«Nur Otan» партиясы ауылдарды аралады

        «Nur Otan» партиясы атынан Райымбек ауданы облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткерлер үгіт-насихат жұмыстары барысында аудан ішіндегі барлық ауылдарды аралап шықты. Аудандағы сайлаушылармен кездесіп оларға «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты «Nur Otan» партиясының 2025 жылға арналған сайлауалды бағдарламасындағы 17 басымдық және партияның Райымбек аудандық филиалының бағдарламасында көрсетілген 7 айқын бағыттарды түсіндіріп берді. Ауылдарды аралау барысында «Кандидат қонақта» яғни, канвассингті өткізу, экспромт-кездесулерді өткізу, «есіктен-есікке» акциясы барлығы түгелдей қамтылды. Сайлаушылар тарапынан әр ауылдық округке қатысты мәселелер көтеріліп, қызу талқыланды. Сондай-ақ, 2021 жылы 10-қаңтарда өтетін Қазақстан Республикасының парламент мәжілісі және мәслихаты депутаттарының сайлауында биліктің партиясы «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды.

        «Nur Otan» партиясы ауданды дамытудың жеті басым бағытын өзінің сайлауалды бағдарламасында айқындады. Олар: 1. Экономикалық тұрақты өңір, 2. Қолайлы өңір, 3. Әлеуметтік-бағдарланған өңір, 4. Жастарға арналған өңір, 5. Тарихы мен мәдениеті бай өңір, 6. Ашық және есеп беретін жергілікті органдар, 7. Қауіпсіз өңір. Бұл басым бағыттардың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсарту үшін жағдай жасау.

        Ауданда өткен праймеризден жоғары дауыс жинап, ел сеніміне ие болған жалпы 24 кандидат алдағы бес жылға жоспарланған «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасымен ауылдық округтерді аралай жүріп сайлаушыларды таныстырды. Әр ауылдық округке барғанда сол ауылдың жоспардағы жұмыстарын баяндап, халық тарапынан айтылған ұсыныс, пікірлерді жазып алды. Жоспарланған жұмыстардың барлығы ел игілігі үшін екені анық. 2025 жылға дейін әр ауылда әр бағыт бойынша атқарылатын жұмыстармен таныстыра кетейік: Жалақысы жақсы жаңа жұмыс орындарын құру үшін ауданда 3 инвестициялық жоба жүзеге асады. 2021 жылы Сарыжаз ауылында қуаттылығы тәулігіне 27 мың тонна, «Рауанагро» ЖШС ет комбинатын салу. 2023 жылы Нарынқол ауылында қуаттылығы тәулігіне 10 тонна бидайды өңдеу кешенін салу. 2025 жылы Қаратоған ауылында қуаттылығы 10 Мвт. ГЭС салу. Бұл 2025 жылға 132-ден астам жұмыс орнын құруға және орташа жалақыны 114,7 мыңнан 150,5 мың теңгеге дейін арттырып, жұмыссыздықтың деңгейін 5,4-тен 5,1-ге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

       Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданның ішкі нарығында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2021 жылы Сарыжаз ауылында 200 басқа арналған бордақылау алаңын салу. 2021 жылы Қарасаз ауылында 500 басқа арналған бордақылау алаңын салу. 2024 жылы Қарасаз ауылында 100 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу. 2021 жылы Қарасаз ауылында 500 басқа арналған бордақылау алаңын салу жоспарда бар.

       Туризмді дамытуды қолдау жолында 2022 жылы Жамбыл ауылдық округінде экотуризм саласына бағытталған 1 туристік объект салу жүзеге асырылады. Туризмді дамыту әлеуетін пайдалана отырып, жыл сайын туристер ағынын 2500 адамнан 4000-5000 адамға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

       Таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы Көкбел ауылында 4 шақырым орталықтандырылған су жүйесін салу. 2023 жылы Қарасаз 8 шақырым, Жаңа-Текес 2 шақырым, Түзкөл ауылдарында 2 шақырым су жүйесін қайта жөндеу. 2024 жылы Сүмбе ауылында 9 шақырым су жүйесін қайта жөндеу жұмыстары жоспарлануда.

       Экологиялық жағдайды жақсарту үшін алдағы бес жылда «Nur Otan» партиясы Нарынқол ауылының кәріздік жүйесін қайта жөндеп, қалыпқа келтіруді, ҚТҚ полигонын экологиялық талаптар мен санитариялық қағидаларға сәйкестендіруді ойлауда.

       Алдағы бес жылда автожолдардың сапасын кезең-кезеңмен жақсарту үшін партия төмендегілерге қол жеткізетін болады: 2021 жылы Жамбыл 14 шақырым, Талас 7,5 шақырым, Қақпақ ауылдарында 16 шақырым ауыл жолдарына орташа жөндеу. 2022 жылы Қаратоған 12 шақырым, Қызылшекара ауылдарында 7,5 шақырым ауыл жолдарына орташа жөндеу. 2023 жылы Тегістіктегі 5 шақырым ауыл жолына орташа жөндеу. 2024 жылы Сарыжаз 10 шақырым, Ақбейіт 1 шақырым ауыл жолдарына орташа жөндеу. 2023 жылы Қарасаз ауылындағы 2 шақырым көшелерді орташа жөндеу. 2024 жылы Текес ауылындағы 2 шақырым көшелерді орташа жөндеу. 2025 жылы Жамбыл ауылдық округіндегі Байынқол өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу. 2021 жылы Сарыжаз-Қарасаз-Текес тас жолынан Тұзкөл ауылына дейінгі кірме жолды орташа жөндеу.

