ҰМЫТЫЛМАС  ЕСІМДЕР

      Шекаралы ауданымыздың экономикасын көтеру барысында көптеген еңбек адамдары  жемісті еңбектерімен көзге түскен. Озат малшылар, звено жетекшілері, қатардағы колхозшылар, жүргізушілер мен механизаторлар сондай-ақ құрылысшылар  өз саласында ерінбей еңбек етіп, еліміздің үздіктері атанған. Еңбектері бағаланып сүмбелік Дәркенбаев Өмірәлі, қайнарлық Жұрқабаев Тұрысбек пен Диханбаев Қажмұқан, шалкөделік Шарғынов  Шүйкебай, сарыбастаулық Әшімбаев Нүсіпбектер Социалистік Еңбек Ері болса, жамбылдық Аманбаев Аманжол мен тегістіктік Шахаманова Несіпті сынды еңбек озаттары Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттары болып сайланып, ауданымыздың даңқын көтерген. Еңбекпен аты шыққан осындай ерлерімізбен бірге саяси-творчестволық еңбекпен көріне білген азаматтарымызда баршылық. Солардың бірі Қабылбеков Нүсіп Кәріпбайұлы.   Қарапайым кедей шаруаның отбасында 1934 жылы 5 қазанда Нарынқол ауылында дүниеге келген. Нүсікең 1941 жылы мектеп табалдырығын аттаған. Ол кез ұлы Отан соғысының жүріп жатқан кезі болатын. Әкесі Кәріпбай майданға аттанып, үйдегі бар тіршілік анасы Күлсімбүбі мен жас Нүсікеңе қалған. Сол жылдары барлық мектеп оқушылары сияқты Нүсікең де колхоздың шөп шабу,егіннің арам шөбіп жұлу сияқты жұмыстардан қалмаған. 1952 жылы аудандық орман шаруашылығына қарапайым жұмыскер болып істеген. 1953 жылы Көкбел ауылдық кеңесіне қарасты ауылдық клубтың меңгерушісі қызметіне ауысып, Қақпақ ауылдық кеңесінің төрайымы Торғай Нәкібаевамен қызметтес болған. Осы жұмыста жүріп колхоз малшыларының тыныс- тіршілігімен жақын танысып, шаруашылық жайлы көптеген іс-тәжірибе жинақтаған. Сол жылдары шаруашылықтарды аралап жүрген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мақашев Рақымжан Нүсікеңнің жұмысқа деген жауапкершілігін  байқап, өзіне көмекші етіп жұмысқа қабылдаған. 1957 жылы өз ісімен көріне білген Нүсікеңді аудандық комсомол комитетінің бөлім басшысы қызметіне жіберген. 1959 жылы Нүсікеңді бұрын өзі істеген аудандық партия комитетіне қызметіне қайтып алған. Осы жылдары  аудан басшыларының ықпалымен Ленин атындағы колхоз председателі Әшімбаев Нүсіпбек облыстық малды асылдандыру жөніндегі ғалым мамандармен ғылыми-тәжірибе жұмыстарын жүргізіп, колхозда Архар-меринос асыл тұқымды қой өсірген. Сондай-ақ аудан орталығында жаңадан салынған құрылыстардың даму барысын және басқа атқарылған жұмыстардың барлығын Нүсікең өз көзімен көріп куәсі болған. Аудандық партия комитетінде істеген жылдары  мамандарының кадрлық резервтерін жасап, олардың қызметтерінің өсуіне көмек жасап отырған. Сол кездері  Аудандық партия комитетінде қызмет істеген Ақбаев Әбдіғани, Шойынбекова Зәурехан, Абсатаров Сәрсенқұл, Қаспақбаев Сұлтан, Баймұханбетов Шайхыслам, Езмахунов Назар  сияқты азаматтармен бірге қызметтес болған. Қызметін жете меңгерген Нүсікеңді аудандық партия комитетінің ұсынысымен 1976 жылы  «19 партия съезі» атындағы колхоз партия комитетінің хатшылығына жіберген. Шаруашылық және  партиялық ұйымдастыру жұмыстарын ойдағыдай атқарған Нүсікеңді  1981 жылы аудандық партия комитетіне ауыстырған. Аудандық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, аудандық партия комиссиясы жетекшісі болып 1991 жылға дейін қызмет істеген. Өзі істеген жылдары аудандық партия комитетіне қызметке тұрған көптеген жас кадрларға іс-қағаз жүргізу жұмыстарын үйренуге септігін тигізген. Нүсікеңнен партиялық жұмыстарды жүргізу жайлы тәжірибе  алған Әбдіразақов Әбдіқас пен Тәңірбергенов Қанат аудандық партия комитетінің хатшылары, Нұрғазиев Бейбіт, Ұзақова Қырғауыл қызметтері өсіп бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген. Шаруашылық  партия комитетінің хатшыларына семинар-кеңестер өткізіп, білімдерін жетілдіріп отырған. Партия комиссиясын басқарған жылдары тәртіп бұзған коммунистерді тәртіпке шақырып, оларға бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргізген. Аудан бойынша  партия жұмысында 35 жыл жұмыс істеген Нүсікеңнен көптеген  аудан мамандары жұмыс жайында көмектер алып отырған. Жұмыс барысында Нүсікең 1977, 1980 және 1984 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы сотының заседателі болып сайланған. Сонымен қатар ауданда алғаш құрылған социалистік партия ұйымын басқарып, Алматыда өткен Қазақстан Республикасы Социалистік партиясының Республикалық съезіне екі мәрте  делегат болып қатынасқан. Қызмет істеген жылдары  түрлі саладан алған  марапаттары бар. Жолдасы Тағыбекқызы Бәтес екеуі алты бала тәрбиелеп өсірген ұлағатты ата-ана. Балалары еліміздің түрлі саласында жемісті еңбек етуде. Мұхтар көп жыл өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып, подполковник шенін алған. Қазір зейнеттік демалыста. Ауданымыздың саяси және рухани дамуына елеулі үлес қосқан Нүсікең 85 жасында дүниеден өткен. Иманы жолдас, топырағы торқа болсын! Нүсікеңді туыстары  мен қызметтес достары мәңгі есте сақтайды және атқарған істерін өнеге тұтады.

                                Беркін ӘКЕБАЕВ,

Алматы қаласы.  

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password