Нарынқолда бір үй бар шамы жарық

Қос желкен

    Еркін Ібітанов 1960 жылы 10 октябрьде  мектепті жаңа ғана бітірген Алтынкүл апамызға үйленеді. Ол кезде Еркін аға  «Советтік шекара» газетінде қызмет істейтін. Шаңырақ көтерген жас жанұя  үйде ғана емес қызметте де жолдары тоғысып жатты. Отбасы – ошақ қасы демей ерімен бірге еңбек ете бастаған апамыз 1958-59 жылдары  Мақай Нұрқасов, ақын-жарымен бірге халық театрын құру идеясын қолға алады. Театр құру үшін алдымен көркем өнерпаздар үйірмесін жасақтап, ұзақ күн ауданды аралап, талапты жас өнерпаздарды іріктеу жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп,  халықтық атағы бар  театр құрылып, 1961 жылы сәуірдің 12-де Шахмет Құсайыновтың алғашқы спектаклі қойылады. Алтынкүл апамыз түрлі рөлдерді сомдаса, Еркін аға администрациялық-үйлестірушілік істерді қолға алды. Сол уақытта  аудандағы алғашқы халық театры болғандықтан жауапкершілік те зор тұғын. Халық та бірден жылы қабылдап кетті. Өстіп, театр тіршілігі білікті режиссер М.Нұрқасовтың басшылығымен  жанданып, аудан бөлінгенше табысты жұмыстар жасады.

   1961 жылы аудан орталығы Кегенге ауысқанда ақын жанұясы жұмыссыз қалады. «Советтік шекара» газеті Кегенге бірге  көшкенде жаңа туылған Тұман есімді тұңғыштарын бағатын жан болмай  Қарасазға көшеді. 1966 жылдың мамыр айына дейін сол жердегі ауыл мектебінде Еркін ағамыз мұғалім, Алтынкүл апамыз пионер жетекшісі болып еңбек етті. Ал  1966 жылы аудандық газет  Нарынқолға қайта келгенде Қарасаздан қайта көшті.

Бәйтеректей достары

    Ібітановтың  қалада да, далада да достары көп болды. Әсіресе, қаладан келетін құрбылары жиі қонақ болатын. Телефон арқылы жағдайын біліп, ауылдағы ақынын елеп, ескеріп отыратын. Қазіргі кезде бәрі бір-бір биік шоғырға айналған, қалың қазақтың мақтаныштары ғой. Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов сынды үлкен есімдермен қатар аталатын Еркінді  Оспанхан Әубәкіров, Әсет Бейсеуов, Сейфолла  Оспанов, Тоқаш Бердияров, Досан Жанботаев, Бердібек Соқпақбаевтар да құрметтей білген. Атбасын Нарынқолға бұрса басқа демей Алтынкүл апаның ақ дастарханына асығатын ағаларға Ерекеңнің есігі әрқашан ашық еді. Қонағы үзілмейтін шаңыраққа ақын шарапатына бөленген інілері бүгінгі күнде де жиі келіп кетеді.

Талантына тұсау жоқ

    Майдангер жазушы Әлнұр Мейірбеков өте кемеңгер, көпті көрген кісі еді. Қол астындағы қызметкерлердің творчествосына аса мән беретін. Әсіресе, Еркін Ібітановқа асқан сенім артты. Сондықтан да  газет жанынан алғаш ұйымдастырылған  «Мұқағали» атындағы әдеби бірлестікке Еркін жетекшілік еткен. Сонда  талабы бар бір топ жастар талантын ұштап, онымен қоса өзі де шығармашылық шабытын шарықтатып, ақындық жолын айқындай түскен екен.

    Ерекеңнің тағы бір ерекшелігі  өлеңмен бірге сын мақаланы қиналмай жаза  білгендігі. Ол кезде әрбір газет бетіндегі сынға шүйліге қарайтын шенділер үшін тас атқанмен тең еді. Ақынның «Жортуылды Жолаушиев» деген бүркеншік аты ауылдың жыртығын ана жерден бір, мына жерден бір айтып, жоғары жақтың мазасын масадай алған көрінеді. Сол кездегі оқырман қауымын елең еткізіп қана қоймай талай басшылықтың құлағын  шулатқан екен. Соның арқасында Нарынқолдың көшесі түзеліп, тегістелді дейді көзін көрген азаматтар.

    1968 жылы август айында Москвадан шығатын «Известия» газетінде бір ай жұмыс істеп, тәжірибе алмасып қайтқан Ібітанов, 1974 жылдың февраль айында Кубаға жүріп кетеді. Қасында сапарлас болған аудандық құрылыс мекемесінің бастығы Меліс Бұғыбаев пен жолдасы Түймен үшеуі ауданның путевкасымен бір айға демалып қайтады. Осының бәрі ақынға толассыз шабыт сыйлап, сапардан келген бойы  «Толассыз толқын сулары» атты цикл өлеңдерін өмірге әкелді.