        Өмір сүру жағдайын жақсарту үшін төмендегідей міндеттер қойды: 2025 жылға дейін Нарынқол ауылында 20 жалға алу үйлерін салу. Жамбыл, Қаратоған, Қызылшекара, Тегістік және Сүмбе ауылдарының тұрғындарына қолжетімді интернет жүйесімен қамтамасыз ету.

        Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында «Nur Otan» партиясы 2021 жылы Нарынқол ауылында аудандық емхана салу. 2021 жылы Көмірші және Жаңа Текес ауылдарында медициналық пункттер салу. 2022 жылы Қаратоған жәнеТалас ауылдарында фельдшерлік акушерлік пункттер және Нарынқол ауылындағы аудандық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу. 2023 жылы Сүмбе селосындағы ауылдық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу. 2024 жылы Қайнар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізуді ойластырды.

        Білім сапасын жақсарту мақсатында «Nur Otan» партиясы төмендегідей міндеттер қойып отыр. 2021 жылы Ақбейіт ауылында мектеп салу. 2022 жылы Көмірші орта мектебі мен Сарыбастау ауылындағы С.Сауранбаев атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу. 2023 жылы Т.Мұсақұлов атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу. 2024 жылы Көкбел ауылындағы Көксай орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу. 2025 жылы Нарынқол ауылындағы Т.Жанұзақов атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу.

        Бұқаралық спорт үшін жағдай жасау бойынша алдағы бес жылда Партия өз жұмысында ұлт денсаулығын нығайтуға, халықты спортпен жаппай айналысуға тартуға баса назар аударатын болады. Сонымен қатар, 2022 жылы Сүмбе Қызылшекара ауылдарында спорт кешенін салу. 2023 жылы Текес, Сарыжаз, Сарыбастау ауылдарында спорт кешендерін салуды көздеп отыр.

        Халық бірлігі мен қоғамдық келісім — Қазақстанның табысты дамуының сенімді іргетасы.Бүгінде Райымбек ауданында 5 ұлт өкілдері тұрады. «Nur Otan»партиясы біздің қоғамның ерекшелігін айқындайтын мәдени және рухани құндылықтарды сақтау мен көбейтуді өзінің басым бағыты деп есептейді және Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын іске асыру жұмыстарын жалғастырады. Бұл үшін «Nur Otan» партиясы төмендегілерге жетуге ықпал ететін болады. Райымбек ауданының біртуар азаматтарының (Райымбек батыр, Ұзақ батыр, Албан-Асан Барманбекұлы, Ж.Мамбетұлы, Н.Өмірзақов, С.Сауранбаев, Т.Мұсақұлов, Б.Соқпақбаев, М.Мақатаев, С. Ашимбаев, Е.Ібітанов, Б.Мұқай) мұрасын насихаттау. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, М.Мақатаевтың 90 жылдығына іс-шаралар өткізу. 2021 жылы Жамбыл ауылында мәдениет үйін салу. 2022 жылы Сүмбе ауылында мәдениет үйін салу. 2022 жылы Тегістік ауылында мәдениет үйін салу. 2021 жылы Қақпақ ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу.

       Сондай-ақ, Райымбек ауданының барлық тұрғындары өздерін қауіпсіз сезінетін өңірге айналуы тиіс. «Nur Otan» партиясы құқық қорғау органдарының қылмысқа қарсы күрес жөніндегі қызметінің тиімділігін арттыруға, төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын қамтамасыз ету деңгейін арттыруға жәрдемдесетін болады. Қылмыс пен жол – көлік апатының деңгейін төмендету. Шалкөде, Сүмбе, Қақпақ, Қарасаз, Тегістік ауылдарынан 6 өрт сөндіру бекетін құру. 2022 жылы жер асты суының ағуын болдырмау үшін Тегістік ауылында дренаж салу жоспарда бар.

       Облыстық және аудандық мәслихатқа депутаттыққа үміткерлер ауылдарды аралау барысында тұрғындардың сенімін ақтау, халықтың барлық топтарының мүдделерін қорғау, халық пен билік арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет ету үшін жұмыс жасайтын болмақ. «Nur Otan» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде халқымыздың бірлігіне, еліміздің гүлденуіне және әрбір қазақстандықтың игілігіне жұмыс істейтін партия екенін тағы бір мәрте дәлелдеді десек артық айтқандық емес. Үгіт-насихат кезінде сайлаушылар тарапынан айтылған аманат, ұсыныстарды әрбір кандидат депутат болған жағдайда тиісті жерге жеткізуге уәде етті. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдай келе, партия өкілдері халықты «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды.

 Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

арнаулы тілшіміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password