Қоғамдық қабылдау жасады

       Жуырда аудан әкімі,«Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалының төрағасы Нұржан Құдайбергенов аудан тұрғындарына қоғамдық қабылдау жасады. Қоғамдық қабылдауға алғашқылардың бірі болып кірген Жамбыл ауылының тұрғыны Ауғали Ерғанат атты азамат өзі тұратын ауылдың кейбір көкейтесті мәселелерін көтерді. Ол округке қарасты Жамбыл және Қаратоған ауылдарында мәдениет үйінің жоқтығы ауылдағы балалар мен жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға кері әсерін тигізіп жүргенін тілге тиек етті. Тәлім-тәрбиелік мәні зор мәселе қалай шешім табады? Шешіле қалған жағдайда мәдениет үйінің құрылысы қашан басталатынын сұрады. Партия төрағасы бұл мәселенің басты назарда екенін айтты. Болашақ мәдениет үйінің бүгінгі таңда жобалық -сметалық құжаты жасалынып, мемлекеттік сараптамадан өтіп тұрғанын айтты. Құрылыстың жалпы жобалық құны 476,5 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ, аталған ғимараттың құрылыс жұмыстары биылғы жылы басталатыны жөнінде сұрақ иесін хабардар етті.

        Нарынқол ауылының тұрғыны Қанат Ахметов Нарынқол ауылындағы аудандық аурухана ғимараты қашан жөндеуден өтетінін білгісі келетінін айтты. Бұл мәселеге «Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалы төрағасы:

       «Аталған ғимаратқа жобалық -сметалық құжаттама жасауға қаржы бөлініп, мемлекеттік веб-порталы арқылы «Жетісу сәулет құрылысы» ЖШС жеңімпаз болғаны анықталып, жоба жасалынуда. Атап айтқанда 1,2,3 блоктардың пайдалануға жарамдылығы жөнінен техникалық қорытындысы алынып, іргетасына, ішкі-сыртқы керегелерге және есік терезе ойықтарына сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіледі. Жоба құны 1,5 млрд. теңге көлемінде болады. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамаға құжаттарды жолдауға дайындық жұмыстары жүруде», -деп жауап берді.

        «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының қабылдауында болған Текес ауылының тұрғыны Нұргүл Жұмағұлова «Текес ауылдық округіне қарасты Жаңа Текес ауылының тұрғындары медициналық көмекті тек аудан орталығынан алады, осы орайда ауылымызға медициналық пункт салу жолын қарастырып берсеңіз» — деген ауыл тұрғындарының өтінішін жеткізді. Тұрғындар өтінішінің орынды екенін айтқан Н. Құдайбергенов аудан көлемінде Жаңа Текес, Көмірші ауылдарына медициналық пункт пен Талас, Қаратоған ауылдарына фельдшерлік — амбулаториялық пункт салу жоспарда бар екенін, ғимараттарының құрылысына жобалық сметалық құжаттары жасалып, нысандарға жалпы құны 630,0 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылып жатқанын хабарлады. Қабылдауға келген басқа да азаматтар өз тараптарынан айтылған ұсыныс-пікірлеріне, қойған сұрақтарына партия төрағасы тарапынан қанағаттанарлық жауаптар алды.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password