НАРЫНҚОЛДЫҢ  АЙМАҒЫ – ҚАЗЫНАНЫҢ  ҚАЙМАҒЫ

    Рас, кезінде қалың елінің ұранына айналған Райымбектей батыр бабамыздың атындағы ауданның аты аталып жатса, елеңдемейтін жан жоқ. Еліміздің биік мәртебесі, айбынындай зеңгір көкке шаншыла орналасқан Хантәңірі шыңы, басын мәңгі қар басқан аспантаулары көрік берген ғажайып өлке. Сап түзеген қарағайлары, аппақ бұлттары ажарын ашқан құтты қоныс. Саф ауасы, мөп-мөлдір бұлағы, саумал самалы жаныңды жадыратқан жер. Ұлтымызға Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Баққожа Мұқай, Еркін Ібітанов секілді қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздарын, Нұрбапа Өмірзақов, Алтынбек Сәрсенбаев секілді қоғам қайраткерлерін, Әділ Ахметов, Тарих Омаров, Аужан Сақабеков, Шерубай Құрманбайұлы секілді ғалымдарды, Нүсіпбек Әшімбаев, Қажымұқан Диқанбев секілді Еңбек Ерлерін, Нүкетай Мышбаева, Кенжехан Алмабекова секілді Халық әртістерін берген киелі өлке. Нарынқолдың қасиетті топырағынан нәр алып, қалың қазағының мақтанышына айналған өнер, спорт саңлақтары жетіп-артылады. Жерінің асты-үсті де байлығына толы жер – ұлтымыздың бар жақсылығының, қасиетінің, қазынасының қаймағы тұнған мекен. Қазақы қалпы, маржандай салты жарасым тапқан өңір соңғы үш жылдың аумағында өсіп-өркендеп, жаңарып-жайнай түсті. Аудан әкімі Құдайбергенов Нұржан Кеңесұлымен жүргізілген сұхбатымызға қайта түлей бастаған ауданның жақсылықтары арқау болды.

     — Нұржан Кеңесұлы, ауданның қайта қалпына келгеніне үш жылдан асса, өзіңіздің өңір тізгінін ұстағаныңызға екі жылдан асып барады. Таулы өлке туралы сөзіңізді немен бастар едіңіз?

     — Алыс кеткен атағынан ат үркетіндей киелі мекен туралы жастайымнан естіп, біліп өстім. Еңбекқор, қонақжай елі-жұртынан айналайын! Тұмса табиғат әлемі жаныма өмір мен еңбек қуаныштарын, жақсылықтарын сыйлады. Хантәңірі шыңының баурайында өткен әр күнім жылға татиды десем, артық айтпаймын. Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жарлығымен орталығы Нарынқол ауылы болып Райымбек ауданы құрылғаны оңды шешім болды. Осындағы тау мінезді ағайын, барша жерлестерім Елбасына, игілікке негіз қалаған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына әлі күнге дейін жүрекжарды алғыстарын айтып отырады. Аудан орталығы Нарынқол ауылының жүзі кірді, ажары ашылды. Барлық көшелері асфальтталып, жарықтандырылып келеді. Еңселі спорттық-сауықтыру кешені спортты сүйетін қалың қауымның әсіресе, жасөспірімдердің игілігіне айналды. Ауданды қайта қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 17 миллиард теңге қарастырылып, қыруар жұмыстар жүргізілді. Нарынқол – құрылыстың мекеніне айналды. Аудандық әкімдіктің, сервистік орталықтың, республикалық бағынастағы мекемелерге арналған ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Мамандарымыздың бәрі жылы да жайлы мекен-жайда алаңсыз еңбек етуде. Жаңадан халыққа қызмет көрсету орталығы, прокуратура, 20 жалгерлік, 83 коммуналдық, 8 қызметтік тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

     — Мұндай жақсылықтарды ауданның аумағына орналасқан елді-мекендерден де көретініміз даусыз. Бұған не дейсіз?