     «Жарықтық, жазған қол жазбасын қайта түзетіп шимайламайды» деп есіне алатын жары Алтынкүл апамыз:  –  Мұқағалиға арнап «Хантәңірі қайдасың?» дастанын күніне бір тарауын тауса жазып, 22 күнде бітірді. Айналасы жұп-жұмыр  ұлы ақынға деген ескерткіш шығармасын жазғандарының ішінде шоғыры биік көретін дүниесі еді деп еске алады бүгінде. Иә, дәл солай. Республика көлемінде аталып өтетін Мұқағалидың туған күнінде есімі қатар айтылатын Еркін ағаның бұл шығармасы бірге оқылып, жүректерде жатталып жатқаны осының куәсі болса керек.

     «Хантәңірі қайдасың?» дастаны жазылып біткен соң   аудандық газет редакторы Әлнұр Мейірбеков   үйге келіп, оқып көреді де, ертесі-ақ облыстық «Жетісу» газетіне жібертеді. Сонда Әлнұр аға  қалжыңға сүйеп інісіне: «Еркін ағамның алдындағы парызымнан құтылып, жеңілдеп қалдым» деп  шын көңілден күлген екен. Көреген, жазушы Ә.Мейірбеков те  Ерекеңнің еркелігі мен талантын қай кезде де құрмет тұтқан. Ал шығармашылыққа келгенде  асыра сілтеп мақтаудан аулақ жаны  нағыз өміршең туындыға тұсау салмай, туралығын айтып сәт-сапар тілепті.

Әзлкештігі бір төбе

      Ерекеңнің   айта берсе аңғара бермейтін қырлары жетерлік. Ол кісі әлде кімдер сияқты   кісі тегіне, түр-тұлғасына қарап бөлмеген. Керісінше ортасын қалжыңға толтырып, тұздай тілімен түйреп алатын дейді  білетіндер. Өзіне жақын тартқан адамға ат сайлап, сонымен атайтын болған. «Қара бала», «Компьютер қыз» т.б ел есінде ұмыт қалған  әдемі әзілге құрылған әңгімелері бір төбе. Әттең жинақтап, қағаз бетіне түсірсе етек-жеңі келіскен дүние болып шығар еді.

Домбыра алып айтысқан

  1960 жылы ноябрь айында ең алғаш республикалық ақындар айтысы өтеді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, Қалқа Жапсарбаевтар  бастаған зиялы қауым өкілдері алдында Тұрсынзада Есімжановпен айтысқан  Еркін Ібітанов өзінің суырып салмалық қасиетін танытты. Кейіннен  Жолдасқан Құрамысовпен, Надежда Лушниковамен, ұйғыр ауданының ақыны Шәйім Шәбиевпен сөз қағыстырып,  айтыскерлігін айшықтай түседі. Мұнымен тоқтап қалмай колхоз-колхозды аралап жүріп, ақындық қабілеті бар адамдардың басын қосып,  айтыс өткізіп, төл өнеріміздің өркендеуіне  үлес қосты. Ол кез телевидение деген атымен жоқ заман, тек  радио арқылы ғана республикамыздың түпкір-түпкіріне тарап жатты. Бүгінде сол айтыс үні қазақ радиосының алтын қорында бар болу керек. Мүмкін болса  ақынның туған күн қарсаңында жариялап, елге тарту етсе нұр үстіне нұр болар еді дейді көзі қарақты ағайын.

    P.S.  Мақаланы әзірлеп жатқанда ақынның  үйіне аяқ асты жол түсті. Амандық-саулықтан кейін Алтынкүл апа үйде тұрған ескі шабаданын ақтарып отырып, сарғайған қағазды көрсетті. Бұл Еркін Ібітановтың соңғы қол жазбасының бірі екен. Тіпті  кеше ғана басылып шыққан екі томдығына да енбей қалыпты. Оқып қарасақ бас-аяғы жұп-жұмыр «Өмір сабақтары» атты тең-тұстарына арналған поэма. Күлсім атты сормаңдай қыздың машақатты өмірімен кейіпкер қатарлы қыз-келіншектердің  боямасыз бір бейнесін айтқысы келген.

   Өкінішке орай, поэманы аяқтап үлгермепті.

   Себебін түсіндіре алмасақ та ақындық тағдырдың айта жүрер аңызының біріне айналатын шығармасы болар деген ойда қалдық.   

Серікжан Мурасилов.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password