«ОЙҚАРАҒАЙ» КӨМІР КЕНІШІНДЕ

ЖҮЙЕСІН ТАПҚАН ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕЛ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛУДА

      Осыдан екі ай шамасы бұрын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданымызға жасаған сапарында аудан орталығындағы мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, таулы өңірдің тыныс-тіршілігі жайлы емен-жарқын әңгімелескені белгілі. Осы кездесу барысында аудан халқының қыстық отынын ажыратып отырған Ойқарағайдың көмірі де ауызға алынған еді. Өз жеріміздің қойнауындағы ен байлықтың бағасы тым қымбат деген пікірлер де айтылғанды. Көпшіліктің пікіріне сол жиынның бел ортасында отырған «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясы» ЖШС бас директоры Ләззат Қайсарқызы Ботабекова қолма-қол түсіндірулер жасап, кен орнындағы атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарынан, өндіріске пайдаланатын ең қажетті нәрселердің сәт санап қымбаттауы көмір бағасына да айтарлықтай әсер етіп отырғанынан хабардар еткен. Көмірдің әр тоннасының бағасы кен орнының өзінде алдағы қысқа 8500 теңге болып белгіленгенін де жұртшылықтың есіне салған.

       Облыс әкімінің сапарынан кейін, араға 2-3 күн салып аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерінің желісімен аудан, ауыл әкімдігінен, мекемелер мен құзырлы орындардан, қоғамдық ұйымдардан арнайы топ құрылып, көмір кенішінде бас түйістірген. Олар осы сапарында кеніштегі атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Өндірілген өнімнің кірісі мен шығысын, пайдасы мен залалын таразы талқысына салды. Электр қуатына, әртүрлі маркадағы ауыр-жеңіл техникалардың бөлшектері мен жанар-жағар майларына, салық төлемдеріне, жұмысшылардың еңбекақысына, ішіп-жеміне, арнайы киіміне, жатын орнына, тазалығына, денсаулығына, демалысына, жол ақысына, Сарыбастау мен Ойқарағайды жалғап жатқан 47 шақырымдық тау жолын әр жыл сайын жай жөндеуден өткізуге жұмсалатын қаражат көлемін есептеп, көмірдің өзіндік құнына шағып көрді. Табиғатқа, адам өміріне тигізетін экологиялық залалдарды жоюға кететін шығындарды зерделеді. Қорыта келе, «компанияның көмірге қойып отырған бағасында ешқандай да қымбатшылық белгісі жоқ» деген ортақ байлам жасады.

     Сол күнгі топтың бел ортасында жүрген Нарынқол ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қанат Ахметов іле-шала аудандық «Хантәңірі» газеті редакциясына келіп, газет журналистерін осы сапар барысынан құлағдар еткен еді. Уақыт өткізбей газет тілшілерінің де «Ойқарағай» кен орнындағы жұмыстарды көздерімен көріп, аудандық ақпарат құралы арқылы халыққа жеткізу жөнінде ойын айтқан болатын. Қарияның сөзін құп алып, өзін жолсерік ете біз де әйгілі кен орнына бет түзедік. Жол жөнекей Ұзақ ауылдық округіне соғып, ауыл әкімі Шалқар Әлдибеков ұйымдастырып берген көлікпен сапарымызды ары қарай жалғадық. Қандай нәрсе болсын, айтуға оңай. Көзбен көрмей қиындығына көз жеткізу мүмкін емес. Біз де жеңіл көлікті бірде өрге салып, бірде еңіске құлдилатып тау жолының өзіміз бұрын естіп жүрген қыр-сырына куә болумен келеміз. Осыдан 30-35 жыл бұрын салынған жол содан бері күрделі жөндеу көрмегендігін айқын аңғартып тұр. Бір жері ой, бір жері шұңқыр, енді бір жері жаңбыр суымен морылып кеткен. Көмір тасып жүрген шоферлардың көмір бағасын үстемелеп жұртшылыққа ұсынатыны осы жол қиындығының әсерінен екенін осының өзінен байқауға болғандай. Қайта кеніш басшылары қолда бар техникаларымен жыл сайын жаз айларында жолға таудың құмы мен шағылын төсеп, түзеп-күзеп, жамап-жасқап отырады екен. Жол үстіндегі жақында ғана төгілген  үйінділерге қарап, жөндеу жұмыстары биыл да қолға алынып жатқанын білдік.