     — Айтуға болады. Таулы өңіріміздегі Жәмеңке, М. Мақатаев, Қ. Шорманов, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептердің ғимараттары, одан бөлек Сарыжаз, Сарыбастау ауылдарындағы балалар бақшаларының ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, құшағы балапандарға толды. Жамбыл, Қақпақ ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынып, елдің игілігіне айналды. Ауданымыздағы Қызылшекара, Жамбыл, Қақпақ ауылдарындағы ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауыз суға қол жеткізді. Бұл да көптен бері айтылып келе жатқан түйінді мәселелер болатын. 2,1 миллиард теңге қарастырылып өңірдегі Нарынқол, Қайнар, Сарыжаз, Сарыбастау, Сүмбе, Текес ауылдарының ішкі көше жолдары қалыпқа келді. Туризмді дамыту мақсатында Нарынқол тас жолынан Шоғансай өңіріндегі «Баянқол»  шекара бекетіне дейінгі жол жасалып, асфальтталды. Оның сыртында облыстық маңызы бар Сарыжаз-Қайнар, Қайнар-Қақпақ-Тегістік-Текес, Сарыжаз-Қарасаз бағытындағы жолдар жасалды. Биыл Қарасаз-Тұзкөл және Қарасаз-Шалкөде-Талас ауылдары бағытындағы жолдар орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Ең бастысы, ауылшаруашылығын дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту  мақсатында облыстық бюджеттен 622 миллион теңге бөлініп, «МТЗ-80» маркалы 28 трактор, 111 ауылшаруашылығына қажетті техникалар алынды. Голландиядан 120 миллион теңгеге 236 тонна «Сантэ» және «Агрия» атты картоптың берері көп сортты тұқымы сатып алынды. Ауданымызда картоп өсіру бағытындағы «Хантәңірі», «Үш Қақпақ», «Байынқол», «Жаңа жол» атты сервистік-дайындау орталықтары құрылып, жұмыстарын нәтижелі жүргізіп келеді. Былтырдан бері картоптың аталған сортты тұқымы 3 мың гектар жерге отырғызылып, әр гектарға шаққанда 300 центнерден берекелі өнім алынып келеді.

     — Биылғы жылдың 10 айында атқарылған істер туралы айтып өтсеңіз?

     — Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығындағы ауданның әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштері жаман емес. Барлық салалар бойынша белгіленген жоспарлы жұмыстарымыз орындалды. Өнеркәсіп саласында 2 490 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 187 пайызға орындалды. Осы мерзімде ауылшаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 28 300 миллион теңгені құрады. Өңір бойынша ет 14095 тоннаға, сүт 24615 тоннаға орындалды. Ауданымызда 67885 бас ірі қара, 276973 бас қой-ешкі, 44031 бас жылқы бар. Мал шаруашылығында қой-ешкі мен жылқының саны өсіп келеді. Басқаны айтпағанның өзінде аудан бойынша 6050 гектар жерге картоп отырғызылған. Оның әр гектарынан 216 центнерден өнім алынды. Төрт түлік мал үшін 186 мың тонна мал азығы дайындалды. Ауылшаруашылығына қажетті техникаларды жаңартпай жұмыс өрге баспайды. Бұл мәселе тұрақты назарымызда. Биылғы жылы шаруа қожалықтары 192 миллион теңгеге 39 бірлік трактор, агрегаттарды сатып әрі лизинг арқылы алды. Өңірдегі жағымды жаңалық деуге болады, Қарасаз ауылдық округінен сүт өнімдерін, атап айтқанда, май, маңыз, ірімшік, балмұздақ  тағы да басқа сүт өнімдерін шығаратын цехтың құрылыс жұмысы толығымен аяқталды. Салтанатты ашылуы, жұртшылыққа өз өнімін ұсынатын кезі алыс емес. «AIatau agro» ЖШС-гі Қарасаз ауылдық округі аумағынан 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын салды. СПК «Лабасы» серіктестігі Сарыжаз ауылдық округінен 200 басқа арналған мал бордақылау алаңын жылдың аяғына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Ауданымыз бойынша бөлшек тауар айналымы 1 миллиард 24,7 миллион теңгені құрады. 10 айдың көлемінде таулы өңірімізге 3 652 миллион теңгенің инвестициясы тартылды. Аталған мерзім ішінде 2 752 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Нарынқол ауылында аудандық мұрағаттың және ауылдық әкімдіктің ғимараттары салынып жатыр. Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Биылғы жылы Қарасаз, Шалкөде ауылдарындағы ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл игілікті шаруалар аяқталуға жақын. Аудан орталығындағы Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінің алдындағы саябақ ағымдағы жөндеуден өткізілді. Мұқағалидың 90 жылдығында ақын ауылы лайықты абаттандырылды. Қақпақ, Сарыбастау, Тегістік, Жамбыл, Сарыжаз, Қарасаз, Шалкөде ауылдарынан «Street Workout GS – 3020» спорт алаңдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ауданда жалпы 23401 гектар суармалы егістік жер бар. Өңіріміздегі «Ұзынбұлақ», «Белбұлақ», «Ауыл» атты тоспаларды жасауға 707 миллион теңге бөлінді. Тоспаның құрылысы аяқталса, 1750 гектар суармалы жер айналымға қосылады.

