрген бір-бір үйдің еркесі үшін еркінен тыс мектепке баруы ең қиын дүние болғаны анық. Оған оңайлықпен үйренісе де алмағанымыз шындық. Соның бәріне түсіністікпен, кешіріммен қарайтын мейірімі мол, жүрегі сондайлық жұмсақ, жаны жайдары, сөзі де шуағына толы Меліс ағамыздай ұстазымыздың арқасында әріп таныдық. Жазуды үйрендік. Сөйтіп, білім әлеміне деген қадамымыз сәтімен басталған. Сол кезде жылы жүрегін көрсеткен, ыстық құшағына тартқан алғашқы ұстазымыз жүрегімізге мәңгілікке ұялап қалған еді. Меліс аға шын мәнінде анамнан кейінгі жанашыр, қамқор ағамдай болып кетті.

        Меліс ағамыздың алғаш қолына қалам ұстатып, әріп танытқан шәкірттері неше жүздеп саналады. Оның бәрін түгендеп, еске түсіру, қағазға жазу, қолмен санап шығу мүмкін емес. Ауылдан шыққан Ерболат Нұрпейісовтің, Майра Құрманғалиеваның, Жұбат Байбатыровтың тағы басқалардың есімдерін орнымен айтып отыратын. Өзінің жолын қуған шәкірттері де аз болған жоқ. Соның ішінде өзімнің сыныптастарым Ләйла Айнабекова, Гүлжанар Нұрпейісова, Дина Омарова, Гүл Арынбекова Меліс ағаларына тартып, ұстаздықты қалады. Айта берсек, ғалым, инженер, дәрігер болып қалыптасқан, қарапайым еңбектері арқылы мерейлерін көтерген шәкірттері неше жүздеп саналады. Жалпы, Меліс Жұмановтай алғашқы ұстазымыз Қақпақ ауылында дүниеге келіп, мектеп есігін ашқан әр жылғы толқын-толқын түлектердің үлкен өмір жолына білімді, ақылды, парасатты, жетелі азаматтар мен азаматшалар болып қалыптасуларына үлкен еңбегін сіңірді. Білім берген, оқытқан, тәрбиелеген шәкірттерінің барлығын адал болуға, адал еңбек етуге баулыды. Жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырды. Ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, жөн-жоралғыларын біліп, бағалап, ардақтап жүруге үйретті. Адамдардың бойынан кездесетін ең жақсы қасиеттерді бойымызға сіңіруге тырысты. Біреудің ала жібін аттамауға, өтірік, өсек айтпауға, ұрлық жасамауға, біреуге арына тиетін артық сөз айтпауға, өз жолыңмен, өз соқпағыңмен адал жүруге, жүрек қалаған мамандығыңмен өмір сүруге тәрбиеледі. Одан жаман болған ешкім жоқ. Шәкірттері ұстаздарының ақылын тыңдап өсті. Жақсы азаматтар болып қалыптасты. Бірбір отаудың иелері болды. Тәуелсіз Отанымызға қызмет етуге, халқына қызмет етуге лайықты ұлдары мен қыздарын өсірді. Келін түсіріп, қыз ұзатып, өрістерін кеңітті. Алтындай немерелерін сүйіп отырған бақытты жайлары бар. Кешегі мектеп қабырғасында жүрген бұрымын өрген қыздар мен кекілі желбіреген ұлдар немерелерінің аталары мен әжелеріне айналды. Ең бастысы, Мелістей ұстазымыздың үміті, еңбегі ақталды, ойы орындалды. Үмітін ақтаған шәкірттері көп. Алғашқы ұстазын ұмытпаған, жүрегінде сақтап жүрген шәкірттері баршылық. Бұл көңілге демеу, бұл жүрекке медеу. Осыдан бірнеше жыл бұрын болған бір жайт көз алдымда. Қақпақ ауылында түрлі той қуаныштарына арналып жасалған мейрамхана сәтімен ашылды. Оған негіз қалаған Меліс ағамыздың Майра атты шәкірті еді. Майра бір ауылға келіп, Құрбан айт мерекесіне орай іс-шарасын өткізгенде басы басталып, бітпей тұрған ғимаратқа көмек жасауды алға тартқан Меліс ағамыздың өзі болатын. Сол тойхана салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне пайдалануға беріліп жатқан тұста ауыл атынан Майраға ат мінгізіліп жатты. Сол сол тұрқы келіскен, жараулы сәйгүлікті Мелістей алғашқы ұстазына сыйлап, көптің көзінше атқа мінгізіп қошемет көрсетті. Бұл ұстаздың еңбегін бағалаған, ұстазға деген шәкірт құрметінің бір жайдары көрінісіндей тамаша сәт болып көп көңіліне жылы ұялады.

