ОЙ, ПІКІР ОРТАҒА САЛЫНДЫ,ҰСЫНЫС НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

      Аптаның басында Мәжіліс депутаты Мақпал Мазаққызы Тәжмағанбетова екі күндік жұмыс сапарымен ауданымызға келді. Бұл — Халық қалаулысының жыл басынан бері Аспантау өлкесіне екінші рет келуі. Депутат бұл жолғы жұмысының беташарын аудандық мәдениет үйінде бас түйістірген аудандық мал дәрігерлік станциясының маман-қызметкерлерімен кездесуден бастады. Аталған сала мамандарымен емен-жарқын әңгімелесті. Кездесу жиынын «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Ақылов жүргізіп отырды.

     Сөзін ҚР Парламентінің төменгі палатасында қолға алынып, тиісті шешімін тауып отырған өзекті мәселелерден өрбіткен Мәжілісімен елімізде болып жатқан саяси оқиғаларды да тілге тиек жасады. Араға 30 жылға жуық уақыт салып барып қайта өткізілген бүкілхалықтық референдумның оңды нәтижелері, бұрын қабылданған заңдардың баптары мен тарауларына енгізілген өзгерістер нәтижесі, олардың орындалуы депутат сөзіне арқау болды. Шынайы әділетті қоғам құру жолында мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан мәселелерге айрықша тоқталды. Білім, денсаулық, мәдениет, ауылшаруашылығы салаларына қатысты жаңа жобалардың маңыздылығынан хабардар етті. Қаржы пирамидасы, волонтерлік қызмет, өмір сапасын жақсарту бағытында қабылданған Заңдардың ерекше тұстарын атап көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, әсіресе, балаларға жасалынатын қамқорлық аясының бұрынғыдан кеңейе түсетіні, бұл салаға мемлекет тарапынан көрсетілер көмек 70 пайызға ұлғайтылып отырғанын жеткізді.

      Мәжіліс депутатынан кейін сөз алған Райымбек аудандық мал дәрігерлік станция директорының орынбасары Берік Қасымханов аудандық мал дәрігерлік саласында қордаланған мәселелерді депутат назарына ұсынды. Дәл бүгінгідей мал шаруашылығы саласы ауылдық жерде дамып келе жатқанына мал дәрігерлердің қосып отырған үлесі айтарлықтай. Есепсіз өсіп бара жатқан төрт түлік малдың ауру-сырқаудан аман болып, өз төлі есебінен көбеюі жолында мал мамандарына артылатын жауапкершілік жүгі де салмақты. Әрине, бұл мәселенің лайықты жүзеге асырылуына аталған сала мамандары білім-біліктерін барынша жұмсап, өз міндеттерінің мінсіз болуы үшін тер төгуде. Солай дегенмен де, олардың ортақ мақсат жолында еткен еңбектері мен төккен терлері көп жағдайда бағаланбай жатады. Егер мәселе осылайша жалғаса берсе, болашақта мал емдеу ісімен шұғылдануға ден қоюшылар саны азаюы, тіпті бұл салаға ешкім келмеуі де мүмкін. Ал, оның қазіргі таңда қарқын алып отырған мал шаруашылығы саласына айтарлықтай кері әсерін тигізетінін жасыруға болмайды.. Осы жайларды тілге тиек жасаған сөйлеуші алаңдаушылық тудырып отырған мәселені оңтайлы шешілуінің бірнеше нұсқасын ұсынды. Олар: Мал дәрігерлерінің еңбекақасын қазіргі деңгейінен еселеп көтеру, кадр тапшылығын жою, әр ауылдардан мал емдейтін арнайы жабдықталған орындар ашу, мал дәрігерлерін өздеріне қарасты аймақтарды аралап, жұмыс істеу үшін арнайы автокөліктермен қамтамасыз ету, қазіргі таңда адам өміріне қатер төндіріп отырған қаңғыбас иттер мен мысықтарға қарсы көрсетілетін шараларды күшейту, оларды қорғауға байланысты шығарылған заңдардың кебір тармақтарының күшін жою, төрт түлік малды бірдейлендіру, тағы басқа да уақыт талабы туындатқан мәселелер. Осы мәселелерді тілге тиек еткен Берік Қасымханов халық қалаулысы арқылы Мәжіліске жазбаша түрде депутаттық сауалнама жолдады.

    Аудандық мәслихаттың хатшысы Гүлнара Арипова Алматы-Нарынқол күре жолының мәселесін, таулы аймақтың салқын ауа райына байланысты ауылдарды газдандыру, халыққа көрсетілер қызмет түрлерінің (таксидің  тасымал құны), тендерлік әдістің тиімсіз тұстарын айтты. Аудандағы мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың ем-дом алуына жеңілдіктер тудыратын арнайы орталық ашу туралы ойын жеткізді. Аудандық аумақтық инспекция бастығы Сайлау Сайлыбаев мал дәрігерлік жұмыстарының қиындығын, мамандар көп жағдайда ауру әкелетін зиянды нәрселермен бетпе- бет келетінін, мұның өзі өмірлеріне қауіп тудыратынын айта келіп, алдағы уақытта мал мамандарының қорғалуы туралы арнайы заң қажеттілігін, сонымен қатар, биік таулы аймақ саналатын біздің өңіріміздің тұрғындарына коэфициент төлеу жөнінде заң шығару туралы ұсынысын ортаға салды. Аудандық мәслихат депутаты Бек Қойлыбаев мал емдеумен шұғылданатын мамандар санын көбейтуді, ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіруді қолға алу, есебін жүргізу туралы ұсынысын айтты. Депутат пен мал дәрігерлері арасында болған әңгімеде ауданның тыныс-тіршілігі мен ел өміріне қатысты бұдан басқа да мәселелер ауызға алынды. Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов әңгімеге өзек болған мәселелердің кейбір тұстарына өз тарапынан түсініктемелер берді.

     Мәжіліс депутаты бұдан кейін Нарынқол ауылдық округінің кеңсесінде ауыл тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізді. Нарынқол ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қанат Ахметов ауыл ішіндегі жолдың жайын, ауылдың іргесін жалап ағатын Байынқол өзенінің суды бөгеуге, бұруға қажетті техниканың жоқтығынан халыққа пайдасы тимей тұрғанын депутат назарына ұсынды. Ақсақалдар алқасының мүшесі Тоқан Достарбеков кірпіш зауыты, жүн, тері сияқты мал өнімдерін қабылдайтын арнайы орындар қажеттігін, шекара бекетін ашудың мәселесін айтты. Нарынқол ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Ажар Өмірәлиева азық-түлік бағасының сәт санап қымбаттап бара жатқанын, аудан тұрғындарына қызмет көрсететін Қазақтелеком, Қазпочта, Энергосбыт сияқты мекемелердің жоқтығын, соның салдарынан болар болмас жұмыс үшін аудан тұрғындары көрші Кеген ауданына, болмаса Алматының өзіне табан тоздыратынын айтып, өзекті мәселенің шешім табуына депутат ретінде ықпал жасауын сұрады.

    Мәжіліс депутаты Мақпал Мазаққызы осы күні түстен кейін аудандық әкімдіктің мәжіліс залында мәслихат депутаттарымен, әкімдік қызметкерлерімен, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Жамбыл ауылына барып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді. Ой,пікір алмасты. Мәжіліс депутатымен кездесу жиындары басқа ауылдарда да жалғасты.

                                                                           Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                                арнаулы тілшіміз.

                                                                Суретті түсірген Ақжол ҚОЖАБЕК.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password