     — Нұржан Кеңесұлы, аудандағы білім, денсаулық салаларының жайы қалай?

     — Жағдайлары жақсы. Ауданымызда 19 орта, 1 негізгі, 2 бастауыш мектеп, 5 мемлекеттік, 3 жеке меншік балалар бақшалары бар. Қарасаз, Текес ауылдарында өнер мектебі, Нарынқол ауылында мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, Сарыжаз ауылдық округінде кәсіптік-техникалық колледжі жұмыс істейді. Алты жасқа дейінгі балаларымызды мектеп алды тәрбиесімен қамту жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аясында Қарасаз ауылындағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназия ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қазіргі таңда Тұзкөл ауылындағы Т. Мұсақұлов атындағы орта мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Ауданымызда 1 аудандық, 1 ауылдық аурухана, 11 дәрігерлік амбулатория жалпы 18 дәрігерлік шаңырақ халыққа қызмет көрсетеді. Өңірімізде жоғары білімді дәрігерлердің жетіспеушілігі әлі де сақталып отыр. Аудандағы 76 дәрігерлік штатта 53 дәрігер еңбек етуде. Осы жерде бір айта кететін қуанышты жағдай бар. Атап айтқанда, алдағы жылдары Нарынқол ауылынан күн сайын 250 адам қабылдайтын, құны 2 747 665 мың тұратын аудандық емхананың құрылысы басталады. Қаратоған, Талас ауылдарынан фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимараттары, Жаңа Текес, Көмірші шағын елдімекендерінен дәрігерлік пункттің ғимараттары салынатын болады. Аталған, ғимараттардың жоба-жоспарлары дайын.

     — Райымбек ауданы ежелден ынтымақ-бірлігі сүттей ұйыған, өнері өркенін жайған, салт-дәстүрі бұзылмаған ырысты, құтты өңір саналады. Бұл тұрғыда айтарыңыз бар болар?

