Оңалту  орталығы  ашылды

     Аудан орталығы Нарынқолда осыған дейін жүзеге асырылып үлгерген жақсы нышандардың жалғасындай болып тағы бір игі іс өмір есігін ашты. Атап айтқанда ағымдағы аптаның беташар күні ерекше балаларға арналған «Қайсар» атты әлеуметтік жетілдіру орталығы іске қосылып, көпшіліктің көзайымына айналды. «Жартас Райымбек» әлеуметтік қолдау көрсету қоғамдық қоры ашқан бұл оңалту орталығы алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі, былайша айтқанда туа бітті жарымжан, кемтар балаларға қамқор қолын ұсынып, аз да болса айығуына қоғамдағы қозғалысқа оңды көзқарас танытып, өздерін сау адамдардың қатарында еркін сезіне алуына жол ашуды мақсат ете жұмыс жасайтын болады.

      Заман ыңғайын, уақыттың тамыр соғысын дөп басып, кәсіпкерлікке ден қойып жүрген, сол арқылы нәсібін айырып жүрген азаматтар саны бүгінде арта түсіп отырғаны қуантады. Ал,олардың ерінбей еңбектене мол табысқа кенеліп,уақыт талабын қанағаттандырып қана қоймай,қоғамның көлеңкелі тұстарына шуақ болуға,қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беруге ниеттенуі көңіл көкжиегін көкке самғататыны тағы да анық.Міне,сондай жандардың бірі – аудан жұртшылығына атымтай жомарттығымен енді-енді танылып келе жатқан Қақпақтың тумасы, кәсіпкер Қайғатырова Роза Ерланқызы. Енді-енді дейтініміздің себебі жоқ емес.Өйткені,Розаның  осыған дейін өзінің туған ауылының күнкөрісі төмен,жалғызбасты деп саналған отбасыларын қажетіне қарай азық-түлікпен,тас көмірмен қамтамасыз етіп,сауапты іске мұрындық болғанынан өз ауылы болмаса,былайғы жұртшылық  құлақтана қойған жоқ. Қиналғанға қол ұшын беруге асығып,жүрегі елжіреп тұратын қыз биыл өзінің ақ пейілді ізгі ісін Нарынқол ауылында жалғастырды. Атап айтқанда 100 тонна көмірді аудан орталығындағы қамқорлықты қажет ететін отбасыларының әрқайсысына 2 тоннадан тегін түсіріп берді. Бірақ,атқарған жұмысын бұлдап,жалпақ жұртқа жария етуді қажет деп тапқан жоқ. Тек, адамдардың көңілін көркейте алса,көкірегіне қуаныштың нұрын себе білсе болды. Одан артық бақыт та байлық та жоқ деген тәмсілді өзіне бағыт-бағдар етіп ұстана білді.Жақсылыққа ұмтылған,ой-ниеті таза,арманы асқақ, мақсаты айқын пендесін Алла тағала да жек көрмейтін болса керек.Роза қайырым жасауға ұмтылып тұратынын да бір жағы сол Жаратқан иенің жар болуынан,қолдауынан деп түсінеді. Бүгінгі атқарып отырған,екінің-бірінің маңдайына бұйыра бермейтін игілікті ісі де соның айқын көрінісі боларына кім кепіл?

