НӘЗІК ЖАНДЫЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

      Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі жөнінде өз пікірін білдірді. Оның ұсынысы әйел құқығын қорғауға бағытталған үлкен ұран ретінде қабылданғанымен қоса, сол сәттен бастап 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні болып белгіленді. Мереке алғаш рет 1911 жылдан бастап тойлана бастады. Дегенмен, жыл сайын 8 наурызда мемлекет әйел құқығының қорғалуына байланысты жүргізілген шаралар бойынша есеп беретін. Уақыт көшімен жылжи келе бұл мереке саяси келбетін жоғалтып, 1975 жылы кеңес идеологтарының ықпалымен ресми түрде 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні болып жарияланды. Тарихы осылайша бастау алған мереке біздің елімізде, ел ішіндегі абыройлы ауданымызда да тиісінше өз дәрежесінде өтті.

        Таң атқаннан әдемілене сап түзеген арулар легі аудандық мәдениет үйіне бет алды. Жылдағы дәстүрден танбай, аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы Құдайбергенов қыз-келіншектерді мерекесімен құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді. Марапаттау шеруінде ақ жаулықты әжелер, көпбалалы аналар, түрлі саладағы іскер арулар бой көрсетіп, арнайы алғыс хаттар мен құрмет грамоталарына ие болды. Көпбалалы аналарға күміс төсбелгісін тағу рәсімі де осы салтанатты жиында орын алды. Салтанатты жиын жалғасы аудандық аналар кеңесі төрайымы Балжан Омарова, Бірбаев Бекболат сынды тұлғалардың құттықтау сөзіне ұласты. Мадақталған нәзік жандылар назарына ресми жиын соңынан аудан өнерпаздары дайындаған арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Көрермендерге жайдары көңіл-күй сыйлаған өнерпаздардың еңбегі нәзік жандылардың қошеметінен өлшеуін тауып, керемет күннің естелігіне айналды. Мерейлі мерекелік іс-шара ақ халатты нәзік жандыларды құттықтаумен жалғасын тапты. Алғашқы құттықтау сөз тізгінін алған аудандық аурухана басшысы Әкімбаев Жантас Нұрланұлы медицина саласындағы арулар мен аналарды мерекемен құттықтап, арнайы марапаттар ұсынып, сыйлықтар тарту етті. Аудандық аурухана ұжымынан өзге, ауылдық округтердегі медицина қызметкерлері де құттықтау мен арнайы марапаттау назарынан тыс қалмады. Марапатқа ие болған әрбір нәзік жанды алған құрметіне толықтай лайық екеніне ешкімнің таласы болмаса керек. Құшақтары гүлге толған аналардың бақытты күлкісінен асқан ешбір бақыт жоқтығы мәңгілік мәнін жоғалтпас қағидат. Әйел-өмірдің мәні, жаратылыстың сәні. Нәзіктік пен сұлулықтың айнымас символы.

А.БИЖАН.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password