     — Қуана айтатын, әңгімелейтін дүниелеріміз баршылық. Ауданымыз қайта қалпына келгеннен кейін көп ұзамай «Хантәңірі» театры құрылды. Жерлесіміз, өнер майталманы Асқар Наймантаевтың режиссерлігімен Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» атты поэтикалық-сазды драмасын сахнаға шығарып, халықтық атағын қорғады. Аталған театр үстіміздегі жылдың бас кезінде Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында өткен «Пятое время года» атты халықаралық онлайн конкурс-фестивліне аталған драманы ұсынып, жүлделі І орынды еншіледі. Осы жақында ғана айтулы жерлесіміз, қоғам қайраткері Серік Сұлтанғалиұлы халық театрына шағын автобус сыйға тартып, үлкен қуанышқа бөледі. Сарыжаз ауылындағы жаңа мектеп ғимаратынан осы ауылдың бір перзенті, белгілі қоғам қайраткері Тұрарбек Асановтың атындағы бокс залы ашылды. Туған жерінің Тұрарбектей айтулы ұлы аталған бокс залын толықтай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, балғын боксшыларды қуанышқа кенелтті. Қыркүйек айының соңында Қарасаз бен Нарынқол ауылдарында айшықталған Мұқағалидың 90 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өткізілді. Ақын тойына елі-жері үлкен дайындық жасады, қай-қашанғы қонақжайлылық мінезін көрсетті. Аудан орталығынан ақынның еңселі ескерткіші бой көтерді. Айналасынан әдемі саябақ жасалды. Өңір тұрғындары  көрнекті ақын Мұқатай Жылқайдарұлының қос томдық шығармалар жинағының тұсаукесерін, белгілі қаламгер Жақыпжан Нұрғожаевтың Мұқағали туралы эссе-естеліктер, көркем әңгімелердің жүгін көтерген «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» атты кітабының тұсаукесер салтанатын атап өтті. Жыл бойы ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны атанған Мұқағалиға арналған ізгі де игі шаралар барлық ауылдарда, мәдениет үйлерінде, білім ордаларында жарасымды жалғасын тауып келді. Мұның бәрі жерлестерінің біртуар перзентіне, қазақтың ұлы ақынына деген ыстық ықыласы, сүйіспеншілігінің белгісі болды. Аудандағы мәдениет саласына да лайықты назар аударылып келеді. Биыл Текес пен Қайнар ауылдарындағы мәдениет үйлеріне қомақты қаражат бөлініп, ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қақпақ ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізудің жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл да ауыл тұрғындарының көп жылдан айтып келе жатқан ұсыныс-тілектері болатын.  Тағы бір қуанышты оқиға болды. Ауданымыздағы Жамбыл ауылының бір перзенті Асыл Айтақын Нұрмұханбетұлы 64 килограмм салмақта 23 жасқа дейінгі жастар арасында Сервияның астанасы Белград қаласында еркін күрестен өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып қайтты. Ауылының, ауданының, Жетісу өлкесінің, Тәуелсіз Отанымыздың мерейін аспандатты. Күрескер ұлымызға өңір азаматтарынан құралған «Хантәңірі қырандары» атты қоғамдық қордың барша мүшелері, аудан тұрғындары атынан бір бөлмелік пәтердің кілті тапсырылды.

     — Нұржан Кеңесұлы, әңгімеңізді немен түйіндер едіңіз?

      — Иә, қайта құрылғанына, қалпына келгеніне 3 жылдан асқан ауданымыздың ертеңі нұрлы, болашағы бекем. Өркенін жая түсер шағы алда. Біз алдағы жылы өңіріміздегі Көмірші және Көкбел орта мектептерін күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Сүмбе, Қызылшекара ауылдарынан шағын спорт кешендері салынады. Таулы өңіріміздегі Қаратоған, Тегістік, Тұзкөл, Жаңа Текес, Көкбел ауылдарындағы ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізілетін болады. Көп жылдардан өңір тұрғындарын толғантып келе жатқан тағы бір мәселе орнықты шешімін тапты. Мемлекеттік шекарамыздың шетіне орналасқан Сүмбе және Жамбыл ауылдарынан жаңадан салынып, бой көтеретін мәдениет үйлерінің іргетасы қаланды, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Мұндай игілік болашақта Шалкөде, Сарыжаз ауылында да жасалады деген үлкен үміттеміз. Алдағы жылдары аудан орталығынан 20 арендалық тұрғын үй салудың қажетті құжаттары жасалуда. Халқымызды алаңдатып отырған жаман дерттің ауылы алыс, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын! Жақсылықта, қуанышта жүздесетін жайдары да жарқын күндеріміз алда болсын! Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығын қарсы алғалы отырған халқымыздың таңдары ажарлы, күндері көркем, жүздері жарқын, ғұмырлары ұзақ, еңбектері жемісті, тұрмыстары келісті бола берсін!

Әңгімеңізге көп-көп рахмет! Батыр бабамыздың атындағы ауданның еңсесі биік, мәртебесі биік, жақсылығы толайым болсын, дәйім!

                                                         Сұхбаттасқан:

                                                           Қанат БІРЖАНСАЛ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password