     Аудандық «Хантәңірі» газеті редакциямен есіктес көп бөлмелі үйді жалға алып,оңалту орталығын ашып отыр енді,міне. Мақсаты – дене бітімі мен ақыл есінде,тілінде кемістігі бар балаларға көмек көрсету. Жаңа ашылған орталықтың іші бүгінде кірсе-шыққысыз. Ашылу салтанатына арнайы шақырылған аудан басшылары,білім бөлімінің,денсаулық сақтау саласының басшылары,ауылдық ақсақалдар мен аналар кеңесінің басшылары,тіпті,жақсыны көрмекке сонау Алматыдан  келген істерін іскерлікпен ілгері бастырып,шаруасын дөңгелетіп жүрген азаматтар да қатысып,қайырым-мейірімге құрылған шарапаты мол істің алғашқы беташарына куә болысты. Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы бастап,Қанат Ахметовтей ақсақалдар алқасының төрағасы қостап,оған аталған мекеме,ұйым басшылары,шеттен келген қонақтар «бәрекелдісін», айта,жаңа орталықтың лентасын қиды. Ажар Өмірәлиевадай ақсамайлы ана тәтті-дәмдіден шашу шашты. Жиналғандар бұдан кейін орталықтың балаларды оңалтуға арналған бөлмелеріне бас сұғып,ондағы мақсатты іске арналған мүлік-мүкәмалдармен, спорттық жаттығу құралдарымен танысты. Орталықтың басшысы Роза Қайғатырова көпшілікті алда атқарылар жұмыстардың жоба-жоспарымен таныстырды.

    -Мақсатымыз – орталықты ашып қойып, жоғары орындардан тиын-тебен дәмету,болмаса солардың мақтау-марапатына ие болу емес. Туғанынан жарымжан болып,қаншама бала үйлерінде қамалып отыр. Ал, олардың жандүниесі,түсінік-түйсігі, сау адамдардан да жоғары. Жүректері жұмсақ, көңілдері кіршіксіз. Соларға қайырымдылық көрсетіп,қамқор қолымызды созу. Осы жерге әкеліп, ақыл-есін дамытатын, ойлау қабілетін жетілдіретін психологиялық тұрғыдағы сабақтар, жаттығулар жасатып,тіл мүкістігінен арылып,еркін сөйлей алатындай, бойларын тіктеп, қол-аяқтары еркін қимылдата, тамақтарын қолдарымен ұстап отырып іше алатындай, әжетханаға, басқа да орындарға өз аяғымен жете алатындай дәрежеге жеткізу,-дейді. Розаның айтуына қарағанда орталыықтың атында да өзіндік ерекшелік бар. Қайнар ауылына барған бір сапарында Қайсар атты мүмкіндігі шектеулі баламен жүздесіп, жүректі елжіретер бір сөзіне ден, қойған екен. Сосын барып жаңа орталықтың атын «Қайсар» деп атау жөнінде түпкілікті шешімге тоқтапты.»

      Роза өзі бас болып оңалту орталығына қажетті мамандарды Алматыдан  ала келген. Кейбірін осы Нарынқолдың өзінен таңдап, жұмысқа қабылдапты. Психолог та, дефектолог та, логопед, массаж жасаушы, спортшы дейсіз бе, солардың арасынан табылады. Тіпті,кейбіреулері шетелдерде  оқып,маманданған. Мәселен, Тамара Рубеновна–дефектолог, Рану  Асимжанова – арттерапевт, Гүлден Бүкеева – логопед, Руслан Сәретбаев – спортшы,Жанна Әбдіқанова – массаж жасаушы. Бәрінің де өз мамандықтары бойынша тәжірибелері мол. Ендігі керегі-дәрігер екен. Оны да осы ауылдың өзінен қабылдау ойларында. Тағы бір айтатын мәселе, мұнда қабылданған балаларға балабақшадағыдай жағдай жасалатыны.

   Оңалту орталығының ашылу салтанаты барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы,аудандық емхана басшысы Жантас Әкімбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Үмбетәлиев, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қанат Ахметов, аналар кеңесінің төрайымы  Ажар Өмірәлиева, Алматыдағы «Авимед» атты медициналық колледжінің басшысыжерлесіміз Тасболат Қырғызбайұлы, «Аманат-Қарасаз» қорының жетекшісі  Ұлан Сәрсенбаевтар сөйлеп,сауапты іске құрылған орталыққа құтты болсын айтып,алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Лайықты қолдау көрсетіп, сөз көмектерін де, бөз көмектерін де аямайтындарын ыстық ықыластарымен жеткізді.

       Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ, «Хантәңірі»

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password