        Меліс Жұманов Қақпақ ауылының бір перзенті. 1940 жылы 15 қаңтарда өмірге келіпті. Орта мектепті Нарынқолда бітірген. Алғашқы еңбек жолын Сталин атындағы колхозда жұмысшы болып бастаған. Көмекші шопан болып еңбек еткен. Қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің бір түлегі. 1962 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қақпақ ауылындағы Буденный 7 жылдық мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болды. Жалпы, қазіргі Жәмеңке атындағы орта мектепте 41 жыл ұстаздық еңбек етті. Жарты ғасырға жуық мәнді де мағыналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған парасат-пайымы бөлек, білімі мен ақылы, мінезі, ұстаздық болмыс-бітімі жарасым тапқан жан болды. Ұстаз жайлы әңгіме қозғалып жатса, Меліс ағамыздың жылы жүзі, құлаққа жағымды үні, мейірі мен пейілі астасқан кең құшағы көз алдыма келіп кетеді. Одан бөлек Болатай Өзбеков, Жақуда Оспанов, Әбдірақынбай Әміров, Әбдірасыл Көпбосынов, Молдабек Әлдибеков, Иемберді Базеков, Тамара Қосжанова, Нұрмұхан Төлегенова, Дабыл Мәретбаев, Әкпар Жұмабеков, Жапар Әлімғожаев, Қуырмаш Қанапияев, Әбен Тойғанбаев, Тілеухан Игісінова, Сәуле Мәнекеева, Гүлжаһан Атанбекова, Нүсіп Сүйіндіков, Моңқай Сүлейменов тағы да басқа ұстаздарымыздың бейнелері көз алдымызға келіп, толғанысты күйде боламыз. Көнекөз ұстаздарымыздың дені бақилық болып кетті.

        Меліс ағамыз жарты ғасырға жуық ұстаздық ерен еңбегі, Қақпақ ауылындағы мектептің өсіп-өркендеуіне, білім мен тәрбие ісіне қосқан үлесі үшін аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. «Аға мұғалім» төсбелгісінің иесі болды. Мектепте өткен қырық жылының соңғы жиырма жылында жас мұғалімдердің тәлімгері, ақылшы ағаларындай жарқырап жүрді. Жас мұғалімдерге көптен-көп методикалық көмегін тигізді. Асыл да ардақты, мейірбан ағамыз Тілеужан Игібаевадай жарымен 3 ұл, 3 қызын тәрбиеліп өсірді. Бәрі де жоғары білімді маман иелері болып үлкен өмірге қанаттанды. Меліс ағамыз көзі тірісінде «Біз ұстаздар әулетіміз»,-деп орнымен айтып отыратын. Сол айтпақшы, ұлдары Дәурен мен Жеңіс, қыздары Гүлбану, Мейрамгүл, Бақытгүл, алтын келіндері Гүлнара, Зинура, Назгүл, алтындай екі немересі Әйгерім мен Ұлпан ұстаз болып еңбек етуде. Мелістей әкелерінің, аталарының жолын жалғастыруда. Бұл да өмір сабақтастығы іспетті жақсы дүние. Білімді, тәрбиелі ұлдары мен қыздарын қанаттандырған ағамыз 15 немересін, 3 шөбересін аялап, құшағына тарта қысып, еркелетіп жүріп өмірден озды. Ұрпағы, немере-шөберелері, шәкірттері бар да Меліс ағамыздың есімі ұмытылмайды. Жүректерде жүреді. Жүректердің лүпілімен бірге жасаса береді.

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password