НАУРЫЗ – ЖЫЛДЫҢ БАСЫ

       Наурыз мерекесі – халықтар бірлігі мен татулығының бастауы, достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі. Сол себепті де, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, шын пейілдегі жалпы халықтың мейрамына айналуы шарт. Ал , бұл мақсатты жүзеге асыру үшін, ең алдымен, Ұлыстың Ұлы күнін тойлау ауқымын да, мазмұнын да кеңейте түскеніміз  орынды. Осыдан біраз жыл бұрын БҰҰ деңгейінде қолдау тауып, халықаралық қауымдастық тарапынан ең ежелгі мерекелердің бірі болып табылатын Наурыздың мәртебесі көтерілді. Қазақстанда төл мейрамды тойлаудың мәртебесі де артты. Ендігі күні елімізде  Наурызды «Жаңа жыл» ретінде ресми әйгілеудің кезі жеткен сияқты. Шындап келгенде, атынан белгілі, «Наурыз – жылдың басы, күннің жаңасы». Бұл – қазақтың  өзі ертеден айтып жүрген, ешқандай да  дәлелді қажет етпейтін Жаңа жылы. Шежіре қуған көне көз қарттарымыздың айтуынша, Наурыз мерекесі «Нұқ пайғамбар кемесінің» Қазығұрт тауына келіп тоқтағаннан кейін, топан су тартылып, кемедегі жан-жануарлар жерге түскен кездегі қуанышынан басталыпты. Әр қазақтың асыға күткен мейрамы «Наурыз» – табиғаттың тылсымы мен  ғалам ғажайыптарын бойына жиған ерекше мереке. Осыны терең ұғына білген ата — бабаларымыз бұл күнді «Жыл басы» деп есептеген. Наурыз-күн мен түн теңелетін, жер жаһанға шаттық пен қуаныш сыйлайтын, ізгіліктің нұры төгілетін мейрам. Бұл мейрамның тағы бір ерекшелігі — бұл күні жақсы тілек тілеу, араз ағайынмен жарасу, табысу секілді адами қасиеттер көрініс тауып, әдептілікке, бауырмалдыққа, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурыз — ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағына да айналып отыр. Ендеше, мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың « Наурыз – ресми жыл бастауы» деп жариялауы біз үшін, барша Қазақстандықтар үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе. Мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдіріп, түптің түбінде осылай болуын сезгендейміз. Ендігі кезекте төл мерекемізді жаңғыртсақ, бұл біздің халқымыздың іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен берекенің берік іргесіндей. Біздің нағыз Жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Себебі, Наурыз- ғылыми, астрономиялық тұрғыдан алғанда да күн мен түннің теңеліп, тіршіліктің  жаңаруының басы. Біріншіден, Наурызды Жаңа жыл деңгейінде атап өту – оның мазмұнына да, ауқымына да сай келеді. Екіншіден, қазақ халқы үшін Наурыз – ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі. Кезінде, Наурыз мейрамын Жаңа жыл ретінде атауды Алаш зиялылары да көтерген болатын.  Ендеше, барша Қазақстандықтар үшін игі іс  -Наурыз мерекесін Жаңа жыл ретіндегі ұлттық мәнін көтеру, маңызын тереңдету .

                                                         НӨКЕЕВ Әділжан Қасымханұлы,

                                     аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password