      Таудың ұңғыл-шұңғыл, құз-қиясын, өр-ылдиын артқа тастап, бір сағаттан аса жол жүріп, діттеген жеріміздің үстінен түстік. Көздеген орынға табанымыз тигенге дейін кенішті тау-тау болып үйіліп жатқан көмір күйінде елестеткенбіз. Ол ойымыз бекерге шықты. Айналасы әлденеше гектарды алып жатқан жерде жал-жал болып үйілген аппақ май топырақты көргендегі таңданғанысымызды жасыра алмаймыз. Кеніш басында алғаш кездестіргеніміз Жарас Нұрғазиев деген азамат болды. Осы жердегі барша жұмыстың басшысы екен. Сапарымыздың жайына қаныққан ол:

      — Келгендеріңіз жақсы болды. Жұмыстың тура қасына барайық.  Бәрін өз көздеріңізбен көргендеріңіз дұрыс қой, — деп кен орнына қарай бастады. Күн түске тармасып қалған уақыт. Кеніш басындағы жұмыс қарқын ала  түскен. Алып экскаватор биіктігі 15 метрден асатын жарды жанамалай құлатып, құлаған топырақты шөмішімен жүк көлігіне тиеп жатыр. Қорабы толы ауыр машиналар ақ түсті май топырақты жарты шақырым жерге апарып төгуде. Мұндағы «СНАНТИ» атты алып бульдозер топырақты сол жерге тегістеп таптауда. Жұмыста еш іркіліс жоқ. Қай жағыңызға қарасаңыз да толассыз еңбек дүбірі. Кеншілердің қимыл қозғалысы өз істерін зор жауапкершілікпен мүлтіксіз атқарып жатқанынан хабардар етіп тұр.

     — Қазір өздеріңіз куә болып отырған жұмыс алдағы қысқа белгіленген көмірді өндірудің дайындығы. Бізге қажетті көмір мына құлатылып жатқан жардың астында. Сонау көктемнен бері топырақтың бірінші қабатын 15 метрге дейін қазып, бұрын көмірі алынған жерлерді жауып шықтық. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда,- дейді Жарас жұмыс барысымен таныстыра отырып.

    Жарастың айтуынша кен орнының жалпы көлемі 105 гектардың айналасында. Кеніш іске қосылғалы бергі аралықта 40 гектар алаңның көмірі игерілген. Бір айтарлығы, кенішті қалай болса солай қаза беруге болмайтыны. Әр жылға мемлекеттегі тиісті орын мөлшерін белгілеп береді. Сол мөлшерден сынық-сүйем асуға жол жоқ. Қазір алдағы жылға белгіленген 50 метр алаң топырағының бірінші қабаты 15 метр тереңдікте алынып біткен. Енді 15 метр төмен екінші қабаты алынуда. Сосын үшінші қабатына кезек тиеді. Бұл аралық көмірге дейін жиырма метр болады. Кейбір жерлер дөңес болып келетіні тағы бар. Сонда көмір бас-аяғы 60 метр тереңдіктен қазылып алынады деген сөз. Ал, бұған оңай күш, оңай шығын кетпейтіні осыдан-ақ түсінікті шығар! Көмір қазумен, тиеумен шұғылданатын «ЭКГ-5А» маркалы алып эксковатор маймен емес, 10 мың киловаттық электр қуаты арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар көмір тиейтін 2 «Хундай» эксковаторының да көтерер жүгі салмақты. Қытайда шыққан «СҺАСМАN» аталатын 4 ауыр жүк көлігі тоқтаусыз жүріп, шахтаның айналасындағы тасымал жұмыстарының бәрін мінсіз атқаруда. Көмір өндіруге арналған басқа да техникалар толық қуатында іске қосылып, өндіріс қуатын арттыруға негіз қалауда. Шахтаның жұмысына қазір 22 адам тартылып отыр. Науқан басталғанда бұл сан арта түспек.

    Автомашина әкеліп төккен топырақты тегістеп таптап жатқан «СНАНТИ» бульдозері бір сәт тыным алғанда техника иесімен тілдесудің де сәті түсті. Есімі Қаһарман Ахметов екен.

   — Осы жерде жұмыс істеп жатқаныма 10 жыл болды. Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы мұнда техникаға да, жұмысшыға да барлық жағдай жасалған. Еңбекақымыз да көңіліміз қуанатын дәрежеде,-дейді Қаһарман. Оның айтуынша мұндағы әрбір жұмыс орнымен, ретімен әділ бағаланады. Өтірік алдау, жоқты сылтау етіп, еңбекақыдан ұстап қалу деген атымен жоқ. Жай жұмысшыға да, қызметкерге де талап бірдей. Содан болар, мұнда келгендер кеткісі келмейді екен. Қаһарман жуырда республика көлемінде аталып өткен кеншілердің төл мерекесінде Энергетика министрлігінің шешімімен III дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелгісімен марапатталыпты. «СНАСМАN» автомашинасын жүргізуші Айдын Демеубаевтың да кен өндіру жұмысына қосып келе жатқан үлесі ауыз толтырып айтарлық. Ал, негізгі жұмыс күші саналатын «ЭКГ-5А» эксковаторының жүргізушісі Ержан Омаров болса, өз мамандығының нағыз шебері саналады. Қарағанды облысының тумасы бұл жерге биыл ғана келіпті. Алып техниканы меңгеріп, өнім молшылығын жасауға күш-жігерін жұмсап жүрген жайы бар. Сондай-ақ, Ербосын Атанбаев, Аманжан Әнәпияев, Ернат Ынтымақов сияқты алып автокөлік иелері де жауапкершілікті жете сезінетін еңбекқор жандар. Бәрінің де мақсаты бір, ойлары ортақ. Көмір өндіруді белгіленген межеден асыра орындап, молшылыққа негіз қалау. Сөз бен істе алшақтық болдырмау.

