ОБЛЫСТЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ

         Қыс мезгілін асыға күтетіндердің бір тобы-шаңғы спортының жанкүйерлері мен шаңғышы спортшылар. Шаңғы спортынан өткізілетін жарыстар жыл сайынғы қысқы дәстүрге айналған. Биылғы жылғы шаңғы спорты біріншілігі Алматы облысының 90 жылдығына орайластырылды. Жарыстың өту орны әдеттегідей, Сарыжаз ауылы. Жарысқа облыс көлеміндегі барлық ауылдар мен қалалардан 150-ге жуық спортшы қатысты. Қатысушы ерлер мен әйелдер жас ерекшеліктеріне сәйкес жарысқа түсті.

        Ауданымыздың ерлер құрамасында Жанболат Сұлтанғазиев, Болатжан Жанасов, Совет Мақсат чемпион атанса, Мұқи Жантелі, Абай Мағжан күміс жүлдеге ие болды. Қола жүлдені Мағжан Раванов қанжығасына байлады. Әйелдер құрамасынан Эльмира Тілеубекова қола жүлдеге ие болды. Тартысты бәсекеде таңдай қақтырған арулардың қатарында Гуля Байтукеева, Баян Қырықбаева, Құралай Молдабаева, Аяужан Бекмұханбетова, Ақжелкен Қайрат атты спортшылар бар. Аудан қоржынына түскен келесі ұпайлар эстафеталық жарыс нәтижесінің көрсеткіштері болды. Бұл тұста Болатжан Жанасов, Мақсат Совет, Абай Мағжан, Мағжан Раванов көңіл қуантарлық нәтижемен екінші орынды иемденді.

        Мәресіне жетіп, мақсаты орындалған жарыс қорытындысы сараланып, нәтиже бойынша, жалпы командалық есепте, Еңбекшіқазақ ауылы бірінші орынға жайғасса, Райымбек ауданы екінші орынды иеленді. Талғар ауданы спортшылары үшінші орынға жайғасты. Көрсеткен нәтижелеріне орай, жарыс жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз!

Ақерке БИЖАН,

Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password