    Кеніш басындағы жұмысқа көңіліміз толған біз жұмысшыларға жасалынып жатқан жағдаймен таныспақ мақсатта жатақхана мен асхана орналасқан мекенге бет алдық. Түс уақыты болған соң жұмыскерлерге берілетін тағамдардың да дәмі мен сапасына назар аударғанды жөн көрдік. Тамақтанатын асхана бүгінгі күн талабымен салыныпты. Әр күні төрт уақыт берілетін ас мәзірі де көңілге қонымды. Көкөністер ғана базардан сатып алғаны болмаса ет, сүт, сары май, қаймақ, ірімшік, құрт сияқты тағамдар еш қоспасы жоқ осы жердің табиғи өнімі. Былайша айтқанда кеніш қарамағындағы іріқара, жылқы малдарынікі. Берекелі дастархан қарынды ғана тойдырып қоймайды. Көңілді де тойдыратыны көрініп тұр. Бас аспаз Айгүл Талқыбаева мен Динара Мамықбаева, Аделина Жексебаева сияқты аспаздардың қолымен дайындалған тағамдардың дәмі тіл үйіреді. Сондықтан оларға кеніш басшылары да, жұмыскерлер де дән риза.

      Жұмысшылардың жатын орындары да көңілге қонымды. Әр бөлмесі 3-4 адамға арналған төсек орын мен көрпе, жастық төсеніштердің тазалығы көңіл сүйсіндіреді. Жуынатын, демалатын бөлмелерде не қажеттің бәрі жасалған.  140 арнадан тартатын спутникті теледидар, биллиард жұмыстан кейін жақсылап демалуға мол мүмкіндік береді. Монша мен жұмысшылардың киім-кешектерін жуатын орынның да жұмысы тұрақты жолға қойылған. Және жұмыскерлерге жасалатын қаражат компанияның жауапкершілігінде. Еңбек адамдарының табысынан бір тиын да ұсталмайды. Тағы бір айтатын нәрсе, кен орнына жұмысқа тартылғандардың негізгі дені өзіміздің ауданның азаматтары. Жалақылары 160-500 мың теңгенің айналасында.

     Қазір кеніште алдағы қысқа қажетті өндірілетін көмірге дайындық жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылға белгіленген жоспардың бүгінге дейін негізгі дені бітіп тұрған көрінеді. Қалғанын  ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін толық орындап, жоспардың соңына нүкте қоятынына кеншілер нық сенімді. Сондай-ақ, кен орнының басшылығы қайырымдылық шараларынан да сырт қалмай, өз тараптарынан қамқор қолын созуға қашанда дайын. Бұл шара тұрақты жолға қойылған. Жыл сайын аз қамтылған, жалғыз басты, күн көрісі төмен отбасылары үшін 300 тонна көмір көмек ретінде тегін таратылады. Әрине, мұндағы толайым табыс, жемісті жетістік өзінен өзі келе салмағаны, техниканың тілін терең меңгерген, кәсіптің қай түріне болсын жанын салатын еңбекқор жандардың маңдай терлері арқылы қаланғаны белгілі. Кеніштің электр жағын басқаратын, «Құрметті кенші» медалінің иегері Зәуре Ілиясов пен Василий Иващенко, Ғани Әшімов, Болат Білдебеков сияқты азаматтар әр күнді еселі еңбекке ұластырып, өнім молшылығын қалап жүрген жандар.

       Кен орнындағы көңіл қуантар игі істерді осылайша жіпке тізіп айта берсе таусылмайтыны анық. Дегенмен, көңілді күпті ететін мәселелер де жоқ емес. Мәселен, осындағы негізгі жұмыс күші саналатын «БелАЗ» автокөліктеріне мамандардың тапшылығы іс тетігін шешуге біраз қиындық тудырып отырғанын жасыруға болмайды. Егер, осы көлікке маманданған, жүргізуге ниет еткен адамдар болса, кәсіпорын қабылдауға дайын. Және жалақысы да көңілге қонымды болмақ. Ойқарағайдың жолының әлі күнге дейін күрделі жөндеуден өткізілмегенін жоғарыда айттық. Осы жолды мемлекет қамқорлығына алса, нұр үстіне нұр болар ма еді. Сонда бәлкім, көмірдің бағасы жұрт көңіліне қонатын қалыпты деңгейге түсер ме еді деген ой да жоқ емес. Бұл енді болашақтың еншісіндегі дүние.

     Иә, ауданымыздағы айтулы кен орнындағы жұмыс осылайша өзіндік ерекшелігімен айқындалып, үлкен сұранысқа ие болумен келе жатқаны белгілі. Кен орны жұмыс істеп тұрғанда аудан халқы тас көмірден тарықпайтыны тағы да ақиқат. Ойқарағайға барған сапарымызда ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың бел ортасында тұрып, куә болдық. Айналамыздағы толассыз еңбек дүбірі көңілді көпсітті. Сенімді серпілтті. Жақсы істің басына жақсы ниетпен барып, көтеріңкі көңілмен келген жағымызға бет түзедік.

                                                                                         Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                                          арнаулы тілшіміз.

                                                                                    Суреттерді түсірген автор.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password